Ырғызбай Құнанбайды қалай емдеді?
21.06.2018 3099
Емшілік қызметінде Ырғызбай туған халқының ықылым заманнан бергі медицинасының бай тәжірибесін, шипагерлік қабілетін мен дәрілік, емдік шөптерді айыратын асыл қасиетін молынан пайдаланды

Туған жерге тағзым, оның киелі орындарымен танысып насихаттау мақсатында сапарға шыққан Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Туған жер» автоэкспедициясы 15 маусымның кешінде Тарбағатай ауданындағы әулие Ырғызбай Досханаұлының бейітіне жетіп тоқтады.  

Кесенесі, мешіті, кітапханасы мен хатымханасы, қонақүйі жалпы едәуір аумақты алып жатқан Ырғызбай әулие кешені Омбы-Майқапшағай тасжолынан 57 шақырым қашықтықта орналасқан. Жыл сайын басына тәу етіп 5 мыңнан астам келіп кетеді екен.

Ырғызбай және қазақ емшілігі

Шығыс өлкені рухани шамшырағы саналған Ырғызбай Досханаұлы 1787 жылы дүниеге келген. Шыққан тегі найманның қыржы руынан. Әкесі Досхана жоңғар шапқыншылығынан босаған қазақ жеріне, Тарбағатай өңіріне қайта оралушылардың қатарында болған. Әкеден алты ағайынды туған. Үйдің тұңғышы Ырғызбай 15 жасынан бастап емдік шөптерге зер салып, табиғатпен етене сырласып өскен екен. Тау-тасты түгел аралап, қай жерде қандай өсімдік шығатынын, не түрлі шөптердің қай мезгілде туып, қай сәтте пісетінін ол бала кезінен бастап біле бастайды. Табиғат оған сондай жаратылыс, тума қабілет сыйлаған болатын.

Ырғызбайдың есіміне уақыт өте келе емші әрі әулие деген сөздер қосылып айтыла бастайды. Ол негізсіз емес еді, даңқы елге жайылған емшілігіне алдын ала сезетін әулиелігі, көріпкелдігі кісілік келбетін толықтыра түседі. Ырғызбай күні бұрын: «Бүгін алыстан бір науқас келеді» деп болжап, сол адамның дертіне шипа болатын емдік шөптен дәрілер дайындап қоятын болыпты. Және бір ерекше қасиеті, барлық таза ниетімен, адал пейілімен әлгі адам құлан-таза жазылғанша тегін емдеген.  

Емшілік қызметінде Ырғызбай өзінің туған халқының ықылым заманнан  бергі медицинасының бай тәжірибесін, шипагерлік қабілетін мен дәрілік, емдік шөптерді айыра алатын асыл қасиетін молынан пайдаланады.  Сайын далада мал бағумен күн өткізетін қазақ халқы сол жердің табиғатын, әсіресе өсімдіктер дүниесін жетік меңгергені анық. Ерте дәуірде өмір сүрген әл-Фараби, ибн-Сина бабаларымыз негізін салған шығыс медицинасының өзгеден  айырмашылығы – ұлы табиғат дүниесімен біте қайнасқан алтын тамырды үзбеу, керісінше, оған жақындауға тырысу.

Құнанбайдың қатерлі дерті

Дала дәрігері емдеп жазған, ауруынан құлан-жаза сауықтырған тарихи тұлғалардың бірі – Құнанбай қажы Өскенбайұлы. Бұдан бұрын әкесі Өскенбайды да емдеген тәуіпке риза болғандықтан, би ата өзінің туған қарындасын Ырғызбайдың інісіне ұзатқан екен. 1833 жылы шешек ауруына шалдыққан аға сұлтан Құнанбайды емдеу үшін арнайы алдыртқан Ырғызбай Шыңғыстауда болады.

Ахат Шәкерімұлының «Құнанбай туралы» естелігінде Құнанбайдың шешек ауруына қалай ұшырағаны жайлы деректер келтіреді: «Құнанбайдың жарадан қалған оң жақ емшегінің астыңғы жағында алақандай беріш тыртығы, оң жақ жауырынының астында бармақ басындай тыртық орны болған.

Құнанбай бұдан бұрын да, бала жігіт күнінде ажалға тап болып, одан және ел болып, құдайдан тілеп алып қалады» деді арыстың ұлы Ахат.

Атағы алысқа кеткен Құнанбайды «құдайдан тілеп алып қалған» оқиғаларды белгілі поляк революционері А. Янушкевичтің жазбаларынан да оқимыз.

«Кезінде ол көрікті еркек болған. Бұдан бірнеше жыл бұрын шешек оны Мирабо секілді көрден бір-ақ шығара жаздаған, қазір оның бетінде содан қалған іздер бар. Ол көсіліп сөйлеп кеткенде, тыңдаушылар оның сиқы қашып, реңі тайған жүзін мүлде ұмытады. Қатерлі дерттің табы жерлестерінің мүсіркеп, оның жолында бәйек болғанын Құнанбайдың есіне әлсін-әлсін түсіріп отырады. Осының өзі оның қызметі мен маңызының дәлелі.

– Мен жанымды қайда қоярымды білмей жатқанымда, – деді ол маған тебірене, – адамдар күні-түні менің киіз үйімді апыр-топыр болып қоршап тұратын. Олардың көз жасы мені шыжғырып әкетіп бара жатқан отты сөндіріп, менің тірлігімді Алламнан жалбарынып сұрап алып қалды.

Еуропаның білімге сусындаған елдерінің бірінде көз жұмып бара жатқан от тілді, орақ ауызды шешенді ақтық сәтте халық осылай мүсіркеп пе еді. ... Цивилизациядан кенже қалған халыққа қарағанда маңдайының соры қалыңырақ бұл халық өзіне пана болған адамның өмірін құдайдан сұрап алып қала ма, алғыс сезімі тасқындаған олар өлген адамға Пантеон орнатты» деп тамсанады еуропалық Адольф пақыр.

Ырғызбай қажыны қалай емдеді?

Шешек дағы асқынып, өлім аузында жатқан Құнанбайға ел аузындағы бұл әңгімелерден бөлек, тәуіп Ырғызбайдың көмектесуі аңыздан гөрі шынайы дерек бола алады.

Емші қоңыр аюдың өтін бауырымен қосып алып, мейіздей етіп кептіріп, марал, бұғы, киік мүйіздерінен жасаған дәрілерін реттеп, әбден қайнатып тазартқан. Ол құнанбайдың өт жолының бұзылғанын біліп, өзіне арнап тігілген киіз үйде жеті, қырық бір, жүз неше түрлі шөптен, қырық бір түрлі жапырақтан, гүл мен тамырдан дәрі жасап, оны жылқының іш майына араластырып қайнатады. Жеті түрлі дәмнен тосап дайындап, оған аю өтінің тарыдайын екі-үш сүйкеп, жиі-жиі ішкіздіріп, қырық күн емдейді. Осындай күрделі емдеу жолынан өткен Құнанбай айтылған мерзімнен соң, ауруынан құлан-таза жазылып шығады.

Халықтық медицинада науқастарды осы аюдың өтімен емдеп аман алып қалып отырған. Қазіргі таңда қатерлі ісікке қарсы бірден-бір ем аюдың өті екенін дәлелденіп, ғалымдардың таң қалдырып отыр. Өт құрамында адам ағзасына зиянын тигізбейтін күрделі урсодезоксихолинді қышқыл (УДХК) бар. Аюдың өті негізінде дайындалған дәрілер асқазан-ішек жолдарындағы ауырсынуды азайтады, майды сіңіреді, панкреатин мен гепатитті емдейді, қандағы холестерин деңгейін азайтады, қабынуды жеңілдетеді, паразиттерден арылтады, зат алмасы процесін қалпына келтіреді.

Осы және әулие адамның өмірі мен заманына, емшілік қасиеті жайлы сан қилы деректерді жинастырып Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университеті шығарған «Ырғызбай әулие кітабы» оқырманға жол тартты. ХХ ғасырдың 50-нші жылдарына бері кесене тұсынан өткен қазақ-орысты бірдей таң қалдырған әулие құбылыстары аталған кітапта кең қамтылған. Сондай-ақ қазақтың халықтық медицинасының емдеу тәсілдері мен емдік-қасиетті шөптерден жасалатын дәрілердің тізімі де көрсетілген.

«Мені осы құба белге жерлеңдер. Зиратымды көтермеңдер, күндердің күні ұрпағым көтереді» деп өсиет еткен әулие пайғамбар жасында, 1850 жылы өмірден өткен. Оның басына тәу етіп, дертіне шипа сұрап, тілегін үмітке жалғаған жандардың дүниенің төрт тарабынан толастамай жатуы – көптеген әулиелік құбылысының бір қыры ғана. Ұзақ жылдар бойы бала сүюге зар болған адамдар тілегі осында қабыл болып жатады. Демек, киелі орын дегенде осындай жерлерді айтсақ керек-ті.

Әулие кешені киелі орындар қатарында

Шығыстың рухани байлығы Ырғызбай әулие кешені 2017 жылғы мамыр айының 12-сі күнінен бастап мемлекеттік меншікке өтті. Облыс басшылығы мен жергілікті іскер азаматтардың еңбегінің арқасында тарихи орын жылдан-жылға көркейіп келеді.

Тарбағатай ауданының әкімі Ділдабек Оразбаевтың айтуынша, кешенді абаттандыру үшін былтыр облыстық бюджеттен 200 млн теңге бөлінген. Жоба бойынша кесенеге апаратын жол күрделі жөндеуден өткен. Қап-қара асфальттің іш-бауырды солқылдатқан қатты жүрісінен гөрі Ырғызбай басына апаратын шаңдақ жол майда әрі жайлы көрінді. Автобус жүргізушісі Валерий жазық дала төсін шаңға бөлеп, сағатына 90 км ұстап тұрды.

Ал кешен аумағына гүлдер отырғызылып, орта тұста субұрқақ орнатылған. Биыл кешеннің іші-сыртын түгел жарықтандыратын электр желілері тартылып, толық аяқталмақ.

Кеш қарая әулие әрі емші атамызға арнайы ас беріліп, құран оқылып, бата жасалды. Автоэкспедиция мүшелері тәуліктің соңғы сәттерін осымен тәмамдап, аудан орталығы Ақсуатқа жол тартты.