Абай облысында ұлы ойшылдың шығармашылығын ұлықтайтын онкүндік ресми түрде бастау алды. Бұл рухани маңызы зор апталықтың шымылдығы биылғы ең ауқымды жобалардың бірі – «Абай академиясы» энциклопедиялық порталының таныстырылымымен ашылды, – деп хабарлайды E-history.kz порталы Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тұсаукесер рәсімі Семей қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледждің «Ес-Аймақ» рухани орталығында өтті. Жиынға облыс әкімі Берік Уәли, зиялы қауым өкілдері, абайтанушы ғалымдар қатысты.
Порталды көпшілікке жобаның жетекшісі Айжан Тәбаракқызы таныстырды. Оның айтуынша, бұл – Абай шығармашылығына арналған тұңғыш энциклопедиялық цифрлық платформа. Порталда хакім Абайдың әдеби, ғылыми, публицистикалық және эпистолярлық еңбектері текстологиялық сараптамамен, түрлі форматта ұсынылған. Материалдар Абай институттары, архивтер мен мұражайлардан жинақталып, цифрлы форматта өңделіп енгізілген. Сонымен қатар, теле-радио хабарлар, деректі және көркем фильмдер, медиаархив пен мультимедиалық материалдар топтастырылған.
Платформа 8 жабық және 10 ашық модельге негізделген, бірнеше құрылымдық бөлімдерден тұрады. Мәселен, Кітапхана бөліміне бүгінде 2000-ға жуық кітап жинақталған. Олардың арасында сирек кездесетін басылымдар мен архивтік мұралар бар. Пайдаланушылар бұл құжаттарды электронды түрде тікелей шолу мүмкіндігіне ие.
«Авторлар» бөлімі – порталдың тағы бір жаңалығы. Бұл жерде әр автор жеке парақша ашып, өзінің ғылыми және әдеби еңбектерін жүйелі түрде орналастыра алады. Үш модульден тұратын бұл бөлім жазушы шығармашылығын оқырманға жүйелі жеткізуге жол ашады.
«Медиа» бөлімі – Абай мұрасын насихаттауға арналған кең архив. Мұнда Абай туралы түсірілген барлық фильмдер, аудио және бейнежазбалар бір ортаға шоғырланған.
Интерактивтілік те порталдың басты ерекшелігі. Қолданушы үш тілде әзірленген геймификацияланған «Абай жолы» бөлімінде білімін жетілдіре алады. Жасанды интеллектке негізделген Абай чат-ботының прототипі де әзірленуде. Болашақта бұл жүйе пайдаланушы сауалдарына Абайдың өзі жауап бергендей әсер қалдыратын интеллектуалды модельмен толықтырылмақ.
Облыс әкімі Берік Уәли өз сөзінде Абай мерейтойын алғаш рет онкүндік форматында атап өтудің маңыздылығына тоқталды. 1-10 тамыз аралығында өңір бойынша мәдени-рухани, интеллектуалдық, танымдық іс-шаралар өтпек. Тағы бір маңызды мәлімдеме – мерекелік іс-шараларды толықтай демеушілер қаржыландырып отырғаны.
Абай тойының басты сыйы – «Абайға құрмет» акциясы. Оның аясында еліміздің әр өңірі жаңадан құрылған Абай облысына бір-бір әлеуметтік-мәдени нысан салып бермек. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Абай және 21 ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал, ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты» деп Абайдың мұратын, мақсаты мен арманын жіліктеп айтып, бүгінгі қазақ баласына ой салған болатын. Демек, бүгін көпке жол тартатын Абайға арналған энциклопедиялық портал, хакім мұраларын өскелең ұрпаққа насихаттау жолында негізгі бағдаршам болмақ. Сондай-ақ Абай туралы ақпарат іздеген адам Abai akademiyasy порталы арқылы толыққанды қол жеткізе алады. Ең бастысы бұл портал Абайдың 180 жылдық мерейтойынан кейін де өз жұмысын тоқтатпай, жұмысын жалғастыра береді», – деді аймақ басшысы.
Жиын барысында абайтанушы Арап Еспенбетов, «Жидебай-Бөрілі» музейінің директоры Ұлан Сағадиев, әдебиеттанушы, PhD докторы Қарлығаш Әубәкір сөз сөйледі. Арап Еспенбетов бұл жобаны ғылыми, мәдени және ақпараттық кеңістіктегі бұрын-соңды болмаған ерекше құбылыс деп бағалады. Оның айтуынша, портал жас ғалымға да, студентке де, оқушыға да – бәріне ортақ интеллектуалды орта болмақ.
«Бүгін ашылып отырған Abai akademiasy энциклопедиялық порталы – ғылыми, мәдени, ақпараттық ортадағы бұрын-соңды болмаған ерекше құбылыс деп айтуға толық негіз бар. Бұл – үлкен жаңалық. Электрондық портал бәрімізге ортақ. Ол жас ғалымға да, ізденушіге де, студентке де, оқушыға да, қарапайым жұмысшыға да ортақ. Өзінің досы сияқты әңгімелесіп, қажетті деректерін қабылдап, ары қарай өзінің ұлы ақын туралы ойлары мен қарымдарын дамытатыны сөзсіз. Абайды білемін, танимын, ұғамын, түсінемін дейтін жанның барлығына көмек беретін, ең үлкен басты құрал, энциклопедия», – деді Арап Еспенбетов.
Бүгін онкүндік бағдарламасы аясында Семейдегі Бейбітшілік аралында этноауыл қалашығы ашылады. Белгілі суретші Аңсаған Мұстафаның «Көңілге түрлі ой салар» көрмесі көпшілікке ұсынылады. «Арена» мәдени-спорт кешенінде «Адамзаттың алыбы – хакім Абай» атты гала-концерт өтеді. «Аспан Синема» жобасы аясында Абай туралы фильмдердің көрсетілімі ұйымдастырылады.
Abai akademiasy – жай ғана портал емес. Бұл – Абайды танудың, түсінудің, насихаттаудың заманауи энциклопедиясы. Ол Абай тойымен бірге келіп, тойдан кейін де өз жұмысын жалғастыра беретін, ұрпақ пен ұлттың рухани көпірі болмақ.