Әлемде теңдесі жоқ тыңайтқыш ойлап тапқан қазақ ғалымы
Бөлісу:
11.05.20231738
Жас ғалым Дәулет Егембердиев өзі ойлап тапқан жаңалықты әлемдік деңгейде танытсам дейді. Ол ойлап тапқан ерекше тыңайтқыш топырағы тозған егістік алқаптары мен соры шыққан жерлерді қалпына келтіруге септігін тигізеді. Дәулеттің бұл жобасы NURINTECH инновациялық жобалар жарысынан, өзге де ғылыми байқаулардан үздік шығып, Финляндияда 1-орынды жеңіп алған.
Бұл салада зерттеу жүргізіп келе жатқаныма 12 жылдан асты. Алғашында мұнай және газды өңдеу саласында білім алдым. Сол салада біраз зерттеу жасап, жобалар дайындап, өндіріске енгізуге ат салыстым. Бірақ уақыт өте келе жан қалауым мелиорация екенін түсіндім. Жерді тыңайту, тозған жерді қалпына келтіру, өсімдікті қорғау, жер асты суларымен, жалпы табиғатпен жұмыс жасау өзіме өте жақын. Осы жолда үлкен нәтижелерге де жеттім. Орта Азия магистранттары арасында өткен халықаралық байқаудан бас жүлде алдым. Сол кезде халықаралық қордың демеушілігімен жобаны бастап кеттік. Израйлдан, Франциядан келген әлемдік деңгейдегі үлкен ғалымдардың жетекшілігімен көп дүние үйрендім. Израйлдың шөлді даласында тәжірибие жүргіздік, - дейді жас ғалым.
Дәулеттің айтуынша, жерді тыңайту мен қалпына келтіру, егіннен жақсы өнім алуға деген қызығушылығы басым. Өзі туып өскен аймақта пияз, сәбіз егетін шаруалармен бірлесе жұмыс істеп, түрлі дәрумендер, тыңайтқыш қоспалар қосып, өнімнің мол болуына септесіп жүрген.
Менің осы салаға келуіме түрлі себептер болды деп ойлаймын. Соның бірі Тараз қаласындағы неміс қауымдастығында оқығаным. Ол жерден неміс тілін, дәстүрін, мәдениетін үйренумен қатар түрлі ғылымды меңгеруіме мол мүмкіндік болды. Шетелден келген мамандарға аудармашы бола жүріп әр саладағы ғылыми жобалармен, құжаттармен жұмыс жасауды үйрендім. Әлемнің әртүрлі елінен келген мықты инженер ғалымдарды күтіп алып, шығарып салып жүріп өз білгендерін маған үйретулерін сұрайтынмын. Соның барлығы маған тәжірибе болды. Кейін студент кезімде де елімізге шақыруымен келген шетелдік ғалымдардың қасынан қалмай, тығыз байланыс орнатып жүрдім. Студент кезімдегі күнделікті жұмыс жоспарым өте тығыз болатын. Сабақтан шыққаннан кейінгі әр сағатым, әр минутым есептеулі болды, - дейді Дәулет Егембердиев.
Қазір әлемде табиғатты қорғап қалу мәселесі өте өзекті болып тұр. Себебі технология дамыған сайын экология ластанып барады. Бұл мәселе ауылшаруашылығанда да бар. Айталық, Қызылорда облысы негізінен күріш егумен айналысады. Алайда жері сор, күні ыстық. Оның үстіне қолданылатын түрлі тыңайтқыштар мен химиялык өсiмдiк қорғау препараттары мейлі ол минералды селитра, аммофос болсын дұрыс пайдаланбағандықтан экосистемаға кері әсер етеді, жер асты суының минерализациялануына, өнімнің сапасына, ең бастысы адам денсаулығына зияны зор болады. Ал Дәулет ойлап тапқан Biomeliorant табиғи таза болғандықтан, қоршаған ортаға, адам денсаулығына тек пайдасын тигiзедi. Жарамсыз жерді құнарландырады. Қазір жас ғалым осындай тыңайтқыштардың 40-тан астам түрін шығаруды қолға алған. Кейбірі тозған егістік алқаптары мен соры шыққан жерлерді қайта қалпына келтіруге арналса, кейбірі гүлдемей тұрған ағаштарға арналған. Қатты желден гүлі ұшып кетпеуге көмектеседі. Барлығы да – инновациялық өнімдер.
Қазір қорадан шыққан малдың көңін органикалық тыңайтқыш ретінде қолданып жүргендер бар. Бірақ бұл өте қауіпті. Себебі малға түрлі дәрілер, антибиотиктер, гармондық дәрумендер салынады. Оның бәрі қимен біре өсімдікке де әсерін тигізеді. Ал ол жемістер адам ағзасына зиян. Сондықтан оны таза биологиялық деп айтуға келмейді. Бірақ біздегілер оны әлі де дұрыс түсінбей жатыр. Бұл мәселе еуропа елдерінде қатты көтеріліп, малдың көңін тыңайтқыш ретінде пайдалануға түрлі қарсылықтар болған. Қазір бізде үлкен егін шаруашылығымен айналысатын корпорациялар жақсы өнім алу үшін түрлі химиялар қолданып жүр. Соның салдарынан жыл өткен сайын жер тозып барады. Бірақ бір өкініштісі сол корпорациялар тозған жерді қалпына келтіруге ұмтылмайды, - дейді ол.
Дәулет Егембердиевтың бұл жаңалығын еліміздің экология, ауылшаруашылығы, табиғатты қорғау секілді бірнеше саласында кеңінен пайдалауға болады. Және оның оң нәтиже көрсететінін әлемнің бірнеше мемлекетінде қорғап та, дәлемдеп те келген. Енді тек соны өзіміз қолдауымыз керек. Үкіметтен, министрліктен, әлеуметтік қорлардан қолдау қажет. Бар уақытын ғылымға арнаған Дәулеттің әр кеңсеге, әр мекемеге барып құжат жинап жүруге уақыты да тапшы секілді. «Осы жобаңды мемлекеттік гранттарға ұсынып көрдің бе?», деген сұрағымызға берген жауабынан осыны аңғардық.
Бірнеше мәрте ұмтылып көргем. Бірақ қағазбастылық пен оның нәтижесін күтетін уақыты тым ұзақтау екен. Сосын бұл жерде де үлкен монополия бар екенін байқадым. Менікі секілді үлкен жобаларды ұсынатын, мемлекеттен арнайы грант ұтып алатын үлкен ғылыми институттар, топтар бар секілді көрінді. Ал мен ияқты жас ғалымға ол ортаға кіру өте қиынға соқты. Сондықтан негізгі мақсатым ақша табу емес, елге пайдамды тигізсем деген арман болғандықтан, өз күшімізбен өндіріп жатырмыз. Сөз арасында айтқанымдай тыңайтқыштардың 40-тан астам түрін шығарамыз. Бірақ бір тыңайтқыш барлық жеміске пайдалы дегенді білдірмейді, - дейді ғалым.
Олар өсімдіктің әртүрлі кезеңіне арналған. Ең басында тұқымды екпей тұрып оны залалсыздандырып алу керек. Себебі әлсіз тұқымнан жақсы өнім шықпайды. Ал өніп шыққан кезде, гүлдеген кезде, жеміс бере бастаған кезде кезең кезеңімен тыңайтқыштар беріп тұру керек. Мәселен, қазір көп жерде құрғақшылық болып жатыр, жыл сайын бір жерді жыртып егін еге бергеннен кейін де жер тозып, төменгі қабаты тапталып қалады, егетін тұқымның барлығы да жоғағы сұрыпты емес.
Біз шығарып жатқан бастау деп аталатын өнім осылардың барлығының алдын алып, жүз пайыз пайдасын тигізеді. Сондай-ақ «Biomeliorant гүлмира» деген түрі бар. Ол гүлдеудің алдында, гүлдеп тұрған кезде тамырына құйып та, жапырағына шашып та қолдануға болады. Егер гүлдемей тұрған жеміс болса гүлдейді және гүлі желге ұшпайды. Тағы бір мысал келтіре кетейін, оңтүстікте қарбыз, қауын еккен дихандардың біразы кешегі салқында егінін үсік шалғанын айтып жатыр. Бірақ біздің өнімді қолданған дихандарда ондай мәселе болған жоқ. Енді сол үсіген алқапты қалпына келтіру үшін де тыңайтқыштар беріп жатырмыз. Өзге тыңайтқыштармен салыстырғанда айырмашылығы жермен көктей деп айтуға болады. Бірақ насихат және қолдау жағы сәл аздау болып тұр. Әзірге әлеуметтік желілер арқылы және тұтынушылардің бір-біріне айтқан жарнамасы арқылы ғана жұмыс жасап жатырмыз,- дейді Дәулет.
Дәл қазіргі уақытта Дәулеттің жаңалығын өндіріске енгізу де оңай шаруа емес. Ол өз жігер-қайратының арқасында және әлемнің әр түкпіріндегі ғылыми зерттеулерде жұмыс жасап, жобалар ұсынып, солармен байнаныс орнатқандығынан ғана тыңайтқыштардың түр-түрін өндіріп отыр. Егер бір дихан өнімі дұрыс шықпай жатқанын айтса оны зерттеп жаңа өнім ұсыну керек. Ал жас ғалымның ондай дайын тұрған зертханасы жоқ. Мұндай жағдайда Дәулет шетелдердегі әріптестерімен бірлесіп мәселенің шешімін табады. Себебі олар да өздеріне сарапшы маман ретінде Дәулетті аттай қалап шақырып тұрады.
Алғашқы өнімдерді шетелден шығарып, оларға Biomeliorant Z 7 жане Z Lux деп ат қойдым. Бұл тыңайтқыштың жаңа буыны деген мағынаны білдіреді. Кезінде осы биомелиорантқа Финляндия, Өзбекстан сияқты шетелдерден ұсыныстар түсті. Бірақ менің бар ниетім – оны «Қазақстанда жасалған» өнім етіп шығару. Өз елімнің атын шығару – менің басты міндетім. Мақсатым – тозған, сор, бүлінген жерлерді қалпына келтіру. Қасымдағы әріптестеріме де осыны мақсат қылуды үнемі айтып отырамын. Мәселен, Жапония десе «Тойота», Германия десе «Мерседес» қатар айтылады. Болашақта Қазақстан деген кезде де біз өндірген Biomeliorant айтылу керек. Себебі бұл тұзданған жерді қайта қалпына келтіріп, құнарлылығын арттырады. Осы сапа үшін жанымызды салып жүрміз, - дейді Дәулет.
Жас ғалымның айтуынша, қара жер барлығын көтереді дегенмен ол да тозады. Құнарын жоғалтады. Біздің аталарымыз осы жерді бүлдірмей бізге аманатқа тапсырып кетті. Енді біз де сол аманатқа қиянат жасамай келер ұрпаққа тапсыруымыз керек.
Біздің аталарымыз мал баға жүріп жердің жайын да жақсы білген. Олар мыңғырған малмен бір жерде табжылмай отыра берсе не болар еді. Бірақ олар жылдың төрт мезгілінде де малдың, жердің жайын ойлап, үнемі көшіп жүрді. Биыл жайлаған жайлауы келесі жазға дейін қалпына келіп үлгеретін. Қазір сол көшпенділер мәдениетінен біраз қол үзіп қалдық. Ауылдағы ағайындар ет жегісі, табиғи сүт ішіп, құрт, май жегісі келеді бірақ ауылдан ұзап шығып мал баққысы келмейді. Соның салдарынан ауылдық жерлерде жайылымдық жер жетіспей жатыр. Егер біз өндіріп жатқан Biomeliorant-тан шабындыққа, жайылым жерлерге шашып шықса жер де тыңайып, шөп те жайқалып шығар еді. Егер мемлекеттен, үкіметтен, жекелген ғылыми қорлардан қолдау болса 259-дай өнім жасауға мүмкіндігіміз бар. Алдағы уақытта ондай жағдайға да жетеміз деп ойлаймын, - дейді Дәулет Егембердиев.