Нұрлан Құлбаев: Сәулеттік ескерткіштер тарихтан сыр шертеді
08.08.2018 4126
362 әулиенің мекені саналған Маңғыстау жері – тарихи орындарға, сәулеттік ескерткіштерге бай өлке. Республика бойынша ішкі туризм саласын дамытуда үлкен мүмкіндігі бар аймақ

Туризм кластері бойынша Маңғыстау түбегі мен Үстірттің маңы, Каспийдің жағалауы таптырмас орын. Жер асты мешіттері, сәулеттік ескерткіштері, балбал тастары, қасиетті де киелі жерлері талай туристі өзіне шақырып, баураған. Бір сөзбен айтқанда, Маңыстау – аспан астындағы мұражай кешені.

Өткен жылы Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов аймақтағы туризм кластерін дамыту аясында алдымен  маңызды тарихи-мәдени ескерткіштерге барып, тағзым еткен болатын. Сол сапарында Е.Лұқпанұлы: «Осындай киелі жерлер біздің облысымызда аз емес. Егер бүгін тарихшы-ғалымдар қызығушылық танытса, ертең ол саяхатшылардың жиналатын орнына айналуы мүмкін. Елбасымыздың «Рухани жанғыру» бағдарламасы аясында ғылыми зерттеу жұмыстары барысында көріктендіру,  туристік ескі және ортағасырлық археологиялық ескі қаланың орны мен мекенін қолдану бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәдени инфрақұрылым кеңейтіліп, насихаттау және тарихи-мәдени құндылықтарды дәріптеу жұмыстары жүргізіліп, мәдени мұраларды зерттеудің толықтай жүйесін құрудың тетіктері жүзеге асырылуда»,-деген болатын.

Дегенмен, бүгінгі күнге дейін сол мәдени мұраларға ғылыми негізде зерделі зерттеу жұмыстары толыққанды жүргізілді дей алмаймыз. Әлі де қаншама тарихи орындар, жерлеу кешендері әлі күнге дейін ғылыми тұрғыда зерделене қоймағаны белгілі. Кезінде жеті жұрттың атамекеніне айналған өңірде қаншама көне шаһарлар, мәдени-тарихи ескерткіштер және өзге де тарихи құндылықтар болды. Кейбірі замана ағымымен көзден ғайып болса, ендігі бірінің жұрнақтары бүгінгі заманға дейін жетіп отыр. Біз өткенімізді бағалай біліп, рухани құндылықтарымызды қастерлей білсек, тиянақты жұмыс жүргізетініміз анық.

Әр облыстың тарихи-мәдени ескерткіштерін, рухани құндылықтарын тізімге алып, зерттеу жұмыстарын жүргізетін мекемелері бар. Сондай мекеменің бірі - «Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы» мемлекеттік мекемесі. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» мақаласында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында «National Digital History» порталы Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен «Киелі мекен – Маңғыстау» экспедициясын ұйымдастырды. Сол Маңғыстау облысына жасаған сапарымызда тарихи мұралардың қорықшысына айналған мекемеге бас сұғып, басшысы Нұрлан Құлбаев ағамызбен сұхбаттасқан болатынбыз. Мекеме жұмысының мақсаты мен міндеті, рухани жаңғыру бағдарламасы аясында атқарып жатқан жарқын жобалары жайында сұрап білген едік.

Құрметті Нұрлан Абызұлы, өзіңіз басқарып отырған Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы Маңғыстаудың тарихи-мәдени құндылықтарын сақтап, олардың шежірелі тарихын тарқатып отырған киелі шаңырақ. Қорық қызметінің мәні мен мақсатын таныстырып, мекеме қызметкерлерінің негізгі жұмыс бағыттарын атап өтсеңіз?

Маңғыстау мемлекеттік мәдени-тарихи қорық кешені 1980 жылы құрылды. Мақсаты Маңғыстау облысындағы тарихи-мәдени ескерткіштерді анықтау, қорғау, сақтау, қалпына келтіру жұмыстарына ұсыну, қазба жұмыстарына қатысу және  тарихи-мәдени құндылықтарымызды құжаттандыру.

Қазіргі таңда мекемеде «Ескерткіштерді есепке алу және қорғау», «Сәулет», «Археология», «Экскурсия-көпшілік бөлімі» және ескерткіштердің құжаттары, тарихи деректер, бағалы кітаптар мен жәдігерлер сақталатын «Қор» бөлімі жұмыс істеп тұр. 1980-2015 жылдың ішінде қор бөліміне 99771 артефакт пен жәдігер жинақталды.

Қорық қызметкерлерінің негізгі жұмыс бағыттары Маңғыстау түбегі мен Үстірт жотасы, Каспий маңының оңтүстік бөлігіндегі  Бозашы түбегіндегі аймақтарына археологиялық барлау жүргізу және тарихи ескерткіштерді зерттеу, техникалық жағдайларын тексеру. Маңғыстау мен Үстірттің тарихи ескерткіштерін ғылыми зерттеу, мемлекеттік қорғауға алу, насихаттау, сақтау қызметін көздеген қорық мекемесінде қазба жұмыстары, рес-таврация, түрлі бағыттардағы экскурсия жұмыстары жүруімен қатар, ғылыми-әдістемелік кеңес отырыстары мен конференциялар да жиі өтіп тұрады.

Жыл бойында қорықтың «Маңғыстау ескерткіштері», «Маңғыстаудың киелі орындары», «От киесі», «Ежелгі Маңғыстау мұралары», «Ортағасырлық Қызылқала қалашығы», «Сисем ата қорымы», «Маңғыстау петроглифтері», «Түбектің таңғажайып орындары» атты тақырыптық жылжымалы көрмелері ұйымдастырылады. Оларды тамашалауға қала тұрғындары мен қонақтары, студенттер мен оқушылар, өлкеге саяхаттап келетін туристер келеді.

Әр жылда көктем мен күз мезгілдері аралығында мемлекеттік қорғауда тұрған ескерткіштерге тексеріс жұмыстарын жүргіземіз. Іссапар барысында елді мекендерге соғып, сол маңдағы ескерткіштер туралы аңыз әңгімелер, тарихи деректер жинақтаймыз.

Қазіргі таңда облыс көлемінде 590 ескерткіш мемлекеттік қорғауға алынған.  Соның 20-ы республикалық дәрежедегі ескерткіштер. Қалған 570-і жергілікті дәрежедегілер.

Сәулеттік деңгейі жақсы сақталған ескерткіштер Маңғыстау жерінде өте көп. Тіпті олардың қаз-қалпында сақталғаны қаншама. Оның сыры неде?

Киелі Маңғыстау жерін ашық аспан астындағы мұражай дейді. Бүкіл тарихи-мәдени  сәулет ескерткіштерінің батыс аймағындағы шоғырланған жері – Маңғыстау.  Жалпысы Маңғыстау облысындағы тарихи ескерткіштер үш типке бөлінеді. Біріншісі сәулет және құрылыс, екіншісі археология, үшіншісі ансамбльдер (неокропольдер) кешені.

Қазақстан бойынша сәулеттілік деңгейі жақсы сақталған. Тіпті еуразия құрлығына аналогі жоқ ескерткіштер деп әспеттеледі.  Оған дәлел әрбір ескерткіштердің сыртқы және ішкі құрылысы қаз-қалпында сақталған. Тіпті одан бөлек ескерткіштердің ішіндегі бояулары мен жазулары да әлі күнге дейін қанық түсте. Әрбір тарихи құлпытастың құрлысы да ерекше. Қырлары, резбасы, философиялық ұғымда жасалған. Қошқартас, қойтас, сандықтас, ромбы тәріздес құлпытастар бізде өте көп кездеседі. 

Әрбір ескерткіштердің қай заман, қай дәуірдікі екенін анықтай алдыңыздар бар ма?

Әрине оларға типологиялық, хронологиялық жұмыстар жасау арқылы анықтап, ажыраттық. Біздің Маңғыстауда б.д.д. сақ, массагет, скиф дәуіріндегі тіпті одан да әрідегі тайпалардың, осындағы алғаш адамдардың тұрақтаған тұрақтарының орыны сол тастарға, сол сәулетке байланысты ажыратуға болады. Хронологиялық тұрғыдан. Ол неге десеңіз. Осы Маңғыстаудың өзінің ұлы тасы бар ғой. Ақ борлы ракушник. Осы ескерткіштердің барлығы осы Маңғыстаудың өзінен шығатын ақ борлы жінішке ұлу тастан жасалатындығы. Ол жұмсақ тас. Соны кесіп, өңдеп жасайды. Сосын ол тұра берген сайын, оған мүк жабыса берген сайын қатая береді. Эрозияға, желге, жаңбырға ұшырамай сол күйінде сақталған. Содан біздің Маңғыстаудағы ескерткіштер қаз қалпында сақталған.

Маңғыстау жерін  «жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен жер» деп әспеттеп жатады. Сол жеті жұрттың сан алуан мұраларын, олардың тарихтың төрінен алатын орнын анықтай алып жатырсыздар ма? Мәселен мынау ноғайлы заманы, мынау түркімен заманы, мынау алтынорда кезеңі, мынау оғыз дәуірі дегендей. Тіпті одан арғы және бергі тарихтағы сан алуан құнды жәдігерлерді зерделей алдыңыздар ма? 

Мысалы біздің ислам дәуірі қай уақытта келгенін анықтауға болады. Ғылымда археологияны зерттей келгенде үйіктерді (кургань) құрылысына қарай ғасырын шығарып отырған. Жоғарыда айтқандай Маңғыстау жеріндегі  ескерткіштердің жақсы сақталғандығы үшін оларды ажырату бізде оңайырақ болды. Археологиялық қорғандарды (курганьдарды) топырағын алғанда ішіндегі құрылысы күмбезді болып келеді. Күмбезді ескерткіштердің төменге қарай кіретін тесіктері болады. Біздің Маңғыстаудағы үйіктердің ішінде балбалтастар тұрады. Олар көбінесе батырдың не болмаса әйел адамның бейнесі ретінде жасалады. Әлгі қорғандарда сондай-ақ құрбандыққа шалатын шырағдан тұрады. Сол жерге келіп құрбандық шалады да от иесі отқа, тәңірге табынады ғой. Содан келе-келе заман өзгеріп, басқа тайпалар келеді. Олардың діні бөлек болады дегендей.

Ертеде кезде бұл жерді сақтар мекендеді. Оларды ғұндар ығыстырып, олар өз діни наным-сенімдерін қалыптастырды. Олар дейін басқа тайпалар келеді, аландар келеді. Оларда талқандап кетеді. Әр ғасырда мекендеп кеткен тайпалардың іздері қаз-қалпында сақталып қалған. Тастарынан білуге болады. Мысалы Бәйте деген үлкен үйік қорған бар. Соның ішінде бірнеше таңбалар бар. Оның руна жазуы ма, әлде таңба ма? бірде-бір ғалым ажырата алмады. Одан кейін оғыздар келеді. Оғыздар өз мемлекетін қалыптастырып, олармен бірге X-XI ғасырларда ислам діні келеді. Ислам діні келгенде археологтардың қазба жұмыстары дәлелдегендей беттері құбылаға қарап, ислам шариғатымен жерленген сүйектерді көреді. Сондай-ақ бізде белтастар бар. Кішкентай ғана жерден шығып тұратын. Соған қарап біз оның ғасыры X-XI ғасырдың белтастары деп анықтадық. Содан келе-келе оғыздарды қыпшақтар ығыстырды. Ол XI-XII ғасырларда. Қыпшақтардың ескерткіштері белтастардан сәл биіктеу, ферс сияқты келеді. Олардың мұралары XIII-XIV ғасырдың еншісінде. Ол уақытта оғыздардың басым көпшілігі әзірбайжан мен түрікпенге қарай ығысты. Бүгінгі түрікпендер солардың ұрпақтары. Кейін қыпшақтарда Дон арқылы ары кетеді. Біздегі қалып қойған қыпшақтар оғыздармен араласып, мұсылман болып кетеді. Олардың да өзінің сәулеттік ескерткішетірі сақталады. Әр тайпа келген тұсында өзінің мәдени рухани ерекшеліктерін ала келген. Қыпшақтардан кейін Алтынорда пайда болады. Шыңғысхан заманы кезінде моңғал әскерлері тарихи ескерткіштердің басым көпшілігін талқандап, қиратады. Еділ-Жайықтың бойында үлкен Сарайшық деген қалашықтарын салады. Берке Сарай, Батухан деген сияқты. Алтынорда тұсында бүгінгі қазақ жеріндегі көптеген тайпалар бірігіп, өздерінің сарқаншақ іздерін қалдырды. Алтынорда ыдырап, ноғайлардың заманы келеді. XIII-XVI ғасырға дейін жетеді. Олардың іздері Маңғыстау жерінде көп сақталды. Бүгінде ноғай деген ұлттың аты болса, ол уақытта ноғай орданың аты болған. Ноғай ордасының ішінде бүкіл қазақ тайпасының құрамы болған. Кіші жүздің байұлы руы деген тайпа бірлестігі өте көп болған.

Содан кейін Керей мен Жәнібектің құрған Қазақ хандығы орнайды. Осы Еділ-Жайық бойындағы Сарайшықтан бөлініп кетеді. Ноғайлар осы жерде қалады. Кентібаба неокропольі ноғайлы заманынан сақталған ескерткіштер. Ар жағында үштам мазараттары бар. Қожаүмбет, Қарауылүмбет дегендер бар. Барлығы ноғайлы дәуірінің ескерткіштері. Олардың басым көпшілігінде сандықтас ескерткіштер сақталған. Одан кейін түрікпен тайпалары келеді. Оларда бірнеше ғасыр өмір сүреді де, ақтабан шұбырындыдан кейін кіші жүз құрамы оңтүстік жетісу төңірегінен байырғы мекенім қайдасың деп, Маңғыстау жеріне келеді. Түрікпендерді сәл ығыстырып жібереді. XVIII ғасырдан бастап Кіші жүз руларының мәдениеті басталады. Құлпытас, күмбез тамдар, сандықтастар, қиматам, сағанатам бұлардың барлығы біздің ата-бабаларымыздың салып кеткен сәулеттік ескерткіштері.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көтерілген міндеттерді орындау аясында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Әділбек Жақсыбековтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның бірінші отырысының шешіміне сай «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы жүзеге асқан болатын. Соның арқасында «Қазақстанның киелі 100 нысаны» кітабы жарыққа шықты. Маңғыстау өңірінен «Қазақстанның киелі 100 нысаны» қатарына қанша ескерткіш алынды. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасы аясында қандай жұмыстар атқарып жатырсыздар?

«Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасы аясында Қазақстанның киелі нысандарына, киелі географиялық жерлерін анықтау, базасын жасау деген жұмыстар басталды. Ол жұмыстар бойынша біздер де ат салысып көмектестік. Соған біздің Маңғыстау жерінен 15-ке жуық ескерткіштер макро ескерткіштер қатарына енді. Микро дәрежесінде 28 ескерткіш кірді.

Маңғыстау облысы туризм саласы бойынша көшбасшы облыстардың бірі. Облыста ішкі туризмді дамыту жұмыстары ерекше. Тарихи орындарды туризм инфрақұрылымына енгізу арқылы әлемдегі туризм индустриясының негізі қаланды. Сол себепті аталмыш бағытта жүйелі іс-шараларды қолға алу негізгі мақсаттың біріне айналып отырған жайы бар. Соның ішінде тарихи-мәдени туризм жұмыстары енді ғана жанданып келе жатқан сала. Маңғыстауда туристер іздеп келетін тарихи орындар тізбегін айтып өтсеңіз?  

Маңғыстаудың туристік потенциалы ерекше. Жыл сайын түбектегі тарихи-мәдени ескерткіштерді көруге Еуропа, Азиядан, оның ішінде Жапониядан туристер көптеп келеді. Біздің осы қаз-қалпында сақталған тарихи ескерткіштеріміз, ана үстірттің үстіндегі ақ борлы жыра-жыра құбыжық болып жатқан тауларымыз, жатқан тегістік сорларымыз, тақырларымыз, Шерқала мен Айрақты жерлеріміз туристердің талайын қызықтырған жұмбағы көп жерлер.  Туристердің көп келетін тағы бір жері - Шақпақ ата жерасты мешіттері Ондай мешіт Еуразия құрлығы бойынша жоқ. Түркияда Капподокия деген жер бар. Таулардың ішінде үй, мешіт, қонай-үй салып тастаған. Олардың стильі басқа. Маңғыстаудікі олардан өзгеше.

Неге жерасты мешіттері тек Маңғыстау түбегінде орналасқан. Бұл жердің өзіндік аурасы болған бүкіл әулие адамдар, машайықтар, абыздар ислам дінін таратуға осын жерге келген. Бәрінде Қожа Ахмет Иассауимен байланыстарды. Пәленбай мың шәкірттері болған. 63 жасында Яссауи жолымен қылуетке кеткен. Сондай ұғыммен шәкірттері Маңғыстау жеріне келіп, ислам дінін таратқан. Сол мақсатта жерасты мешіттері қазыла бастаған. Бала оқытты. Ислам дініне үйретті дегендей. Шопан ата Иассауидің ең сүйікті шәкірттерінің бірі. Осында келіп оғыз тайпасының Баян баба деген малы көп байына келіп, жалшы болып жұмыс жасайды. Бай оның оқып келгенін байқап, сауатты болған соң, қасиеттерін көрсетіп, қойдың пірі деп атаған. Оның асатаяғы қазіргі жерасты мешіт орналасқан жерге келіп түскен, сол арқылы сол жерге өзінің ислам ілімін жалғастырған. Кейбір тарихи деректерде Хиуа, Хорезмнен келетін ұлы жол Шопан ата арқылы Форттағы Кетік қалашығына кетіп отырған. Маңғыстау жеріндегі жерасты мешіттерінің тарихы Масаты ата мен Шопан атадан басталады. Масаты ата Хорасаннан келген дін таратушы болған.    

Облыс көлемінде соңғы жылдары жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары жайында айтып өтсеңіз?

Маңғыстау жерінде археологиялық ескерткіштер өте көп. Үйіктөбелер, қорғандар, бекіністер Совет үкіметі тұсында Галкин деген зерттеуші ғалым Маңғыстауға экспедициция жүргізді.

Үстірт жазығындағы Сая-төс елді–мекенінен 45 шақырым жерден ғаламат ескерткіш таптық. Бәйіті деген жерге археологиялық қазба жұмыстарын жасағанда, крес тәріздес құрылысы шеңбер ескерткішке кезіктік. Ол ғаламат ескерткіштер қатарына жатады. Бұндай ескерткіш Қазақстан бойынша жоқтын қасында. Соның әрбір жарларында бірнеше таңба тастар болған. Ол тастарды ешбір ғалым аша алмай кетті. Сол күйінде қайта көміп (консервация), жауып кеттік.  Егерде оны қайтадан жерге көміп тастамасақ, ол құлап, тарихи мәнін жоюыда мүмкін еді. Алдағы уақытта ол жерге де толыққанды зерттеу жұмыстарын жүргізетін боламыз.

Соңғы жылдары Маңғыстау облысындағы Қызылқала қалашығы ғалымдардың гу-гу әңгімесіне айналды. Бұл жерде Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағы болған ірі орталық болған дейді. Енді бірі қаланың екінші қабаты барын анықтады. Ғалымдарды тамсандырған Қызылқалаға алғаш археологиялық қазба жұмыстарын жасаған маманның бірі өзіңізсіз. Өз аузыңыздан Қызылқала жайында естісек?

Ғалымдар бұл қаланың тарихын XIII ғасыр деп отыр. Оғыздардың заманы тіпті одан әрі ертедегі тайпалардың дәуіріндегі қала болуы да мүмкін. Олай дейтініміз археологиялық қазба жұмыстары кезінде қаланың астынан тағы бір ерте заманның қалашық тастары шыға бастаған. Сондықтан бұл әлі толық зерттеліп, өз бағасын алды деп айта алмаймыз. Сондықтан әуелден де тіршілік қауымы болғанын анық. Бірақ ол қаланың өзін қай ғасырда талқандағанын білмейміз. Кейін ол жерге оғыздар болмаса басқа тайпалар келіп, Қызылқала деген үлкен бекіністі қаланы салды. Кезінде дүрілдеп тұрды. Бірнеше жыл өзінің қала мәртебесін 3-4 ғасыр сақтап келді. Сосын барып, Шыңғыс хан заманы келгенде оның бүкіл орта Азияны отарлау жорықтағы кезінде қала түгелдей талқандалды.  Қасында Ақмыш сайы мен бағбан бағы бар. Оны XIX ғасырдағы адайлардың үлкендері отырғызған қарағаштар. Сол төңірекке егін егіп, тал еккен.

Біздің маңғыстау жерінде бекіністер өте көп. Әрбір мекендеген тайпаларда оғызы мен қыпшағы бар, ноғайы бар, түрікпені бар өздеріне ыңғалы таулардың, сайлардың жиегінен үлкен бекіністер салып отырған. Қараған, Сығынды, Қарлұбас деген. Бір қарын, Аққорған дегендер де бар.

Нұрлан Абызұлы, мемлекет қорғауына алған әулиелі жерлерде, қорымдарда кейіннен жерленіп қойылған зираттарды көптеп кездестірдік. Мемлекет қорғауына алынған жерге жаңа зираттар бой көтермеу керек еді ғой.

Бұл енді заңымызда да бар ғой тарихи мәдени ескерткішетді қорғау, сақтау пайдалану жөніндегі 36-38 баптарымыз бар. Сол мемлекеттік қорғауға алынған ескерткіштердің қасына қазіргі заманның ескерткіштері салынбауы керек. Заң бойынша. Ол тарихи қалпында тұруы керек. Енді көпшілік тарихи ескерткіштердің айналасына жаңа зираттарды салып жатыр. Мына көне ескерткіштерге нұқсан келтіріп, түрін құртып тұр. Ол бізде күн тәртібінен түспей келе жатқан үлкен өзекті мәселе. Ол бәрібір де қояды. Сөзімізді тыңдап жатқаны жоқ. Біз күнде әрбір моланы күзетіп отыра алмаймыз ғой. Келеді де қазып, жерлеп кете береді. Сол үшін әкімшіліктерге әрбір ауданға, ауылдарға да хаттар жаздық. «Өздеріңіздің территорияларыңыздағы тарихи ескерткіштерге жаңа қорымдарды қойғызбаңыздар, кешен аумағынан 500 метр болмаса 1 шақырым қашықтықта жер бөліп беріңіздер. Сол жерге қойсын қойғылары келсе»,-деп. Ол жерде менің атам, бабам жатыр қоюым керек дейді. Болды сен не істейсің. Бірдене десең, ұрып, өлтіріп кетуі де мүмкін қорық шырақшыларын. Ондай жағдайлар талай болды. 

Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы мекемесінің алдағы уақытта жоспарлап отырған жарқын жобасы қандай?  

Материалдық және материалдық емес мәдени мұралар жөнінде экспедиция ұйымдастыру. Соның 6 бағыты бар. Біреуі сол Маңғысттаудың этнографиясы. Екіншісі Маңғыстауға ертеде 1909 жылы немістің Рерхит Карлст деген ғалымы келген. Сол ғалымның келгеніне 100 жыл уақыт болды. Сол уақыт аралығында ішінде қандай айырмашылықтар, халықтың ішінде қандай процестер болды. Соны ажыратып, анықтау. Үшіншісі ноғайлы дәуіріндегі Маңғыстау жеріндегі сақталған іздері, мәдениеттері. Төртіншісі Маңғыстаудың руна жазулары мен петроглифтері жайында. Бесінші шыңырау құдықтар тарихы. Соңғысы Маңғыстаудың киелі орындары жайында. Бұл экспедиция 6 айға созылып, зерттеу, талдау жұмыстарымен бір жылға жуықтайды.

Сұхбатыңызға рақмет. Экспедицияларыңызға сәттілік!