Мың тамұқты көрген адам
29.09.2016 3465
Иса Тоқтыбаев 1918 жылы Перовск Жұмысшы, солдат, шаруа депутаттар кеңесінің басшысы Иосиф Гержодтың жергілікті халыққа жасаған озбырлығына қарсы шығады

Иса Тоқтыбаев – Түркістан автономиялы советтік социалистік республикасы Орталық Атқару Комитетінің барлық шақырылымдары бойынша мүше болып сайланған белгілі қоғам қайраткері, республикалық Қырғыз Қазақ Ғылыми Комиссия мен көшпенді халыққа білім тарату жөніндегі комиссияның төрағасы, қазақ халқының тұңғыш ғалым философтарының бірі. Қазақ баспасөзінің қарашаңырағы болған «Ақ жол» газетінің редакторы, «Коммунист», «Шолпан», «Сәуле», «Сана», «Шаншар» журналдары мен жастардың «Жас қайрат» газетінің редакторлығы қызметтерін қоса атқарған белгілі журналист. 

Иса Тоқтыбаев 1894 жылы 13 желтоқсанда бұрынғы Түркістан генерал губернаторлығы Сырдария облысының Перовск қаласы іргесіндегі Қараөзек бойында, қазіргі Қызылорда облысы Сырдария ауданының Қараөзек ауылында дүниеге келген. Әкесі Тоқтыбай Исаны сегіз жасында Перовскідегі саудагер Рафайл байдың жалшылығына береді. Рафайл байдың үйіне жиі келетін Николай Щипков атты орыс мұғалімі Исаның зеректігін ескеріп Перовскідегі орыс-қазақ бастауыш мектебіне оқуға қабылдайды [1]. 

Иса Тоқтыбаев 1957 жылы 28 қарашада өзінің өмір жолы атты естелігінде: «Менің жастық шағым Перовск қаласындағы Рафайл деген бұхарлық сәудагердің үйінде жалшылықта өтті. Ата-анам, туған туысқандарым кедейлік жағдайында өмір сүріп, мені оқытуға жағдайлары болмады. Сондықтан олар менің жалшы болып мардымсыз болса да табыс тапқанымды жөн көрді. Менің білім алуым ерлі-зайыпты Николай Федорович пен Олга Давыдовна Щипковалардың көмегінің арқасында жүзеге асты. Олар 1904 жылы он жасымда орыс-қазақ мектебіне оқуға қабылдап, оның жанындағы интернатқа орналастырды. Олардың тарапынан қамқорлық болмаған күнде Иса Тоқтыбаев білім шыңына көтерілмей, сауатты адамдар санатына қосылмас еді. Бар білері мал бағу, егін өсіру, қара шаруа болу дәрежесінен аса алмай, ауылдағы қарапайым еңбеккердің бірі болып қалар еді. Әрине мен бұл арада малшы мен егіншінің рөлін төмендетіп отырғаным жоқ. Материалдық игіліктер жасау ел жұрттың, бала-шағаның қарны тоқ болуын олардың еңбегінсіз мүмкін емес. Бірақ тұрмысты өзгертетін, жаңа дәуірдің есігін айқара ашатын кілт біреу-ақ: ол – білім. Білімсіз болсаң, табиғаттың дүлей күші алдында құлсың, адамзат тарихы алдында тұлсың» [1] деп жазады. 

Иса Тоқтыбаев орыс-қазақ бастауыш мектебін 1908 жылы бітіріп, шығады. 1912 жылы жоғары бастауыш орыс училищесін тәмамдап, сол жылы Ташкенттегі мұғалімдер семинариясына оқуға түседі [2]. Ол кезде Түркістан өлкесі бойынша Ташкентте ерлер гимназиясы, реалды училище, мұғалімдер институты, мұғалімдер семинариясы, 2 әйелдер гимназиясы және басқа қалаларда ұсақ кәсіптік мектептер жұмыс жасады [3, с. 24]. ХХ ғасырдың басында патша үкіметінің Қазақстанды отарлауының тереңдей енуі және самодержавиялық жүйенің дағдарысы Исаның қоғамдық-саяси көзқарасының қалыптасуына тікелей әсер етті. Әсіресе, патша үкіметінің бірінші дүниежүзілік соғыста қара жұмысқа Дала мен Түркістан өңірінен адам алу үшін 1916 жылғы 25 маусым жарлығы жергілікті халық наразылығын туғызды. Қазақстанның барлық жерінде көтерілістер мен қозғалыстар бой көтерді. Патша үкіметінің бұл саясатын әшкерелеу мақсатында Пішпек қаласының шығыс жақ іргесіндегі Тоқмақ станциясында митингі болып, Иса Тоқтыбаев ашық платформа үстінде сөз сөйлеп, жиналған халық алдында патша үкіметінің 25 маусым жарлығын сынап әшкереледі. Тоқмақ жандармы бұл митінгіні тоқтатып, Исаны ұстап Пішпек жандармериясының полковнигі Римшевичтің алдына апарады. Иса Пішпек жандармериясының тергеуінде ешнәрсені мойындамай, екі апта қамауда болады. Ташкенттегі мұғалімдер семинариясының оқытушыларының көмегімен Иса қамаудан босатылып, Ташкентке оралады. Ол 1917 жылы мұғалімдер семинариясын үздік дипломмен бітіріп шығады. 

Ақпан төңкерісі жеңіске жетіп, патша тақтан құлаған кейін, Иса, М. Тынышбаев, С. Асфендияровтармен бірге 1917 жылы 2-5 тамыз аралығында Ташкент қаласында өткен Түркістан өлкесі қазақ-қырғыздарының жалпы съезіне қатысады. Осы съезде олар Түркістан өлкелік қазақ-қырғыздардың орталық кеңесін құрады. Жаңадан ашылған Сырдария облысының орталық атқару кеңесіне С. Өтегенов, Ә. Көтібаров, И. Қасымов, Т. Рысқұлов, С. Қожановтармен қатар И. Тоқтыбаевта мүше болады. Ал М. Шоқай осы Кеңестің құрметті төрағасы болып сайланып, оның жалпы жұмысына басшылық жасайды. Сөйтіп, олар Сырдария облысындағы ұлттық ұйымдардың атауын Қазақ-қырғыз кеңесі деп өзгертеді [4, 208-209 пп]. Ал 1917 жылдың аяғында Иса Тоқтыбаев Қоқан қаласында өткен мұсылмандардың төтенше съезінде М. Шоқаймен бірге Түркістан (Қоқан) автономиясын құруға қатысады [5, с. 185]. Бірақ, Иса күннен күнге күшейіп келе жатқан билеуші тәртіпке қарсы күрес жүргізу қажетсіз, тіпті зиян екенін түсінді. Сондықтан қазақтың алдыңғы қатарлы зиялыларымен тізе қосып, совет өкіметі мен коммунистік идеологияға қарсы күресті рухани салаға ауыстырып, күрестің «бейбіт» жолдарын таңдайды. 

Сонымен Қазақстанда совет үкіметі орнағаннан кейін Иса сол кездегі қазақ зиялылары Санжар Асфендияров, Тұрар Рысқұлов, Сүлеймен Есқараев, Нәзір Төреқұлов, Бегайдар Аралбаев, түркімен Айтақов, Атабаев, өзбек Ходжаев тағы басқалармен бірге Түркістан республикасының партия, совет және ағарту жұмыстарында қызмет істейді. Ташкент уездік Жұмысшы, солдат және мұсылман депутаттары кеңесінің хатшылығына сайланды. Сол кездегі Түркістан республикасына кірген осы күнгі Алматы, Жамбыл, Шымкент, Қызылорда облыстарында көптеген қазақ мектеп-интернаттарын ашуға белсене қатысты. Ол Қазалы станциясындағы бір топ жетім-жесір балаларды алып келіп, Перовскідегі орыс-қазақ мектептеріне орналастырды [2]. 1918 жылы ол Түркістан советтік республикасы орталық комитетінің мүшесі және кейінгі барлық шақырылымдарына сайланды. Ал 1919 жылы ақпан айында оны Ташкент қалалық комитеті большевиктер партиясы қатарына қабылдады. 

Иса совет үкіметінің алғашқы жылдарында қазақ мамандарын даярлауда ерекше еңбек сіңірді. Әсіресе, 1918 жылы мамырда Түркістан Халық университетінің басқарма мүшелігіне тағайындалған ол жергілікті ұлт өкілдерін Түркістан кейін Орта Азия мемлекеттік университетіне (САГУ) оқуға тарту мақсатында С. Асфендияров екеуі «Мұсылмандар секциясын» құрды [6, 18 п]. Секция басшысы белгілі жадитшіл-ағартушы Мунаввар Қары Абдурашитханов болса, оның орынбасарлығына қазақтың көрнекті қайраткері Иса Тоқтыбаев сайланды [7, 6 п]. 

Жауыз Гержодпен айқасып жеңген ер

Иса Тоқтыбаев 1918 жылы Перовск Жұмысшы, солдат, шаруа депутаттар кеңесінің басшысы Иосиф Гержодтың жергілікті халыққа жасаған озбырлығына қарсы шығады. «Билік жергілікті жерде» деген ұранмен сол жерде өзі би, өзі қожа Иосиф Гержод пен оның серігі Жорабек Есенов екеуі жергілікті қазақтарды жөнге саламыз деп сотсыз, жөнсіз мыңдаған адамды қырады. Мұндай жауыздық жайлы М. Шоқай өзінің «Түркістан советтер билігі» атты кітабында да баяндаған болатын. 

1918 жылы 17 шілдеде Перовск тұрғындарының арыздарын тексеруге ІІ КХКК атынан бұйрықпен И. Тоқтыбаев бастаған төтенше комиссия құрылып, тексеруге жібереді. Ал Иосиф Гержод Перовскде бұл комиссияны тұтқындап, атуға бұйырғанда И. Тоқтыбаев, чекист Тілеубай Жетербаев, Шиелі стансасы ауылшаруашылық серіктестігінің бірінші төрағасы Қалжан Қоңыратбаев және Түркістан стансасынан мұғалім, белсенді совет депутаты Садық Өтегеновтермен бірге қашып шығады. Бұдан соң Түркістан ХКК-нің төрағасы Т. Рысқұлов Иосиф Гержодты тұтқындау үшін екінші рет 1918 жылы 15 тамызда №112 қаулысын қабылдайды. Осы қаулы бойынша Ташкент депутаттар кеңесінен Тоқтыбаев, Ибрагимов және Бөлебаев бастаған тағы да төтенше комиссия құрып Перовскіге жібереді. Олар Перовскіде Иосиф Гержод пен оның жақтастарын ұстап, Ташкентке апарып соттайды. Бірақ осындағы эсерлердің ықпалымен Иосиф Гержод Иркутскіге жер аударылып, жеңіл жазамен құтылып кетеді [8, 47 б.]. 

1918 жылдың 12 қарашада өткен Түркістан Республикасы Ағарту халкомы алқасының мәжілісінде Ташкент қаласында Қазақ педагогикалық курстарын ашу жөнінде қаулы қабылданып, Иса Тоқтыбаев қазақ педагогикалық курсының меңгерушісі болып тағайындалды [9, 4 п]. 

Ғалым. Ғылыми менеджер. Қайраткер

Ол қазақ педагогикалық курсын одан әрі жетілдіріп, оның жұмысын ұйымдастыру мақсатында көптеген жұмыстар атқарды. Атап айтқанда, курс меңгерушісі болған ол 1918 жылы 22 қарашада Перовскіден Қоңырқожа Қожықов, Хиуадан Әбділазиз Байсейтов, Шымкенттен Сегізбай Айзуновтерді мұғалімдікке қабылдайды [9, 37 п]. Қысқа мерзімде оқытушылар құрамы мен тыңдаушылар санын жинақтай алған оқу орнында нақты оқу-тәрбие ісін жолға қою мақсатында 1918 жылы 2 желтоқсан күні арнайы «Педагогикалық алқа» құрылып, осы алқаның төрағасы және курстың уақытша мүшесі болып И. Тоқтыбаев сайланды. Қазақ педагогикалық курсында С. Өтегенов орыс тілінен, С. Қожанов математикадан, Е. Табынбаев педагогикадан Х. Болғанбаев қазақ тілінен және И. Тоқтыбаев география пәнінен сабақ берді [10, с. 6]. 1919 жылы мамырда Өлкелік қазақ педагогикалық курстарын бітірген 145 адамға қазақ мектебінің мұғалім-басшысы деген біліктілік беріліп, қазақ мектептеріне мұғалім болып баруға міндеттеп, қолхат берді [9, 41 п]. Курс тыңдаушылардың нақты саны жөнінде И. Тоқтыбаевтың Денсаулық сақтау комиссариатына Ташкент уезіне ұзақ мерзімді саяхатқа шығатындығы туралы хат жазып, онда 150 тыңдаушысының бар екенін атап көрсетеді [11, 8 п]. Педагогикалық курста жоғарыда аталған оқытушылармен бірге Түркістан ұлттық элитасының көрнекті өкілі Сералы Лапиннің қыздары Райхан, Хадишамен бірге інісі Жағыпар Лапин, Сара Есова, Шамғали Сарбаев, Тәңірберген Отарбаев және тағы басқалары сабақ берді. Алғашқы түлектердің қатарында қысқа мерзімде қайраткерлік қызметімен Түркістан жастарының жетекшісіне айналған Ғани Мұратбаев пен ұлттық кәсіби театрдың негізін қалаушылардың бірі Құрманбек Жандарбековтерді ерекше атауға болады [6, 222 п]. 

1919 жылдың 1 маусым күні Түркістан Республикасы үкіметінің шешіміне сәйкес, біржылдық өлкелік педагогикалық дайындық курстары қосымша ашылатын дербес педагогикалық училище болып қайта құрылып, оның директорлығына И. Тоқтыбаев тағайындалды [12, 5 п]. Бірнеше айдан соң ол яғни, 1919 жылғы 11 қарашадағы Ағарту ХК алқасының қаулысымен Комиссариаттың өлкенің қазақ халқы арасында ағартуды ұйымдастыру мәселесін бақылайтын бөлімінің нұсқаушы қызметін атқарды [13, 303 п]. Түркістан басшылығы уақыт талабына сәйкес, 20 жылдардың басында-ақ республиканың ұлттық мектептері үшін білікті мұғалім кадрларын дайындауға арналған ірі педагогикалық оқу орындарын ұйымдастыру мәселесіне баса назар аударуға кірісті. Осы бағыттағы жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында 1920 жылы 27 сәуірде Түркістан ОАК шешімімен Халық Ағарту комиссариаты алқасының жаңа құрамы құрылып, оған Н. Төреқұлов (Ағарту Комиссары), Лепешинский (комиссардың орынбасары), мүшелері болып Н. Ходжаев, Дволайцкий, И. Тоқтыбаев кірді. 1920 жылғы маусымға дейін аталған алқа Түркістандағы білім беру институттарының ережелерін әзірлеп, бекітеді [14, 169 п]. 

Сонымен 1920 жылы 1 қазанда Ташкент қаласында ашылған Қазақ халық ағарту институты 1917 жылдан бастап жұмыс істейтін қазақ педагогикалық училищесінің негізінде бой көтерді. «Қазақ Халық ағарту институты туралы ережеге» сәйкес институттың бес жылдық негізгі курсынан өзге, бір жылдық курстар, мектепке дейінгі тәрбие курстары, мектептен тыс білім беру курстары ашылды [15, 1-2 пп]. 1920 жылы 10 қарашада өткен Ағарту халкомы алқа мәжілісінде И. Тоқтыбаев Халкомының нұсқаушылар бөліміне нұсқаушылықпен қатар Қазақ педкурсының меңгерушілігіне тағайындалды. Ол осы қызметті 1920 жылдың тамызына дейін атқарды [16, 59 п]. Бұдан соң И. Тоқтыбаев 1921 жылғы қаңтарда Ташкентте ашылған Қазақ ғылыми комиссиясын басқарды [17, 83 п]. 

1921 жылы қаңтарда құрылған Қазақ ғылыми комиссиясы құрамына жоғары оқу орындарының қызметкерлері енгізілді. «Қазақ ғылыми комиссиясы басқа ұлттық комиссиялардан интеллектуалдық тұрғыда өте қуатты жеке құрамымен ерекшеленді. Оның мүшелері қазақ фольклорын жинаушы Ә. Диваев, жас ғылыми қызметкер М. Әуезов және тағы басқалары болды [17, 453-454 пп.]. 1921 жылы қазанда Қазақ Ғылым комиссиясының төрағасы болып Х. Досмұхамедов, комиссия мүшелігіне Ә. Диваев, У. Танашев және Е. Омаров тағайындалды. Х. Досмұхамедовке зор жауапкершілік артылып, жұмысты жандандырып, жолға қою тапсырылды. Қазақ Ғылыми комиссиясы мектеп кітаптарын даярлауға басты назарын аударып, 1921 жылы 30 шілдеде И. Тоқтыбаевтың «Жағрафия» атты оқулығын қарап, оны баспадан ешқандай кезексіз 5000 данамен шығару туралы қаулы қабылдады [18, 243-244 пп]. 

Иса Тоқтыбаев, кейін Х. Досмұхамедов басшылық жасаған Қазақ Ғылыми комиссиясы 1921-1922 жылдары орта мектептерге арнап қазақ тілінде біршама кітаптарды дайындап шығарады. Атап айтқанда 1921 жылы 50000 данамен «Үлкендерге арналған әліппе», 1920 жылы 10000, 1922 жылы 3500 данамен А. Байтұрсынұлының «Қазақ тілінің граматтикасы», 1922 жылы 50000 данамен М. Дулатұлының «1 сатылы мектепке арналған тапсырмалар», 1922 жылы 40000 данамен «Әліппе» оқу құралы, 1922 жылы 7500 данамен А. Байтұрсынұлының «Маймыл және көзілдірік» атты кітабы, 1922 жылы Диваевтың «7 дастан қолжазбасын (Қобыланды батыр, Жарық ұлы Шор, Бекет батыр, Алпамыс батыр, Қамбар батыр, Шора батыр, Едіге мырза)» шығарып, М. Дулатұлының «Тапсырмалар» атты оқу құралы, Иса Тоқтыбаевтың «Бастауыш жағрафиясы» мен «Түркістанның жағрафиясы», Х. Досмұхамедовтың «Анатомия мен физиологиясы», Диваевтың «Халық ауыз әдебиетінің Хрестоматиясы», Қожановтың «Арифметикасы» және мұғалімдерге арналған 1921 жылы 10000 данамен Байтұрсынұлының «Ана тілінен әдістемелік жазба», 1921 жылы 10000 данамен «Тұтас еңбек мектебінің бағдарламасы», Ф. Ғалымжановтың «Қабырға күнтізбесі» жарық көрді [16, 75-76 пп]. 

Қазақ ғылыми комиссиясы Қазақ ағарту институтымен бірлесе отырып, 1923 жылы шілдеде Қазақ ағарту институтының студенттер тобын Москва қаласында өткізілген Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесіне қазақтардың тұрмысы мен этнографиясының жәдігерлерін таныстыруға жіберді. Олардың арасында әнші ретінде институт тыңдаушысы Құрманбек Жандарбеков пен оқытушы Мағжан Жұмабаевта болды. Көрмеге Қазақ ағарту институты мен Қазақ ғылыми комиссиясы әр түрлі құжаттар, кітаптар, материалдар жинағы секілді барлығы 100-дей жәдігер апарды. Оның ішінде Әмір Темірдің Түркістан Әзірет Яссауи мешітіне берген грамотасы, Иса Тоқтыбаевтың «Түркістанның географиялық очеркі», Т. Рысқұловтың «Жетісу мәселелері» кітаптары және т.б. болды [19, 79-107 пп.]. Зерттеуші Тоқтыбаевтың бұл оқулықтары өз уақытында үлкен сұранысқа ие болды. Белгілі түріктанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Әуелбек Қоңыратбаев, Қазақ КСР-і халық ағарту ісінің үздігі, ұстаз Меңдияр Киікбаев Тоқтыбаевтың «Жағрафия» оқулығын барлық қазақ мектептері Ұлы Отан Соғысына дейін пайдаланылғанын растайды.

1922 жылы 4 желтоқсанда Ташкент қаласында Х. Досмұханбетов, И. Тоқтыбаев бастаған қазақ зиялылары бас қосып, Мемлекеттік ғылыми кеңестің алдына «қырғыз-қазақ мәдениетін өркендетуді мақсат еткен» «Талап» қоғамын құру туралы мәселені қояды. Көп кешікпей Талап қоғамы құрылып, 1922 жылы 13-інші желтоқсанда оның бірінші жиналысы болып [20, 3 п], басқармаға төмендегі адамдар сайланды: Басқарманың төрағасы – Халел Досмұхамедов, басқарманың мүшелері: профессор Александр Шмидт, Иса Тоқтыбаев, Мырзағазы Есболұлы, Мұқамеджан Тынышбайұлы, Мұхтар Әуезұлы, Қасым Тыныстанұлы болды [21, 1 п]. «Талаптың» жоғарыда айтқан мүшелері көпшілік алдында дәріс оқып, баяндамалар жасап, түрлі көрмелер ұйымдастырды. Өнердің неше түрлі үлгілерін, кітаптар мен қолжазбаларды шығарып, кітапхана, оқу залын ашты. «Талап» қоғамы көздеген мақсатына толық жетпесе де, ұлт мәдениетін өркендетуге өзінің қомақты үлесін қосты. 

«Ақ жолда» қалған жарқын жылдар

1920 жылдан бастап «Ақ жол» газеті шыға бастады. Осы газеттің жұмысын ұйымдастырушылардың қатарында Сұлтанбек Қожановпен бірге Иса Тоқтыбаев та болды. Ол бұл кезде өзінің талантымен республикадағы іскер, партия, совет қызметкерлерінің бірі болатын. Оның кандидатурасын ең алдымен сол кездегі Түрккомиссиясы басшыларының бірі В.В. Кубышев ұсынды. Тоқтыбаев 1920 жылдың аяғында «Ақ жол» газетінің жауапты редакторы болып тағайындалды [22, 50-52 пп]. Сонымен қатар бір жағынан жаңа шыға бастаған «Шолпан», «Сәуле» («Ақ жол» газетіне қосымша), «Коммунист» «Шаншар», «Спутник коммуниста» басылымдарының сарапшысы әрі редакторы болды [21, 64 п]. Сонымен бірге ол Орталық комитеттің баспа секторының меңгерушісі қызметін атқарды. Сөйтіп жүріп Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетін сырттай оқып бітірді. 

«Ақ жол» газетінің айналасына ұлт қаламгерлері мен ғалымдар топтасты. Иса Тоқтыбаев баспа салысында жүріп, қазақ интеллигенциясы мен жазушыларының шығармашылығына ерекше көңіл бөлді. Атап айтқанда, жиырмасыншы жылдары қазақ әдебиетіндегі көрнекті ғалым-зерттеуші Әуелбек Қоңыратбаев «Ақ жол» газетінде бес жыл тілші болып қызмет істейді. Онда «Ботагөз», «Анама» және тағы да басқа айтулы өлеңдерін жариялады. Сонымен бірге, Орта Азия мемлекеттік университетінде оқып жатқан жас М. Әуезов И. Тоқтыбаевтың шақыруы бойынша «Сәуле» журналының әдеби қызметкері болды. Көрнекті жазушылар мен ақындар Сәбит Мұқанов, Иса Байзақов, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтың алғашқы әңгімелері мен өлеңдерін газеттер мен журналдар беттерінде дәл осы И. Тоқтыбаев жариялады. Иса Тоқтыбаевтың өзі де халық ақын жыраулары Тұрмағанбет Ізтілеуов пен Омар Шораяқтың еңбектерін осы басылымға ұсынған. Асқар Тоқмағамбетов Исаның ықпалымен Ташкент басылымдарында өлеңдерін жариялап алғаш рет танымал ақын атанды. Редакция қызметкерлері қазақтың мәдени мұраларын қорғауға белсене қатысып, қырық түйеге тиеген ел ішінен халықтық дастандар мен тарихи жырларды жинастырған. Өкінішке қарай, олардың көпшілігі басылым көре алмай, қазір шаң басып Өзбекстан мұрағаттарында жатыр [8, 47 б.]. Иса Тоқтыбаевтың өзі баспа беттерінде негізінен «Балықшы» немесе жай «Тоқтыбаев» деп қол қойып әңгімелер, очерктер жаза бастады. 

Иса Тоқтыбаев 1920 жылдан бастап Түркістан республикасының жоғарғы партия, совет органдарының және халық ағарту комиссариаты коллегиясына мүше болып сайланып отырды. Бұл жұмыстарды ол 1924 жылдың аяғына дейін, яғни Түркістан республикасы таратылып, «Ақ жол» газеті Сырдария губерниялық партия комиеті мен совет атқару комитетінің органы болғанға дейін істеді. Ташкенттік газеттер мен журналдарының қызметіндегі қиындықтарға қарамастан, ол аз уақытта Түркістан өлкесінде совет үкіметінің қалыптасуына еңбек сіңіріп, халықты білім алуға шақырды. Иса Тоқтыбаевтың осы қиын жылдарда баспа саласындағы қызу қызметі үшін 1924 жылы өлке коммунистері оны Р \б\ КП ХІІ съезінің делегаты етіп сайлады. 

Совет өкіметі 1925 жылы оны Қызылорда уезі оқу бөлімінің меңгерушісі қызметіне жіберді [2]. Сол кездегі үкіметтің тапсыруымен Қызылорда қаласында алғашқы қазақ драмалық театрын және қазақ халқының мәдени өмірінде елеулі оқиға болған «Еңлік-Кебек» қойылымын ұйымдастырды. Қазақстан астанасы Орынбордан Қызылорда қаласына көшіп келгеннен кейін, республикалық оқу комиссариаты оны Орынбор қаласындағы халық ағарту институтына және оның жанындағы жұмысшы факультетіне (рабфак) директор етіп жіберді. 1926 жылы бұл жерлерден кетуге мәжбүр болып, Семейден шығатын «Қазақ тілі» газетінің редакторы қызметіне тағайындалды. 1929 жылы Алматыға барып, Қазақстан оқу комиссариатында аз уақыт қызмет істегеннен кейін, Исаны өлкелік партия комитеті Ленинград қаласындағы аспирантураға оқуға жіберді. Иса бұл оқуды да өте жоғары бағамен бітіріп, Ленинград обкомының ұйғарымы бойынша сондағы Шығыс елдері институтының директоры әрі бүкілодақтық Толмачев атындағы саяси-соғыс академияда сабақ беріп, Ленинградтағы мемлекеттік этнография мұражайының меңгерушісі болды [8, 48 б.]. 

«Қужаққа» қарсылық және Мұстафамен достық

Иса Тоқтыбаев 1926 жылдан кейін, Орта Азия мен Қазақстанның саяси және мәдени өміріне тікелей араласпағанымен, милиондаған адамды аштықтан қырған Голощекинге қарсы шығып, 1929 жылы оның зұлымдықтары жайлы Сталинге хат жазды. Иса Тоқтыбаевтың осы әрекеті үшін қазақтар «Қужақ» атаған Голощекин оны құртып жіберуге талпынғанымен, сол кездегі көрнекті партия қайраткерлері В.В. Куйбышев пен С.М. Кировтің көмегі арқылы аман қалды [8, 49-50 бб.].

Ол Мұстафа Шоқайдың замандасы болғаны үшін де қасіреттің азабын тартты. 1933 жылы 23 тамызда Ленинградта тұтқынға алынып, мәжбүрлегенде М. Шоқайды көргенін мойындаған. «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған зерттеуші, Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің полковнигі болған Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Әмірхан Бәкірұлының дерегінде тергеушілердің неше түрлі қитұрқы әрекеттері баяндалып, Қазақстанда 1930-1933 жылдары ұлтшыл-контрреволюциялық ұйым жұмыс істегені келтірілді. Оның «Түркі халық партиясы» деген бөлігін Мұстанбаев, Мәскеудегі қазақ студент жастар тобын Тоғжанов пен Есқараев, «Егемен Түркістан мемлекеті» деп аталатын антисоветтік ұйымды А. Бірімжанов пен М. Шоқай басқарған туралы айтылды. 

Сонымен қатар, Орынборда Қаржаубаев, Ленинградта Иса Тоқтыбаев жетекшілік еткен ұлтшылдық бағыттағы орталық жұмыс жасағандығы баяндалды. Сонымен бірге Иса Тоқтыбаевқа Қазақтардың Қазақстаннан тыс елдерге көшуін ұйымдастырдың деп те жала жабады. Иса Тоқтыбаев тергеушілердің азаптауы барысында 1917 жылы Ташкентте біреудің жеке үйінде Мұстафа Шоқайды кездестіргенде оның жанында Сұлтанбек Қожанов және Гүлсім Асфендиярова болғанын айтқан [23]. Содан Мұстафа Шоқаймен байланысы бар деген желеумен 1934 жылдың 29 наурызында «Революцияға қарсы ұлтшылдық орталықтың» басшысы ретінде РКФСР ҚК 58-7, 58-10, 58-11 баптары бойынша 10 жылға сотталып, Қарлагтің Бозшакөл учаскесінде айдауда болды. №04693 іс бойынша Иса Тоқтыбаев ленинградтық қазақ студенттерінің контрреволюциялық тобына басшылық жасап, бірыңғай жасырын орталық болған конттреволюциялық ұлтшылдық құрылымдарды басқарды деп айыптайды. Қызметтес болған С.М. Кировтың көмегімен ол 1935 жылы босанады. Иса Тоқтыбаев 1939 жылы қайтадан тұтқынға алынып, 1947 жылы босанды. 1948 жылы 27 қаңтарда үшінші рет қамауға алынып, Красноярск өлкесі Енисей ауданы Хохлово лагеріне жер аударылды. 1954 жылы мерзімінен бұрын босатылып, өмірінің соңына дейін Қызылорда облыстық мұражайының директоры болып қызмет істеді [24, 362-363 бб.]. 

Әке өмірі бала көзқарасымен

Иса Тоқтыбаевтың үлкен баласы Рэм қуғын-сүргін жылдарындағы отбасылық жағдай туралы естелігінде: «Менің әкемді 1933 жылы Ленинград түбіндегі санаторийде демалып жатқанда бірінші рет тұтқынға алды. Оны маған әпкеміз (анам Фатиманың сіңлісі бізбен бірге тұратын) айтты. Ол кісі үйге барар жолда әкеңді тұтқындады деп жылаумен болды. Пәтерімізге келсек астаң-кестең аударыстырған, әкемнің бөлмесін мөрлеп жауып кеткен. Біз онда жиі болып, шкафтардағы кітаптарды және қабырғада ілініп тұратын пистолетті қызықтайтынбыз. Қиялымызда азамат соғыстарының шытырмандары елестейтін. Енді кіре алмадық. Азаннан кешке дейін Литейный даңғылындағы ОГПУ басқармасының есігін күзетіп, әкемізден хабар күттік. Сол кездегі Заңның 58, 58-ю, 58-ІІ баптарымен 10 жылға сотталғанын сонда білдік. Бізге бірінші хабар Қарағандыдағы түрмеде отырғаны жайлы жетті. 

Онда әкемізді бақытына қарай Қазақстанды аралап жүрген С.М. Киров танып, одан Мәскеу облысындағы Дмитров қаласының түрмесіне (Дмитлаг) ауыстыртқан. Әкеміздің тұтқындалуы бізге қара бұлт болып төніп, шешемізді партиядан және институттағы жұмысынан шығарды. НКВД аптасына бірнеше рет келіп, үйді аударып-төңкеріп айқайлап, бізді қорқытып кететін. Ақыры бізді тұрған пәтерімізден қуып, Чайковский көшесіндегі 10-ыншы үйден коммуналдық 18-інші үйге көшірді. Әпкеміз оқуын тастамау үшін басқа фамилияда болғандықтан бізбен туыстығы жоқтығын мәлімдеді. Оған пәтерімізді бердік те, Дмитров қаласына көшіп, Сталин ақ пен қараны ашады, әділет қайта оралады деген оймен арыз бен өтінішті көп жаздық. Әпкеміз институтты бітірді де, Б. Асқаров деген күйеуімен Қарағанды облысының Қарқаралы қаласына кетіп, артынан хабар-ошар болмады. Дмитров қаласында әкеміздің қасында болайық деп біз ағаштан қиылып жасалған, иесіз жаздық үйге орналастық. Ол лагерьге жақын болатын. Оның жанынан түрмедегілерді жұмысқа апаратын жол өтетін. Шаршаған аш тобырдың ішінде әкемізді кейде танымай қалатынбыз. Бізді ол жерден де қуған кезде шешеміз Дмитлаг бастығы С. Риринге барғаны әлі есімде. Ол түрі сұсты, жағасында төрт ромбигі бар кісі екен. Бізге жақын жерге орналасуға рұқсат еткенімен, тұратын баспана таба алмадық. Суық түсіп, жылынбайтын үйде тұру мүмкін болмады. Шешеміз бірнеше рет Мәскеуге барып, Ташкентте бірге қызмет істеген В.В. Куйбышевтың қабылдауына кіруге әрекет жасады. Ақыры 1936 жылы оның араласуымен істі қайта қарап, әкемізді түрмеден босатты. Біз қуанып, Ленинградқа келдік. Онымыз ұзаққа бармады. Қуғын-сүргін қайтадан қарқын ала бастады. Күнде біреуді қамауға алып кетіпті деген сөз жиі айтылатын. Ол да 1938 жылы бізге жетіп, әкеміз 58-бап бойынша екінші рет 8 жылға сотталды. Сөйтіп, алашордашы деген атау азапқа айналып, одан қайда қашса да құтыла алмады. 

Әкемізбен кездесіп, азық-түлік беру үшін түрме алдында күнұзақ тізілген кезекте тұрушы едік. Сондағы бір көрініс есімде ерекше қалып қойыпты. Әкеміздің сыртынан қарағанда оны ұрғаны мен жазалағаны бет-әлпетінен көрініп тұрды. Аузында бірде-бір тісі қалмаған. Сонда да бізге сергек болып көрінуге тырысқанын байқадым. Оған жақындау мүмкін болмады, бізді темір тор бөліп, шешем екеуміз жылап тұрдық. Ал ол болса бізге қалай өмір сүруді айтып жатты. 

Әкей коммунистік тамұқтың мерзімін КомиАССР-інде, Печера лагерінде өтеді. Ондағы өмір білетін адамдардың айтуынша, бұл жер тамұқтың тамұғы болған. Шахталардағы ауыр жұмыстарға жегіліп, иттің күнін көрген. Анамыз ұзақ жылап-сықтаудан кейін баспочтампқа жұмысшы болып орналасты. Одан да қудаланып, саңыраулар артеліне ауысуға тура келді. Біз қалайда өмір сүруге тырмысып, азаннан кешке дейін үйде әр түрлі пакеттер мен қағаздарды желімдеумен айналыстық. Өміріміз әбден тығырыққа тірелгенде анам мені Қызылордадағы әкеміздің немере туысы С. Тоқтыбаевқа жіберді. Ол облыстық прокуратурада тергеуші еді. Мұнда келгенде менің керегім шамалы екенін сезіндім. Олар «халық жауының» баласынан теріс айналып шыға келді. Кемсітушіліктің де не түрін көрдім. Сондағы біреудің сөзі әлі есімде: «Иса Тоқтыбаев нағыз жау ғой. Себебі, өзінің балаларына Рим, Берлин, Токио деп ат қойды емес пе» дегеніне тыңдап отырғандар да қоштап басын изегені бар. Бұл атаулардың мәнісін әкеміз түрмеден ақталып келгеннен кейін білдік. Шынында менің атым төлқұжатымда Рэм, ол «революция, электрофикация, мир» дегеннен қысқартылып алынған екен. Екінші інімнің есімі Варлен Париж коммунарының аты, одан кейінгісі – Мәулен таза қазақ есімі ретінде қойылыпты. 

1945 жылы әкемді Краснодар өлкесінен Енисей өңіріне жер аударды да, ақыры 1947 жылы ол кісі елге оралып қайта қауыштық. Аудандық коммуналдық шаруашылық бөліміне бухгалтер болып орналасты. Өзіміз өзімізге келіп, ес жинай бастадық, мен Ленинград тау-кен, інім Алматы мединститутына оқуға аттандық. Бірақ артымыздан бұрынғы қырсық қалмады. Институтта біреу әкемнің «халық жауы» екенін жеткізіп, оқудан шығартып жіберді. Геолог болуды армандағанмын. Содан соң өзімді Ашхабадтағы 1948 жылғы жер сілкінуден зардап шеккен босқынмын деп Уралдағы бір техникумға оқуға түстім. Сібірде және Қиыр Шығыста жұмыс істедім. Інім Варлен институтты кемсітушілікпен бітірді. Бірақ еңбегі жанды. Кейін республиканың еңбек сіңірген дәрігері болып, Ленин орденімен марапатталды. Екі інімізді соғыс басталғанда Ленинградтан Ярославльге көшірген-ді. Кішіміз Мәулен үш жаста болатын. 1947 жылы тауып алдық. Төртінші інім із-түзсіз кетті» [25] деп жазды. 

Қорыта келгенде, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, ағартушы ғалым Иса Тоқтыбаевтың қоғамдық-саяси және рухани-мәдени қызметін жан-жақты ашып көрсету үшін зерделі зерттеу жүргізіп, шығармаларын жарыққа шығару қажет. Ол үшін Иса Тоқтыбаевқа қатысты Өзбекстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты мен Ресей Федерациясы мемлекеттік мұрағаты, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты қорларындағы құжаттармен танысып, ғылыми негізде саралау керек. 

Бауыржан Еңсепов, тарих ғылымдарының кандидаты, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің аға оқытушысы 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі 

1. Исаев Мырқы. «Революция сардары» Алматы: 1990. 

2. Ырсымбетов Ж. «Жалынды большевик журналист» // Шымкент облыстық газеті, 1967 жыл 26 желтоқсан. 

3. Умаров С.М. ХХV лет САГУ. –Ташкент: изд. САГУ, 1945. -256 с. 

4. Өзбекстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Мұрағаты. 1044-қор, 1-тізбе, 3-іс. 

5. Жизнь и деятельность представителей казахской национальной интелегенции в Туркестане / Сборник документов и материалов. – Шымкент: Южной-Казахстанский госуниверситет им. М.Ауезова, 2004. Ч.2. – 276 с. 

6. Өзбекстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Мұрағаты. 34-қор., 1-тізбе., 687-іс. 

7. ӨР ОММ. 34-қ., 1-т., 110-іс. 

8. Мәми Т. «Коммунистердің тамұғынан оралған». // Қазақстан мұрағаттары №1 (25) 2013. 

9. ӨРОММ. 34-қ., 1-т., 97-іс. 

10. Тилеукулов С., Оразымбетов Ш. Первый Казахский институт в Ташкенте (сборник документов и материлов). – Ташкент: ТГПУ им. Низами, 2005. -160 с. 

11. ӨРОММ. 372-қ., 1-т., 13-іс. 

12. ӨРОММ. 372-қ., 1-т., 60-іс.

13. ӨРОММ. 34-қ., 1-т., 37-іс. 

14. ӨРОММ. 25-қ., 1-т., 40-іс. 

15. ӨРОММ. 372-қ., 1-т., 20-іс. 

16. ӨРОММ. 39-қ., 1-т., 407-іс. 

17. ӨРОММ. 34-қ., 1-т., 1118-іс. 

18. ӨРОММ. 2748-қ., 1-т., 2581-іс. 

19. ӨРОММ. 34-қ., 1-т., 1594-іс. 

20. Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Мұрағаты. 693-қ., 1-т., 15-іс. 

21. ҚРОММ. 693-қ., 1-т., 7-іс. 

22. ӨРОММ. 34-қ., 1-т., 2641-іс. 

23. Бәкірұлы Ә. «Жайлас операциясы». // Егемен Қазақстан 1997 жыл, 25 шілде 

24. Тұрсын Х.М. «Алаш қозғалысының Оңтүстік қанаты». Движение Алаш: Сборник материалов судебных процессов над алашевцами. Трех томник. –Алматы: ФФ «Ел-шежіре», 2011. Т3. 407 б 

25. Мәми Т. «Жоқ, бұл Кәрім Тоқтабаев емес… Иса Тоқтыбаев» // Егемен Қазақстан 2010.