Шежірелі Шіркейлі
20.11.2018 2963
Қызылорда облысы Сырдария ауданындағы Шаған ауылынан Шіркейлі ауылына «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізімен беттесеңіз, осы екі аралықта Қос асар ІІ қалашығы көрініп тұр

Үлкен күрежолдың оңтүстік беткейіндегі қос төбе Шаған елді мекеніндегі Үлкен және Кіші асарлардың жалғасы болып саналады. Бұл жерге 2015 жылдан бастап Ә. Марғұлан атындағы археология институты мен Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығы қазба жұмыстарын жүргізіп, ежелгі қаланың орнын анықтаған. Зерттеу жұмыстары нәтижесінде құнды жәдігерлер табылып, қаланың өмір сүрген мерзімін анықтауға үлкен септігін тигізді.

Өңірде Қос асар қалашықтары Сырдария және Қармақшы ауданында орналасқан. Қармақшыда Үлкен және Кіші Қос асар қалашықтары болса, Сырдарияда Қос асар І, Қос асар ІІ қалашықтары бар. Осылардың ішіндегі Шіркейлі ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 6 шақырымда орналасқан Қос асар ІІ қалашығын археологтар б.з. V-ІХ ғасырларды қамтиды деп мерзімдеген. Жетіасар мәдениетінің жұрнағы саналатын қалашықты зерттеушілер үш мәрте бұзылып, қайта тұрғызылған деп пайымдайды.

Негізінен, Қос асар ІІ қазіргі уақытта тұрғын үйлер мен құрылыс орындары ғана сақталған шағын қала орны болып табылады. Қос төбенің шығыс асары цитаделінің диаметрі 50 метр, оның сақталған биіктігі 8 метр. Ал батыс асар цитадель мен алаңы бар дұрыс дөңгелек формалы. Цитадельдің сақталған биіктігі 10 метрге жетеді. Осы батыс асарға жүргізілген қазба жұмыстары барысында үлкен және кіші екі бекініс орны табылған. Сондай-ақ, бірнеше бөлмеден тұратын үй-жай анықталған.

Қазба жұмыстарының кезінде қолға түскен негізгі археологиялық материал – керамика. Оған қоса, қалашықтан сүйектен (бұғы мүйізі) жасалған бұйымдар, белдік доғасы, шыны бұйымдар, қола қазан тұтқасы, кішкене қола қоңырау, қайрақ тастар және мыс тиындар табылған. Бұл жерден көмір де шығыпты. Табылған қыш ыдыстар ортағасырлық Жанкент, Сортөбе және Сауран қалашықтарының ІХ-ХІІ ғасырлардағы керамикаларымен сәйкес келетінін көрсетеді. Мұнда Оғыз мемлекеті өмір сүрген кезеңмен сәйкес келетін ошақтың орны да белгілі болған. Оны тазалау барысында қасқыр тісі мен қой сүйегінен жасалған тұмар мен ғұрыптық мақсатта қолданатын бүтін қыш ыдыс табылыпты.

Қос асар ІІ қалашығы туралы Шіркейлі ауылының ақсақалы Біләл ата Махашұлынан сұраған болатынбыз. Қария қос төбенің батыс беткейіндегісі биік екендігін және кезінде мұнда 4 биік ағаштан тұрғызылған белгі беретін ошақ болғанын айтты. Оған адамдар 7 сатымен көтерілген екен. Кейіннен бұзып тастапты. Бұдан бөлек, ауыл ақсақалы кезінде елді мекен тұрғындары осының бойын қазып, алтын іздегенін де айтты.

– Қарақалпақстанда бір кемпір «Қос асардың бойына менің атам көзе алтынды тығып кеткен. Өзім барсам қай жерде екенін білемін» деген екен. Өзі қартайған болу керек. Осыны естіген тұрғындар Қос асардың айналасын қазып, алтынды таба алмапты дегенді естігенмін, – деді Біләл ата. Сонымен бірге, ақсақал қалашықтың маңында жерленген Бәттәл батыр туралы аңыз-әңгімеге тоқталды.

Аңыз бойынша, 18-20 жас шамасындағы Бәттәл батыр бір жорыққа кеткенде ауылын қарақалпақ сарбаздары шауып, малын айдап кетеді. Батыр жорықтан келгенде азан-қазан болып жатқан ауылындағы жағдайды біліп, қарақалпақтардың артынан қуады. Жауды қуып жетіп, жалғыз өзі шайқасады. Көпке жалғыз қарсы шыққан соң батыр жараланады. Алайда, жауды талқандап, ауылын азат етіпті.

Шайқастан ауыр жараланған жас батыр жолда Қос асар ІІ қалашығының тұсында әбден әлсіреп, аттан құлайды. Осы жерде ол жан-тәсілім еткен. Ал батырдың аты өз үйін тауып келгенде әкесі баласын іздеп, қалашық жанынан денесін табады. Тапқан жерде ұлын арулап көміп, жер қойнына табыстайды. Содан біршама уақыт өткенде баласының бейітіне келген әкесі жылап отырып «Бәттәлжан» деп айқайлайды. Сол мезетте «Ләпбай, әке» деп баласы үн қатады. Осылай екеуі бірнеше мәрте тілдесіп, әкесі үйіне күлімдеп келетін болған. Мұны көрген батырдың анасы «Ұлыңның бақилық болғаны кеше ғана. Күлесің де жүресің. Жын ұрғаннан саумысың?» дегенде, батырдың әкесі барлық мән-жайды түсіндіреді. Оны естіген анасы да баласымен тілдескісі келетінін жеткізеді. Әкесі жарынан жыламауын талап етеді. Екеуі қалашық маңына келген. Әдеттегідей, әкесі «Бәттәлжан» дегенде «Ләпбай, әке» деген дауыс шығады. Осы мезетте анасы көз жасына ерік беріп, жылап жіберген. 

Мұнан кейін барғанда әкесі баласымен тілдесе алмайды. Қанша айқайлағанымен, үн шықпайды. Ал келесі келгенінде алыстан батырдың дауысы естіледі. «Әке, мен терең судың астында жатырмын» деген дауыс еміс-еміс естіліп, содан кейін үн шықпаған. «Міне, содан бері өмірден өткен кісінің артынан көп жылауға болмайды деседі» деді аңыз-әңгімені аяқтаған Біләл қария. Шынында, біз Қос асар ІІ қалашығына барғанымызда солтүстік-батысқа қарай 200-250 метр жерде Бәттәл батырдың бейіті тұр. Оны ұрпақтары кірпіштен жаңалап тұрғызған екен.

Шіркейлі ауылының төңірегінде Жетімасар қалашығы да бар. Бұл елді мекеннің оңтүстік-шығыс жағында 5-6 шақырымда орналасқан. Бұл жалғыз болған соң «Жетім асар» деп аталған болуы керек. Жоспарында дөңгелек формалы, қалашықтың сақталған ең жоғарғы биіктігі – 7 метр. Ескерткіш тақтада қалашықтың уақыты белгісіз делінген.

Төбенің үстіне келгенімізде Біләл ата мұнда да 4-5 метр биікті құрайтын белгі беретін ағаш болғанын айтып, бұл қалашықтың маңында тағы бір батырдың жерленгенін жеткізді. Қалашықтың маңайында қорым бар. Сол қорымда қылыш қожа руының батыры Дөнен батыр жерленген екен. Дөнен батыр – Сыр өңірінде қару ұстап, ел қорғаны болған батырлардың бірі. Жоқшылықтың кермек дәмін татқан батыр өз ағайынының жетім балаларына қамқор болған. «Не жасасам да осы жетім балалар үшін жасадым» дейтін көрінеді. Бұл жер Қарақалпаққа дейін жалғасып жатқан үлкен күрежолдың бойы болған. Яғни  «Шымбай жолы» деп аталып, керуендер жүрген, ат дүбірі толастамаған. Сол кезеңдерде өмір сүрген Дөнен батыр «Мен өмірден өткенде осы күрежолдың бойына жерлеңдер. Ат дүбірін естіп жатайын» деген екен. Міне, сол бойынша батырдың мүрдесі осы Жетімасар қалашығының маңына жерленіпті.

Археологтар Шіркейлі ауылы аумағындағы Қос асар ІІ қалашығына зерттеу жұмыстарын жүргізіп, құнды жәдігерлерді тапқан. Қалашыққа қазба жұмыстары толық жүргізілсе, әлі де көптеген құндылықтарға қол жеткізеріміз анық. Көне қаланың орны ашылса, бұл жер туристік нысанға айналуы да әбден мүмкін. Оған қоса, Жетімасар қалашығында да тұнып тұрған жәдігер, анықталмаған сыр бар екені айқын. Бұған да археологиялық жұмыстар жүргізілсе, талай болжамдардың расталуына мүмкіндік болар еді.

 

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ,

Қызылорда облысы,

Сырдария ауданы