Отандық кино: даму тарихы, проблемасы, жетістігі
19.07.2021 3120
Кино өнері – өмірдегі сан түрлі құбылыстарды, әлеуметтік психологияны, тіпті бірнеше саланы қамтитын әрі оны киноэкранда көркем бейнелейтін қасиетті өнер. Олай дейтініміз, әлемдік киноның бүгінгі бет алысы, қозғап отырған мәселелері, көрермен қауымға әсер ететін ықпалы оразан зор. Негізгі 4 салаға бөлінетін (көркем фильм, деректі, мультипликациялық, ғылыми-көпшілік) кино өнерінің шығу тарихы ағайынды Луи және Огюст Люмьерлермен тығыз байланысты екені киносүйер қауымға белгілі жайт. Содан бері екі ғасыр өтсе де, кино өнері өз маңызын жоғалтқан емес. Жыл сайын тұрақты түрде өтетін Ванкувер мен Банфтегі халықаралық кинофестивальдер, америкалық «Оскар» халықаралық жүлдесі,  Канн кинофестиваліндегі «Алтын пальма бұтағы» немесе басқа да кино саласындағы түрлі жүлделер мен байқаулар киноға деген көрерменнің ықыласын, сәйкесінше, бұл өнерге қызығушылық пен сұраныстың мол екендігін аңғартса керек.

Отандық кино тарихына шолу

Әлемдік көшке ілескен біздің елдің де кино саласында қол жеткізген жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай болмаса да, біраз халықаралық байқауларда қазақстандық фильмдер мен актерлер жүлделі оралып жүр. Әрине, бүгінгі  қазақ киносына көңіл толмаушылықтың бары рас. Десе де, 20 ғасырдың орта шеніндегі «Қыз Жібек», «Көксерек», «Менің атым Қожа» сынды фильмдер көрермен қауымның әлі есінен кетпейтін, сағынып отырып, қайталап көретін көркем туындыларға айналды. Одан бөлек, сол кездің өзінде қазақ киносының жеткен жетістігі де аз емес еді. Мәселен, 1967 жылы «Менің атым Қожа» фильмі (реж. А.Қарсақбаев) Франциядағы Канн фестивалінің арнайы жүлдесіне ие болған қазақ фильмдерінің ішіндегі бірінші фильм болды. «Көксерек» фильмі (реж. Т.Өкеев) Бакуде өткен кинофестивальде бірінші сыйлыққа ие болса, ал «Алпамыс мектепке барады» фильмі (реж. А.Қарсақбаев) Ригада өткен бүкілодақтық 10-кинофестивальдің бас жүлдесін жеңіп алды. Қазақ киносы тарихындағы алғашқы киношежіре 1925 жылы түсірілсе де, оның дамуы 20 ғасырдың аяғында едәуір қарқын ала  түсті.

Қазақ киноөнерінің тарихындағы ерекше даму кезеңі де 20 ғасырдың 80-90 жылдарымен тұспа-тұс келеді. Бұл туралы белгілі киносыншы Гүлнар Әбікеева өзінің «Қазақстандағы және Орталық Азияның басқа да елдеріндегі ұлттық құрылыс және осы үдеріс кинематографияда қалай көрініс табуда» (2006) кітабында «қазақтың жаңа толқыны» 1989 жылы пайда болғанын, оның өкілдері режиссерлер Р.Нұғыманов, С.Апрымов, Д.Өмірбаев, А.Қарпықов, А.Әмірқұлов, А.Қарақұлов – барлығы да ресейлік кинорежиссер С.Соловьевтің шеберханасынан шыққан түлектер екенін жазады. «Жаңа толқын» деген атаудың өзі француздық режиссерлерге тән болғанымен, оның бір ұшы Франциядан басталып, екінші ұшы Еуропа мен АҚШ-қа, Жапонияға, тіпті қазақ даласына дейін жеткенін мойындаған жөн. Айталық, француздық режиссер Франсуа Ролан Трюффоның «400 соққы» фильміндегі моральдік нормаларға қарсы, қоғамдағы қасаң қағидалармен күрескіш, бұзықтау бала Антуан Дуанель образы Абдолла Қарсақбаевтың «Менің атым Қожа» фильміндегі Қожаның рөлінде көрініс тапты. Екі шығарманың да рухы – идеялық-мазмұндық жағынан үндес. Сол кездің өзінде «қазақтың жаңа толқыны» саналған режиссерлердің бағындырмаған белесі кемде-кем. Әсіресе, 1991-1997 жылдар отандық кино саласының ең бір жемісті шағы еді. «Қайрат», «Кардиограмма» (Д.Өмірбаев), «Отырардың күйреуі» (А.Әмірқұлов), «Сұржекей – өлім періштесі» (Д.Манабаев),  «Батыр Баян» (С.Тәуекелов), «Жас аккордеоншының өмірбаяны»(С.Нарымбетов) секілді фильмдер мемлекеттік, халықаралық сыйлықтарды жеңіп алып, түрлі байқауларда жарқырап көрініп, отандық кино өнерінде үлкен сілкініс жасады.

Отандық кинодағы проблема мен авторлық киноға деген көзқарас

Уақыт өте келе отандық кинодағы осы бір сілкініс тұрақты түрде озық дәстүрге айналып, өз қарқынын сақтай алмады. Тәуелсіздік алғаннан кейін де көптеген фильм түсірілді. Бірнеше байқауларда топ жарып, жетістіктерге жеткенімен, отандық кино саласында коммерциялық, поп-корндық кинолардың қатар жылжуымен тақырыптық, идеялық, мазмұндық жағынан үлкен дағдарысқа ұшырап қалғаны жасырын емес. Техникалық, көркемдік деңгейі жағынан кейбір тұста алға озғанымен, мазмұны мен идеясы жөнінен аталмыш фильмдерге парапар фильмдер жоқтың қасы десек, асылық болмас деп ойлаймыз. Кино идеологиялық құралдан бұрын, ең бірінші «өнер» екені айдан анық. Ал, «Қазақфильм» киностудиясының тарихи фильмдерге көбірек көңіл бөлетіні, оған қоса, көп жағдайда коммерциялық фильмдермен бәсекеде қабілетсіз екені осы күнге дейін аз айтылған жоқ. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2019 жылы өткізілген киносеанстар саны  962 294-ні құраса, соның басым көпшілігінде шетелдік киноларға деген сұраныс жоғары болған. Ал, ұлттық киноны көруге ынталылардың саны тым аз. Бұл – әр  жыл сайын қайталанып отыратын процесс. Есесіне, сюжеті жеңіл, арзан күлкіге құрылған фильмдердің кассалық табысы отандық кинопрокатта топ жарып, ұдайы көрермендерге лық толы болады.

Оқи отырыңыз: «Қазақфильм» қазақ батырлары туралы неше фильм түсірген?

Мәселен, «Қазақша бизнес» (Бизнес по-казахский) фильмінің кассалық табысы миллиард теңгеден асып түсіп, отандық кино тарихында рекорд жаңартқаны жайлы БАҚ беттерінде жарияланып жүрді. Одан бөлек, Америкада, Африкада, Кореяда түсірілген фильмнің Түркияда түсіріліп жатқан жалғасын көрермен қауым асыға күтуде. Осыған ұқсас бір тектес комедиялық фильмдердің сұранысқа ие болуы, идеологиялық фильмдерге қарағанда көрермендерді көп жинауы талғамның басқа арнаға ауысып бара жатқанын көрсетсе керек. Ал, киносыншы, мәдениеттанушы Әсия Бағдәулетқызы отандық кино өнімдерінің «тойға» айналып кеткенін, тойдан культ жасауға болмайтынын бір кездері өз мақаласында ашық жазды. Оған дәлел де жоқ емес. Мысалы, «Он алты қыз», «72 сағатта үйлену», «Мезет», «Свадьба на троих» секілді фильмдердің барлығында негізгі оқиғаның өзегі той, тойдағы кейіпкерлер екенін, «келін» мен «ене» тақырыбын («Келинка Сабина 1, 2, 3» (реж. Н.Адамбаев) жиі көтеретін комедиялық фильмдер көбейгенін, отандық фильмдердің қазақша дыбыстала бермейтінін де киносыншылар жиі сынап жүр.


Бір жағынан, бірыңғай көңіл көтеретін фильмдер қаптап кеткен отандық кинода әлемдік көшке ілескен қазақстандық авторлық кинолар әлсін-әлсін бой көтеріп келеді. Әсіресе, Эмир Байғазиннің «Асыланның сабақтары» фильмі, Әділхан Ержановтың «Қожайын» фильмі отандық авторлық кино жайлы сөз болғанда, жиі ауызға ілігеді. Себебі, «Асыланның сабақтары» Берлинде өткен кинофестивальде «Алтын аю» жүлдесін жеңіп алса, «Қожайын» фильмі үздік азиаттық фильмдер тізіміне енді. Ал, жас режиссер Елзат Ескендірдің «Өліара» фильмі 2016 жылы Оңтүстік Кореяда өткен Халықаралық кинофестивальде үздік деп танылды. Сонымен қатар, авторлық киноға қызығушылық танытып жүрген аудиторияның қалыптасып, көбейіп келе жатқанын еліміздегі кино саласындағы оң өзгеріске балауға әбден болады. Осыған дейін «тарихтың кино өнерінде көрініс табуына» көп көңіл бөлініп, отандық және шетелдік кино мамандарын тартуға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді.


Елдегі жалпы шығарылған отандық фильмдер саны 2010 жылы 144-ті құраса, 2019 жылы 480-ге жетіп отыр. Мысалы, 2005 жылы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романының желісіне негізделген «Көшпенділер» фильмін түсіруге  шетелден Иван Пассер мен Юли Стейгер тартылса, кейіннен олардың орнына Сергей Бодров пен Дэн Лаустсен келген еді. Фильмнің актерлік құрамында шетелдік актерлер Джей Эрнанлес, Куно Бекер, Марк Дакаскос, Арчи Као, Джейсон Скотт Ли болды. Фильмнің бюджеті – 34 млн АҚШ доллары. 2018 жылы үлкен экранға жол тартқан тарихи фильм «Әміренің» қоюшы режиссері Джеффи Веспа болса, сценарий авторы Бенжамин А. ван дер  Вин еді. Бұл фильм – Қазақ елін әлемге әйгілеген Әміре Қашаубаевтың 1925 жылы Париждегі «ЭКСПО» көрмесіндегі жеңісін суреттейтін, оның жарқын ғұмырынан сыр шертетін тарихи туынды. 2015 жылы жарық көрген «Құнанбай» фильмі (режиссер Д.Жолжақсынов) де – ұлы Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлының өміріне арналған, отандық фильмдердің ішінде ең озық туындылардың бірі. Ал, 2017 жылы түсіріліп, 2018 жылы жарыққа шыққан «Тар заман» фильмінің (12-бөлімнен тұратын сериал нұсқасы да бар) елдегі кинотеатрларда көрсетілуі, «Алаш» тарихына бет бұрушылықтың бары (киноэкранда) – отандық киноның идеологиялық тұрғыдан бағындырған биік белесі.

Осы ретте қазақ мәдениетін әлемге танытуды мақсат тұтқан «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасының да маңызы зор екенін айта кеткен жөн.

Отандық киноның бағындырған бір белесі

Отандық киноның бұған дейін көп айтылмай келген тағы бір белесі – отандық кинодағы әйел азаматтардың бой көрсетуі. Бұл бір кеуде керіп, мақтанарлық тұсымыз десек те болады. Тіпті, әйел режиссер Жанна Исабаеваның «Қарой», «Нағима» секілді фильмдерді түсіріп, әйел тағдырын, әйел теңсіздігін өз туындыларына негізгі арқау етіп алуы – отандық кинодағы бұрын соңды болмаған құбылыс.

Ал, қазақстандық киноактрисалардың қол жеткізген жетістіктері – өз алдына бір төбе. Мәселен, 2019 жыл АҚШ-та өткен кинофестивальде актриса Аружан Жазылбекованың «Композитор» фильміндегі «үздік әйел рөлін» жеңіп алуымен ерекше есте қалса, одан бір жыл бұрын 2018 жылы өткен халықаралық Канн кинофестивалінде «Айка» фильмінде (режиссері С.Дворцевой) бас кейіпкердің рөлін сомдаған қазақстандық актриса Самал Еслямова «үздік әйел рөлін» жеңіп алғанын естігенімізде, төбеміз көкке бір елі жетпей, қуанғанымызды да айта кеткеніміз жөн. Сол кезде Мәскеудегі қырғыз қызының ауыр тағдырын суреттеген көркем туындыны тамашалаған көрермендердің бар назары Францияның төрінде ресейлік режиссер Сергей Дворцевой (негізі Қазақстанда дүниеге келген, қазір ресейлік кинорежиссер) мен қазақ қызы Самал Еслямовада болғаны әлі күнге дейін ұмытыла қойған жоқ. Қоғамның өзге ұлт өкілдерін кемсітуі, елдегі заңсыздық, бала тағдыры секілді күрделі мәселелерге бойлай білген режиссер де, фильмде өз рөлін сәтті ойнап шыққан актриса да кез келген мақтауға лайық. Фильмдегі негізгі тақырып «миграция» мәселесі болса да, өзге де күрделі тақырыптарды қамти алғанымен құнды. Одан кейін фильмнің соңғы жағында қарызын өтей алмағандықтан, өзінің баласын сатып жібермекші болған «Айканың» оқыс шешімі, баласын құшақтап қаша жөнелуі; фильмнің финалы көз жасына ерік беріп, баласын қолына қусырып ұстаған күйі еңіреп, зар жылаған ана тағдырымен аяқталуы кез келген көрерменнің жүрегін елжіретпей қоймасы анық… Бас кейіпкер «Айканы» сомдаған актриса Самалдың шынайылығы, өз рөлін шебер сомдауы, фальшке ұрынбағандығы, образға дайындықпен келгені – бәрі де киносүйер қауымның сүйіспеншілігін оятты.

Әрине, мұнымен отандық кинодағы даму үдерісі тоқтап қалмасы анық. Алдағы уақытта ерекше қарқын алуы да ғажап емес. Десе де, отандық фильмнің айналасындағы проблемалар да аз емес. Отандық кинонын ұлттық болмыс пен ұлттық типаждан ажырап бара жатқаны бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселе болса, мемлекеттік телеарналардан комедиялық сериалдар мен фильмдерге жиі орын берілуі де толғантарлық жағдай. Данышпан Гиппократ айтқандай, «Өмір жолы – қысқа, ал өнер жолы – ұзақ» демекші, отандық кино өнерінің ғұмыры ұзақ болуы үшін де алдағы уақытта әлемдік бәсекеде еш төмендемей, үнемі үздік туындылармен толысып отырғанын қалаймыз. Бұл – қазақ киносының келешегіне алаңдаулы барша киносүйерқауымның ортақ тілегі.