Абайдың 180 жылдығы аясында «Асыл мұра» қолөнер фестивалі өтті
Бөлісу
01.08.20251115
Абайдың 180 жылдық мерейтойы аясында ұлттық рухты дәріптеген тағы бір тағылымды шара – «Асыл мұра» облыстық қолөнер шеберлерінің фестивалі өтті. Бейбітшілік аралында құрылған этноауылда ұйымдастырылған бұл фестиваль қазақтың бай қолөнер дәстүрін қайта жаңғыртып, халыққа ұлттық мұраны насихаттауды мақсат етті.
Этноауыл аумағында тігілген киіз үйлер, ұлттық нақыштағы киімдер мен сәндік бұйымдар, қолдан жасалған көрмелік жәдігерлер нағыз мәдени мерекенің көрінісіне айналды. Қолөнершілердің арасында құрақ құрау, ши тоқу, кестелеу, зергерлік бұйымдар жасау, ағаш ою және былғарыдан тұрмыстық бұйымдар дайындау шеберлері болды. Олар өз туындыларын көрмеге ұсынып қана қоймай, шеберлік сабақтары арқылы жастарға тәжірибе бөлісті.
Фестивальдің айрықша назар аудартқан сәті – белгілі қолөнер шебері Сәкен Назарханұлы таныстырған Абай Құнанбайұлының өзі ұстаған ішекті қалақты домбыраның көшірмесі мен кісе белбеуі болды.
«Бұл бұйымдарды болашақта мұражайға тапсырамын. 1939–1940 жылдары мұражай ашылған кезде осы тәрізді жәдігерлерді Абайдың ұрпақтары тапсырған екен. Сондықтан бүгінгі көрме біз үшін үлкен мүмкіндік», – деді шебер.
Бұл Абайдың рухани мұрасын тек сөзбен емес, заттық мәдениет арқылы да насихаттаудың бір үлгісі. Фестиваль аясында «Аламан құрақ – 2025» байқауының жеңімпаздар марапатталды. Құрақ құрау – қазақ қолөнерінің көркем әрі терең мағыналы түрі. Байқау арқылы ұлттық өрнектерді жаңа формада жеткізе білген шеберлердің еңбегі жоғары бағаланды. Іс-шараға қолөнершілермен бірге кәсіпкерлер, волонтерлер, қала тұрғындары мен қонақтар қатысты. Ұлттық тағамдар жәрмеңкесі, кәдесыйлар саудасы және мәдени бағдарламалар кешті толықтыра түсті. «Асыл мұра» фестивалі – халқымыздың дәстүрлі өнеріне деген құрмет пен қызығушылықтың бар екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл тарих пен бүгінді жалғап, ұлттың рухани тірегін нығайтатын маңызды мәдени оқиға болды.