Алтын Орда түрік әлемінің ең алып мемлекеті болған
17.10.2019 4273

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлытауға сапары барысында Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойын атап өтіп, сонымен қатар оның негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтау туралы бастамасынан кейін елімізде үлкен жұмыстар басталып кетті. Мұрағаттарда шаң басып жатқан құжаттар да қайта көтеріліп, тарихшы ғалымдарымыз да батыл болжамдар жасай бастады. Жер-жерде, өңір-өңірлерде жиындар, дөңгелек үстелдер өткізіліп, бұрындары көп қаузала бермейтін Алтын Орда, Шыңғыс ханның тұңғышы Жошы және оның құрған алып империясы туралы тың пікірлер талқыға түсіп жатыр.

Бүгін де осы тақырыпқа қатысты Тұңғыш Президент – Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының ұйымдастыруымен «Алтын орда. Тарих пен тағылым» атты тағы бір алқалы жиын болып өтті. Жиынға отандық ғалымдармен бірге Ресей, Татарстан секілді көрші елдерден жетекші ғалымдар мен сарапшылар шақыртылыпты. Ортаға тасталған тақырып Алтын Орда тарихының ақтаңдақ беттері, оның тікелей ізбасары кім, саяси құрылымы және экономикалық деңгейі, әскери өнер тақырыбы, сондай-ақ Қазақ хандығының шығу тегі мен Жошы ұлысынан еншісін алып бөлек шыққан түрлі мемлекеттердің өзара қарым-қатынас ерекшеліктері қалай болды деген сауалдар айналасында өрбіді.

Жошы ұлысы – дүниенің төрт бұрышына билігін жүргізген Шыңғыс ханның өз иелігіндегі жерлерін төрт ұлына бөліп бергенде Жошының үлесіне тиген аса үлкен территориялық аумақ. Зерттеушілердің айтуынша,  Жошының қол астына қараған аумаққа қазіргі қазақ жерінің 65 пайызы кірген екен. Кейін бұл аумақтың құрамына Ресейдің еуропалық өңірі, Балтық теңізінің шығысындағы өлкелер, Польша, Мажарстан, Балқан елдері, Солтүстік Кавказ, Хорезм, Шығыс және Батыс Дешті Қыпшақ даласы енген. Осылайша, Жошы ұлысы немесе Қыпшақ даласы атанған ұлан-ғайыр даланың жалпы аумағы 10 млн шаршы шақырымға жеткен. Қыпшақ даласында құрылған Жошы ұлысы кейіннен Алтын Ордаға айналды. Оның дәуірі шамамен екі жарым ғасырға созылды. Яғни Жошы әкесі Шыңғыс хан секілді әлем тархында 250 жылдық тарихы бар Алтын Орда атты ұлы империяның негізін қалап кетті. Жошы қыпшақ даласына келіп өз ұлысын құрғанымен моңғолдық дәстүрден жүрген жоқ. Жергілікті қыпшақ халықтарының ділі мен дініне еркіндік берді. Көп ұзамай Жошының ұрпағы жергілікті ха­лықтың салт-дәстүрі мен тұр­мысына қарай икемделіп, бір жолата сіңісіп кетті. Белгілі тарихшы ғалым Зардыхан Қинаятұлының еңбектеріне сенсек: олар үшінші ұрпағынан бастап қазаққа айналған: «Яғни, сол кездің өзінде мұсылмандықты қа­был­дап, қыпшақ тілінде сөйлеуге көшкен» деп жазады ол.

Өкініштісі сол, Юань империясы, Иран, Еуропа елдерімен тең дәрежеде қарым-қатынас орнатып сауда жолын қалыптастыра білген Алтын Орда мемлекет туралы ашық айта алмадық. «Шын мәнінде, Алтын Орда Рим , Осман, Цин империясы секілді ірі империя болған. Орыс кінәздіктері, Ноғай ордасы, көшпелі Өзбек мемлекеті, Моғолстан секілді елдер осы Алтын Ордадан бөлініп шыққаны белгілі. Керек болса Украина мен Молдавияның өзі кезінде осы империяның құрамында болды. Алтын Ордада жүйелі мемлекеттік құрылым болды. Онда салық жүйесі, әскери бөліністері, пошталық жеткізу қызметі, мемлекеттік басқару жүйесі жұмыс істеп тұрды. Бертінге дейін Ресей аумағында жұмыс істеп келген «ямская служба» яғни жеткізіп беру қызметі осы Алтын Орда заманында қалыптасқан. Бүгінде жеке-жеке ел болып дамып отырған мемлекттердің барлығы да Алтын Орданың экономикалық жүйесін пайдаланды. Ақша өндірісі, экономикалық құрылым, валюта саясаты, тұрақты әскер ұстау, салық жүйесі секілді дүниелердің барлығы Алтын Орда заманында пайда болған. Қазіргі мемлекет басқару жүйесі де осы Алтын Ордадан алынған. Оны батыс ғалымдары баяғы да-ақ дәлелдеп мойындап қойған дүниелер.  Революцияға дейін Ресейдің өзінде ашық айтылып келді. Ключевский, Костамаров, Зернов, Бартольд қатарлы тарихшылар объективті зерттеулер жүргізген. Тек 1944 жылы тамыз айында Татар партия комитетінің идеялогиялық тәрбие ісіне жауапты бөлімінде үлкен қаулы қабылданды. Оның негізгі мақсаты осы Алтын Орданы айтқызбау, қаралау, айтқан күннің өзінде теріс жағынан яғни феодалдық мемлекет, басқыншы тайпалар бірлестігі, жабайылық ордасы деп насихаттау болды. Керек болса, осы тақырып туралы зерттеуді мүлдем тоқтату керек деген миссия жатты. Бір қуантарлығы бізде тыйым салынғанмен батыс ғалымдары зерттеп жатты. Олардың арасында атақты Тойнби, Неміс ғалымы Бертольд Шпулер секілді ғалымдар бар. Германия ғана емес Италия, Франция тарихшыларының еңбектерінде де Алтын Орда туралы деректер кездеседі» дейді белгілі тарихшы, Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркіт Аяған.  

Оның айтуынша, мұндай шектеулер Алтын Ордаға ғана емес жалпы түркі халықарының шынайы тарихын тануға үлкен кедергі болды. «Алтын орда кезеңін зерттеу өлі нүктеде тоқтап қалды. Алайда қазіргі мемлекеттердің көбі осынау алып мемлекетке қарыздар. Еуразияның тарихшылары неліктен Алтын орда тарихы жайлы ауыз ашпай отыр. Соңғы уақытта біздің бауырлас елдердің ішінде тек Татарстан ғалымдары ғана Алтын Орда тарихына қатысты зерттеулер жасап келеді», - деп сөзін аятады.

Татар бауырлар демекші, Татарстаннан шақырылған ғалым, белгілі этнограф, тарих ғылымдарының докторы  Дамир Исхаков та Алтын Орда  Ұлы Жібек жолының бойындағы көшпелі өркениет пен отырықшы шаруашылығы қатар дамыған түркі әлемінің ең алып мемлекеті болғанын атап өтті. Алтын Орда – шекпенінен көптеген түркі халқы шыққан алып империя. Сол үшін бұл мемлекеттің тарихы барлығымыз үшін өте маңызды. Әсіресе, Ресей өзінің тарихи жылнамасына Алтын Орда мұрасын енгізуге мейлінше қызығушылық танытуы тиіс» деп үлкен мәселенің шетін қозғап өтті. Исхаков мырзаның айтуынша, мемлекет – көшпелі шаруашылықты отырықшылықпен ұштастырған ел. «Ол өз дәуірінде қатты өркендеді. Ол дәуірде қалалық өмір де болды. Тіптен түркілердің жұлдызды ғасыры деуге болады. Себебі кейін жеке-жеке ел болған түрік халықтарының ешқайсысы  мұндай деңгейдегі империя құра алған жоқ. Бұл жерде Алтын ордадан Еуропаға, мәселен, Италияға астық жеткізіліп тұрғанын айта кету керек. Сол себепті, оны біз тек көшпелі мемлекет деп айта алмаймыз. Қай жылдар аралығында, қандай жолмен, қанша көлемде сатылғаны туралы деректер жоқ деуге болады. Бірақ Генуя мен Венеция Алтын ордадан жеткен астықты азық еткені анық жазылған.  Өкінішке қарай, ұзақ уақыт бойы осы шындық ашық айтылмады. «Еуропа елдерінің санасында бұл ел жау мемлекет ретінде қалып қойды. Орыстар да татар-моңғол шапқыншылығы деген жағымсыз ұғымды  осы империямен байланыстырады. Әрине, мұның бұның бәрі тарих. Алайда бұл жайсыз пайым-пікірлер, түсініктерден арылу керек. Ол үшін Алтын Орда туралы тарихты қайта жазу керек. Ол уақыт создырмайтын мәселе», - дейді Дамир Искаков.

Ғалымның бұл ұсыны қолдаусыз қалған жоқ. Өз кезегінде Түркі академиясының сарапшысы, филология ғылымдарының кандидаты Тимур Козырев Алтын Ордаға қатысты тарихи шындықты қайтаратын уақыт келгенін ашық айтты. Оның айтуынша, Қазақстан – Алтын орданың тікелей мұрагері деген тарихи шындықты қайтару керек. «Қазақстан шынында да - Алтын орданың заңды да тікелей мұрагері. Георафияны, этнографияны, мемлекеттердің тарихын бәрін қарасаңыз, осыған көзіңіз жетеді. Бұл жерде тарихи шындықты қайтару керек. Ештеңені созбалаудың да, конструкциялаудың да қажеті жоқ», - деді ол. "Алтын ордада қаланың дамыған өркениетті үлгісі болған. Алып мемлекеттің қалаларын Алтын орданың өз хандары салғызған. Сонымен бірге, Алтын орда тұсында жазба әдебиет те бар еді. Дамыған мемлекеттік аппарат та жұмыс істеп тұрды. «Алтын орда – заңнама, коммуникация мен логистикасы жолға қойылған бірегей мемлекет еді. Яғни, сол тұстағы мықты мемлекеттіліктің толыққанды атрибуттары болды! Алтын орда – империялық мемлекет еді. Оның құрылым үлгісінен Ресей де көп үлгі алды", - дейді Түркі академиясының сарапшысы.

Рас, Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы негізін салған Алтын орданың тікелей мұрагері – қазақ деген пікірді растайтын деректер өте көп. Жошы мазыран ұлысқа қарасты 26 тайпаның таңбалары табылды. Ғалымдардың барлығы да осы 26 таңбаның түгелі бүгінгі қазақ руларына тиесілі белгілер екенін айтады. Әрі олардың ішінде қазіргі моңғол ұлтына жататын рулардың бірде-біреуі­нің белгісі кездеспейді. Керек болса, археологиялық қазба жұмыстары мен генетикалық зерттеу жұмыстары да осы пікірді толықтай қуаттап отыр: Ресейлік антрополог Л.Т. Яблонский 30 жыл бойы Алтын Орданың көшпенділерінің бассүйегін, қаңқасын зерттей келе, ортағасырларда өмір сүрген алтынордалықтардың бет-пішініне, қазіргі халықтардың ішінде пошымы жағынан тек қазақтар қатты ұқсайды деген қорытынды жасаған. Сондай-ақ палеогенетикалық зерттемелер нәтижесі де Алтын Орда аристократтарына гендік, қандық тұрғыдан тағы да қазақтар ғана жақын" деген естелігі тағы бар. Баязит Юнусбаев,  Оразақ Смағұлов бастаған генетик ғалымдар қазақтарда бар антрополиялық типтің ХІІІ ғасырда қалыптасқанын айтып та, жазып да дәлелдеп келеді. О. Смағұловтың айтуынша, қазақтарға тән генетикалық коктейль XIII ғасырда екі популяцияның – жергілікті түркі-қыпшақ және шығыс Азиядан келген моңғол түрік популяциясының  араласуынан пайда болған. Сол секілді қазақтар өздерін Алтын Орда татарларының ұрпақтарымыз деп санайды» деген деректерді Шоқан Уәлихановтың естеліктерінен де кездестіруге болады. Яғни бұл бүгін ғана белгілі болып отырған әңгіме емес деген сөз. Яғни, кешегі Алтын Орданың бүгінгі мұрагері татар да емес, басқа да емес – қазақ қана деген сөз. Әрі бұл толықтай дәлелденген, талас тудырмайтын ақиқат.

 

Мұндай деректер баяғыда-ақ дәлелденуі тиіс жүниелер еді. Басында айтып өткеніміздей Советтік жүйенің озбырлығы салдарынан тарихи деректер қолдан бұрмаланып, мұрағатта жатқан көне карталар мен құнды құжаттар жойылып кетті. Абырой болғанда, Алтын Ордаға қажетті құжаттардың біраз бөлігі шіркеулерде сақталып қалыпты. «Кеңес Одағы кезінде Алаш Орданы, Алтын Орданы, Кенесарыны айтуды шектеді. Сонымен бірге Алтын Орданың мұрағаттарын жойып жіберуге тырысты. Алайда, өз шіркеулерінде сақталып қалған мұрағаттар сол кемдіктің орнын толтырды. Ондағы басты себеп, Алтын Орда билігі діни орындарға тиіспеген» дейді тарихшы ағамыз Марат Әбсәметов.

Естеріңізде болса, 2019 жылдың 24 тамызында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлытауға сапары барысында Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойын атап өтіп, сонымен қатар оның негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтау туралы бастама көтерген болатын. «Ұлытау халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығына айналуы тиіс. Бұл жұмыстарды Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеу қарсаңында бастау керек. Сонымен қатар Біз Алтын Орда негізін қалаушы Жошы ханға міндетті түрде құрмет көрсетуіміз керек», – деген болатын Жезқазған өңіріндегі Жошы ханның кесенесіне зиярат етіп тұрып.