Қытайдың Тарбағатай аймағына қарасты, түгін тартсаң май шығатын, қазық қақсаң тал шығатын шұрайлы өңір Барлық тауының күнгей бетіндегі Тасты өзенінің жағасында «Түйебас» деп аталатын жер бар
«Жер тарихы − ел тарихы» деп білетін жергілікті халық бұл жердің Түйебас аталуын қазақтың қас батыры Қабанбай есімімен байланыстырады.
Қазақ ұлты шоғырлы қоныстанған өңірлерде Қабанбай есімімен байланысты жер аттары аз емес. Айталық: Іле алқабындағы Қабанбай шоқысы, Аттың тауы, Қабанбайдың қарауыл тасы (Тесіктас), Алтайдағы Қабанбай өткелі, Шығыс Қазақстан облысындағы «Қубастың тұмасы», «Қубастың жолы», «Қубастың жазығы»... деп аталатын жерлердің барлығы Қабанбаймен және оның серігі болған Қубас атымен байланысты болса, Түйебас атауының да Қабанбай батырдың Ақбас атанына байланысты шыққан атау екеніне айғақ болатын деректер бар.
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы «...қазақта қаракерей Қабанбайдай батыр болған емес» деп бағалаған Қабанбай Қожағұлұлы мөлшермен 1691 жылы туылып, 1770 жылы дүние салған. Иісі қазаққа дарабоз батыр, талантты қолбасшы ретінде танымал болған Қабанбайдың азан шақырып қойылған есімі − Ерасыл. Жеті жасында әкесі Қожақұлдың, 16 жасында ағасы Есенбайдың жоңғарлардың қолынан қаза тапқанына кектенген ол 16 жасында жау арасына жасырын кіріп, ағасын өлтірген жоңғар батыры Оджа Жырға ноянды өлтіріп, кек алады да, нағашысы Бердәулеттің ауылын паналайды. Ерасылдың Қабанбай аталуы да дәл осы кезге тура келеді.
Деректерге қарағанда, Зайсан көлі жағасында жылқы қайырып жүрген Ерасылға қамыс арасынан шыға келген құнан өгіздей қара қабан тап берсе керек. Өзіне қарсы шапқан дүлей мақұлықтан қаймықпаған бала жігіттің қабанды табанда найзалап өлтіргенін көрген жездесі Бердәулет: «Өзің нағыз қабан екенсің ғой! Уа, жарандар, бүгіннен бастап мұның аты «Қабан батыр» болсын!» – депті. Аузы дуалы жезденің қапелімде айтқан осы бір ауыз сөзі бүкіл елге тарап, Ерасыл «Қабанбай» атанып кетіпті. Әрине, ту көтеріп, ел қорғаған сүйікті батырына халық Ерасыл мен Қабанбайдан бөлек Нарбала, Ізбасар, Ханбатыр, Дарабоз, Көкірекәулие деген ат, есімдер де берген.
Қабанбайдың жан жары Гауһар (шын есімі Майсара) − Бәсентиін Малайсары батырдың қарындасы. Қабанбай батырмен бірге бірқатар шайқастарға қатысқан. Ерлі-зайыпты қос батырдың түңғышы Назым да батырлығымен көзге түскен. Ауылды тұтқиылдан жау басып қалғанда ерттеулі тұрған атқа міне салып жауға шапқан Назымның шіренгеніне шыдамай, қос қабат үзеңгісі бырт-бырт үзілгенін көрген әкесі Қабанбайдың «пай, пай, ұл боп тусаң жекпе-жекте ешкім тең келмес еді, шіркін» деп тамсанғаны ел ауызында күні бүгінге дейін айтылады.
Тарихи деректерде көрсетілуінше, 1717 жылдан бастап жорықтарға қатынасқан Қабанбай батыр талай сұрапыл шайқастарға қатынасып, жүз неше рет жекпе-жекке шығып, барлығында жеңіске жетіпті. «Түйебас» атауына арқау болған Ақбас атан да дәл осындай жекпе-жектің бірінде Қабанбайға олжаға түскені Қабанбай батыр дастанында анық айтылады.
Қабанбай батыр туралы он неше дастан бар. Сант-Петербург, Омбы, Қазан баспаларынан жарық көрген бұл дастандар «Қабанбай Батыр», «Қаракерей Қабанбай Батыр», «Ер Қабанбай», «Қабанбай Батырдың әңгімесі», «Қиса Қабанбай» деген тақырыптармен мәлім. Дастандағы адам аттары мен жер аттарынан басқа оқиғаның ұзын-ырғасы негізінен ұқсас.
Айтайын айт десеңіз арысыңды,
Қорғайтын қан майданда намысыңды.
Қас батыр Қабанбайдың бір інісін,
Қырғыз шауып, батырдың сағы сынды.
Жел соғар құбыладан бетке жұмсақ,
Батыр жоқ Қабанбайдай ойлап тұрсақ.
Қожағұл, Өмір, Дәулен бәрі де аман,
Шабылған жалғыз ауыл Қарақұрсақ.
Кей жаман айрылады мал баға алмай,
Жарымес жаңылады сөз таба алмай.
Арысын қырғыз шауып кеткеннен соң,
Қан құсты қайғылы боп ер Қабанбай («Бабалар сөзі», 58 том)
деп дастанда айтылғандай, Қабанбайдың аталас туысы Қарақұрсақтың ауылын қырғыздар шауып, жалғыз баладан басқа адамды түгел қырып, малын айдап кетеді. Бір дастанда бұл шапқыншылықты жасаған қырғыздың әйгілі батыры Әтеке жырық (ерніне найза тиіп жырық болып қалған) делінсе, енді бір дастанда Қабанбайдың өзі жоқта оның ауылына ат ойнатып, елін шапқан қырғыздың Аманәлі батыры делінеді. Мейлі қалай болса да, төскейде малы, төсекте басы қосылған қырғыздардың бұл қылығына шыдамаған Қабанбай қарт кек алу үшін жорыққа атаныпты. Дастандағы жыр жолдарына үңілсек, бұл жорыққа Бөгенбай, Ер Жәнібек, Көкжал Барақ... бастаған айтулы батырлар түгел қатынасқан көрінеді.
Әлқисса, қас батыр Қабанбайдың кегін жоқтап, атқа қонған жорықшылар күндіз жүріп, түнде тынығып отырып, көзеулі жерлеріне таяйды. Айға жуық уақыт жол жүрген ләшкердің аттары арықтап, азықтары таусылып, ішінара батырлар кері қайтуға айналғанда, бір күні шаңқан түсте Қабанбай батырдың туы гүрілдеп, жау келе жатқанынан белгі береді. Түстік жердегіні көретін Қабанбайдың атқосшысы Шағалақ та алыстан бір көштің келе жатқанын хабарлайды.
Таң қалды мұны көріп жас пен карі,
«Жау келді» деп қуанды жұрттың бәрі.
Кешегі Қабанбайдың елін шапқан
Осы екен тәңір айдаған Аманәлі.
Жәмиғәт, естісеңіз мына кепті,
Ер оңбас аруаққа болған шекті.
Інісімен таласып Бұйракөкке,
Жауымен аңдып жүрген кез келіпті, –
деп дастанына баяндалғандай, бұл көш − Қарақұрсақтың ауылын шапқанда олжаға алған Бұйракөк жүйрікке бола інісі Біләлмен арасыздасып бөліне көшкен қырғыз батыры Аманәлі батырдың (кей дастанда Әтеке жырықтың делінеді) көші еді. Дала заңы бойынша жекпе-жекке шыққан қазақ батырларын баудай түсірген қырғыз батырына соңында Қабанбайдың өзі шығып жекпе-жекте найзамен түйреп түсіреді. Сол сәтте қырғыз батырының жалғыз қызы Ақбас атанды жетелеп келіп, сауға сұрап, әкесінің сүйегін алады. Сөзіміз Ақбас атан жайында болғаннан соң, осы арада дастандағы Ақбас атанға қатысты мәліметтерді негізге алайық:
...Басы бар ақ тайлақтың жылқы астаудай,
Көзі бар таудан аққан тас бастаудай.
Бұтының арасынан ел көшкендей,
Он кісі өркешіне мінгескендей.
Жүрісі жануардың таңқалдырып,
Денесі көкті тіреп күнде өскендей.
Қолында моллалардың сызығы еді,
Туады әңгіменің қызығы енді.
Алдыңғы озып кеткен көп батырлар
Қабанбайдың тайлағына қызықты енді.
Дәулетбай сұрап келді «аға ғой» деп,
«Қырғызды олжалаған заман ғой» деп.
Қолқалап ағасына еркелейді:
«Ағаның бір олжасын алам» ғой деп.
– Дәулетбәй, не деп тұрсың сөз деп айтып,
Кетпей ме бермей қойсам көңілің қайтып.
Жетпістің жетеуіне жасым келді,
Жүрейін өле-өлгенше қосымды артып.
– Әрқайда жұмсаушы едің керегіңе,
Артыңнан жақсы болсын еруіме.
Жауыңның олжа берсең бір тайлағын,
Қуана барар едім келініңе.
– Дәулетбай, алған едің бірталай мал,
Сөзіме менің айтқан құлағың сал.
Ағаңның бір тайлағын не қыласың,
Берейін үйден таңдап жеті атан ал.
– Арқада қалың дейді арқар-құлжа,
Жігітке атып алса тегін олжа.
Жауыңның қя алмасаң бір тайлағын,
Ол үшін ата малын қылман олжа...
....
Ағадан осылайша көңілі қалды,
Түйенің үйге бара қомын салды.
Жеті күн, жеті түнде үрдіс көшіп,
Бойына Ащысудың жетіп барды, –
деп дастанда айтылғандай, қырғыз батыры Аманәлі Біләлмен (немесе Әтеке жырық інісі Садырмен) Бұйракөк жүйрікке таласып, бөліне көшесе, Қабанбай мен інісі ер Дәулетбай Ақбас атанға таласып ірге бөледі.
Кейін төсек тартып ауырып жатқан Қабанбай Бұқар жыраудың ақылымен Шағалақты жіберіп Дәулетбайды шақыртып алып, араздасып жатқанда баяғы Қабанбай жекпе-жекте өлтірген батырдың кегін қуып, қырғыздың батыры келеді. Қабанбай жайлы дастандарда бұл келген батыр жайлы да әр түрлі айтылады. Бірде Аманәліның інісі Біләл десе, бірде Әтеке жырықтың інсі Садыр, бірде Әтекенің баласы Қарабек делінеді. Ал енді бір дастанда Әтеке жырық деп айтылады. Мейлі кім болса да, хал үстінде жатқан Қабанбайдың 38 жастағы Қубас атпен серттесіп, жекпе-жекке шығып, қырғыздың жас батырын өлтіріп, үйіне жетпей дүние салатыны барлық дастанда айтылған.
Қабанбай мен Дәулетбайдың араз болуына мұрындық болған Ақбас атанға Қабанбай бір қанша жыл қосын артып жүріпті. Кейін қырық қап тұз артып келе жатқанда Қоңыроба сазында (Қытайдағы Тарбағатай жерінде) томарға шалынып жығылып, белі үзіліп өліпті. Жақсы көрген атанының оқыстан өлгеніне қайғырған батыр Ақбас атаның басын кесіп алып, Тасты өзеннің бойындағы жартасқа әкеліп қойыпты. Бұл ара содан бастап «Түйебас» атаныпты.
Ескерте кететін бір жайт, Іледегі Аттыңтауы атауын да Қабанбай батырдың Қубас атымен байланыстырып, «батырдың аты жайлатын тау екен. бұл тауда ранот көп болғандықтан, Қубас соны теріп жейді екен» деп те айтылып жүр. Бірақ «Ер Қабанбай» дастанындағы:
Аттанды тәмәм батыр үйде жатпай,
Шабады жау көрінсе тізгін тартпай.
Барлық пен Қызылтұзды басып өтіп,
Ілеге суыт жүріп, тіке тартты-ай.
Батырлар күндіз жүріп, түнде жатты,
Ат арып, арқасына ері батты.
Бір айда Аттауына әрең жетіп,
Шеріктің жарым аты арып қапты.
(Қытайда ертеде шыққан «Шалғын» журналының 81 жылғы 2 санынан) жеген жолдарына қарағанда, Аттың тауы деген атау Қубас аттан бұрын да бар секілді.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ