Заманауи медианың Қазақстандағы дамуы
18.11.2022 3754

Бүгінде әлеуметтік  пен цифрлы  медианың, жаңа ғылыми технологиялардың  журналистика платформасына  елеулі өзгерістер  әкеліп, жаңашылдық тудырғаны  жасырын  емес. Қазір  бұқаралық  ақпарат құралдарындағы дәстүрлі  ақпарат тарату  үлгісіне де көптеген өзгеріс енді. Әлеуметтік желідегі  санмыңдаған парақшалар, блогерлер, одан бөлек сайттар арқылы ақпарат жылдам әрі жедел жетеді. Тұтынушыларға ақпарат  әр түрлі   каналдардан келеді, олардың саны есепсіз. Дегенмен,  бұндай ашықтық келтірілген  дәйектерді  дәлелімен ұсынатын, нақты  фактілермен сөйлейтін сенімді дереккөздерді іздеуге  алып  келеді. Журналистердің еңбегі  осы тұста көрінеді. Аудиторияны  айшықты, анық  ақпаратпен сусындатын БАҚ өкілдері  бүгінде заман  талабына  сай бейімделуге  тиіс. Қазақстан да  журналистиканың жаңа платформаларына көшіп, жаңа технологияларды қолданып, өзгерістер енгізіліп жатқанына куә болып келеміз. Бүгінде  телеарналар тек  көк жәшіктегі  көрерменге қызмет етіп қоймайды. Барлық телеарна  мен  газет-журнал, радионың  сайттары, әлеуметтік желілерде  ресми парақшалары  жұмыс істеп  тұр. Digital marketing бойынша  бүкіл  мүмкіндіктерді  қарастыруда.


Журналистердің  ақпарат беріп, репортаж таратуына, әр  күн сайын  жаңалықтарды жариялап, талдап отыруға, пікір білдіруге  және  бөлісуге ғаламтор   көп  мүмкіндік беріп, үлкен  септігін  тигізді. Барлық  уақытта, демалыссыз,күні-түні  жұмыста болатын, нақты  ақпар  тарататын журналистердің еңбегі  ғаламтор арқылы әлемдік деңгейде көрінді, жаңа белеске шықты. Интернет  пайда болғаннан  кейін  журналистердің  қызметі әдеттегі  офистік уақытпен  шектеліп қалмайды. Енді интернет арқылы  24  сағат оқырмандармен байланыста  болып, ақпаратты жедел  жеткізіп, жүйелі жұмыс  істеп  отыру керек.  Заманның талап  етіп жатқаны осы.Қазір  аудитория кері  байланысқа шыға алады. Тек  БАҚ пен сайт емес, ресми  парақшалар  арқылы әлеуметтік желілерде де  журналистердің  жұмыстары көрініс  тауып, ақпараттандыру іске асып  отырады.  Қазір әлемде  журналистер  мен аудитория  арасын Facebook, Tumblr, Twitter және  Pinterest  секілді қосымшалар байланыстырып тұр. Қазақстандық  тәжірибеде бұл  тізімге Instagram  желісі қосылады. Сонымен қатар,  Telegram  желісі де  қарқынды  өсіп, актуалды желілердің  біріне  айналып келеді.

Журналист маман ретінде дәстүрлі баспа  үйінде, БАҚ-та немесе платформаларда  ақпаратын өңдеп, ұсынуы тиіс.  Заман талабына  сай цифрлы медиа маманы ретінде әлеуметтік  желілерде болуы, сол жерде тұрақты әрі  қарқынды жұмыс  істеп отыруы  маңызды. Цифрлы медианың  оң тұсы болып, қатар  келген IM, Vlog, wiki секілді жаңалықтар  журналистерді жаңа деңгейге  көтерді.  Блог пен  аудиоблогтар және басқа да жаңа ұғымдар  арқылы  журналистерге өз ісін қалтқысыз  атқарып, зерттеу жұмыстарын жасауға, өңдеп, жарыққа шығарып, кеңінен  таратуға мүмкіндік берді. 

Заман  талабына сай  икемделіп,өзгеріп келе  жатқанымен журналистика саласының  негізі сол қалпында қала бермек. Журналистердің статусы  мен  жұмысына бәсекелестердің  көбеюі-журналистиканың  өзектілігін төмендетпейді.  Журналист тексерілген,  нақты ақпаратпен  бөліседі, бейтарап көзқараспен  қарап, мәлімет  береді. Шешім қабылдауды  көрерменнің  өз еншісіне қалдырады, өз көзқарасын тықпаламайды.  Қазір  де журналист  еңбегінің  актуалдылығы жоғалған  жоқ. Оның  негізгі қызметі- анық, рас,  ақпаратты, дұрыс дәйектерді жинап, көрерменге тартымды, нақты әрі  шынайы ақпар беру. Қазіргі  талап бойынша журналист барынша аз уақыт ішінде жылдам әрекет етіп, шешім қабылдай білуі керек. Журналистік  әдепті сақтап,критикалық  ойлай білгені де үлкен рөл атқарады.

Бүгінде журналистер цифрлы  медиа  мамандары ретінде  қалыптасты. Олар  жылдам әрекет етіп,  әлеуметтік желі,  сайт пен платформалар арқылы  жаңалықты жеткізуге  төселіп келеді.  Social Media Marketing  саласын да меңгеріп, жан-жақты, қарқынды даму үстінде.

Журналистің мақаласы  ғана жарыққа  шығып, өзі көрінбей, елеусіз қалатын  уақыт  келмеске кетті.  Журналист  Facebook, Instagram, Linkedin  секілді әлеуметтік  желілерде тіркеліп, белсенді жұмыс істеп  отырады. Жаңа платформаларды көзге  ілмеуге немесе оларға  жүрдім-бардым қарауға  болмайды. Дәл осы  желілер арқылы  журналистер қоғаммен тікелей араласады,  кері байланыс жұмыстары жүреді.  Төртінші билік өкілдері осы қосымшалар арқылы  халықтың сұранысына сай жұмыс істейді.  Өз еңбектерін  бөліседі және  жеке тұлға ретінде қалыптаса бастайды. Әлеуметтік желі  арқылы күн  сайын көрініп жүрген журналистке халықтың  сенімі арта  бастайды. Сауатты  маманға кез келген жағдайда иек  артады. Осылайша, журналистер шынайы ақпарат алаңымен қатар жүреді. Әрі  халық пен билік арасындағы нағыз алтын көпірге  айналады. Яғни, журналист үшін  өз парақшасын құрып, онлайндағы аудитория үшін де жұмыс  істегені маңызды.

Facebook   бұл өзгерістерге әуелден  дайын болды. Сол  себептен  де медиалармен өзара серіктестік құра бастады.  Әлемдік БАҚ-тар да  әлдеқашан әлеуметтік желінің күшін  мойындап қойған . Онлайн  платформаларда жұмыс  істеуге  әуелден мүдделі.  Әлеуметтік желілер арқылы   медиалар статистика  да шығара алады.  Қаралым санын  көбейтіп, аудиториясын үлкейтеді.  Сұраныстағы медиалардың бірі  болуға апаратын тіке жол  осы. Жарияланған жұмыстарын қанша адамның  ұнатқанын  немес қанша  оқырман дизлайк қойғанын  көре  алады. Оқырмандар үшін бөлісу  функциясы да қосылған.  Жазылушылардың белсенділігін бақылай  алады. Әлеуметтік желідегі  ресми парақшалардың БАҚ үшін  берері өте  көп. Аудитория  назарында болу үшін де табанды еңбек  пен  сауатты қызмет керек  екені анық. 

Елімізде қарқын алып келе жатқан журналистиканың жаңа платформасы – Instagram әлеуметтік желісі. 2010 жылы  қолданысқа берілген бұл платформаның  қолданушылары 2018 жылы 1  миллиардқа жетті. 2016 жылы инстаграмда   «Сториз инстаграм», 2017 жылы «Тікелей эфир» пайда болды. Ал 2018 жылы бір сағаттық  видеоларды   IGTV-ге сақтау және  қарау мүмкіндігі берілді.  Бұл платформа осы артықшылықтарының арқасында журналистиканың да жаңаша  лек  алуына ықпал  етті. Бүгінде бұл желіде  барлық  бұқаралық ақпарат құралдарының ресми парақшасы жұмыс  істеп тұр.  Олар белгіленген  жиілікте материалдар жариялап, оқиғалармен бөлісіп отырады,  тікелей эфирге шығады.  Қазіргі таңда   еліміздегі ірі арналардың бірі Qazaqstan ұлттық арнасының ресми парақшасында 461 000, «Хабар» телеарнасының  парақшасында 341 000, «КТК» телеарнасында 332 000, «Tengrinews» сайтының  парақшасында 1,5 миллион оқырман бар.  Көптеген БАҚ өкілдері  де осы  желіге  тіркеліп, қатар  жүргізіп келеді.  Инстаграм әлеуметтік желісінде сайттарға  сілтеме де  салынады, осылайша  материалдарға қаралым көп жиналып, ақпараттандыру  жылдамырақ жүріп отырады. 

Журналистикаға ақпар таратудың тың әрі  жедел  нұқсасы болып келген  платформа – Twitter. Десе де, бұл желі  іске қосылғанда  қолдануға болатын  аз әріптермен  дұрыс  дүние жазып шығарып,  әлеуметтік желіні журналистік нысанға айналады деген мысал ешкімнің ойына кіріп шықпады. Уақыт  өте әлемдік тәжірибеде  Twitter қолданушыларының  саны күрт көбейіп, белсенді қолданыла бастады.  Күн  сайын әр қолданушы  шамамен 4000 миллион твитт жіберетін  деңгейге жетті. 

Twitter әлеуметтік желісі журналиске көптеген мүмкіндіктер  берді. Бұрын  болмаған практикада қолданылмаған  аудиториямен, көрерменмен, оқырмандармен  байланысты нығайтты. 

Twitter тек қана  жаңалықтарды  жылдам жеткізіп отыратын  орын емес, бұл журналистер  үшін  виртуалды күнделікке, қойын  дәптерге  айналды. Ешқайда жоғалмайтын, ескіріп кетпейтін, жарамсыз болып қалмайтын сенімді қойын дәптер болды. Twitter арқылы  журналистер материалдарына қаралымды көбейтті, өзінің пікірлерімен бөлісіп отырады. Қызықты ақпараттарды, анонстарды  жариялап жүреді.  Жаңа платформаларда жұмыс  тәжірибеңіздің қаншалықты болғанына қарамастан,әлі  де  үйренетін дүние  көп.  Twitter алгоритмі  қарапайым дүниелерден тұрады. Кейбір  ережелер мен  түсініктерді біліп  алсаң , дұрыс контент  құруға жол ашылады. Тиімді жұмыс  істеп,  еңбек ету қарқындылығын көтереді. 

Тілшілер, редакторлар Twitter әлеуметтік   желісін краудсорсинг, жаңалықтарды  жеткізіп отыру үшін, жаңа ақпараттар іздеу үшін, өзге  де  медиалардың жаңалықтарынан хабардар болып отыру  үшін, қоғамға  не керек екенін білу, қандай  тақырыптарды көтеру  керектігін іздеу  үшін,  аудиториямен кері байланыс жасап, сұрақтарға жауап беру, жауап алу және сын есту, уақытын тиімді пайдаланып, үнемдеу мақсатында қолдана  алады. 

Марк  Лекки есімді  Journalism News-тің контент  жасаушы  маманы Twitter-де  көзге түсіп,  жақсы деңгейде жүру  үшін соңғы әрі  актуалды жаңалықтармен бөлісіп, жазып отыруды ұсынады. Аз уақытта көп твиттеп, ақпарат беріп отырған қолданушының басқа қолданушыларға қарағанда статистикасы мен жазылушылары бір жарым есеге көп болады. Оқырмандармен байланысты көтеріп, жазылушылардың санын арттырудың ең тиімді жолы- оқиға туралы ақпаратты, жаңалықты тікелей эфир арқылы шығару және жиі твиттеп отыру. 

Белсенділікті көтеріп, оқырман назарында болудың  тағы бір жолы-хэштегтер қолдану. Хэштегті дұрыс тэгтеп отырар  болса, жеке тұлғалардың  көрсеткішін екі есеге, брендтер көрсеткішін бір жарым есеге дейін көтере алады. Хэштег (#) белгісінен соң сол твитке байланысты сөздер не тақырыптар щығады. Тілшілер,  редакторлар  хэштегтерді белгілі  бір тақырып  аясында сөз қозғағанда  аудиторияны жинау,оның  пікірін біліп.  кері байланыс жасау  мақсатында, талқыға  салу үшін қолданады.

Twitter-дің өзіндік  алгоритмі  бар. Журналистер өздерінің материалдарымен текст түрінде бөлісе  салмай,  олардың сілтемесін  қоса  салып, тивттеп отырса,  оқырмандардың осы  материалдарға деген   қызығушылығы  екі есееге дейін жоғарылап, жақсы көрсеткіш  көрсететін  болады. Сонымен қатар,  журналистер өзге де өзі  оқып жатқан деректермен де сілтеме  салып, бөлісіп отырғаны  жақсы қаралым жинап, оқырмандардың қызығушылығын арттырады  екен. Өзінің  сайтынан емес, басқа дүниенің  сілтемесін салу  оқырмандардың назарын аудартып, қзығушылығын  тудыратын көрінеді. 

Краудсорсинг - бір  қауым азаматтардан қажетті  идея, ақпарат жаңа мәлімет  алу, қандай да  бір функциялардың, қызметтердің  жинағын қоғамдық  ұсыныс ретінде  қалың көпшілікке, бір топқа табыстау.  Ешқандай да еңбек келісім-шарты құрастырылмаған күйде топты, көпшілікті ресурс ретінде қолданлуын көрсетеді. Краудсорсингті қоғаммен, көшіліктпен диалог орнату, байланыс жасау құралы деуге болады. Аз  уақыт  ішінде ақпараттық  өнім дайындайтын біршама материал  жинақтап алуға мүмкіндік басым. Әрі  қолданушалырды, көпшілікті  материал  жинау жұмысына  қатыстырып, жаңа деректер жинайды. Бұл- цифрлы әлемде  ақпарат өндіріп, жаңалық жасаудың озық үлгісі.

2014 жылы жарыққа  шыққан,  журналистердің  жұмысын жеңілдеткен платформалардың  бірі – Stringr. Ол   әлемдік деңгейде  бейнематериал іздеген  жандарға бір  сағат уақыт аралығында кез келген бейнелерге   лицензия  беретін арнайы платформа. Ақпаратты алып,  жаңалық  өндіріп шығатын  медиаларды 60 минут уақыт ішінде бейнематериалдармен  қамтамасыз етеді.  Stringr платофрмасы  арқылы жұмыс біршама жеңілдеді. Осы платформа келмей  тұрғанға дейін  контентпен қамтамасыз  ететін фрилансрлермен байланыс  жүйесіз болды, әрі  олар  еңбекақысын ала алмай сандалатын. Бұл платформа  арқылы  енді фрилансер  мен  журналист арасында алтын  көпір орнап,фрилансер  контентті  дайындап болған  соң, дереу ақысын  алу қызметіне қол  жеткізеді.  Stringr- штаттын тыс немесе тәуелсіз редакторларға нарықты жаулауға, бәсекелестікті арттырып,  өсуіне, кәсібилігін  дәлелдеуіне мүмкіндік  берген платформа.  Қазір Американы ғана  қамтып тұрған платформа әлемдік нарықты жаулайды деп күтілуде. Тек жаңалықтардың  емес, өзге де медиалардың контентін жасағанда көп көмегін  тигізетін  дүние болмақ.

JuxtlaposдJS  та АҚШ-та жасап, қолданыла бастаған  жаңа құрал.  Қосымша қос сурет форматтарын  өзара  салыстырулар жасау арқылы сипаттауға зор көмегін тигізеді.   JuxtlaposдJS - ақырын процестерді түсіндіреді, соғыс, бас көтерулер, табиғат апаттары  секілді тосыннан  келген, күтілмеген оқиғалардың әсері қандай болғандығын баяндап, көрсетіп  береді.  Оны қолдану  оңай, тілі түсінікті. Нағыз журналистердің  кәдесіне  жарайтын құрал.

The RSS - Really Simple Syndication, яғни, «шынымен қарапайым  синдикация» , қысқартылғанда   RSS болып қолданылады. Ол жарыққа шыққан кезде дербес құрылғы не мобильдік құрылғыға тез арада баруы керек негізгі ақпарат, жаңалықтар  легі, форумдардың  үзіндісі, жан-жақты ақпарат  секілді тез жаңаланып отыратын  контент алып, қолданатын жағдай жасайды. Негізгі мәлемдемеде ақпараттың тақырыбы мен орналасқан бетіне  тікелей сілтеме болады. Жаңалықты синдикаттау, түрлі ақпаратты өңдеу арқылы контент жасағанда журналистерге RSS қолқанат болады. Синдикаттап жатқанда  көп қаралым жинау үшін  тақырыбын  «айқайлатып» қоятын   баспасөз құралдары  секілді, қызықты, тартымды тақырып қолданған дұрыс.  Сонымен қатар, бұл жерде оқырмандар қызығып, сілтемеге  өтіп, мақаланы оқып көруге ынталандыру үшін  бірінші бөлік мақаланың өзге бір қызықты тұсымен орнын  ауыстырып, қолданылады. 

Журналистің  жұмысы сауаттылықты, жеделділікті, сонымен  қатар, тиянақтылықты талап  етеді. Бүгінде   журналистердің  жұмысын жеңілдеткен көптеген қосымшалар  бар.  Олар ақпарат  арпалысында жүретін  журналистер үшін  таптырмас пайдалы  дүниелер:

-         Dropbox -  іс-сапар кезінде журналистерге файлды кез келген жерде

ашуға,  фото, видео материалдарды синхрондауға, сілтемелерді  сақтауға мүмкіндік  береді. Бұл қосымша деректерді, материалдарды редакцияға жолдағанда қолданылатын қосымша.

-        Skype – журналист  қашықтықтан материал жинау,сұхбат  алу үшін   қолданатын қосымша. Ғаламтор  арқылы телефон шалынып, материалдарды бейне және  аудио  форматтарда жазып, сақтап алуға мүмкінік береді.

-        Buffer –бір уақытта  бес шығарылым және бес твитқа дейін салып, кез келген белгіленген  уақытта  жарияланатын қызметі  арқылы журналистердің жұмысын  жеңілдетеді. Қосымша телефон  арқылы  жазбаларды ыңғайлы сәтте  Facebook ,Twitter-де, сонымен қатар  App.net-те бөлісуге мүмкіндік қарастырады. 

-        Evernote - тіркелген  соң, кез келген құрылғыдан текст, аудио материалдарды салып, кейін басқа бір құрылғы арқылы да қолдана беруге  арналған ыңғайлы   қосымша. Журналистерге арақашықтыққа қарамастан  редакцияға материалдарды сапалы түрде, жедел жеткізуге көп септігін  тигізеді.

-        Taptu – жаңалықтар мен әлеуметтік желілер  арқылы алынатын  ақпараттың агрегаторлы қосымшасы болып табылады. Қосымша арқылы  контенттің сұранысын,  қандай ақпарат  оқылатыны зерттеледі. Мобильдік және компьютерлік құрылғылар  арқылы көрінеді әрі осындағы материалды барлық әлеуметтік желілерде салуға болады. 

-        DropVox қосымшасы журналистерге дереу оқиға орнында ақпараттар жинауға, аудио жазуға, керек деректерді  редакцияға жіберіп немесе жүктеп, кейін  қайта өңдеуге мүмкіндік береді.

Storyfy- жағдай орын  алып  жатқан орыннан  тікелей деректер,  куәгер көзімен   оқиғаны салуға болатын әлеуметтік желі.Бұл журналистерге барлық  мемлекеттермен байланысуға, ақпарат алуға, серіктестік құруға арналған  таптырмас алаң. 

Журналистика заман талабына сай цифрлық өзгерістерге тез ілесе  білді.  Қоғам сұранысына  сай өз жұмыстарының  процесіне көптеген  толықтырулар мен  өзгерістер алып келді,  жаңалықтар енгізді.  2010 жылы өткен федералды сайлау  журналистердің  жұмыс атқарылу  позияциясына үлкен  әсер  етті. Сайлау туралы ақпарат әлеуметтік желілер  мен  жаңа медиа арқылы  жылдам тарады. Әрі Twitter арқылы азаматтардың  айтылған  пікірі жоғары  жаққа жетті, барлық  азаматтардың арасында байланыс  орнады.  АВС атқарушы директоры М.Скоттың  айтуынша  бұл кезде сайлау  уақытында ақпарат тарату, құлақтандыру  жұмыстары дәстүрлі және  жаңа  медиа санатында қатар жүрді. Осы  кезде көптеген  медиа-ұйымдар онлайн  ақпарат  таратудың маңыздылығын , оған  жауапты ретінде қарау  керек  екенін ұғынғандай  болды. Ғаламтор  журналистика саласына бұрын  соңды болмаған  өзгеріс пен мүмкіндіктерді ала келді. Артықшылықтарын  тізіп айтуға болады.  Ол көптеген  басылымдарға ешқандай  шектеусіз  ақпарат таратуға, саясат айналасында анық  жазуға мүмкіндік берді.  Марк Скотт интернет арқылы  жаңалық пен  ақпаратты  жан-жақты, толықтырып  көпшілікке ұсынуға жол  ашылған. Жаңа медиада, ғаламторда  жарияланатын онлайн  материалдарда  кеңістік бар.  Сайлау  уақытында барлық  платформаларда,  әлеуметтік желі  парақшаларында  кандидаттардың жеке мәліметін  ашық көрсету, өз жаңалықтарын,  сайлау алды бағдарламаларын жариялау, ойын, пікірін білдіретін  кеңістіктері болды.  Болып жатқан барлық  процестер , талдаулар  мен  оқиғалар, брифингтер,  жиналыстар мен ұсынымдардың  барлығы осы ашық  платформаларда орналасқан.  Бұл кез келген  адамның ешқандай  бұрмалаусыз  немесе үшінші жақтың  пікірінсіз  анық ақпарат алуға, хабардар  болып, өз таңдауын жасауына көмегі  болатын үлкен жаңалық еді.  Демократиялық  сайлауда кандидаттар өз  мүддесін ашық,  қедергілерсіз, тікелей азаматтарға жеткізе білді. 

АВС директоры  Скотт   жаңа медиа мүмкіншіліктеріне  тоқталған  тұста, дәстүрлі  журналистиканың  өзгеру ауанына да болжам жасады. Ендігі кезекте дәстүрлі  журналистика  өкілдері цифрлық  мүмкіншіліктерді пайдалынып, аудиториясымен  жаңаша тәсілмен  байланыс  жасау керектігін  алға тартты. Аудиториямен  кері байланыс жасау- жаңа деңгейге көтерілуіне, сұранысқа сай қызмет етуге,  нақты  талқылаулар жасап, медианың аудитория назарын  өзінде салып қалуына  жағдай жасайды. 

  

БАҚ-тағы жұмысынан  бөлек, журналистер  әлеуметтік желі  парақшаларында да белсенді. Жұмысындағы еңбегі  таралатын  аудиториямен қоса әлеуметтік желідегі  оқырмандарымен де тығыз байланыста.  Тынымсыз еңбек етіп, қарапайым халықты нақты ақпаратпен қамтып келеді. Елде төтенше жағдай режимі енгізілген  кезде сауатты  журналистердің  әлеуметттік желілерде  халыққа түрлі түсіндіру  жұмыстарын жүргізіп, жедел ақпарат таратып отырғаны көзге түсті. Телеарналар мен баспасөз  арқылы  өз міндеттерін атқарып, жылдам материал дайынлдап отырды.тАл әлеуметтік желіде аудиториямен байланыс жасап, кері байланысқа шығып, ақпарат сіңімділігіне атсалысты. Қазақстандық көптеген  журналистердің  парақшаларында  оқырман көп. Олардың бірінде оқырман саны бірнеше мыңнан  басталып, ең үлкені бірнеше  миллион аудиторияны қамтып отыр.  Қазақстанда әлеуметтік желілердің  ішіндегі ең танымалы- Instagram желісі. Осы желіде ең  көп жазылушысы  бар журналист- Ләйлә Сұлтанқызы. Оның  2,6  млн жазылушысы  бар.  Журналистің негізгі контенті пайдалы ақпараттар, талдаулар мен  танымдық  ақпараттарынан  тұрады. Динара Сәтжанның Instagram желісінде  1 млн  оқырманы  бар. Ол парақшасында әр саланың  өкілдерімен тікелей  эфирлер  өткізіп, видео-контент  жасап отырады.  Қоғамдағы оқиғаларға пікірі  мен көзқарастарын жариялап тұрады.  Кейінгі  сатыларда миллионнан  төмен оқырман бар журналистер тұрады. 

Журналистер де,  азаматтар да соңғы  оқиғалар кезінде жаңа заманауи платформалардың игілігін көрді.  Әлемдік деңгейде тарап кеткен қауіпті  пандемиядан  қорғану мақсатында  бүкіл әлемде карантин  жарияланды.  Біздің елімізде бірқатар  аумақтар  карантинге жабылған  соң, пайдалы, қызықты контентке автоматты түрде сұраныс артты.  Осынау  қысылтаяң шақта журналистер  жаңа платформалар  арқылы халықпен  бірге болды.  Парақшаларын барынша  дұрыс мақсатта  пайдаланды. Әр күні  түрлі  тақырыпта live эфирлер өткізіп, оқырмандарына дамуға, ізденуге,  жаңа  ақпараттарға жол ашты.  Ақпараттық журналистиканың  өкілдері елде қабылданып жатқан шешімдерді, жағдайларды түсіндіріп, соңғы  ақпарлармен бөлісіп отырды.  Олар өз миссиясынан  танбай,  билік пен  халық  арасындағы алтын  көпір болды.  Жаңа технологиялардың  арқасында журналистердің  үйі студияға  айналды.  Олар бір  мезетте өзі журналист, өзі оператор, режиссер, редактор, техник, жарық қоюшы  мамандықтарын қатар  атқарды.  Журналистер әлеуметтік желіні  сауатты жүргізіп, белсенділік  танытуы арқылы блогерлік қырын да байқатты.

Заманауи платформалар  журналистикада маңызды рөлге айналды. Бүгінде олар журналистиканың тіршілігіне сіңісіп те үлгерді. Заман  өз ағымына ілесіп, жаңа қабілеттерді меңгеріп, дамып отыруды талап етеді.  Қазақ журналистикасы  да цифрлы  технологиялар кезеңіне бейімделіп, дайындықтардан өтіп, жаңа медианың  ағымына ілесті. Бүгінде заманауи платформаларда белсенді жұмыс істеп, дамып келеді. Бұрын  «елу жылда ел жаңа» дейтін  болса, қазір толыққанды жаңарып,  өзгеше  сипат алуға бес жыл да жетіп жатыр.  Сондықтан, әмбебап мамандық иелері жаңашылдыққа тез  бейімделіп алып,  сұранысты қанағаттандырып  келеді. Заманауи жаңа платформалар журналистердің  жұмысын жеңілдетіп,өзгеше форматта жалғастыруына  мүмкіндік  берді.