Әлімхан Ермеков туралы елеулі еңбек
03.09.2015 4769
Соңғы жылдары ғылыми қауымдастықты елең еткізер, зейіні биік оқырманның назарын аударар ғылыми еңбектердің бір парасы жарық көріп отырғандығына куә болып отырмыз

Ол әсіресе, тұлғатану жанры бойынша лайықты арнаға түсіп отыр. Сол қатардағы тұғыры биік ғылыми зерттеулердің бірі – тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР БҒМ Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, белгілі ғалым Жанна Үркінбайқызы Қыдыралинаның «Әлімхан Ермеков: тағдыр және заман» атты орыс тілінде жазылған қомақты еңбегі (Кыдыралина Ж. У. Алимхан Ермеков: судьба и время. – Астана: «Фолиант», 2015. – 488 с.). 

Еңбектің атауының өзі-ақ зерттеудің ішкі мән-мағынасын толық ашып тұр. Өйткені, Әлімхан Ермековтың тағдыры мен заманы қайшылығы мол, қасіретке толы ХХ ғасырға сәйкес келгені белгілі. ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде орын алған аса ірі тарихи оқиғалар Қазақ елінің тарихи тағдырында терең із қалдырғаны баршаға аян. Тарихи дамудың заңдылықтарына сәйкес сол кезеңдегі дәуірлік оқиғалар Қазақ елі үшін Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатов, Т. Рысқұлов, С. Сейфуллин, Ә. Ермеков, С. Садуақасов сынды бірқатар қайраткер тұлғаларды тарих сахнасына алып шықты. 

Жалпы, адам болмысы – тылсымы терең құбылыс. Сонда Ермеков кім еді? Ол ел тарихында қандай із қалдырды деген сауалдардың әрбір оқырманның көкейіне оралары заңды. Осы тұрғыдан алғанда автордың алдына қойылған аса жауапты әрі күрделі ғылыми міндет – Ермеков құбылысын әр қырынан жан-жақты ашып, таныту. Тарихтың сын сағатында еліне танылған Ермеков құбылысы сан қатпарлы екені сөзсіз. Ермеков – ғұмыры ғибратқа толы азамат әрі елін сүйген патриот! Ермеков – парасат пайымы заңғар, білікті ұстаз! Ермеков – қоғам және мемлекет қайраткері! Ол елі мен жерінің берекесін, тұтастығын жеке мүддесінен жоғары қойған дипломат! Ермеков – азаматтық ұстанымы берік, рухы биік тұлға! 

Міне, Ермеков сынды тарихи тұлғаның осынау қасиеттерін дәйекті түрде, толыққанды зерттеп-зерделеу терең ғылыми білік пен зор жауапкершілікті талап етеді. Бұл ретте бірден атап өтетін жәйт, автордың ғылыми биік өресі, зерттеу әдістемесінің тереңдігі, жазу стилі шебер үйлесім тауып, бірін бірі толықтырып ғылыми еңбектің сәтті шығуына алғышарт болған. 

Біздің пайымымыз бойынша, еңбектің құндылығы мыналардан айқын көрінеді. 

Біріншіден, тарихшы үшін ең алдымен не керек? Деректік қор қажет. Кез келген ғылыми еңбектің мазмұнын кең түрде әрі терең ашатын нәрсе – ол дерек көздері. Осы тұрғыда еңбектің деректік-құжаттық материалдарға, фотодеректерге бай екендігін атап көрсеткен абзал. Автор мұрағаттық құжаттарды, тарихи деректер мен сапалық зерттеу әдістері арқылы алынған материалдарды шебер сабақтастыра білген. Ғылыми әдебиеттермен бірге, жаңа құжаттық материалдар кеңінен тартылып, ғылыми айналымға енгізген. 

Екіншіден, еңбектің мазмұндық-құрылымдық жүйесі оңтайлы жасалған. Әрбір тараудың атауына терең мазмұн беріліп, логикалық тұрғыда өзара сабақтасып тұр. 

Үшіншіден, еңбектің басты жетістіктерінің бірі – Ермековтың тағдыры мен заманы халқымыздың әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени тарихының даму заңдылықтарымен, яғни ұлттық тарихымыздың құрамдас бөлігі ретінде органикалық тұтастықта қарастырады. 

Төртіншіден, Алаш қозғалысы – Ермеков тұлғасын шыңдаған, әлеумет істеріне белсене араластырған тарихи кезең. Сондықтан автор Ермеков құбылысы мен Алаш құбылысы егіз екендігін дәйекті түрде ашып көрсеткен. Сол арқылы оқырман жеке тұлғаның ғұмыры мен қоғамдық-саяси қызметі арқылы Алаш құбылысын әр қырынан танып-білуге мүмкіндік алады. 

Бесіншіден, Ермековтың қайраткер тұлғасы арқылы Қазақ елінің мемлекеттік шекарасының айқындалуы мәселесіне тарихи деректер негізінде жан жақты талдау жасалған. Қазақ АССР-нің шекараларын айқындаудағы саяси күрес, Совет өкіметінің орталықтағы Ленин бастаған жетекшілері мен жергілікті басшыларының шекара бойынша, ұлттық автономия бойынша саяси ұстанымдары, Совет өкіметі басшыларымен келіссөздегі Ермековтың және басқа да қазақ зиялыларының дипломатиялық рөлі дәйекті түрде баяндалған. 

Алтыншыдан, Ермековтің Алаш автономиясының бастауында ғана емес, ол Қазақ советтік мемлекеттіліктің бастауында тұрған тарихи тұлға ретіндегі қайраткерлігі, ұлттық мүдде жолындағы қажырлы күресі мен ұстаздық қызметі талдау таразысына түскен. 

Жетіншіден, Ермековтің тауқыметке толы тағдыры арқылы советтік биліктің табиғатын, тоталитарлық заманның зарын, қоғамдық-саяси даму ерекшелігін мейлінше дәйекті түрде ашып көрсетуге тырысқан. 

Сегізіншіден, еңбектің методологиялық негізі берік, терминдерге анықтама беріліп, ұғымдық-категориялық аппаратқа талдау жасалған, мән-мағынасы ашып көрсетілген. Кітаптың соңында берілген танымдық және анықтамалық материалдар әрбір оқырманның таным көкжиегін арттырып, біліміне білім қоса түсетіні анық. 

Тоғызыншыдан, кітаптың теориялық-методологиялық және деректік-фактологиялық құндылығымен қатар практикалық маңызына ерекше назар аударған жөн. Өйткені, еңбектің тағы бір құнды жағы автордың ұрпақтар сабақтастығы мәселесіне ерекше мән беруінде. Ермековтың ел мүддесі үшін күреске толы саналы қызметі, сталиндік қуғын-сүргінге төтеп берген биік рухы, ғибратты ұстаздық ғұмырбаяны жастарды жаңа патриотизм рухында тәрбиелеуде зор мәнге ие. Әлімхан Ермеков сынды азаматтардың тұлғалық бейнесі мен олардың ғылыми-шығармашылық мұрасы жас ұрпақ үшін үлгі деп білеміз. 

Бұл – кітаппен танысып, көңілге түйгендегі еңбектің басты ғылыми нәтижелері. Түйіндеп айтқанда, Ж. Қыдыралинаның «Әлімхан Ермеков: тағдыр және заман» атты еңбегі ермековтануға ғана емес, жалпы алғанда алаштануға, елтануға қосылған қомақты үлес деп қабылдауға тиіспіз. 

Нұрбек ШАЯХМЕТОВ, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ Ғылыми-сараптамалық қызмет жетекшісі