Байырғы шекарашы – бүгінгі тарихшы
29.03.2019 2156
Талғатбек Әминов 75 жаста

Биылғы жылы 75 жылдығын атап өтіп отырған  Талғатбек Әминовтың өмір жолы  ешкімге де ұқсамайды.  Өз елінен тыс жерде дүниеге  келіп, басқа жұрттың арасында орысша білім, тәрбие алғанымен қазақ тілін бала кезінен бүгінгі күнге дейін еркін біледі, сөйлейді, ғылыми шығармаларын жазады. Басқаны айтпағанда қазіргі уақыттағы мемлекеттік деңгейдегі ресми және ғылыми отырыстардағы баяндамаларды, сөздерді, солармен бірге ғылыми монографиялар, кітаптар мен мақалаларды  еркін және өте жатық түрде екі тілге кезегімен аударады. Қос тілде бірдей студенттерге дәрістер оқып, баяндамалар жасайды, республикалық деңгейдегі теле-радио хабарларында сұхбаттар береді. Мұндай қасиет екінің бірінің қолынан келмейтіндігі белгілі.

Ол 1944 жылы 28 наурызда қазіргі Ресей Федерациясы Омбы облысы Таврия ауданының Қоянбай ауылында дүниеге келді.  Осы ауылдағы сол мерзімдегі жұмыс істеп тұрған қазақ мектебіне оқуға түскенімен кейін оның жабылып қалуына орай білімін одан ары орыс мектебінде жалғастыруға мәжбүр болды.

Әр қилы тағдыр себептеріне орай  атақонысынан ажырап, бөтен елге қоныс аударған  сол уақыттағы барша қазақ жұртына тән, оның әкесі мен шешесі де балаларының  ұлттық дәстүр, ана тілі мен салтынан ажырамауларына барынша әрекет етті. Талғатбек  басқа тілде білім алып, бөтен елдің арасында болғанымен туған тіліне, баба тарихына, салт-дәстүріне деген ұмтылысын ешқашан тоқтатпаған. Сол мерзімнің өзінде ол Омбы өңірінде білім алып жүрген қазақ жастарының алды болып,  ана тілін  меңгеруін одан ары ұдайы дамытты. Қазақи дәстүрді барынша сақтай білді.

 Омбы қаласындағы орта мектепті  аяқтағаннан кейін Омбы ауылшаруашылығы институтына оқуға түсіп, оның бірінші курсынан әскери міндеттілігін атқаруға шақырылды.  1963-1966 жылдары  Курил аралдарында  әскери қызмет атқарып, өзінің білімділігі мен  мақсаткерлігін барынша көрсетуі нәтижесінде  осындағы Шекара комендатурасында  бөлімше және взвод командирі болды. Кейін Шекара отряды саяси бөлімінің  комсомолдық жұмыстар бойынша нұсқаушысы дәрежесіне тағайындалды, бұған қоса  аудандық комитет дәрежесіндегі Курил аралдары  Шекара отряды  комсомол комитетінің  бірінші хатшысы болып сайланды. Арнайы әскери және саяси білімінің жоқтығына, саны аз  ұлт өкілі болуына қарамастан  оның кеңестік дәуірдегі мұндай жауапты әскери қызметтерді атқаруы Талғатбектің әскери басшылық пен көпұлтты қызметтестері арасындағы ерекше қабілеті мен іскерлігін танытқандығын айғақ етеді.

 Шекара отряды басшылығының  әскери қызметін жалғастырып, жоғары әскери оқу орнына оқуға түсуге деген ұсынысын қабылдамай, Талғатбек 1966  жылы Омбы қаласындағы өзі оқуын бастаған  институтты тастап ешқайда бұрылмастан, бала кезінен аңсаған арманына айналған  өзінің тарихи Отаны Қазақстанға қоныс аударып, осы мерзімнен бүгінгі күнге дейін ол барлық қабілеті мен  өмірін Қазақстанның көркейіп, өркендеуіне жұмсап келеді.

Бұл мерзімде Талғатбек Әминов өзін іскер де ұйымдастырушылық қабілеті зор саяси басшы,  әркімге беріле бермейтін нағыз ұлт жанашыры, сонымен қатар дарынды да қабілетті  ғалым, ұстаз ретінде көрсете білді.

Егер де оның өмір қысқаша жолына шолу жасайтын болсақ,  Алматыда  біраз уақыт қатардағы құрлысшы болып жұмыс атқарды. Осы уақытта әскер қатарындағы алған тәжірибесі және өзінің әр істегі белсенділігіне орай  Алматы үй-құрылыс комбинатындағы  жастар арасындағы тәрбие жұмысына араласты. 1968-1972 жылдар мерзімінде  Алматы жоғары партия мектебінде «тарихшы» және «саясаткер»  мамандықтары бойынша жоғары білім алды. Оны  үздік белгімен аяқтап,   Қазақстан тәуелсіздігін алған 1991 жылдың соңына дейін Алматыдағы аудандық,  одан ары облыстық,  республикалық деңгейдегі  партиялық орындарда жауапты қызметтер атқарды. Осы мерзімдерде Советтік Қазақстандағы мәдени, әлеуметтік мәселелердің тұрғындардың мүдделеріне сай шешілулеріне басшылық жасап,  оның іске асырылуына барынша үлес қосты. Партиялық саяси-ұйымдастыру және үгіт-насихат жұмыстарын атқара отыра көпұлтты республика тұрғындарының арасында патриоттықтық, отансүйгіштік мазмұндағы әңгімелер өткізумен, дәрістер оқумен жүйелі түрде айналысты.

Оның партиялық-саяси қызметінің  жауапты кезеңі ХХ ғасырдың 80-нші жылдарының соңы мен 90-ншы жылдарының басындағы тарихымызға «Қайта құру» және «Тоқырау дәуірі» деген атау алған мерзіммен сай келеді.Осы уақытта алдымен Батыс Қазақстан облыстық партия комитеті насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі, одан ары Қазақстан Компартиясы Орал қалалық Комитетінің екінші хатшысы қызметтерін атқарғанда  осы өңірдегі тұрғындар арасындағы  үгіт-насихат жұмысын жаңа заман талабына сай іске асырудың басында бола білді. Әсіресе облыста Қазақ ССР-гі тіл туралы заңды іске асыруда қаншама ашық кедергілер жасалғанымен айырықша бастамашылық жасауымен ерекшеленді. Өзінің көпұлтты қала және облыс халқымен өткізген әңгімелері мен кездесулерінде қазақ тіліне мемлекеттік мәрте берудің қажеттігі мен маңызын нақты мысалдар арқылы дәлелдей білді. Осындай істері  арқылы облыс тұрғындарының ризашылығына ие болды.

Совет Одағы тарап, Қазақстан өзінің тәуелсіздігін алған 1991 жылдың соңынан 2008 жылдың қараша айына дейін ол Қазақстан Республикасы Президенті, Министрлер Кабинеті, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі, Қазақстан Республикасы Парламентінде жауапты қызметтер атқарып, Республика тәуелсіздігінің нығая түсуіне өзіндік үлес қосты.

Талғатбек Әминовтың одан кейінгі өмірі мен қызметі Қазақстан тарихы ғылымымен тікелей байланысты. Ол 2008 жылы ұзақ жылдар бойы өзі үзбей айналысып келген Ел экономикасының күре тамырына айналған Тәуелсіз Қазақстандағы темір жол қатынасының  барша тарихын жан-жақты ғылыми тұрғыда зерттеу тақырыбына  арналған диссертация дайындап, ,оны ойдағыдай қорғап шықты. Нәтижесінде тарих ғылымдарының  кандидаты ғылыми дәрежесін, екі жылдан соң «Қауымдастырылған профессор» атағын алды. Қазақстан Республикасы  Тарихшылар және қоғамтанушылар академиясының  академигі.

Осы мерзімнен 2017 жылдың соңына дейін Елордадағы «Астана Медициналық университеті» АҚ Қазақстан тарихы және әлеуметтік ғылымдар кафедрасында доцент, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды. 2017 жылдың қазан айынан Қазақстан Рспубликасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым Комитеті Мемлекет тарихы институтында аға ғылыми қызметкер ретінде еңбек етіп келеді.

Қазақстан тарихы ғылымен тікелей айналысқан осы  он жылдан артық уақытта Талғатбек Махметұлы өзін жоғары білім саласының ұйымдастырушысы, белгілі ғалым ретінде көрсете алды.

Ғалым бұл күндері  Отан тарихының әр кезеңдері мен бағыттарына арналған  100-ден аса  ғылыми еңбектің авторы болып табылады.  Шығармалары Қазақстанның, көптеген шетелдердің ғылыми басылымдарында жарияланған.  Алыс, жақын басқа мемлекеттерде, ресчпубликамызда өткізілген көтеген ғылыми  конференциялар мен форумдарда баяндама жасап, талқылауларға қатысқан..

Оның қазіргі күнгі шұғылданып келе жатқан ғылыми зерттеулерінің негізгі бағыттары Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың  Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатты негіздеудегі  орны; Қазақстан Республикасының  Егемендік жылдарындағы экономикалық  саясатының  мәселелері; Қазақстан Республикасындағы жастар тәрбиесінің  тарихы; Қазақстан Республикасындағы ұлтаралық қатынасты ресттеудің маңызын айқындауға арналып отыр. Өзінің мақсатты іздену жұмыстарының  нәтижесінде аталған тақырыптарға арналған келелігі және ғылыми ұсыныстарымен ерекшеленетін көптеген ғылыми шығармалар жариялады.  Қазіргі уақытта осы ғылыми зерттеулерін толығымен іске асыру мақсатында республикалық дәрежедегі бірнеше іргелі және қолданбалы жобалардың атқарушысы болып табылады.

    Осылармен бірге ол Қазақстаның өркендеп, дамуына  үлес қосқан  тарихи  тұлғалардың қызметтерін зерттеумен  де шұғылданып келеді.

 Талғатбек Махметұлы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың  жыл сайынға Қазақстан халқына жолдауларын республикалық теле-радиохабарлары арқылы насихаттауға белсене араласады.

 Ғалым Қазақстан тарихының келелі мәселелелеріне арналған пікір-таластардың ортасында болып, өзінің ойларын, ұсыныстарын үнемі жариялап отырады. Мысалы ол өткен жылғы жарияланған Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласын талқылау мақсатында бірнеше ғылыми еңбегін жарыққа шығарды.

Жоғарыдағы сараланған ғылыми туындыларымен  қатар Қазақстан тарихын республикамыздың жоғары оқу орындарында оқытуға арналған көптеген  методикалық нұсқаулардың, әдістемелік құралдардың да авторы.

Талғатбек Махметұлы осындай жүйелі де мақсатты ғылыми шығармашылығының нәтижесінде  Қазақстан тарихшылары арасында  зор бедел мен құрметке ие. Оның есімі көптеген шетел ғылыми орталарына да белгілі.  Қазіргі күні Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан тарихшыларына міндет етіп қойған «Бүгінде төл тарихымызға оң көзқарас керек. Бірақ қандай да бір тарихи оқиғаны таңдамалы жəне конъюнктуралық тұрғыдан ғана сипаттау мен шектелуге болмайды.  ...Мұны ұмытуға хақымыз жоқ.  ...Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен əрі дұрыс пайымдауға тиіспіз» деген қағиданы басшылыққа алған Тәкеңнің атқарар ғылыми шығармашылығы  әлі алда екендігіне ешқандай күмән жоқ

Міне, сондықтан да Мемлекет тарихы институтында бірге қызмет  істейтін әріптестері Мәкеңе зор денсаулық, жанұяда бақыт тілейді. Және оған ұлтымызды әлемге танытудың келелі міндеті – Қазақстан тарихын дүниежүзілік  тарихтың құрамдас бөлегі ету жолындағы атқарып отырған қызметінде келелі де мазмұнды еңбектер дайындап,  жариялауына тілектестік білдіреді.

 

     Ғани ҚАРАСАЕВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының бөлім басшысы-бас ғылыми қызметкер