Бүгін Алаш қайраткері, ғалым, публицист Сұлтанбек Қожанұлының туған күні. «Тарихи тұлғалар жайлы 10 дерек» айдары негізінде қайраткер ғұмырнамасынан үзік деректер ұсынамыз.
1. Сұлтанбек Қожанұлы – 1894 жылы 10 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Ақсүмбе ауылында кедей қазақ отбасында дүниеге келген.
2. Ол әуелі 1910 жылы Түркістан қаласында ашылған төрт сыныптық орыс-түзем бастауыш мектебін аяқтап, алғашқы сауатын жетілдірді. Кейіннен, 1913 жылы үш сыныптық қалалық училищені тәмамдап, орта деңгейлі білім алды. Бұдан соң, педагогикалық бағытқа бейімделіп, Ташкент мұғалімдер семинариясында оқып, арнайы мұғалімдік даярлықтан өтті. Қожанұлының білім ізденісі мұнымен шектелмей, кеңестік кезеңде де жалғасты. 1927 жылы Мәскеуде БК(б)П Орталық комитетінің жанындағы марксизм-ленинизм курсына қатысып, саяси-идеологиялық даярлықтан өтті.
3. Ол 1916-1917 жылдары Ташкент қаласында қазақ зиялылары құрған «Кеңес» атты астыртын саяси ұйым мүшесі атанып, отарлық езгіге қарсы ашық күрес жүргізген.
4. 1917 жылы ол қоғамдық-саяси қызметін жаңа арнаға бұрып, баспасөз саласына белсене араласты. Ол кезде Ташкент қаласында ұлттық мүддені қорғауды мақсат тұтқан саяси бағыттағы басылымдар пайда бола бастаған еді. Осындай істердің басында жүрген қайраткерлердің бірі ретінде С.Қожанұлы Мұстафа Шоқай, Қоңырқожа Қожықов , Хайритдин Болғанбаев секілді зиялылармен бірлесіп, «Бірлік туы» атты газетті шығаруға көмектесті.
5. 1920–1924 жылдары Сұлтанбек Қожанұлы Түркістан республикасының саяси өмірінде белсенді қызмет атқарды. Түркістан коммунистік партиясы Орталық комитетінің мүшесі болып сайланып, республиканың Орталық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Ішкі істер халық комиссары және Халық ағарту комиссары міндетін атқарып, мемлекеттік басқарудың негізгі салаларына жетекшілік етті.
6. 1920 жылы Ташкентте жарық көрген «Ақ жол» газетінің шығарушы редакторы болды. «Ақ жол» газеті ұлт мінберіне айналып, Алаш зиялылары газеттің негізгі жазушылары атанды.
7. 1925 жылы өткен Қазақ Республикасы Кеңестерінің V съезінде қайраткер ұсынысымен ел астанасы Ақмешіт қаласына көшіріліп, оған Қызылорда атауы берілді. Съезд шешімі негізінде мемлекеттің ресми атауы да өзгеріп, «Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы» деген жаңа мәртебе берілді.
8. Сұлтанбек Қожанұлы партиялық және мемлекеттік қызметтерін атқара жүріп, ғылыми-зерттеу және шығармашылық жұмыстарға да ерекше мән берді. Ол оқу-ағарту саласына үлес қосып, мектеп оқушыларына арнап 1924 жылы «Есептану құралы» атты математика пәніне арналған оқулық әзірледі. Бұл еңбегі қазақ балаларының жаратылыстану ғылымдарын ана тілінде меңгеруіне жол ашқан алғашқы қадамдардың бірі болды. Сонымен қатар, 1928 жылы оның орыс тілінде жазылған «Түркістанның Кеңестік Автономиясының он жылдығына» атты зерттеу еңбегі жарық көрді. Аталмыш басылымда Түркістан республикасының саяси-әлеуметтік дамуы, кеңестік құрылымның орнығуы және аймақ халықтарының өміріндегі өзгерістер жан-жақты талданған.
9. 1925 жылдың басында өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы болып қызмет атқарған Сұлтанбек Қожанұлының қолдауы нәтижесінде Смағұл Сәдуақасұлы «Еңбекші Қазақстан» газетінің редакторы, кейін Халық ағарту комиссары қызметіне көтеріліп, ұлттық мектептер жүйесін дамытуға, оқу-ағарту ісін қазақ тілінде жолға қоюға айрықша үлес қосты.
10. Ол 1937 жылы 16 шілдеде қамауға алынып, «халық жауы» деген айып тағылды. 1938 жылдың 8 ақпанында ату жазасына кесілді. Осылайша, ұлттық мүдде жолында еңбек еткен көрнекті мемлекет қайраткері тоталитарлық жүйенің құрбаны болды.