Душанбеде қазақ ғалымы Қ. Сәтбаевтың ескерткіш тақтасы ашылды
13.04.2018 1403
Қазақстанның Тәжікстан Республикасындағы елшісі Нұрлан Сейтімов Қ. Сәтбаев ескерткіш тақтасының ашылуына қолдау көрсеткен Тәжікстан билігіне алғыс айтты

Бүгін Тәжікстан Республикасы Ғылым академиясының Геология институтында Орталық Азиядағы геология ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті қазақ ғалымы Қаныш Сәтбаевтың құрметіне ескерткіш тақтаның ашылу салтанаты өтті деп хабарлайды tajikistantimes.com сайтына сілтеме жасаған e-history.kz.  

Өз сөзінде Қазақстанның Тәжікстан Республикасындағы елшісі Нұрлан Сейтімов Қ. Сәтбаев ескерткіш тақтасының ашылуына қолдау көрсеткен Тәжікстан билігіне алғыс айта отырып, қазақ-тәжік арасындағы ғылым мен білімнің дамуы, достық байланысы тереңдей түсетініне сенім білдірді.

ТР Ғылым академиясының вице-президенті Х. Муминов академик ғалым Сәтбаевтың Тәжікстан ғылымына сіңірген еңбегін жоғары бағалады, келешекте екі елдің ғылыми өкілдері үлкен жетістіктерге жетуіне қолдау көрсете беретінін жеткізді.  

Салтанатты іс-шараға ТР Ғылым академиясының басшылары, «Қазақстан-Тәжікстан» достық ұйымдарының белсенділері, елдегі қазақ диаспора өкілдері қатысты.