#Елордаескерткіштері. Кенесары хан
26.07.2019 3977
Ханның айбынды мүсіні, беліне таянған оң қолы, дана да алғыр мемлекет қайраткерінің терең ойлы көзқарасы, үзеңгіні мықты ұстаған сол қолы хан мүсініне бекзаттық сипат береді

Астана Арбаты.

Салтанат жан-жағы.

Есілдің бойымен, самал желдің лебімен елорданың көркем кешін тамашалаған болсаңыз, көзіңіз  қоладан биік тұғырдағы салт аттыға еріксіз түсері хақ. Қоладан жасалған, граниттік тас үстіндегі атты сарбаз – қазақтың соңғы ханы, Абылай ханның немересі Кенесары Қасымовтың құрметіне тұрғызылған ескерткіш. Құдды бір сол жердің «қожайыны мен!» деп тұрғандай.

Қазақтың соңғы ханы 1802 жылы Көкшетау өңірінде дүниеге келген. Мемлекет қайраткері, әскери қолбасшы, 1837-1847 жылдары болған ұлт-азаттық қозғалыстың көсемі болған. Тарихта Кенесары хан парасатты әмірші, әскери өнерді жетік меңгерген қолбасшы, жаужүрек батыр ғана емес, ғажайып дипломат, данагөй ретінде тарихта өзінің атын өшпес алтын әріптермен жазып кеткен.

Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық қозғалыстың басты себептерінің бірі патша үкіметінің 1822 жылғы жүргізілген солақай саясаты негіз болды. Олар енгізген жарғыға сәйкес қалыптасқан хандық құрылымды, дәстүрлі билік үлгілерін жою, қазақ еліне жалпы ресейлік   басқару жүйесін сіңістіріп жіберу еді.

Осындай өмірінің көп бөлігін қазақ елінің еркіндігі үшін күресіп өткен тұлғаға  Елорда төрінде тұрғызылған ескерткіштен бөлек, көптеген ақын-жазушылардың қалам серпеуіне, шығармашылығына арқау болды.

Жиырмасыншы ғасырдың 30 жылдары М. Әуезов «Хан Кене» пьесасын жазса, 60 жылдары Ілияс Есенберлин «Қаһар» романын жазып шықты. Одан бөлек, 1888 жылы Ташкентте «Кенесары мен Садық» деген атпен шыққан Кенесарының баласы сұлтан Ахмет Кенесариннің естеліктер жинағы да құнды еңбек болып табылады. Совет үкіметі тұсында Кенесарының күрес жолына іргелі ғылыми зерттеу арнаған тарихшы-ғалым Е. Бекмаханов саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Кенесары Қасымұлының тұлғасына жаңаша қарап, оның шынайы бағасын беру ісі Қазақстан тәуелсіз мемлекетке жеткеннен кейін ғана қолға алынды.

2001 жылы қазақтың нар тұлғасы Кенесары ханның ескерткішін тұрғызуға еліміздің ең мықты, талантты сәулетшілері қатысқан. Солардың ішінен Нұрлан Далбайдың жобасы үздік деп танылған. Нұрлан Далбай 1961 жылы 11 сәуір айында Алматы қаласында дүниеге келген. 1983 жылы Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училещесін, кейіннен Е. Репин атындағы академиясында оқыды. 1990 жылы Германияның Дрезден қаласындағы Жоғарғы өнер мектебінде тәжірибе жинақтаудан өтеді. 1993 жылдан бері ҚСО (Қазақстан Суретшілер одағының) мүшесі.

Оның қолынан жасалған өнер туындыларын Қазақстаның түкпір-түкпірінен тамашалауға болады. Мысалға айтсақ, Алматыдағы Тәуелсіздік монументі, М. Мақатаев, Ә. Қастеев, Атыраудағы Д. Нүрпейісова, Оралдағы Абай және Сырым Датұлы ескерткіштері.

Нұрлан Далбай кескіндеме саласында да еңбек етеді. 1987 жылы алғашқы жеке көрмесі қойылған болатын. Одан бөлек, Халықаралық көрмелерге туындылары көрсетілген. Мысалы, 1996 жылы Германия, 1999 жылы Баку, 2000 жылы Лондон қаласында.  Жеке еңбектері Қазақстан, Франция, Түркия, Германия, Швеция және т.б. жеке коллекцияларынан табылады. Соңғы жұмыстарының бірі – 2019 жылы Алматы қаласында қазақтың атақты режиссері, актер Шәкен Аймановқа арналған ескерткіш.

Кенесары хан ескерткіші 2001 жылы 11 мамыр айында ашылды. Хан мүсіні қоладан құйылған және өңделген гранитпен қапталған биік тұғырға орнатылған. Биіктігі 5,3 метр. Ат үстіндегі мүсіннің биіктігі 6 метр. Ескерткіштің сыртқы жағы күртілік гранитпен қапталып, өңделген. Ханның айбынды мүсіні, беліне  таянған оң қолы, дана да алғыр  мемлекет қайраткерінің терең ойлы көзқарасы, үзеңгіні мықты ұстаған сол қолы хан мүсініне бекзаттық сипат береді. Қатты шауып келе жатқан ат, салт аттының  өршіл жігері бір сәтке ғана  тоқтағандай әсерде.  Әскери сауыт-сайманға мұздай оранған хан мүсіні монументалды сипатта орындалған. Оның  тұрысы  салт аттының  абыржыған кейпінен үрейлі кезеңнің келгенін және ел тағдырына байланысты айрықша маңызы бар  батыл шешім қабылдайтын уақыттың келгендігін көрсетеді.

Ескерткіштің жалпы салмағы 10 тоннадан асады. Жобасы мен орнатылатын орнын Президент мақұлдаған. Ескерткіш Алматы қаласындағы Киров зауытында құйылды. Конструктор А. Тәттіғұлов, құюшы В. Ковехов.