Қазақтың құмай тазысы
14.07.2014 4743
Көшпелі бабамыз жаз жайлауды той-думандатып өткізсе, қысқы күнде ит жүгіртіп, құс салып саятшылық құрған.

Сөйтіп, аңға салатын құстарды, мінетін атты – жүйрік ат, қыран бүркіт, алғыр қаршыға, құмай тазы, айлалы сұңқар деп ерекше қасиеттерімен атаған. Осындағы құмай тазының қасиетіне тереңірек тоқталсақ… Тазының ең жүйрігін, аң алғыш, ұшқырын құмай, құмай тазы деп атайды. Халқымыз тазының ең күштісіне, жүйрігіне «нағыз құмай екен, қанатты құмай екен» деген секілді мадақ сөздер айтқан, оның ерекше қабілеттеріне сүйсінген. Өз бойына біткен ептілік, жылдамдық, әдісқойлық, түлкі-қоянды құйын­дай соғатын, тіпті арқарға, қасқыр­ға шабатын қасиеттердің бәрі құмайға тән. Құмай тазы өзінің ізшілдігімен, желмен жарысқан жүйріктігімен, сұлу мүсінімен өз аталастарының ішіндегі сырттаны, төресі деп есептелген. 

Асылы, құмайдың ерекше белгілері күшік кезінен-ақ байқалса керек. Мысалы, М.Мағауиннің «Тазының өлімі» атты шығармасындағы құмай тазы – Лашынның күшік кезіндегі сипаты: «Кеуделі екен, ұзаққа шабар. Қысқа мойын, әрі шықшытты, езулі көрінеді, қайратсыз да болмас. Артқы аяғы да келісті, маймақ біткен – жүйріктіктің белгісі», ал өсе келе «Шодыр төбелі басына түйе жапырақтай жалпақ, ұзын шашақты құлақтары әсем кейіп беріп тұр. Сойдақ тістері…». Осы шығармада­ғы аты аңызға айналған Бесқара құмайдың бейнесі: «Кеудесі шынтақтан сынық сүйем десем өтірік, тура үш елі төмен, құшақ жетпес зор; бір қырындап жантаймаса, түзу жата алмайтын. Басы үлкен, шықшытты. Дене бітімі мөлшерден тыс ірі болатын. Өз тұрғыластарынан озып туған ерекше тазы», – деп суреттелген.

Кәнігі аңшылар тазының алғыр болып қалыптасуын, оның құмай дәрежесі­не жетуін қатаң қадағалаған. Құмайды алты айынан бастап аңшылыққа баулып, 8-9 ай шамасында ұсақ аңдарға салады. Саятшылық кезіндегі мінез-құлқына да аса мән берген. Жүні тықыр құмай қысқы ұзақ жолда аттың үстіне, иесінің алдына қарғып мініп, тонының етегін жамылып жататын болған. Аңшы оның аңшылық рухын ортайтпауға, аязға тоңдырмай үйіне алып келу үшін «тәйт» демеген. Аңшылар арасында тараған мынадай ырымдар бар: егер тазы үйіне жеткенше аң ұстамаса, ол үйіне жеткенше мойны қатып қалады да, алғыр тазы бола алмайды немесе тазыға ауылдан шыға берісте қоян кездесе қалса, оны міндетті түрде соғып алу керек, олай болмаған жағдайда сапар сәтсіз болмақ. Тіпті халқымыз құмайдың атына да аса мән берген. 

Мысалы, лашын құстай ұшқыр болсын деген оймен Лашын деп ат қойса, киіктей жүйрік болсын деген ниетпен Сұркиік деп атаған.
Құмай тазы арабтың салюки тазысымен қазақтың ежелден келе жатқан тазысының буданынан шыққан. Салюки тазысы араб жауынгерлерімен бірге келсе, қазақы тазы 2-3 мың жыл бұрынғы алғашқы сақ қоғамынан бері жасап келеді. Оған – петроглифтердегі тазы бейнесі дәлел. Осы буданның нәтижесінде жүйрік те алғыр тазы тұқымы қалыптасқан болса керек.
Құмай, жалпы тазы тұқымы өте та­за, адал жануар болуымен де қа­сиетті. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят ке­те­ді» деген мақал тазыға қаратып айтылмаса керек. Өйткені ол өзіне арналмаған асқа жуымайтын қасиетімен халыққа сүйкімді болған. Тазыдан иіс шықпайды, жуынды, өлексе жемейді. Тазалықты сүйетін халқымыз тазының осы қасиетін ерекше бағалап, оған ішерге таза ас беріп, үйдің бір бұрышынан орын сайлаған. Тазының кербез де салқын мінезіне сүйсінген.

Өкініштісі сол, құмай тазы тұқымы жоғалып құрып бітуі мүмкін. Қазақ ит баптап, құс күйттейтін, бұлғақтап жүретін заманнан айырылып, құмайдың тұқымы, тіпті құрып кетті деуге де болады. Ерекше күтімді қажет ететін құмайды бейбіт заманда үнемі жуындырып, уақытында тамақтандырып, жылы орынға жатқы­зып, күйін күйттейтін болса, ашаршы­лық, соғыс жылдарында «Байтал түгіл, бас қайғы» болып, құмай ескерусіз қал­ды, бабынан ажырап, қатары сирей бас­тады. Бүгінде тазының Отаны саналатын Қазақстанның өзінде бұл тұқымдастың саны 500-ден астам екен. Ал құмайы ілуде бір кездесері хақ. 

Мамандар «аңшы жануар жуық арада «Қызыл кітапқа» енуі де мүмкін» деген пікірде. Тазы санының бұлай күрт төмендеп кетуіне кеңестік саясаттың салқыны тисе керек. Әрі қазақ жеріне қоныс аударған түрлі ұлт өкілдерінің иттерімен будандасып, тазының басқа ит тұқымдастарымен араласып, дүрегейленіп кетуі себепші болды. Бұл тазы генофондының бұзылып, тазылық қасиеттердің жойылуына әкеп соққаны анық. А.А.Слудскийдің зерттеуі бойынша, ертеректе қазақ жеріндегі 10 мың тазының 30 пайызы таза тұқымды тазы болған. Ал қазіргі таңда 500 тазының ішінде құмайдың болу-болмауы неғайбіл. Сондай-ақ аңшылық кезінде мылтықтың пайдаланылуы да тазының азаюына айтарлықтай әсер еткен. Ата-бабамыздың сүйікті аңы, құлазыған көңілін сергіткен, қиын күнде жанбағыс көзі бола білген тазының дәл мұндай күй кешуі бүгінгі ұрпақтың сүйегіне зор таңба.

Ғасырлар бойы халқымыздың жан­серігі, өзінің айрықша қасиеттерімен халқымызға сүйкімді болған, сүйсіндіре білген, алғырлығымен, жүйріктігімен, қырағылығымен бабалармызды тәнті еткен құмай тазы бүгінгі қазақтың санасынан алыстап барады. Көпшілігіміздің құмай қасиетін танымай (құмай тұрмақ, қарапайым тазының өзін жете білуіміз екіталай), қазақтың саятшылық өнерінен бейхабар ұрпақ болып келе жатқанымыз өкінішті-ақ, әрине. 

Десе де, жоғалудың сәл-ақ алдында тұрған осынау түрді қайта қалпына келтіру – бүгінгінің еншісіндегі іс. Саятшылықты ұлттық спорт түрі ретінде дамытуды дұрыс жолға қойып, аңшы жануарлардың санын көбейтіп, экологиялық мәдениет қалыптастырып, тазының, оның ішінде құмай тұқымының құрып кетпеуін қадағалауымыз шарт. Бұл үшін Қазақстандағы барлық тазыны арнайы тізімге алып, асылдандыру, аңшы өнімдерін қымбат бағаға сатып алу секілді істер қолға алынса, бәлкім, құмайдың қасиеті арта түсер.

Жәния Әбдібек

http://anatili.kz/?p=9887