Ауған тақырыбындағы қор
24.04.2018 2620
Бүгін Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Ауған соғысының ардагері, ғалым-журналист Біржан Белғара атындағы «Ауған соғысының жылнамасы: кітаптар мен деректер қорының» ресми ашылуы өтті

Ауған соғысының басталуының 40 жылдығы (1978 жылдың сәуір айы) және Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылуының 30 жылдығы (1989 жылдың 15 ақпаны) қарсаңында орай ұйымдастырылған. Ауған соғысының ардагері, ұлт патиоты, журналист-ғалым Біржан Белғара атындағы қор негізінен ауған соғысына қатысты Қазақстандағы және шетелдердегі кiтаптар және деректер (қолжазба, естелік, хат, фото, аудио-видео және т.б.), журналист-ғалымның ауған соғысы, оқу-ағарту, ғылыми-зерттеу және танымдық бағыттағы еңбектері жинақталатын болды.

Іс-шара барысында көрме ұйымдастырылған, онда Ауған ардагері, ғалым-журналист Біржан Байғараұлы Белғараның жастық шағынан бастап азаматтық, қайраткерлік деңгейін дейінгі өсу эволюциясын көрсететін деректер топтастырылған. Марқұмның Ауған соғысы тақырыбына жазған «Ауғанда атам үшін соғысқам жоқ. Немесе ешкім де, ештеңе де ұмытылмауы тиіс», «Үзілмеген үміт әні», «Даңққа дақ түсірме, ұлым!», «Қара қызғалдақпен келген табыт», «Соғыстан соғыстың айырмасы жәрдемақы көлемімен ғана өлшене ме?» және басқа да проблемалық мақалалары, «Жетпіс жетінші жылғы жесір», «Ақ өлім» атты әңгімелері, фото документтері қойылған.

Кітаптар мен деректер қорының ашылу салтанатына ҚР Мәжілісінің депутаттары, Ауған соғысының ардагерлері мен университет басшылығы, ұстаздар қауымы мен студент жастар қатысты. Жиынды университет кітапханасының директоры Бақытжан Оразалиев жүргізіп отырды. Ол Ауған соғысының зерттелмеген тұстары бар екенін, оның маңызы қазіргі қоғам дұрыс түсініп болмағанын айтты. Ауған соғысының ардагері, «Оқ пен Отан», «Біз көрген соғыс», «Қаһарман» кітаптарының авторы Бақытбек Смағұл ауғандық достарды есіне ала отырып, іс-шараның маңызы жайлы қысқаша сөз сөйледі.

Болат Сайлан – Ауған тақырыбында докторлық диссертация қорғаған ғалым. Өзі ауған соғысының ардагері. От пен оқтың арасынан, соғыстың ортасынан қан кешіп аман шыққан куәгер. «Ауған соғысының ақиқаты» атты кітабы бар ол еліміздің өңір-өңірлерінде Ауған соғысы туралы айтудан еш жалықпайды. Тарихшы Б. Сайлан ауған соғысы жайлы мазмұнды баяндама жасағаны сонша, жиылған жұрттың қыбыр етпей тыңдағанын байқадық.

ССРО басшыларының Ауғанстанға әскер кіргізуін тарихшы ғалым «Кабулда үкімет басына Х. Аминнің келуі ССРО басшылығына ұнамады. Ауғанстанды уыстан шығарып алу, америкалықтардың орнығу қатері төнуі бірінші себеп болса, екіншіден, идеологиялық жағынан алғанда, көршілес елден айырылу ғана емес, социалистік елден де айырылу мүмкін еді. Ал ССРО мен АҚШ арасындағы, сонымен қатар НАТО-ның басқа елдермен арасындағы қарым-қатынастың бұзылуы, яғни суық қарудың жалғасы ретінде де тануға болады» деп саралайды.

Ауған соғысы ардагерлерінің деректерін жинаумен айналысып келе жатқан Айгүл Ермекова облыс бойынша 687 ардагердің дерегін тауып, жариялағанын айтты. Ауған соғысы тақырыбына кездейсоқ келгенін, алайда бұл да ел тарихының бөлшектенбес бөлігі ретінде танитынын жеткізген зерттеуші баяндамасында тың жаңалықтармен бөлісті.

Айгүл Ермекованың айтуынша, Ауған ардагерлеріне қатысты деректерді жинай жүріп, олардың «мына өмірден хабарсыз», «жаңа туғандай» 18 жаста соғысқа аттанып кеткенінде, олардың соғыс көріп, қан кешіп, бейбіт өмірге бейімделуінде де түйткілді мәселелер көп болғанын жеткізді.

«Тек демографиялық жағдайды айтсақ, ардагерлердің 200-ден астамы ажырасқан, 100-ге жетер-жетпесі үйленбеген, 50-дейінің баласы жоқ немесе бір ғана бала, ал 1 ардагердің ғана 10 баласы бар, оның өзі былтыр қайтыс болды. Жалпы алғанда Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне жасалған қамқорлық Ауған соғысы батырларына да керек. 95-тегі қарт адам ұшаққа мінбейді, пойызбен жүрмейді, бұл игіліктерді Ауған ардагерлеріне пайдалансақ, еш сөкеттігі жоқ» дейді зерттеуші.

Ауған соғысының ардагері, журналист-ғалым Біржан Белғара атындағы «Ауған соғысының жылнамасы: кітаптар мен деректер» қоры атқаратын барлық жұмыстары біріншіден, ел Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын басшылыққа ала отырып, ұлттық рухпен шыңдалған, жаңа заманға лайық жастардың рухани болмысын сомдау, екіншіден, Ауған соғысына қатысты кітаптар мен деректерді бір қорға жинап, жүйелеу, оқырманға қызмет көрсету, үшіншіден, дүниежүзілік мәдениет, білім, ғылымның жетістіктерін игеру бағытында жүргізіледі. Осыған байланысты қалалық және облыстық Ауған ардагерлерінің ұйымдары мен өкілдері қорға қажетті кітаптар мен жинақтарды ұсынып жатты.