Президент жолдауындағы білім беру саласының өзекті бағыттары
06.09.2023 4372

Тарих ғылымдарының кандидаты, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері Айнагүл Қаипбаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qazaqstan tarihy порталы.  Автордың пікірі толықтай, өзгертілмей оқырман назарына ұсынылды. 


Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа Жолдауында бүгінгі қоғамның бірқатар өзекті мәселелерін шешуге бағытталған. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартудың тың жолдары айқындалып, заманауи жобаларды жүзеге асыру ісі жоспарланған. Олардың қатарында, еліміздің білім беру саласын күтіп тұрған оң өзгерістерге назар аудару маңызды саналады. Жолдауда еліміздің білім беру саласының барлық салаларына қатысты мәселелер қамтылған. Мектепке дейінгі дайындық, орта білім, кәсіби білім беретін оқу орындары және жоғары білім беру саласының қордаланған өзекті мәселелері алдағы уақытта өз шешімін табады деп сенеміз. Атап айтқанда жас жеткіншектерді балабақшада тәрбиелеу ісі, балаларды толыққанды қамту мәселесін шешу көзделген. Әрине, қазіргі таңда балабақша жасындағы балаларды қамту ісіне күрделі өзгерістер керек. Бұл әсіресе Алматы сияқты ірі қалаларда ерекше байқалады. Жолдау барысында орта білім беру саласына көп көңіл бөлінген. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев орта білім саласын «табысты ұлт болудың маңызды шарты» деп бағалайды. ХХІ ғасыр білім мен біліктілік сынға түсетін тарихи уақыт. Сол себепті өскелең ұрпақтың білім алуына толыққанды жағдай жасалғанда ғана халқымыз табысты ұлт деңгейіне көтеріле аламақ. Осы орайда, Жолдауда көтерілген «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының қолға алынуы құптарлық жайт. 2025 жылға дейін 800 мың бала заманауи мектептермен қамтылады. Бұл дегеніміз білім саласындағы бәсекеге қабілеттілікті арттыратын маңызды фактор деп саналады.

«Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» дейді дана халқымыз. Қазақ халқы ежелден білім берген ұстазына деген құрметін аямаған. Жолдауда ұстаздардың абыройы мен беделін арттыру бағытында біршама өзгерістер болатындығы айтылды. Бұл бағытта ұлттық құндылықтарды жаңғырту, сондай-ақ дамыған елдердің тәжірибесін зерделеу, ұтымды жолдарын басшылыққа алу ісі оң болмақ. Ұстаздардың материалдық жағдайымен қатар, ғылыми ізденісіне, педагогикалық шеберлігін шыңдауына назар аудару қажет. Жоғары сыныптарда жаратылыстану-математика пәндері мен ағылшын тілін оқыту ісін күшейту бастамасы көтерілгенін ескерсек, ұстаздар үшін салмақты жауапкершілік артылып отыр. 

Ел егемендігі жылдарында түбегейлі өзгерістерге ұшыраған саланың бірі жоғары білім беру саласы екендігі белгілі. Дамыған батыс елдерінің тәжірибесі басшылыққа алынып, білім беру ісінде алға жылжушылықтар орын алды. Білім беру жүйесіндегі оң өзгерістермен қатар, заманауи білім беру бағдарламалары, ақпараттық технологиялар да белсенді пайдаланылуда. Дегенмен өз шешімін табуы тиіс мәселелер де жетерлік. Солардың бірі – Жолдау барысында айтылған студенттерді жатақханамен қамту мәселесі болып табылады. Әсіресе Алматы сияқты бірнеше көшбасшы жоғары оқу орындары орналасқан қалалардағы жағдай күрделі. Дегенмен, жоғары оқу орындары өз материалдық мүмкіндіктеріне сай мәселені шешуде. Алайда түбегейлі біржақты әрі студенттерге оң нәтижелі болатындай етіп шешу ісі қиындаған. Нәтижесінде пәтер жалдап оқу тәжірибесі қалыптасты. Бұл әсіресе әлеуметтік аз қамтылған отбасылар үшін қиын. Жолдауда аталған мәселені шешу үшін жоғары оқу орындары және құрылыс компаниялары арасындағы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсіліне мән беріледі. Осы тәжірибе қолға алынса, студенттер үшін жаңа жатақханалар салынып, аталған іс аясындағы шаралар оң шешімін тапқан болар еді. Сонымен қатар пәтер жалдауға кететін шығынды субсидиялау мүмкіндіктері де аталады. Бұл мүмкіндіктер, жоғарыда атап өткен әлеуметтік аз қамтылған отбасылар үшін жасалған үлкен көмек болар еді.

Жолдау еліміздің болашағы жастары үшін жоғары білімді барынша қол жетімді етуге бағытталған. Мысалы «Отандық жоғары оқу орындарының білім сапасы артқан сайын ондағы оқу ақысы да өсе түседі. Сондықтан мемлекет ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесіне және басқа да көрсеткіштерге байланысты білім беру гранттарын әртүрлі деңгейде бөлуді жоспарлап отыр. Оның көлемі 30-дан 100 пайызға дейінгі аралықта болады.

Білім алуға жылдық өсімі 2-3 пайыз болатын жеңілдетілген несие де беріледі. Бұл шаралар жоғары білімнің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, қоғамдағы әріптестік және өзара жауапкершілік қағидатын нығайта түседі» деген бастаманың жоғары оқу орындарында оқудың мүмкіндіктерін арттырады.

Қорыта келе, Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа Жолдауында айтылған мәселелер Әділетті Қазақстанды құруда ролі жоғары. Сол себепті де Жолдауда айтылған бастамалар қоғам мүшелерінің тарапынан қолдауға ие болып, қолға алынған жобалар мен міндеттерді барынша белсенділікпен орындауға атсалысу қазақстандықтар үшін маңызды мәселе.