«Сарыарқа – дала өркениетінің алтын бесігі» атты көрме өтеді
24.02.2015 1760
Үстіміздегі жылдың 27 ақпанында сағат 16.00-де Қазақстан Республикасы Ұлттық мұражайында «Сарыарқа – дала өркениетінің алтын бесігі» көрмесі ашылады.

Көрмені ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және Қарағанды облыстық әкімшілігінің көмегімен ҚР Ұлттық музейі мен Қарағанды облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы, облыстық тарихи өлкетану музейлері ұйымдастыруда.

ҚР Ұлттық музейі «Сарыарқа — дала өркениетінің алтын бесігі» көрмесі арқылы Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен Қазақстан» атты жобаны ашады. Жоба аймақтар арасындағы мәдени байланысты нығайтуға, музей ісін дәріптеуге, Қазақстанның облыстық тарихи өлкетану музейлерінің мол қорларынан жинақталған қазақ халқының материалдық және рухани мәдениетінің құнды артефактарымен, жәдігерлерімен елорда тұрғындары мен қонақтарын таныстыруға мүмкіндік береді.

Қарағанды облысы музейлерінің қызықты, кең ауқымды көрмесіне 617 жәдігер ұсынылған.
Көрмеге б.з.д. VII–VI ғасырлармен межеленген Талды-2 қорымында (Қ. Аманжолов атындағы ауыл) жерленген сақ жауынгерінің салтанатты киімінің реконструкциясы, тас балбалдардың, ғұрыптық құрылымдардың, қалашықтардың фотосуреттері қойылған.

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған қызықты әрі танымдық экспозция қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен даму тарихын ашады. Мұнда Қасым ханның, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің портреттері, ортағасырлық Шотқара және Басқамыр қалашықтарының, XII–XV ғасырлардағы «Хан ордасы» ескерткіші, Алаша ханның, Болған ананың суреттері және т.б. көрсетіледі.

Қарағанды облысының шығыс бөлігіндегі Қарқаралы тауының етегінде орналасқан, 1848 жылы пайда болған далалық өлкенің сауда орталығы атақты Қоянды жәрмеңкесі туралы бөлімге сол заманның тұрмыстық заттары ұсынылған. Бұлар — сүлгілер, майшайқағыш, қырыққабат кескіш, шөген, шойын үтік, самауыр, жүн мен зығыр түткіштер, мыс шәйнектер, құмғандар және т.б. Сәндік-қолданбалы өнер топтамасында зергерлік бұйымдар және құйма, шекіме және бедерлі әдістер қолданылып, қапталған метал пластиналармен әшекейленген ат әбзелдері ұсынылған.

Облыс республиканың ең ірі индустриалдық өңірі саналып, ал Қарағандыны «кеншілер қаласы» деп атайды. Көрмеде 30 жылдардағы кеншілердің каскасы, қолшамдары, кен балғасы, қайла және т.с. көрсетілген.

Сонымен қатар көрмеге Қарағанды облысымен оның аумағындағы мәдени, діни нысандар туралы және тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров жайында толық ақпараттар қойылған.