#Түрік әлемі: Киелі ағаш ұғымы
26.07.2019 3657
Арғы қазақ мифологиясында өте жиі кездесетін архетиптік бейнелердің бірі – ағаш культі

Ұлттық таным төрінен ойып тұрып орын алған бұл жаратылыс жай ағаш емес төрткіл дүниенің, ғаламның кіндігі болып саналатын аса жоғары деңгейдегі киелі ие – Бәйтерек ағашы. «Қазақта ғаламдық уақыт пен кеңістіктің арасындағы мәңгілік тұтқасы («ось мира», «мировая столл», «мировая гора») болып саналатын нысаналы белгі – Бәйтерек. Ол ежелгі аңыздар мен қиссаларда, ертегілерде «Мықан ағашы» деп аталады. Көркем ойлау жүйесі еркіндіктен айырылып, әдеби тіл кезеңдік өзгерістерге ұшырап, басылымға идеялогиялық қысым күшейген тұста «Мықан ағашы» дегенді зиятсыздандырып, оны ақтық ілінетін «әулие ағаш» деп түсініп, оны бәйтерекке өзгерткен. Жаратылыс кіндігі – «әлем ағашы» (древо мировое) туралы барша мифтер адамзатқа ортақ мәңгілік өмір нысаны болып табылады. «Өмір ағашы», «құт ағашы», «кіндік ағаш», «таным ағашы» деп әр сақта аталғанымен де бұл бәйтеректің әсіреәфсаналық мағынасы бір. Мықан ағашы – жасыл өмірдің белгісі, уақыт пен кеңістіктің шекарасы» деп жазады Тұрсын Жұртбай [1].

Мықан ағашы – халық ауыз әдебиетінде кейде кәрі емен, жалғыз ағаш, қурай, немесе шоқ тіптен бір топ ши, жаңғыл түрінде де кездеседі. Мәселен, «Қозы-Көрпеш Баян сұлу» жырында бестерек, «Қыз Жібекте» – жалғыз қурай. «Абай жолында» шынар, алып бәйтерек ретінде көрініс тапса, басында айтып өткеніміздей кейбір шығармаларда қу ағаш деп те суреттеледі. Сол секілді діни қиссаларда Әбілһаят ағашы деп аталатыны тағы бар. Әлем ағашы туралы түсініктер шаманизм түсінігінде де кездеседі. Транс кезінде бақсылар өмір ағашының бойымен жоғары-төмен саяхаттай алады, яғни Жоғарғы Әлемнен Төменгіге өтеді деп саналған. Бәйтерек пен шынар ағашының бұтағы мен тамырын басып тұрып уақыт қатпарлары аралығында емін-еркін көше беретін ертегі кейіпкерлері осы шаманизм дінінің салдары болса керек.

Айтып өткеніміздей, ғаламдық ағаштың қазақы түсініктегі атауы Бәйтерек.  Бәйтерек – ежелгі таным бойынша тылсым қасиетке ие алып ағаш. Халық түсінігінде жердің дәл кіндігінде өсетін, тамыры жерасты, діңі адам әлемі, басы рухтар мекені болып табылатын көк тіреген алып ағаш. Зерттеуші-ғалым Е.Жанпейісов қазақ ұғымындағы бәйбіше мен осы бәйтерек сөзіндегі «бай-бәй» түрінің берер мағынасы бір екендігін айтады. Ғалымның пікірінше, бәйтерек ежелгі түркі сөзі, бәй «үлкен» деген сөз, «бай» сөзінің дыбыстық өзгеріске түскен түрі (бәйбіше, бәйшешек), үлкен, алғашқы деген ұғымдарды, ал терек (парсы тілінде – дарақ) «ағаш» деген ұғымды білдіреді деп пайымдауға болады. Демек, Бәйтерек екі сөздің бірігуінен жасалып, «зәулім ағаш» дегенді танытады.

Жалпы бәйтерек туралы мифтік наным әлемнің барлық халықтарының мифологиясында кездеседі. Белгілі зерттеуші ғалым Штернбергтің айтуынша, ағашқа жаратушы деп табынудың, барлық жанды нәрселер де, жер бетіндегі өсімдіктердің барлығын ағаштан жаратылған деп ағашқа табыну дәстүрі Африка, Европа, Үндістан елдерінің көбінде кездесетін жайт. Мәселен, үндінің атақты поэмасы «Махабхаратада» дастанында ерлер мен әйелдер жаратылатын киелі орман бары айтылады [2]. Яғни алғашқы түсінік бойынша, ағашқа о бастағы адамдар жаратушы ретінде қараған. Мына бр хакас мифіне назар аударайық: Қайрақан деп аталатын жерде тоғыз бұтақты ағаш өседі, әр бұтақтың астында тоғыз адам өмір сүреді. Осы тоғыз адамнан бүгінде Хахасия елінде өмір сүріп ел тарайды. «Оғызнама» жырындағы қыпшақтардың дүниеге келуі туралы аңыз да осыған ұқсас екенін айта кету керек.

Әрбір жапырағында адамның жаны қонақтайтын, аспан мен жердің ортасын жалғап тұратын мұндай алып ағаш туралы миф түркі халықтары арасында да өте кең таралған. Е.Ямаеваның зерттеуі бойынша культі түркі-монғол эпостарында өте жиі айтылатын «Ғаламдық ағаш» бейнесі жаратышулық сипатқа ие [3]. Қазақ мифологиясында кездесетін мұндай ағаштарға Серікбол Қондыбай мынадай сипаттама береді: «1. Ағаш – адам ұрпағының сақталатын жері. Бұл жағдайда ағаш ана функциясын атқарады. 2. Ағаш – адам жанының тұлғалануы, оның жанының сақталатын жері. 3. Ағаштың егіздік сипаты бар: бір-біріне қарама қарсы екі ағаш. 4. Еркек ағаш және ұрғашы ағаш жұбы бар» [4]. Яғни Мықан ағашы табиғат ананың, өмірге ұрпақ әкелуші әйелдің функциясын атқара алатынын көруге болады. Айтпақшы, мұндай сюжетті атақты «Оғызнама» жырынан да кездестіруге болады. Оғыз қаған бір күні көл ортасындағы ағашты көреді. Ағаш астында қабығында отырған бір сұлу қызды көреді. Оның көздер аспандай көк, шаштары дария ағысындай, тістері маржандай екен. Оғыз қаған оны әйел етеді. Осы сұлудан «Көк», «Тау», «Теңіз» деген үш ұл көреді [5].

Серікбол Қондыбайдың пікірінше, Мықан ағашы «өмір беруші»  функциясымен  қатар мынадай қасиеттерге де ие:

Ол – жаратушы құрсақ, Ұлы –ана.

Ол – өмір қоймасы, яғни осы ағашта адамның  жаны, оларға  тіршілік  беруші  ұрық сақталады.

Ол – өмір уақытының тіркеушісі. Ол кімге қанша уақыт берілгенін, несібесіне  қандай тіршілік берілгенін  белгілейді.

Ол – адамның  арғы  бабасы.

Әлемдегі түркі халықтарының көбіне тән ғұрыптардың  бірі – қасиетті ағаштан тілек (перзент тілеу, мәңгілік махаббат сұрау, дертіне дауа сұрау т.б.) тілеу. Қазақ ертегілерінде  ағаштың түбіне түнеп перзентті болу, тобылғылы сайға  келіп толғату т.б. сюжеттері мифтік келтірілімдер деуге болады [4].

Қазақ арасында кең тараған адамның жаны киелі теректе сақталады деген ұғым бәлкім осы жайтқа байланысты қалыптасқан болар. Ол туралы мынадай миф бар: «Рух адамның тәнін өлерден қырық күн бұрын тастайды. Сөйтіп, құсқа (көгершінге) айналып, ұшып барып бәйтеректің жапырағында өз адамының есімі жазылған бұтаға қонады. Мұнда адамның аты жазылған қисапсыз жапырақтар көктеп-солып, алма-кезек ауысып тұрады. Жан адам өлгенде шыбын бейнесінде денеден шығып, үй ішінде ұшып жүреді. Тек қырық күннен кейін барып, үйді біржолата тастайды. Бәйтеректің діңгегі арқылы әлгі жал жерге түсіп, не жерге шығып жүреді де, мезгілі болғанда әйелдің құрсағына қонады, сөйтіп, жаңа өмір пайда болады. Жануарлар да, өсімдіктер де дәл осылай өмipгe қайта келеді» [6].

Бір сөзбен айтар болсақ, қазақ мифологиясындағы Мықан ағашы бүтіндей ғаламның өзі, жаратушы, жан алушы, өмір мен өлімнің шекарасы, кеңістіктер мен уақыттың түйістіріп белгілі бір оқиға жасайтын әрі ол жердегі жан атаулыға жан беріп, өзінің әмірін жүргізетін ұлы Құдырет иесі.  Тұрсын Жұртбайдың айтуынша, ол – әсіре әпсаналы жаратылыс. «Ғарыштық әсіреәфсанаға (мифке) шек жүрмейді. Жаратылыстың өзі де, жаратушы да, киелі құдіретке ие. Бәйтеректің ­– Мықан ағашының басында осы үш құдіретте бірдей бар. ол кейде жаратылыстың өзі, кейде Жаратқан иемнің баламасы, кейде жай киелі ағаш күйінде әфсаналана береді. Оның қай қасиеті де күшті оған күмән жүрмейді» [7].

Арғы қазақ түсінігі бойынша, шексіз де шетсіз ғарыштың құрылымы былай бейнеленеді: жеті қабат Жер бар, онда Көктөбе тұр, Көктөбеде Көктерек өсіп тұр, ол Көккүмбезді тіреп тұр. Қазақтың әлем туралы түсінігінде әсерлі бейненің бірі – алып бәйтерек. Дүниежүзілік ағаш таңбасы өрлемдік қозғалысты, Жер мен Аспанның тығыз байланысын білдіреді. Осы биік бәйтеректен эпос батырлары аспан денелеріне өрмелеп жете алатын болған. Әлемдік ағаштың тағы бір атқаратын қызметі оның жоғары және орта дүниемен байланыстыруында. Тірілер әлемі өткен кезбен, аруақтармен қатынасын үзбейді. Көктеректің тамырлары жер астында орналасқан. Жасыл-желек өмірлік ағаш күш-қуат пен нәрді төменгі дүниеден алады [7]. Яғни адам баласы ғұмыр сүретін бұл жұмбақ әлем әлем үш бөліктен тұрады. Мықан ағашы ендеше Жоғарғы (Көк), Ортаңғы (Жер) және Төменгі (Жерасты) деп аталатын үш әлемнің басын біріктіріп тұрған ұлы күш иесі деген мифологиялық түсінік болып шығады.

Көне түркі түсінігі бойынша Мықан ағашы  жер планетаның қақ ортасынан – кіндігінен өсіп шығып, барлық үш әлемді ең төменгі нүктесінен бастап шырқау көгіне дейін көктеп өтеді. Осылайша Жоғарғы, Ортаңғы және Төменгі  үш әлемді біріктіріп біртұтас етеді. Алып ағаштың аспанға шаншылған ұшар басында құс қонақтап отырады, ал қара жердің тереңіне бойлаған тамырларын оратылып жамандықтың бейнесі –  алып айдаһар жылан шырмап орап жатады. Ортаңғы бөлігінде яғни жер үстінде – адам, оның айналасында әр-түрлі жануарлар мен аңдар өмір сүреді.

Жоғарғы әлемде, керісінше, жарық пен күннің шуағы мол, Жоғарғы әлемді мекендеушілердің денелерінен жарқыраған сәуле төгіліп, нұр шашылады. Тек ол жақта жердің үстіндегідей емес жарық көмескі, ауа аз, күн онша көрінбейді, бірақ ондағы адамдар да, жер үстіндегі адамдар не істесе, соны істейді» («Аюдау» ертегісі). Соған сәйкес, үш бөліктің тұрғындары да әркелкі: Жоғарғы әлемнің нышандары қанатты мақұлықтар, құстар болса, ортаңғы әлемде төрт аяқты, екі аяқты жануарлар, соның ішінде, адамдар тіршілік етеді. Ал жер асты мен су асты әлемінің тіршілік иелері – бақа, жылан, тасбақа, балықтар т.с.с болып кете береді.

Сондықтан қазақтың қиял-ғажайып ертегілерінде Жоғарғы әлем тұрғындары көбіне құс кейпінде келеді, өз кезегінде Төменгі әлемнің мекендеушілері жер үстіне жылан кейпінде шығады, ал өздерінің үйреншікті жерасты ортасында олар кәдімгі адам бейнесінде өмір сүре береді. Әлем Ағашының ұшар басында қонақтаған алып құс Самұрық деп аталады. Кейде самұрық екі басты құс кейпінде де суреттеледі. Бір басы – құстікі, екінші басы – адамдікі («Ер Төстік»). Ол – барлық құстардың патшасы саналатын сиқырлы құс. Әдетте, ол батырларға ерлік жасауға көмектеседі. Бұл құс ешкімге зиян шектірмейді, ешкімге жамандық жасамайды, тек адамдарды қайғы-қасіретінен айықтыруға жәрдем етеді («Аюдау» ертегісі).

Мұндағы самұрық құстың жоқтығын пайдаланып ұядағы балапандарға қарай өршелене ұмтылған өрмелеген айдаһар зырылдап өтіп жатқан уақыт пен өлімнің көрінісі де әлі қанаттанбаған сары ауыз балапандар болашаққтың нышаны. Алайда оны адам баласы құтқарып қалады. Жақсылық жасаушы бұл кейіпкерлер самұрық құстың рахметін алып қарымтасы ретінде айрықша күшке ие болады. Бұл өмір заңдылығы. Уақыт үздіксіз өте береді. Ал адам баласы осы уақыт пен кеңістік аралығындағы тарихты жасаушы рөлге ие деген сөз. 

Кейде миф кейіпкерлері адам баласы жер асты әлеміне түсіп түсіп жауыз айдаһарды өлтіруі тиіс болады. Жер астына тап болған ертегі қаһарманы ханның сұлу қызына үйлену мақсатын көздейді. Ал, қайтадан жер үстіне шығу үшін Әлем ағашы – алып бәйтеректі тауып, соның түбінде самұрықтың көмегіне жүгінеді. Ол үшін батырлар самұрықтың балапандарын қанқұйлы жауыздан құтқаруы тиіс болады. Балаларын ажалдан құтқарғаны үшін Самұрық батырдың ерліктеріне жәрдем етіп, жол ашады, оған күш-қайрат беріп, жер үстіне алып шығады. Мәселен, Фирдоусидің «Шаһнама» дастанының басты кейіпкері Сам палуан да өзінің ұлы Дастан-Залды құтқару үшін киелі құс Самұрықтың ата жауы – жер асты айдаһарын өлтіреді.

Тағы бір аңыздарда ағаштың басында самұрық құс емес Қыдыр отырады. Сондай аңыздардың бірінде Қыдыр жер асты еліне барып, сол жақтағы тірі судың қайнар көзін тауып алғандығы, сол көздің суын ішіп мәңгілік өмірге ие болғаны туралы баяндалады («Бақытын басқа тепкен адам» ертегісі).

Яғни көне халықтар түсінігі бойынша, мәңгілік әлем ағашы барлық үш әлем мен олардың өкілдерінің күресі мен бірлігінің ортақ көрінісі, жақсылық пен жамандықтың бітіспес тайталасы өтіп жататын қайнаған өмірдің ордасы. Замана желі өтетін айрықша кеңістік деуге болады. Бір қызығы бұлардың арасында шек болмайды. Бүгінгі дәуір мен кешегі дәуір және болашақ арасында уақыттар бір бірімен еш қиындықсыз алмаса береді. Бәйтеректің құпиясын ашып, биігін бағындырған кез келген адам өте көне уақыттарға яғни «ықылым (архаикалық) замандарға немесе сол ықылым замандардан бүгінгі өмірге (уақытқа), бүгінгі уақыттан ертеңгі кеңістікке емін-еркін ауысып жатады. Әдетте, қазақ ертегілерінің денінде үш әлемнің арасындағы тайталастан жеңіп шыққан кейіпкерлер алып үңгірлерге тап болады. Сол үңгірдің бір түкпірінде іші қазынаға толы алтын сандық табылады, сандықтың үстінде алтын жемісті, күміс бұтақты мәңгілік ағаш – Мықан ағашы өсіп тұрады. Яғн батырлыр сол алтын сандығының үстіне шығып, бір қолмен оның тұтқасынан, екінші қолымен ағаштың күміс бұтағынан ұстап тұрып, көзін жұмады да өзінің көңілі қалаған жеріне әлгі қазыналы дүниені көшіріп ала қояды. Яғни атам қазақтың қиялында шек жоқ жоқ. Бір кеңістіктен екінші кеңістікке емін-еркін ауысады. Мықан ағашы құдды бір құпия әлемдердің қасиетті қақпасы тәріздес. Бұл жерде уақыт пен кеңістіктер түйісіп, уақыттар алмаса береді.

Тұрсын Жұртбайдың пайымынша, сонымен қатар Мықан ағашы – мәңгілік өмірдің бастауы және сол мәңгіліктің өзі. Шекті мен шексіздің, жарық пен қараңғылықтың, фәни мен бақидың, аспан мен жердің, тірі мен өлінің, тылсым мен тірліктің құдіретті де киелі дәнекері. Салттық рәсім мен салт жырларында (әсіресе, қазақ арасындағы қара өлең сарынында да) нысан береді. Мәңгілік өмір Бәйтерегіндегі кеңістіктің өзі сан қатқа (жеті қат аспан, жеті қат жер, он тоғыз мың ғалам, күн астындағы Күнікейдің елі, жер астындағы Жыланбаптың елі, Тескентаудың ар жағындағы Темір ханның елі тағы басқалар болып бөлінеді. «Ерте, ерте, ертеде» деген тұрақты тіркес – сол әсіреәфсаналық көркем кеңістіктің қатпарлы жүйесі, яғни, бұл осы жаратылысқа дейінгі жаратылыстан бұрынғы дәуірдегі кеңістік пен уақыт боп қатпарлана береді. Бір кеңістік екінші кеңістікпен алмағайып алмасып, оқиғаның түпкі көркем түйсігі мен себебіне, көркем көзқарасына орай жүйеленеді. Бәйтеректің бұтағы – аспан әлемі, діңі – жер, тамыры – жер асты тылсымы, немесе – өмір, алмағайып дүние, өлім шекарасы боп бейнелене береді. Мұны әр халықтың жаратылыс туралы көркем танымы анықтайды. Қалайда Мықан ағашы мәңгілік өмірдің саясы ретінде қасиеттеледі. Қазақтың жаһандағы жалғыз ағашты кие тұтып, ақтық байлауында сондай нанымды сана нышаны бар [7].

Жалғасы бар...

Әдебиеттер:

1 Жұртбай Т. Әлемдік мәдениеттану ой-санасы. Он томдық. Т.2. Мифология құрылымы мен рәміздері. Алматы: Жазушы, 2005. – 568 б.

2 Штернберг Л.Я Первобитная религия. Ленинград:Издательство Института Народов Севера ЦИК им П.Г.Смидовича, 1938,-574 с.

3 Ямаева Е. Священное дерева и его атрибуты/Национальное наследие и современность. Горно-Алтайск. 1984,-184 с.

4 Қондыбай, Серікбол Толық шығармалар жинағы; Гиперборея: түс көрген заман шежіресі- Алматы : Арыс, 2008

5 Келімбетов Н. Оғызнама. 

6 Тойшанұлы А. Түрік-моңғол мифологиясы. Монография. – Алматы: Баспалар үйі, 2009

7 Мықан ағашы [Текст] / Т. Жұрбай // Қазақ әдебиеті. - 2006. - 17 наурыз (№11). - С. 12