Мәдидің мінезі
28.01.2019 2112
Бұл күндері ұлтымыздың арыс азаматы кешегі өткен Мәди бабамыз жайлы көп нәрсе білетін сияқтымыз. Талай зерттеу, тарихи деректер табылды. Тіпті іздестіру барысында суретін де таптық

Мәди десек, ойымызға «Қарқаралы», «Қаракесек» әндері оралады. Алайда Мәди бабамызға қатысты әлі де естімеген әңгімелеріміз бар екен.

Сол Қарқаралыдан шығып, «Талды», әрі қарай «Үшқараға» беттегенімізде Жақан ағамыз әуелі ыңылдап «Қарқаралы» әніне басып, сосын «Мәди жайлы баспа бетіне шыққан материалдар жетерлік. Алайда мен білетін бұл әңгімелерді бұл күнде басқа ешкім де айтпайды. Өзіммен бірге кетпесін, ұрпақ есінде қалсын» деп Жақан аға бірнеше аңыз әңгімесін айтқан еді.

Мәдидің ұрпағы Жақан Мұхамедиярұлы өзі де советтік дәуірде 30 жыл жылқы бағып, Арқа төсін ат тұяғымен дүбірлеткн атақты жылқышы, Мәди бабасына тартқан палуан, құралайды көзге атқан мерген, әнші, сал-сері, қорасынан тазы кетпеген, қолынан бүркіт түспеген аңкөс әрі астындағы атын түсіп берер Атымлай жомарт азамат болған екен. 1990 жылдардың басында Моңғолиядан көшіп келген қандастарымызға кемінде 70 жылқы ерулік бергенін ағайындар әлі жыр қып айтады.

Сол Жақан Мәдиге Сырымбет атадан қосылады. Соның ішінде Мәди мен Жақанның әкесі Мұхамедияр бір ауылда көп жыл бірге отырған ағайын ішінде тонның ішкі бауындай сыйлас адамдар болған екен.

Мәди түрмеден қашқанда

Мәди түрмеден қашып шыққан соң, күндіз бой тасалап жатып, үнемі түнде жүріп ел шетіне ілінеді. Ауылдарға баруға қорқып, елсіз қыстауларды сағалап, апталап жаяу қашады. Әбден шөлдеп, шаршайды, ашығады. Байлардың қыстауларында жұртта қыстан қалған қу сүйекті қайнатып, шыққан шылан сорпасын өлжал етіп, жан сақтайды.

Осындай сәтте бір күні астында есік пен төрдей қара ат мінген, сырт пішіні байдың баласы екені көрініп тұрған бір жас жігіт келе жатады. Мәди алдынан шығып тоқтатады. Қараса, қанжығасында торсық бар екен. Алыс жол жүріп арып-шаршап келе жатқанын айтып, қанжығасындағы жан торсығынан бір кесе сусын беруін өтінеді. Бай баласы: «Сендей қаңғыған қайыршыға беретін сусыным жоқ», – деп жүре береді.

Сол кезде Мәди бір-ақ атылып, жігітті аттан жұлып алып, тізеге салады. Шошып кеткен жігіт: «Жанымды қалдыра көріңіз!» – деп жалынады. Мәди торсықтағы сусыннан қанғанынша сіміріп, қалғанын жігітке ұсынады. «Арынды жігіт, ауылыңа жаяу тартасың! Атыңды мен мініп кетемін. Мені қайыршы деп кемсітіп едің, енді қайыршылықтың кезегі саған келді. Осы сусынның қалғанын ішіп, шөлдемей ел шетіне ілін», – деп, қара атты тартып мініп, жүре береді. Жолда үш күн жүріп Үшқарадағы ауылына жеткен екен.

Ол кезде Мәдидің үйі Жақанның әкесі Мұхамедиярдың үйімен бірге отырған, жақын ағайындар екен. Басында күләпара тәрізділеу бөтен рудың тымағын киген, ер тоқымы өзге рудың мәнеріндегі жасалған келісті қара ат мініп келген Мәдиді жолда біреуден тартып алғанын сезген Мұқаң жөн сұрағанда Мәди: «Басымдағы тымақты түрмеде бірге жатқан Кіші жүздің жігіттерінің бірі берді, ал қара аттың жайы осылай», – деп жоғарыдағы жағдайды айтып берген.

Мәди еліне келіп біраз демалған соң, бағанағы қара атты ер-тоқымымен жетектеп жолға шығады. Мақсаты – тартып алған малын иесіне табыстау.

Басында айтқанымыздай тоналған жігіт бір байдың ерке ұлы екен. Сұрастыра жүріп иесін тапқан Мәди ауылға таяғанда ауыл балалары әйгілі жүйрік қара атты танып: «Қара ат келе жатыр, қара ат келе жатыр», – деп сүйіншілеп байға жетіпті. Бұл жағдайдың бекер емесін сезген бай Мәдиді мән-жайды сұрамай-ақ қадірлі қонағы етеді. Мәди атамыз жайланған соң, ұлымен арада болған жайды жасырмай айтып береді. «Менікі де өктемдік шығар, бірақ мәжбүр болдым, құдай кешсе, кешіңіз!» – деп азаматтық танытады. Бай баласын шақырып алып: «Сенің қиындыққа тап болған жанға бір кесе айраныңды қимағаның адамгершілік емес, ал адамгершілік деген мынадай болу керек» деп, Мәдидің ісін үлгі етіп, баласына қатты ұрсады. Мәдиді құрметті қонағы етіп, қара атты қайтадан мінгізіп жіберген екен.

Мен – «иманмын»

Мәди бірде ел аралап жүргенде алдынан өзінің бірнеше рулас азаматы кезігеді. Аттарының құлағы, құйрығы кесілген, шоп-шолақ, киімдері жыртылған, беттері жара, жүздері жадау дегендей әлдекімнен өктемдік көргендері анық білініп тұрса керек. Мәди жөн сұрайды.

– Не жағдайға тап болдыңдар? Аттарыңның құйрығы, құлағы қайда? Жүздерің неге жадау? 

Жерлес, рулас Мәди ағаларын танитын жігіттер өздерінің жайларын баяндап, мұңдарын шағады:

– Ойбай, аға, біз Керекуге азын-аулақ мал терісін сатып, ұн-шай, балаларды қуантатын тәтті-тәпсек алып қайтуға шыққан едік. Жолда Ақсуда бәсентиндердің иман руының бір байының жендет жігіттері сойылға жығып, өктемдік көрсетіп, тері-терсегімізді тартып әкетті. «Қаракесектерде иман болмайды, аямау керек!» деп сабап, ойларына келгенін істеді, – дейді жыларман халде.

– Ой, өңшең шірік немелер, енді не беттеріңмен ауылға бармақсыңдар, қатын-баланың алдында: «Имандардан таяқ жедік» дейсіңдер ме? Көрсетіңдер сол байдың ауылын, – дейді. Қылар қайыры шамалы жырынсыз ағайындарының сырын байқаған Мәди жігіттерді қайтарып жібереді де, әлгі байдың ауылына қарай жалғыз тартады. Ауыл сыртына келген Мәди:

– Бәсентиннің «иманды» жігіттері құдайларыңа сыйынып шығып келіңдер. Қаракесек сендердің имандарыңды үйіргелі келді, – деп айғайлайды.

Кеудесіне нан піскен иман жігіттерінің де оншақтысы сайланып шықса керек. Бірақ атақты Мәди бет қаратсын ба, шетінен бір-бір періп, сойылға жығып, іштерінде өздерінше қарсылық көрсеткен мықтылау екеуін байлап, өз аттарының еріне таңып алып, жолға шығады.

Сол заманда қаракесек ішінде Субектің Теміржаны, Бекқожаның Әждары деген екі байды сыйлап өткен екен. Үшқараның баурайы Сарықияқ деген жерде отырған Субектің Теміржан байының аулына келеді. Аттан түскен Мәди екі тұтқынға: «Сендер: «Мен – иманмын!» деп жақтарың талғанша зарлана беріңдер, өзге бірауыз тіл қатпайсыңдар, сонда ғана жандарың қалады, әйтпесе өлесіңдер!» – деп тапсырады. Сол сәтте сырттағы дүбірге елеңдеген байдың аулының адамдары байлаулы екі жігітке келіп жөн сұраса, әлгілер: «Мен – иманмын» дегеннен басқа ештеме айтпай, зарлана береді. Мәди тұрып:

– Бұлар – иман. Өзге ештеме сұрамаңдар. Иман керек болса, таласып, қырылыспай ептеп-септеп бөліп ала беріңдер, – деп әзілдепті.

Мәди үйге кірсе, Теміржан бай төрдің алдында бесін намазын өтеп жатыр екен. Ол кірген бойда байдың алдындағы жайнамазын жұлып алады. Намазын аяқтаған соң Теміржан Мәдиге таңданыспен қарап:

– Қарғам, Мәдижан, сен менімен бұлай ойнамаушы едің ғой. Бұл қалай болды? – десе керек. Сонда Мәди:

– Аға, намаз сізге не береді? –  деп сұрапты.

– Қарағым, иман үшін оқимын ғой, маған намаз иман береді, – дейді.

– Иманды сізге намаз бермейді, мен беремін, мен есіктің алдына әкеліп екі «иман» байлап қойдым, – дейді.

Сонда шошып кеткен Теміржан бай: «Лә, иллаһа, илалла, Мұхамед расул Алла!» деп, иманын үйіріп, сыртқа шықса, сырттағы екі тұтқын баяғы сөзінен жаңылмай: «Мен – иманмын, мен – иманмын!» деп зарлап тұр екен дейді.

Мәди екі жігітті босатып: «Имансыз қаракесектерге жоласаңдар көретіндерің осы. Екінші рет біздің азаматтарға тиіспеңдер. Қазір келген іздеріңмен кері қайтыңдар. Аман құтылудың шарты жеті қырдан асқанша: «Мен – иманмын, мен – иманмын!» деп зарлап айтып отырыңдар. Өйтпесеңдер арттарыңнан қуып жетіп, имандарыңа қамшы басамын», – деген екен.

Бұл сөз күні бүгін осы өңірде тәмсіл болып қалған, әзілдескенде: «Иманыңа қамшы басамын» дейді.

Інісін сабатқан Сұрахан

Найман ішінде Сұрахан деген бай елге беделді, досқа адал азамат болған екен. Мәди екеуі бір-бірін қатты сыйлапты. Сұраханның бәйгенің алдын бермейтін атақты жүйрік сұры аты және сұры айғыры болыпты. Сол екі жүйрікті де досы Мәди мінеді екен. Мұны көре алмаған Сұраханның жылқышыларының бастығы бір ағайыны бай ағасына өкпе айтыпты: «Мәди деген соншалықты кім, сіздің маңдайыңызға басқан қос жүйрігіңізді қосарлап мінетін! Айдаладағы бір қаракесек. Бір кезек біз неге мінуге болмайды?» – десе керек.

Мәдидің мықтылығын інісіне танытқысы келген Сұрахан Мәдиге кісі жіберіп: «Інімді сабасына түсіріп қойсын», – деп тапсырыпты. Алдын ала келісім бойынша Мәди жақын арадағы Бекқожаның Әждари байының үйінде түстеніп отырғанда әлдебірдемені сылтау етіп, Сұрахан тентек інісін сол ауылға жұмсапты.

Сұраханның інісінің келе жатқанын естіген Мәди ауызғы бөлменің кіре берісінде шалқасынан түсіп жата кетеді. Жігіт аман-сәлем жоқ, Мәдидің үстінен аттап өтіп, төргі бөлмеге озса керек. Артынан дойыр қамшысын кезей түрегелген Мәди:

– Жатқан адамға аман сәлемің жоқ аттап өтетін кім едің соншалықты, мен адаммын ба, кескен терекпін бе? Бұл қай басынғаның? – деп, жігіттің басынан қамшымен тартып өтіпті. Мәдидің қамшысына төтеп беру қайда, мұрттай ұшса керек.

Аулына таяқ жеп қайтқан жігіт ағасына өкпелеп: «Мәдидің осындай мықты азамат екенін маған неге ескертпегенсіз», – деп ренжіпті. Сонда қу Сұрахан жорта: «Құдай-ау, әлің бір жігітке жетпесе, несіне өкпе айтып жүрсің, Мәдиді соғып тастамайсың ба», – деген екен.

 

Бодаухан ТОҚАНҰЛЫ.