Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың туғанына 180 жыл толған даталы мерекесі республика көлемінде аталып өтіліп жатыр. Осы орайда қазақтың ақыл-ойы мен парасатының биік діңгегі болған ақын атамыз туралы жазылар естеліктер мен ғылыми пайымды еңбектер жарияланары хақ. Соның бірі тарих порталы өз оқырмандарына ұсынып отырған Абайдың досы һәм ақын шәкірттерінің басында тұрған тұлға Көкбай Жанатайұлының (1861-1925) естелігі.
Бұл естелік жазбаның түпнұсқасы Алматы қаласындағы Орталық ғылыми кітапхананың Сирек қолжазбалар қорында (Қ.599) тұр. Бірақ жазбаны қорға кім өткізгені айтылмаған. Кейін бұл қолжазба 2013 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы негізінде жарық көрген «Бабалар сөзі» жүз томдығына енгізіліпті.
– 1880 жылдан бастап 1886 жылдарға шейін Абай әр кезде аз-аздап өлең жазып жүрді. Бірақ бұл уақыттағы сөздерінің барлығын «Көкбай сөздері» деп жүргізді. Кейін Омбыда «Дала уалаяты» мен «Серке» газеті шыққанда, бірер өлеңді тағы да менің атыммен жіберді. «Сорлы Көкбай жылайды, жылайды да жырлайды» дегені «мен» емес өзін айтып еді. Осы хал 85 жылға шейін келді де, сол жылдың жазында ел жайлауға шықты. Абай аулының ең өрістеп баратын жайлауы Бақанас өзенінің бойы еді. Соған қонғалы келе жаттық. Көш жүріп кеткен еді. Біз Абаймен бірге бірнеше кісі болып артынан келдік. Осы жылы Абай аулында доктор Долгополов қонақ еді, - деп жазады Абайдың ақын шәкірттерінің бірі Көкбай Жанатайұлы. – Ауыл Бақанастың бойындағы Көпбейіт деген жерде қонып жатыр екен. Абай қонып жатқан ауылды көріп, «осы суретті өлең қыл!» деді. Мен біраз өлең қылып едім, жақтырмады да, өзі жазбақшы болды. Сонымен үй тігіліп болып, бәріміз жайланған соң Абайға келіп едім:
– Өлең Көкшенің бойынан асайын, - деді. Мен:
– Асса, басыңда қолқаланып алған нәрсе емес еді. Енді өзіңіз ретін тауып қайта аларсыз, - деп қалжыңдадым. Сөйтсем, сол күні «Жазды күн шілде болғанданы» жазған екен. Оқып берді. «Жаз» өлеңіндегі Абайдың суреттеген өз ауылы. Байдың астындағы аяңшыл – Абайдың Әбдірақметтен алған «аяңшыл күрең төбел аты». Айқайшы шалы – сол жылы өз ауылымен көрші болып отырған Әнет Бармақ деген шал. Құс салып жүрген жас жігіттер өзінің балалары Ақылбай, Әбдірахман болатын. Осыдан кейін өлеңді жиі жаза бастады. Тегінде өлеңді көп жазатын уақыты – қысты күні мен жазға салым болатын. Кейін 89-90 жылдарда тыныштық алып отырғанда, көп әндерін де бір-ақ қыста, жазға салым шығарды.
Өзі біреуге ұзақ әңгіме, ұзақ жыр сияқты нәрселерді айтқызғанда еш уақыт та басқа бөтен нәрселерге аумай, таза көңілмен, үлкен ықылас пен тыңдайтын. Және әрқашан сондайды тыңдап болған соң, сол нәрсенің мағынасы мен жөнін ұғындырып, сын айтатын. Сол ретпен «Ақбала -Боздақты» айтқанымызда, осы жырдың ішіндегі бір-ақ ауыз өлеңін жақсы көрді де:
– Мынаны шығарған кісі ақын, - деді. Тегінде өлең ішінде бірер ауыз әдемі сөз табылса, сол үшін қатты риза болып қалушы еді. Жаңағы өлеңде Ақбала мен Боздақ тау аралап келе жатса, алдарынан шағылысып жүрген құр, үйгіп жүрген екі түлкі кездесіпті. Сонда Боздақ Ақбалаға:
Бір қораз, бір мекиен талда ойнайды,
Адам түгіл, хайуан мал да ойнайды.
Құдайым бір нәрсеге бастап жүр ме,
Алдымыздан кез келген аң да ойнайды.., - депті.
Абай өз сөзінен айтушының ақындығы білінеді деп сынады. Әрқашан Абай ақындық туралы сөйлегенде:
– Ол – қуат, табиғат сыйы, Құдай сыйы, - деп құрметпен сөйлейтін, – ақындық – шабыты шын келгенде адамды қайта тудырып жібереді. Ол келгенде адам жай, жабайы адам болмайды, - дейді. Осы сөздің шындығы – бәріміздің көзімізше ел ішінің бір ақынның тұсында ақталғандай болады.
****
1885 жылдың шамасында Қарамолада болатын черезвешайнайға Абаймен бірге көп кісі болып келе жаттық. Ішімізде Байкөкше деген ақын да бар еді. Бір кезде Байкөкшенің түсіне Абайдың көзі түсті де:
– Мына кәрінің жыны ұстап келе жатыр екен, - деді. Айтқандай, сол арада Байкөкше Абайға түнде көрген түсін айтып, ұзақ өлеңді шұбатып жөнелді. Түсінде Абайдың бірталай қиындық, қауіптен өтіп, мұратына қолы жеткенін көрген екен. Соны айтумен бірге өзінің жоруын да өлеңге қосып, Қарамоладан жолы болып, алысқандарын жеңіп қайтатындарын айтты.
****
Бір жылы менің өзіме Абылай мен Кенесарының өмір тарихтарын ұзақ әңгіме қылып айтып беріп: – Осыны өлең қыл, - деді, – Абылай да, Кенесары да – қазақтың ерлері. Бұлардың еңбегі де айта қалғандай ұмытылмастық еңбек. Солардың бастарынан кешкен дәуренді жақсы сөзбен жыр қылып, ел ортасына жаю – жақсы өлеңшінің міндеті. Сен үйіңе барып, орнығып отырып, осыны өлең қылып кел! – деді.
Содан кейін үйге келіп отырысымен өлең қылуға кірісіп, күндіз-түні тыным алмай жаздым да, 5-6 күнде бітіріп, Абайға қарай қайта жүрдім. Абай бұл уақытта үлкен ауылы нан бауырдағы ауылына, тоқалынікіне барып, сонда жатыр екен. Кіші ауыл «Аралтөбе» деген жерде. Үлкен ауыл Ділдә қыстауы – Ақшоқыда. Біздің ауылдан 70 шақырымдай жерде еді.
Осы жолға қасымдағы атшыммен қысты күні аязда салт атпен келе жатып жазған өлеңімді ойлап көрсем, жатқа айтуға бірде-бірі есте қалмапты. Абайдың барысымен «айт» дейтіні мәлім. Сондықтан жол жүріп келе жатып, өз өлеңімді өзім жаттауға кірістім.
Күн суық. Қағазды екі жеңіммен ұстап, атымның басын жолдасыма жетектетіп қойып, жол бойы жаттадым.
Сонымен, кеш болып, ел орынға отыратын кезде кіші ауылға жетіп, Абай отырған үйге сәлем беріп, кіріп келдім. Үйде кісі көп екен. Алдарына кешкі шайды жаңа алған екен. Кірген жерімде сәлемімді алмастан:
– Абылай келді ме? - деді.
Тегінде сол 25 жыл жолдас болған уақытымда, анда-санда қасынан кетіп қайта келгенімде сәлем алып, «мал-жаның аман ба» деп амандасып көрген емес. Ылғи жаңа ғана көрісіп шыққан кісідей іліп ала әңгімеге кірісетін. Бұл жолы да соны істеді.
Мен сұрағанына:
– Келді, - деп едім. – Олай болса, айт, - деді. Киімімді шешінбестен отыра қалып айта бастадым. Өлеңді алғашқы айта бастағанымда тымағымның да бауын шешкен жоқ едім. Тегінде «шешінейін, жайланайын» деген сөз Абайдың нашысын кетіріп, ықыласын қайтарып тастайды. Сондықтан өлеңді айта отырып тымағымды шешіп, бір алып қойып, тағы бір әредікте белдігімді тастап, содан өлеңнің желісін үзбей отырып, сыртқы киімімді тастап, жүгімнен бірте-бірте барып қана босандым.
****
Жалпы өміріндегі мұрат қылған қиялы әділшілік пен дұрыстық болғандықтан, қазақтағы досы, өтірігі жоқ шыншыл кісі болатын. Өтірік айтпай, шынын айтатын болса, мал ұрлайтын ұрыны болса да сүюші еді. Ұрыдан алатын парасы – шынын айтқаны. Шындыққа, дұрыстыққа құмарлығын билікте анық көрсетіп жүрді.
Билікке келгенде Абайдан әділ, таза, дұрыстығы күшті биді тобықты іші бұрынғы заманда көрген жоқ деп айта аламын. Абайдың билігіне, Абай тергеуіне әрқашан ел ішінде шиеленісіп, ұстасып жүрген жаулары құмар болатын. Сондықтан Абай айтқан билікті көбі әрқашан сол жау жақтарының даулары туралы бола ма деп ойлаймыз.
Өзіміз көріп, өзіміз естіп білген заманда жауына келіп, билік айтқызу Абайдан басқа кісінің тұсында болды деп білмеймін. Тобықты ішінің өзге ешбір адамына дәл билік турасында мұндай сенім болған жоқ.
Биліктегі әділдігімен қатар, осыған егіз сияқты бір мінез: Абайдың ерекше мырзалығы, жомарттығы, дүниеқор еместігі болатын. Жақын маңайдағы елде өз атағын есіткен, атышулы жүйрік ат, қыран құс, ит сияқты сауық аспаптары болса, Абай қалап алады. Қызыққаны кедейдікі болса, Абай сатып та алады. Бір жазда бес түйе беріп, екінші ат алғанын көрдім. Солардан екеуін де сұраған екі кісіге өзі қызықтамастан беріп жіберді.
Тобықты іші: «Бір досыңнан қызығып алып, бұлдап алған жақсыңды үйіне жеткізбей, бір жақсы көрген адамы алып кетсе, содан қызық не бар, деп Абай айтпап па еді?!» деп аңыз қылысады.
****
Абай қысты күнгі бос уақыттарының бірталайын өзі оқып алған романдарды кейде ертек қылып маңындағы жұртпен бірге, әсіресе өзінің ұдайы қасында болатын ертекшісі Баймағамбетке айтып беретін. Баймағамбет орыс романдарын бір айтқаннан жаңылмай ұғады. Ішіндегі еуропаша заттарды да жаттап алады. Содан кейін бірнеше күндер өткенде, өзі айтып берген ертектерін Баймағамбетке қайтып айтқызады да, ешнәрсеге алаңдамастан, бөлінбестен қайтадан түгел тыңдап шығады. Қатесі болса, сонда түзеп береді. Содан анау айтып, таратып кете барады.
Осындай әдетпен қатар, Абай қырдың тоғызқұмалақ, дойбы сияқты ойындарына көп уақыт беретін. Әсіресе көп салынып ойнайтыны тоғызқұмалақ болушы еді. Бұл ойындарға тобықты ішіндегі ірі ойыншылардың ең ілгері қатардағы бірі болып саналады. Ойнай-ойнай келе бірден-біреу озып екшеліп келген соң тобықтыда бес, алты-ақ үлкен ойыншы шықты. Солар: Көрпебай, Құттықожа, Қуаттың Құдайбердісі, Мақыштың Смағұлы дегендер еді.
****
Абай діншіл еді. Бірақ діншілдігі молда, қожа айтып жүрген сыртқы сопы, діншілдік емес-ті. Бергі жерлердегі кітап сөзі, молда сөзі, шариғат жолы дегеннің барлығына сынмен қарап, діннің негізін, мақсат-бағытын ғана алып, соны хақиқат діні деп қолданған. Сондықтан сыртымен тақуалық қылып, ұдайы намаз оқып, ұдайы ораза тұтып, ұдайы құлшылық қылған да емес. Намазды оқығысы келген кездерде оқиды. Бірақ ондайда қасына ешкімді алмайды, оңаша үйде жалғыз өзі ұзақ уақыттар отырып оқиды.
Онан соң жалпы мұсылманшылық жолындағы үлкен ғұламалар жазған ірі сөздердің көбін білетін. Бәрінен өз тұсындағы үлкен молдалардың қайсысымен болса да қатар түсерлік мағлұматы бар-ды. Семейге барып жатқан уақытта Семейдің Қамали хазіреті сияқты үлкен молдалармен анда-санда бас қосып, мәжіліс жасап қоятын. Осындай мәжілістер арқылы Семей қаласындағы қазақ, татар молдаларының барлығы да Абайдың дін мәселесіне әбден жетіктігіне көзі жеткен соң, бұл кісіні өз заманының ғұламасы сияқты да көрген, - деп жазады Көкбай ақын.