Ел мерейін үстем еткен жампоздар
27.06.2022 1693

Қоғамның қабылдауы солай ма, әлде салмағы жеңіл, тұзы сор дейміз бе, мамыр айында Бразилияда өткен Сурдлипиадалық ойындарда чемпион атанған, жүлде алған спортшыларымызды насихаттау, солардың тау тұрғызған жеңісін жарыса жазу анау айтарлықтай белсенді болған жоқ. Әйтпесе Қайратхан Шоңқу Бразилияда өткен сурдлимпиада ойындарында екі дүркін чемпион атанып, қазақ спортының тарихында толайым жетістік орнатқаны орасан олжа емес пе еді. Сәл шегініс жасап, Қайратханның қайда жаттығатынын, қандай қазанда қайнап шарболаттай шыңдалатынына аз-кем тоқтала кетейік.

 


 «Алматының» айбоздары

Алматы қаласында қаланың атауымен аталатын тірек-қимыл қозғалыстары майып болған жандардың бас қосатын, жаттығу өткізетін ордасы бар. Он екі мүшесінің бірінен айырылған жандар тағдыр тәлкегіне мойымай, осы орталықта спортпен кәсіби түрде шұғылданып, еліміздің мәртебесін әлемдік ареналарда абыроймен қорғап жүр. Алматы қаласының спорт басқармасында лауазымды қызмет атқарған білікті басшы, самдағай менеджер Найзабек Сағымбаев басқаратын шағын ғана клубтың жетістіктерін естігеніңізде шалқаңыздан түсе жаздайсыз. Сенбесеңіз, айтайық. «Алматы» клубында жаттығатын спортшылардың арасынан ХІХ қысқы сурдлимпиадалық ойындарының 4 чемпионы бар. Ол аз десеңіз, ХХІІІ жазғы сурдлимпиадалық ойындарының 1 күміс 2 қола медалін олжалаған саңлақтар жаттығу жүргізеді. Осы күнде 666 спортшы клубқа тіркелген болса, солардың ішінде жетеуі ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, 31 адам халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 101 адам спорт шебері деген мәртебелі атаққа ие. Спорт саласынан хабары бар адамға бұл дегеніңіз, бір спорт клубы үшін, өте үлкен мәртебе.

Сонымен бірге дене мүмкіндігі шектеулі спортшыларға арналған Бұқаралық спорт іс-шараларының күнтізбелік жоспарына және халықаралық жарыстарды өткізу ережесі бойынша өткен жарыстарда «Алматы» спорт клубының спортшылары 2021 жылы Қазақстан чемпионатына 10 спорт түрінен қатысып, барлығы 65 медаль жеңіп алды. Соның ішінде 27 алтын, 18 күміс, 20 қола жүлде олжалаған. Сонымен қоса, 4 жылда бір өтіп тұратын еліміздің жазғы 5-ші Сурдлимпиалық спартакиадасына қатысып, барлығы 78 медаль: 29 алтын, 28 күміс, 20 қола бұйырды. Жалпы командалық есеп бойынша Алматы қаласы жүлделі 2-орынға тұрақтады. Бұл клубтың 122 спортшысы – ел құрамасының мүшелері. Былтырғы жылы спорт түрлері бойынша ересектер арасында әлем чемпионатынан 5 күміс, 12 қола медальмен оралды. Еуропа чемпионатында 1 алтын алдық. Азия чемпионатында 4 алтын, 2 күміс еншімізге бұйырды, әлем кубогында 2 алтын, 1 қола медальмен оралды.



Бүгінгі таңда «Алматы» спорт клубының тірек-қимыл аппараты зақымдалған бөлімінде (ТҚАЗ) - 138 споршы; көру мүшесі зақымдалғандар бөлімінде – 155 спортшы; есту қабілеті төмен бөлімінде – 283 спортшы; «Спешиал Олимпикс» (Интеллект) бөлімінде 90 спортшы тіркелген. Осы спортшыларды 45 жаттықтырушы баптайды. 11 маманның Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы деген атағы бар.

Осы клубтың 12 спортшысы Бразилияда өткен Сурдлимпиада ойындарына аттанып, жеңістен тау тұрғызды. Алда енді Қытайдың Ханчжоу қаласында күзде Пара Азия ойындары өтеді. Еліміздің ішкі біріншіліктерінде де шеберліктерін сынайды.

 

Мемлекет көрсеткен қамқорлық


Спортшылардың осындай додаларда жоғары жетістікке жетуіне мемлекеттің көрсетіп жатқан қамқорлығын да айтпай кетуге болмайды. Қамқорлық дегеннен шығады, бұрындары, нақтырақ айтқанда 2010 жылға дейін паралимпиада, сурдлимпиада ойындарында жүлде алған спортшыларға берілетін сыйақы мен басқа да марапаттардың бәсі жазғы, қысқы Олимпиада ойындарында олжа салған спортшылардан әлдеқайда төмен болатын. Осы мәселені көтеріп, ақырында 2016 жылы өткен Рио паралимпиадасынан кейін спортшыларға берілетін сыйақы мөлшері де теңестірілді.

Осының да үлкен әсері мен оң ықпалы болды. Спортшыларымыздың құлшынысы артты. 2017 жылы жазғы Сурдлимпиада ойындары Түркияда өтті. Біздің екі спортшымыз Асылжан Тәжиев пен Қайратхан Шоңқу қола медаль олжалағаны үшін 75 мың доллардан сыйақыға алды. Сонымен қоса, Алматы қаласы әкімдігі тарапынан сол екі спортшымызға 1 бөлмелі пәтер берілді. Олардың жеке бапкері, Ұлттық құраманың бас бапкері де спортшылардың жетістігі үшін сыйақымен марапатталды.

 

Үміттерге сенім ұялатқан

Жігіттердің жетістігіне сөз арнамас бұрын, клубтың тарихына қысқа тоқтала кетсек. Тірек-қозғалыс мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы орталық болу жайындағы мәселе 2008 жылы қалалық мәслихаттың сессиясында қаралып, сол жылдың қаңтар айында «Дене мүмкіндігі шектелген адамдарға арналған «Алматы» спорт клубы құрылып, өзінің жұмысын бастады. Содан бері қарай 14 жылдан асты, бұл күнде осынау орталық мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен шұғылдануына өріс ашатын орда саналады. Клубта 4 бөлім жұмыс істейді: «Есту қабілеті нашар», «Көру қабілеті төмен», «Тірек-қимыл аппараты зақымдалған» және «Спешиал Олимпикс» (психикалық даму мүмкіндігі тежелген).

Клубтың директоры Найзабек Сағымбаев «Біздің саңлақтар қаладағы 25 спорттық нысанда оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізуде. Алматы қалалық әкімшілігінің және Алматы қаласы Спорт басқармасының тікелей қолдауының арқасында, бүгінгі таңда осы 25 спорт нысандарының 21-інде біздің спортшыларымыз тегін жаттығады. Мүгедек спортшылар үшін Алматыда қысқы универсиада ойындарын өткізу мақсатында салынған «Сұңқар», «Алматы Арена» кешендерінде мүгедек жандар үшін пандус та, арнайы әжетхана, қол арбамен көтерілуге болатын жеделсаты бәрі бар. «Медеу», «Шымбұлақ» кешендерінде де сондай.



Келешекте мүгедек жандарға арналған арнайы мамандандырылған спорт кешені салынады деген жоспар бар. Бұл спорт орталығы салынатын болса, онсыз да он екі мүшесінің бірінен айрылып қамкөңіл жүретін жандардың ойындағы психологиялық кедергі жойылады, әрі мүмкіндігі шектеулі жандар еш қиындықсыз жаттығу жасауға, спортпен шұғылдануға барады. Арнайы ашылған орталықта заманауи жабдықпен қамтылған кешенде жаттығу өткізу бапкердің де біліктілігін шыңдайды, спортшының да дамуын жылдамдатып, жетістігінің артуына сеп болады. Әзірге елімізде мұндай арнайы соғылған спорт орталықтары бас қаламыз Нұр-Сұлтан мен Атырау қаласында ғана бар. Клубымыздың меншігінде екі автокөлік тіркелген, оның бірі - «Инвотакси» қала ішінде тірек-қозғалыс аппараты зақымданған спортшыларымызды жаттығу кешендеріне, жарыстарға жеткізеді. Спортшыларымыздың арасында Қазақтың спорт және туризм академиясында оқитындар бар. Олар келешекте оқуын тәмамдап, маман атанған соң, қабілет-қарымына қарай, клубқа жұмысқа да қабылданады. Алматы қалалық әл-ауқат басқармасының былтырғы жылғы есебі бойынша, қаламызда 49 600 мүгедек жан тіркеуде тұр. Оның ішінде спорт түрлерімен шұғылдануға мүмкіндігі келмейтіндері де бар. 2456 адам спортпен шұғылданады. Біздің клубта төрт бөлім болса, сол төрт бөлімде спорттың 20 түрінен жаттығу жүргізіледі. Атап айтқанда, жүзу, жеңіл атлетика, тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат, шағын футбол, пауэрлифтинг, үстел теннисі, еркін күрес, грек-рим күресі, садақ ату (компаунд), отырып ойнайтын волейбол, арбадағы теннис, бадминтон, голбол, таэквондо, дзюдо, арбада отырып билеу және ат спорты. Арбада билеу мен ат спорты былтыр ғана ашылды»,-дейді.

 

Шашасына шаң жұқпаған жүйріктер

Енді клубтың спортшылары Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында өткен XXIV жазғы Сурдилимпиадалық ойындарында дзюдодан Әсел Мақсұтова қола, Нұрмұхамед Әділбек, Асхат Адамбаев, Шаяхмет қанапиянов, Ермек Жәнібекұлы командалық сайыста қола медаль иеленді. Жекелей сында Нұрмұхамед Әділбек күміс, Шаяхмет Қанапиянов қола медальға ие болды. Бұл дзюдошылардың барлығын да білікті бапкер Самат Аппақов жаттықтырады.

Грек-рим күресінен 130 келі салмақта Қайратхан Шоңқу сурдлимпиадалық ойындардың чемпионы атанды, тағы бір жерлесіміз Асылжан Тәжиев финалда сүрініп, күмісті місе тұтты. Мәскеу Олимпиадасының чемпионы, қазақ балуандары арасынан шыққан тұңғыш Олимпиада жеңімпазы Жақсылық Үшкемпіров «Арманым – қазақ баласының Олимпиада алтынын алғанын көру» деп еді. Сол арманды Сурдлимпиадалық ойындарда Шоңқу орындады. Қайратхан – грек-рим күресінен сурдлимпиадалық ойынлдардың чемпионы атанған тұңғыш қазақстандық балуан. Қайратхан еркін күрестен де Сурдлимпиада кілемінде күресіп, 125 келі салмақта алтын медаль алды. Осындай орасан жетістікке жеткен шағын ғана клубтың мүшелерінің толайым еңбегі қай қырынан мақтасаң да артық етпейтін   көрсеткіш. Еліміздің әнұраны шырқатып, көк туымызды желбіретіп жүрген жампоздарға алдағы уақытта да сәттілік тілейміз.