Белградтағы чемпионат: бас жүлдесіз оралған балуандар
23.09.2022 2768

Сербияның Белград қаласында күрес түрлерінен әлем чемпионаты да аяқталды. Әдеттегідей Қазақстан балуандарына алтын медаль, әлем чемпионы деген атақ тағы да бұйырған жоқ. 


Қоланы қанағат тұтқан жігіттер

Алдымен грек-рим күресінің балуандары қандай нәтижеге қол жеткізді, соған тоқталайық. 

Грек-рим күресінен ұлттық құрама балуандарына тек жалғыз қола медаль ғана бұйырды. 60 келі салмақ дәрежесінде белдесуге түскен Айдос Сұлтанғали жартылай финалда қырғыз балуаны Жоламан Шәршенбековтен ірі есеппен ұтылды: 0-7. Жоламан Белградтан әлем чемпионы атанып, алтын медаль арқалап қайтты. Серік Жұмашев баптайтын грек-рим күресі балуандарынің арасынан осы Айдос қана медаль алды. Жартылай финалда сүрініп, қола медаль үшін белдесуде мажарлық Кристиан Кечкеметиді 7-1 есебімен ұтты. "Классиктер" осылайша әлем біріншілігін 1 қола медальмен аяқтады. 

Еркін күрес балуандарының да нәтижесі дәл осындай. 86 келі салмақта күрескен Азамат Дәулетбеков қола медаль үшін пуэрторикалық қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. 120 келіде Олег Болтин де қола медальға таласып, грузин балуанына есе жіберіп, әлем біріншілігін бесінші орынмен аяқтады. 

 

Жәмиланың өкінішке толы қуанышы 

Қыздарымыздың көрсеткіші тәп-тәуір. Жәмила Бақбергенова 72 келі салмақта күресіп, әлем біріншілігінің күміс жүлдегері атанды. Ол осымен екінші рет әлем чемпионатының күміс медалін олжалады. Жалпы қыздар арасында қазақстандық балуандардан әлем чемпионатының финалына шыққан төртеу ғана. Елена Шалыгина әлем чемпионатының күмісін екі мәрте иеленсе, Жұлдыз Ешімова, Гүзель Манюрова да финалда сүрінген болатын. Жәмила Бақбергенова әлемдік рейтингте көш басында  тұрғандықтан доданы жол ортадан бастап, ширек финалда өзбек аруы Светлана Окназарованы жеңді. Жыртылай финалда румын қызы Александра Николетаны да ірі есеппен ұтып, финалға шыққан. Жәмиладан күллі қазақ елі алтын медаль күтті. Олай болатын да жөні бар, Азия құрлығында теңдессіз саналып, қарсыластарын ұтып чемпион атанған Жәмила бұдан бұрынғы әлем чемпионатының финалында сүрініп, күміс медальді місе тұтқан. Осы жол сол олқылықтың орнын толтырудың тамаша мүмкіндігі туындаған еді. Бірақ біздің қыздың қайрат-күші америкалық Амит Элорға жетпеді.   

 

Мельниченконың уәжіне құлақ түрсек...

Осы әлем біріншілігінен оралған соң ұлттық құраманың бас бапкерлері бұқаралық ақпарат құралдарына арнап баспасөз мәслихатын өткізіп, есеп берді. Спортты дамыту дирекциясында бапкерлердің есебін тыңдау өтіп, министрлік өкілдері, бапкерлер, команда басшылары қатысты. Грек-рим, еркін күрес, әйелдер күресінен ұлттық құраманың бас бапкерлері кемшілікті де бүккен жоқ, сәтсіздіктердің де себебін айтты. Жиын барысында Атланта жазғы олимпиадасының чемпионы (1996), әлем біріншілігінің екі дүркін жеңімпазы әйгілі балуан Юрий Мельниченко балуандардың бәсекедегі өнеріне көңілі қоңылтақситынын, олқылықтың орнын толтыру үшін мамандар жұмысына жүйелі реформа жүргізу қажеттігін де айтты. Оқу жаттығу жиындарын оңтайлы өткізіп, халықаралық турнирлерге жиі-жиі  бара бермей, дәреже-деңгейіне қарай саралап қатысу керектігін де ескертті. Бапкерлер балуандардың физикалық әзірлігі тез қалпына келуі үшін медициналық қолдау, фармакологияның маңызды екенін де атап өтті. 

 

24 жылдан бергі арзу

Жалпы еліміздің спорт тарихына көз жүгіртсек, грек-рим күресінен балуандарымыз  әлем чемпионатынан алтын медальді көсіп алса, қуанар едік. Кешегі Шәміл Серіков, Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов, Бақтияр Бәйсейітов, Юрий Мельниченко, Мхитиар Манукяндардың сара жолын жалғайтын балуандар шықпай тұр. Қазақ даласында туған қазақ ұландарының арасынан соңғы рет Бақтияр Бәйсейітов 1998 жылы Швецияда көк туымызды көкке желбіретіп, әлем чемпины атанған болатын. Содан бері 24 жыл өтті, әлем чемпионатының алтыны бізге бұйырмай келеді. 

Еркін күрес пен қыздар күресінен де қазақ елі әлем чемпионын шығара алмай келеді. Ал қырғыздар грек-рим күресінен биылғы әлем чемпионатынан, яғни Сербия төрінен екі бірдей алтын медаль олжалап қайтты. 

 

Гәп неде: бапкерде ме, бақ та ма?

Білікті бапкер Оңалбек Әуелбеков балуандарымыздың биылғы додадағы көрсеткішінің төмен болуына бапкерлердің біліктілігі басты себеп деген пікір айтады. "Біздің елімізде әлем чемпионын, жазғы Олимпиада ойындарының чемпионын неге шығара алмай келеміз? бапкерлердің біліктілігі ондай деңгейге жеткен жоқ. Біз оларды оқытып, тәжірибесін шыңдауда ештеңеден тарынбауымыз керек, сондықтан балуандардың дайындығы бапкерлердің біліктілігіне тікелей байланысты" , – деген пікірде.

Еркін күрестен ұлттық құраманың мүшесі  Нұрқожа Қайпанов осы әлем чемпионатында жүлде алады деп сенген балуандардың бірі еді. Бірақ жолы болмады. Нұрқожа өзінің сәтсіздігі жайында былай деді: "Не жетіспегенін біле алмай далмын, әзірлікке барудай-ақ бардық, оқу-жаттығу жиындарынан үй бетін көрмей қатыстық, жарыстарға да салды. Қарсылас болған балуандардың бізден еш айырмашылығы, артықшылық да жоқ. Бірақ неге екенін жүлдеге жетпей сүріне береміз". Қайпанов айтқандай, біздің балуандарға алтын медаль алып, әлем чемпионы атануы үшін жетпейтін жайттар жеткілікті. Ол – функционалдық дайындықтың жоғары деңгейде өтуіне бапкерлердің біліктілігі сай келмеуі, ол –  спорттық медицина – фармакологияның қарыштап дамымауы, ол –  спортшылардың физикалық қана емес, психологиялық та әлсіздігі әлі де бар екендігі. Біз осы олқылықтарды жеңгенде ғана спортшыларымыздан толағай табыс күтеміз.