Көшпенділер атты қолға үйретудің арқасында бұйығы жатқан адамзатты бір-бірімен тығыз қатынасқа түсірді. Сенесіз бе?
Қазақстан – жылқыны бірінші қолға үйреткен мекен
Адамзат әуелде жаяу еді. Жаяу болған соң, дамуы да баяу еді. Қаншалықты баяу дамығанына бір дәлел: адам атты қолға үйреткенге дейін, 2 миллион 600 мың жыл бойы тас ғасырда өмір сүрді. Бұл дегенің тас ғасыры адамзат өмірінің 99 пайызын жалмап қойды деген сөз ғой. Сол миллиондаған жылдық ғұмырында еш өзгеріс жоқ еді. Бұл кездегі адамзаттың тіршілігі құдды жан-жануардікі секілді – тіршілік пен өлімнің таусылып бітпейтін тізбегі ғана еді.
Атқа қалай мінді, адам солай тас ғасырды тастап шықты. Мыс, қола, темір дәуірлеріне аяқ басты. Атқа мінгеннен бастап, адамзаттың өмірі тарих деп атала бастады. Иә, ат тарих жасады. Адамзатты дамудың даңғылына алып шыққан ат ең алғаш Қазақ жерінде, Ботай қонысында қолға үйретіліп еді.
Ботай қонысы – жылқының ғана емес, күмбездердің де алғашқы отаны
Ботай қонысы. Осыдан 5,5 мың жыл бұрын дәл осы мекенде тарпаңға ауыздық салынды. Бұл қоныстың табылуы да қызық. Солтүстік қазақстан облысы мен Никольское ауылы маңындағы кішкентай ғана арық 1981 жылғы көктемде қатты тасып, жағаларды шайып кетеді. Осы жарлауыт жағалаулардан содырайып-содырайып көп сүйек көрінеді. Ауыл жұрт ежелгі мал қорымы екен деп, арнайы мамандарды шақырады. Зерделей келгенде, расымен сүйек-қаңқалар үй жануарына, оның ішінде жылқыға тиеселі екендігі анықтайтын. Ат сүйегі тым көп шыға берген соң, бұл іске Виктор Зайберт бастаған археологтар тартылады. 3 жыл бойы ауыздық қажаған тістер, адам салмағынан майысқан ат омыртқаларын зерттеген жас ғалым бұл қоныс адамзаттың ең алғаш жылқыны қолға үйреткен мекені деген сенсациялық жаңалықты жария етеді. Осы сәттен бастап жылқыны алғаш қолға үйрету осыдан 5,5 мың жыл бұрын Қазақ жерінде іске асты деген дерек күллі тарих кітаптарына таңбаланып түседі.
«Никольское қонысы» аталып кетер ме еді...
Бұл қалай? Тарпаңға бірінші боп бұғалық салған жер өзіміздің Ботай қонысы емес пе дейсіз ғой... Рас айтасыз. Бірақ, тарих кітаптарына біздің Ботай ілінбей, «Никольское тұрағы» деген термин еніп кетер еді. Ондай тарихымызда болған. Қола дәуірінің қазақстандық нұсқасын «Андронов мәдениеті» деп айтып, жазып жүрміз емес пе?! Себебі, қола дәуіріне тиесілі қоныс – Андронов атты орыс ауылының жанынан қазып алынып еді.
Атты алғаш қолға үйреткен мекеннің де аты орысша аталып кетер еді. Тек... Виктор Зайберт деген немістің ерен еңбегі, мың дәлелінің арқасында, ол өкініштен аман қалдық. Былай ғой. 1981 жылы табылған көне тұрақты археолог Виктор Зайберт зерттей келе бұл жай ескі қоныс қана емес, жер бетінде ең бірінші атты қолға үйреткен ауыл екенін түсінеді. Іле онысын әлемге дәлелдейді.
Бірақ, бір қызығы Виктор бұл көне тұрақты «Никольск қонысы» деп емес, «Ботай тұрағы» деп атайды. СССР-дің ғалымдары, орыстың мықты зерттеушілері бірден қарсы шығады. Дау-дамай туады. Археология заңы бойынша, «қоныс-жәдігер қай ауылдың маңынан табылды, сол кенттің атымен аталуы керек. Ботай дегенді қайдан шығардың?» дейді ғой олар.
Рас, жақын төңіректе Ботай деген ауыл жоқ еді. Бірақ, ғалым Виктор бұл аумақ кезінде Ботай руының жайлауы болғанын алға тартады. «Никольское» деген атау – әлемнің бар тіліне ыңғайлы еместігін, тартымды еместігін дәлелдейді. Ал Ботай атауы әуезді, тез жатталарын айтып, көндіреді.
Ботай десең, дала елестейді. Арғы жағында қаһарман Батый, жайылып жүрген бота көзге көлбеңдейді деп қояды. Иә, осы Виктордың арқасында ең алғаш атты қолға үйреткен қоныс қазақша ат алды.
3 мың жыл бойы. Иә, 3 мың жыл бойы әлем жылқыны осы Ұлы Дала жұртынан алып отырды. Жоқ, жер бетінде жылқы жоқ емес, көп. Ол кезде Еуропада да, Азияңда да жабайы ат үйір-үйірімен жайылып жүретін. Бірақ, көшпенділерден өзге бірде-бір халық жылқыны мініске үйрете алған жоқ еді. Ол кездегі атты үйрету – бүгінгі ғарышты меңгергеніміз, компьютер арқылы ғаламды басқарғанымыз сияқты ғажайып инновация болатын.
Қырым Алтынбеков, суретші, реставратор:
– Үйретілген ат – ең керемет құнды нәрсе. Оны әрбірі үйрете алған жоқ. Тарихтарды қарап отырсаң, көшпенділерден басқалар атқа мінген де жоқ. Көшпенділер үйретілген атты көрші мемлекеттерге сатып, көп пайда тауып отырды. Өйткені үйретілген ат қазір біздің қазіргі ұшақ сатып алған сияқты. Соның арқасында байып отырған.
Адамзат жаяу кезде жер шарына тек өзендердің бойымен ғана тарап отырды. Ал, шөбі шүйгін, ұлан-ғайыр далалар бос жатты. Себебі адам ондай ұлы жазықтарды бағындыруға әлі жетпейтін. Себебі жаяу кісі 30-ақ шақырым жүре алатын. Қалай атқа мінді, адам баласы тәулігіне 200 шақырымды оңай еңсеретін болды. Ал жылдамдығы 6 есеге артты. Көшпенділер атты қолға үйретуі арқасында, бір-бірінің бар екенінен бейхабар Шығыс пен Батыс өркениеттерін өзара таныстырды.
Виктор Зайберт, археолог: – Атты ерттеп міну жаяу өмірден құтқарды. Адамзаттың жаяу кезіндегі ауылдарын, қоныстарын қарасаңыз, өз тезектеріне өздері көміліп жатқан, бұйығы бір тіршілік иелері еді. Ал, қалай атты қолға көндірді, солай өзгеріп сала берді. Ат өмірдің ритмін өзгертті. Ат ақпарат алмасуды, барыс-келісті жеделдетті.
Атты ерікке көндірмеген, әлі ерттеп мінбеген, тым ерте замандарда біз кім ек? Атсыз ек. Иә, Атымыз танылмаған, көптің бірі ек. Қалай атқа міндік, Аттылы болдық, солай әлем аренасына «көшпенділер» деген Атпен атып шықтық. Ат үстінде жүріп жау Аттық.
Көшпенділер атты қолға үйретудің арқасында бұйығы жатқан адамзатты бір-бірімен тығыз қатынасқа түсірді. Сенесіз бе? Ат жоқ кезде халықтардың бір-бірімен байланысы нашар болғаны соншалық, көрші тұрған екі қалаға өзара араласа алмағаны себепті Құдай әлгі шаһарлардың әрқайсысына бөлек-бөлек пайғамбар жіберіп отырған. Араласпайтын, араласу қиын болған ғой, сонда?! Мысалға Ибраһим мен Лұт пайғамбарлардың қалалары бір-бірінен 100 шақырымдай-ақ болған. Барып келу алапат ауыр болғаны ғой?! Ал қалай аттылар пайда болды, солай әр ауылға 1 пайғамбар деген жойылды. Енді ұлттарға, адамзатқа елшілер келу дәуірі басталды.
Жылқы жыл санауды үйретті
Ат баға бастаған сәттен-ақ адамның киімі, үйі, ең соңғысы уақытты бағалауы өзгерді. Көшпенді мидай жазық далада жылқы ғана баққан жоқ, түнде жұлдыздарды бақты. Сол аспандағы шырақтарға қарай отырып, қай жылы қуаңшылық, қай жылы молшылық боларын дөп тауып, алғаш рет әлемде жыл санауды ойлап тапты.
Көшпенділердің күнтізбесі үш негізге сүйене отырып жасалған. Біріншісі, Айдың жерді айналуы, екіншісі Жердің Күнді айналуы, үшіншісі Күн жүйесіндегі ең алып ғаламшар Юпитердің Күнді айналу уақыты. Алғашқысын далалықтар ай деп, екінші жүйені жыл деп, үшіншіні мүшел деп атап кеткен. Дәл осы 12 жылға негізделген жыл санауды қалай ойлап тапқаны жайлы Махмұд Қашқари керемет бір дерек қалдырған:
«Ежелгі қағандарының бірі өзінен бірнеше жыл бұрын болған бір соғыстың болған уақытын анықтауды қалайды; ол осы соғыстың болған жылынан жаңылысады; ақырында бұл іс үшін Қаған ұлысымен кеңес құрады және құрылтайда «Біз бұл мезгілден қалай жаңылсақ, бізден соң келешекте жасайтындар да жаңылысады; олай болса, біз енді аспандағы он екі шоқжұлдызы және он екі санына сәйкес әр жылға бір-бір ат қоялық; сауда-саттығымызды бұл жылдардың өтуімен түсіндірелік; арамызда ұмытылмас бір белгі есебінде қалсын» деді. Ұлыс қағанның бұл ұсынысын мақұлдады.
Бұдан соң қаған аңға шығады. «Түз хайуандары Іле өзеніне тура әкелінсін» деп әмір береді. Ол үлкен бір өзен еді. Халық бұл хайуандарды қыспаққа алып, суға қарай қуады. Хайуандарды аулайды; бір топ хайуан суға секіреді; он екісі судан өтеді; әр кешіп өткен хайуанның аты бір жылға ат болып тағылады. Бұл хайуандардың біріншісі тышқан еді. Алғашқы кешіп өткен хайуан болғаны үшін жылдың басы бұл атпен есте қалды және «Тышқан жылы» деп аталды; мұнан соң кезегімен кешіп өткен хайуандардың аттары жылдарға берілді: Сиыр жылы, Барыс жылы, Қоян жылы, Балық (ұлу?) жылы, Жылан жылы, Жылқы жылы, Қой жылы, Мешін жылы, Tауық жылы, Ит жылы, Доңыз жылы. Кезек Доңыз жылына барғанда, айналым қайтадан Тышқан жылынан басталатын болады».
12 жылдық мүшелді көшпенділер ойлап тапқанын француз ғалымы Эдуард Шаванн «Le Cycle turc des Douze Animaux» атты еңбегінде баса айтып өтеді. Ол 12 хайуанның аты берілген күнтізбені түркілерден қытайлар алғанынына бірнеше дәлел де келтіреді. Қош, жылқы адамды Ұлы далаға алып шықты. Сол Ұлы дала төсінде аспан баққан көшпенділер осылайша әлемге уақытты бағалауды, күн, ай, жылды санауды үйретті.
Дала тағысы үй жануарына айналды: үйкүшік адам далалыққа айналды
Жылқыны тұсап, үй жануары еттік. Ол өзгерді, өзімен бірге адамды да өзгертіп жіберді. Тұлпар адамды жықпыл-жықпылдағы кепе үйлерден жазыққа, Ұлы Далаға алып шықты. Осылайша, әлемде өмірдің жаңа түрі – көшпелі өмір салты пайда болды.
Осы арада көшпенді өмір адамзатқа не берді деген сұрақ қояйықшы. Бүгінгі заманның тұрғысымен алсақ, немен пара-пар? Батыс ғалымдары осы сұраққа ойланып келді де, мынадай қорытындыға келді: Көшпеліліктің пайда болуы – бұл жаңа кеңістікті игеруге мүмкіндік берді. Бұл жаңалық тұрғысынан алғанда, адамның ғарышқа ұшуымен пара-пар жаңалық. Неге? Адамзат үшін қазір – ғарыш жаңа кеңістік. Ал бір кездері адамзат үшін Еуразия да жаңа кеңістік болған. Көріп отырсыздар! Осы екі кеңістіктің игерілуі біреуі көшпенділікпен байланысты, біреуі мынау техниканың дамуымен байланысты. Екеуі пара-пар.
Жылқы киіз үй ойлап табуға себепкер болды
Жылқы соңынан ілескен көшпенділер құйын ойнаған далада, бұрынғы төрт бұрышты жертамдарын тұрғыза алмады. Себебі, жел-дауыл құлатып кететін, ыңғайсыз болатын. Осы кезде, біздің аталар әлемде жоқ архиктектураның жаңа үлгісін өмірге әкелді. Далада күмбез пішіндес үйлер пайда бола бастады.
Виктор Зайберт, археолог: Күмбез пішіндес ғимарат – бұл архитектурадағы революциялық шешім еді. Міне, қазіргі діни шіркеу, мешіттердің төбесіндегі күмбездің арғы атасын осы көшпенділер жасап кетті. Сонымен дөңгелек пішінді үйлерді қалай жасады? Ботайлықтар бұл үлгіні – себет тоқу технологиясын қайталаудан шығарды. Дөңгелек себеттің сыртына балшық жақса, ыдысқа айналатын еді. Сол ыдысты төңкерсең, киіз үйдің макеті пайда болады. Міне, алғашқы киіз үйлер осылай пайда болды. Ботай тұрағындағы үйлердің дені – жартылай жертөле күйде соғылған. Бұл – боранды-дауылды климатта, үйді сұлатып кетпес үшін әрі қыс уағында жылы болу үшін ойлап табылған амал еді.
Жылқы басының көбеюінен біздің арғы аталарымыз даланың бір шетінен екінші шетіне сол көп үйірдің соңынан ілесіп жүру керек болды. Осы кезден бастап, бұзып-қайта жинауға ыңғайлы, сүйегі жеңіл киіз үйлер алмастыра бастады. Ал, жерге жартылай көмілген, күмбез тәрізді бұрынғы үйлеріне ботайлықтар марқұмдарын қоятын болды. Жылдар өте мұндай көне жерлеу үйлері пирамида пошымына ұқсап қалатын. Иә, алғашқы пирамида осы Ұлы даладан басталып еді.
Бір құдай идеясы Ұлы далада пайда болды
Ұлы даланы мекен еткен көшпенділер 24 сағат аспанның астында еді. Осындай өмір салт – бір Құдай идеясын тудырды. Әлемде Жаратушыны жалғыз санайтын 3 дін бар. Иудаизм, Христиан және Ислам ілімдері. Осы 3 ілімнің бастауында Авраам, енді бірде Ибраһим аталатын кісі тұр деседі. Енді, діни кітаптарға қарасаңыз, сол Ибраһим Шығыстан яғни Ұлы даладан келе жатады. Бұл да есіңізге бірдеңені түсірмей ме...
Жылқы мінезді қазақ
Жылқы – дала халқының тұп-тура 5 мың жыл жан серігі болды. Мінсе – көлігі, қарны ашса ас болды, шөлдесе – сусын, тоңса киім болды. Жылқы мен қазақтың жаны – бір. Қазақтың тағдыры атқа мықтап байланғанын сол қазақтың сөзінен де білуге болады. Алаштың баласы әр сөзінің астарын атпен сабақтайды. Айтар ойын, адам мінезін, өмірінің әрбір белесін, тұлғаның қалыптасу кезеңдерін жылқымен қатыстыра суреттейді. Дәлелге тартсақ, мысалда қисап жоқ. Дегенмен, еске түскен бірен-саран тіркестерді тізіп көрсек.
Бекболат Тілеухан, Мәжіліс депутаты: – Қоғамнан орын таппаққа бет алған жанды қазекең «ат жалын тартып мінді» десе, мансапқа қолы жеткенді «атқамінер» дейді. Ұшқыр (бұл да атқа қатысты сөз) ойлы жанды «ат сүрінгенше ақыл тапқан» деп, баршаның көңілінен шыққан кісіні «су төгілмес жорға» дейді. Билік алғанды «екі тізгін, бір шылбырды қолына алған» десе, әріптесіне «үзеңгі жолдас» деп ат қойған. Сыйы асып, елге еңбегі өткен егде кісінің қадіріне байланысты «жақсы аттың жағын ашпайды» дейді. Ақылы асқан жасты «тайында тұлпардан озған» деп бейнелейді. Өзі біліп, іс қылғанды «қамшы салдырмас» десе, ісі баяу жайбасарды «шабан» деген. Істің байыбына бойламайтын, шала шешімді «ат үсті» деп атап, аңқауды «астындағы атын алты ай іздеген» деп қағытады. Ала қотырын үйірге жұқтырған кеселді малдай бүлікшілді «ел ішін алатайдай бүлдірген» деп сипаттаса, кетіскен жанды «ат құйрығын кесісті», табысқан жанды «ат айналып, қазығын тапты» дейді. Ақылы шолақты «ат құлағынан әріні көрмес» десе, әрнәрсеге орынсыз ұрынған сұғанақты «соқыр құлын аттан емшек іздейді» деп әжуалайды. Ештеңе жақпайтын, қанағаты кем, шүкірсіз жанды «аты к..тін, к...ті атын жақтырмас» деуі анайылау болса да, айызды қандырғандай тіркес. Өнер оздырғанды «ақтаңгер», бәсі жоғарыны «шоқтығы биік», жарысты «бәйге», таласты «дода» деуі, бәрі-бәрі – жылқымінез халықтың болмысымен біте қайнасып кеткен ұғымдар.
Айыбына ат-шапан беріп, бәсіреге тай атап, құрметтісіне ат мінгізу – бұл сөз ғана емес, сан ғасырдан жеткен салт еді. Ұлттық ойындарымызды да атсыз елестету әсте мүмкін емес. Бәйгеңіз де, аударыспақ, көкпарыңыз да, теңге ілу мен жамбы атуыңыз да ат үстінде өтеді. Санаға сіңісті болған сөз орамдары – ұлттық болмысыңның ұстыны. Ат – айбарым ғана емес, адамзат өркениетінде орнымды көрсеткен айғағым.
Қазақтың сөз тіркесі, мәтелінің 30 пайызы атқа қатысты екен. Осыдан-ақ жылқы біздің жұрт үшін, көлік қана емес, маңызы, масштабы тым кең, тым алапат. Көлік дегеннен шығады. Қазір адам баласы темір мәшинелерге көшкенімен, сол көліктің қуатын аттың күшімен есептейді. Бұл – адамзат өркениеті аттың тұяғымен құрылғанын мойындаудың төресі...
Ат сыйлаған құмарлық
Ат адамға құмарлық сыйлап кетті. Ол – қырдың арғы бетінде не бар екенін көрсем деген құмарлық. Осы құмарлықпен көшпенділер Еуразияны игерді. Азия Еуропаны ашты. Кейін осы ат сыйлаған құмарлық – мұхиттың ар жағын көруге ұмтылдырды, қос Американы, алыстағы Австралияны ашқызды. Ертең алыс ғарышқа аттанып жатсақ, ол да сол – кеудемізге тұлпар салып кеткен құмарлықтан деп біліңіз...