Эйфел мұнарасын кім, қалай сатып жіберді?
31.07.2017 1953
Үкіметтегі қайсыбір таныстарына дереу телефон шалған П. мырза Люстиг есімді директордың әкімшілікте атымен болмағанын һәм Эйфел мұнарасын бұзуға жоғарыдан ешқандай да қаулы түспегендігін естіп білді

EXPO көрмесінің ашылуына санаулы сағаттар қалды. Әлемнің түкпір-түкпірінен ағылып жатқан адам санында есеп жоқ. Қарсы алып жатқан қазақстандықтар да желпініп жүр. Десек те, дәл осы аралықта ақша табудың нешеме айла-тәсілінің қолданылатыны да жасырын емес. Оны біз күні кешегі 40 мың теңгеге венгрлік туристі отырғызып кеткен таксист оқиғасынан да біліп отырмыз. Қош, дәл осындай әлемдік көрмеде ашылған Эйфел мұнарасының оқиғасы да көпшілікті қызықтырады деген ойдамыз.

Сонымен...

***

Граф Виктор Люстиг – француз тарихындағы атақты алаяқтың бірі. Тіпті оны кейінгі тәпсіршілер әлемдік ауқымдағы алдампаздар көшін бастауға лайық «бірден-бір тұлға» көреді. Осы орайда айлакерлігімен талайларды тақырға отырғызған графтың жасаған афералары бір-бір жыр десе де, оның Эйфел мұнарасын екі қайтара сату оқиғасы жаһандық қылмыс хроникасындағы қайталанбас та бірегей нұсқа деуге толықтай негіз береді. Өз кезегінде Люстигтің шалымдылығына тәнті болған АҚШ-тық Роберт Грин есімді қаламгер аталмыш инцидентті қопара зерттеп, қаз-қалпында қылмыстық зерттеу жүргізген екен. Жазушының өзі бұл туралы «Адамдардың тойымсыздығы мен пайдақорлық сезімдерінде ойнай білген ол үнемі жетістікке жеткен де отырған» дейді. Сонымен, фрагменті таңдамалы өз талғамымыздағы тәпсірмен өрілген ілгекті қудың бір жолғы арбау әрекеті турасында оқыңыз, ой түйіңіз: уә онан алдағы уақыттарда алданбаудың бағдарын табыңыз...

Құпия кеңес

1925 жылдың мамыр айында бір топ француздық металл алпауыттары Париждің «Крилон» отелінде ресми кездесуге шақырылады. Оларды аталған жерге өзін «Францияның пошта және телеграф министрлігіндегі бөлім бастығының орынбасарымын» деп таныстырған кісі шақырған еді. Алайда, сол кездегі өлшеммен аса қымбат қонақүйдің бірі саналатын ғимараттың жоғарғы қабатындағы бөлмеде бизнесмендерді тартымды киінген, ақсүйек мәнерлі Люстиг күтіп алды. Ә дегеннен, шүйіркелесіп кете қоймаса да, қонақтардың сөз барысында ұққаны, өздерін аса құпиялы және де маңызды кездесуге тартқан жан Үкімет тарапынан қолға алынғалы жатқан жаңа жобаның бас директоры екен. Ақырында жоғарғы ортада қабылданған этикалық шарттылықтар «бітті-ау» деген кезде директор де жүрекжарды сөзін бастай берді:  

– Мырзалар, – деді ол бір кезде, тамағын кеней түсіп: – бұл басқосуымыз айрықша құпия іске байланысты болып тұр. Франция Үкіметі атақты Эйфел мұнарасын сүріп тастағалы жатыр...

Бұл сөзге қонақтар сенер-сенбестерін де білмеді. Расында да, Люстиг айтқандай, сол шақтарда газет беттерінде айтулы құрылыстың қайта жөндеуді қажет ететіні қайта-қайта көтеріліп жатты. Сондықтан да олар, «директордың» сөзіне кәдімгідей иланып қалғандай еді. Әйтеуір, баршаға белгілі жайт, мұнараның бастапқыда уақытша құрылым ретінде 1989 жылғы әлемдік көрме үшін салынған-тұғын. Мұны жалпақ әлем біледі. Ал оны көзкөрім қалпында ұстау мен сақтау шығынының жылдан-жылға ұлғайып келе жатқаны бұл шақта ешкімге де жасырын емес-ті. Егер қайта жөндеу жұмыстары басталатын болса, Үкіметке бұл шара үшін миллиондаған соманың басына су құюға тура келмек. Іскерлер мәселенің осындай көлеңкелі жақтарын да жіпке тізіп отырды, әлбетте. Осыны желеу ете отырып, өз кезегінде Люстиг те біраз жерге шапты. Оның айтуынша, өзге жағымсыз жақтарын айтпағанда, көптеген париждіктерді көкпен таласқан Эйфел сұлбасы әбден езіп, көзжауыр қылған. Ендеше, халық тарапынан осы бір пайдасыз биіктікті жоқ ету операциясына қатысты еш қарсылық болмайды да. Уақыт өте келе оны туристер де ұмытып кетеді. Ностальгияға бой алдыратындар табылып жатса, әсершілдердің сағынышын басуға суреттер мен қатырмақағаздардағы Эйфел бейнесі де жеткілікті-мыс.

– Мырзалар, сіздерді осы істен қыруар пайда табуға шақырып отырмыз. Сіздерден Үкімет тиімді ұсыныстар күтеді, – деп аяқтай берді ол сондағы өз сөзін.  

Бұдан әрі бәрі де қуаяқтың өзі ойластырғандай, сценарий бойынша жүрді де отырды. Ол ойларын жинақтай алмай дағдарған бизнесмендердің қолына үкіметтік таңбасы бар мұнара металдарының тонналық көрсеткіштері жазылған бланкілерді ұстата берді. Ізінше Люстиг оларды төменде күтіп тұрған лимузинге мінгізіп, сөз етілген мұнараның өзіне алып барды. Сөйтіп, осы іске кіріскеннен түсетін пайдасын іштей есептей бастаған дөкейлерді ол мұрынынан тескен түйедей етіп, жетектей бастаған. Эйфелдің жықпыл-қуыстарын құдды бір қожайынша еркін жайлауға кіріскен директор іскерлердің пайдақорлығын қыздырумен нанталап қылды. Ал шығар ауызда Люстиг әрбір алпауыттың қолын жеке-жеке қысып, алдағы төрт күннің ішінде олардан аталған жоспарды тиімді іске асыруға қатысты ұсыныстар күтетінін хабарлай, қош айтысты.

«Сіз тендерді жеңіп алдыңыз»

Люстиг нысанаға дөп тигізген екен. Арада екі күн өтпей-ақ, бизнесмендердің бірі де қалмай, бұған өз ұсыныстарын жіберіп үлгерді. Әрі байшыкештердің өзге бәсекелестерінен сақтанғандары сондай, өзге жұртқа бұл шешімнің сыбдырын да сездірмеді. Ал директор болып шіреніп, бағландардың есін алған бұл болса, өтініш иелерінің ішіндегі майлысы – П. есімді мырзаны «салпыауыздауы осы-ау» деген оймен таңдап ала қойды. Көп ұзамай Люстиг оны үміткер бесеудің ішінен оза шапқанымен құттықтай отырып, тендерден жеңімпаз болып шыққанын хабарлады. Сондай-ақ ол қауіпсіздік үшін келісімшартты бекітуге алдында ғана кездескен отельдерінде екі күннің көлемінде нотариуспен бектіліген 250 000 франктық чекпен  (біздің заманымызда бұл шамамен 1 000 000 доллар) қайта жолығуға шақырды. Яғни бұл жалпы керекті сомманың төрттен бір бөлігі-тұғын. Чек алынысымен, іскер Эйфел мұнарасын бұзып, ондағы барша құрылыс материалдары мен металды алатын болып келісіледі. 

Ал П. мырзаның өзі болса, бұл шешімге дән риза еді. Қалай десе де, енді, ол тарихқа аса танымал көрнекі нысанын сатып алған және да бұзған адам ретінде кірмекші ғой. Бір жағынан осындай әулекі ойдың өзі дарақы бизнесменнің төбесін көкке жеткізгендей болды. Әйтсе де секем деп аталатын сезім, оның алдындағы нөмірге, чегімен сақадай-сай келген кезінде оянып сала берген. Кездесу неге қайтара бастапқы отел қабырғасында белгіленді, неліктен келісім үдерісі әдепкі жоралғыға сай, Үкімет ғимаратында, ресми тұлғалардың қатысуымен өтпей жатыр? Бұл не, алдау ма, жоқ әлде мистикаландыру ма? Сөйтіп, Люстиг мұнараны бұзуға қатысты өз пайымдарын ортаға салып жатқанда мына жақтан бизнесмен күмәнға беріліп тұрғанын да жасыра алмай тұрды.

Бірақ бұл көпті көрген Люстиг еді. Бір кезде алпауыт жаңа ғана Үкімет атынан сөйлеп, күндей күркіреп тұрған директордың ендігіде жұмсарып, мәймөңкелей бастағанына куә болды. Директор мұнара туралы айтуын дереу доғарып, өзінің өте төмен жалақыға өмір сүріп жатқандығын, әйелінің қымбат тон алғысы келетінін және де талмай жұмыс атқарса да, оны ешкімнің бағаламайтынын айтуға кірісті. Люстигтің ондағы айласы өзіне сенімсіз қарап тұрған байдың күдігін біржолата жоққа шығарып, бұрынғы бұрынғы ма, тағы да үстемелетіп өтірікті айту еді. Бұл оның бие алғысы келсе, түйені сұрайтын ең бір сүйікті әдісінің бірі болатын.

П. мырза енді тіпті шатаса түсті. Бәлки жоғары дәрежелі шенеунік бұдан пара тілеп тұрған болар?!  Әгәрәки, бұл алаяқ болса, бүйтіп қиыла қалмас еді ғой. Тіпті сезік тудырғаны үшін күйгелектеп, бас сауғалауға тиіс. Ал мынауың кәдуілгі жемқор шенеуніктің өзі болмаса неғылсын?! Беті шімірікпейді...

Азырақ ой түйіп, алпауыт, осы тоқтамға түбегейлі тоқтады. Біржағынан арқасы жеңілдеп, екінші жағынан өзінің құзырлы тұлғаға итке сүйек тастағандай, қорлайтыны есіне түсіп, көңілденіп сала берді. Сөйтті де, ол жеңіл қолымен Люстигтің қалтасына бірнеше мың франкті сүңгітіп жіберді. Бұл не десе де, бірінші рет емес, бұған дейін де талай рет үкіметттік тұлғалардың өзінен бірнәрсе дәмететінін байқайтын және соны өз пайдасына шешіп, талай рет пара бергені бар. Сонымен, пайдаға белшесінен бататынына сенімді байекең санаулы минуттардың ішінде мұнараға деген мұның құқығын бекітетін құжаттардың бәрін төс қалтасына басып, қонақүйден маңғаздана шығып бара жатты.         

Алданды деген осы да...

Бірнеше күн өтісімен П. мырза бірде-бір ишарат танытпаған министрліктің үнсіздігінен бір бәлеге тап болғанын бағамдай бастады. Содан Үкіметтегі қайсыбір таныстарына дереу телефон шалған ол Люстиг есімді директордың әкімшілікте атымен болмағанын һәм Эйфел мұнарасын бұзуға жоғарыдан ешқандай да қаулы түспегендігін естіп білді.  

Масқара!

Оны 205 мың франкке отырғызып кетті! Алданды деген осы да...

Бәрін айт та бірін айт: арбалып аузы күйген алпауыт полицияға шағымдануды жөн деп таппады. Қанша дегенмен тарихтағы ең бір ақылға сыймас та абсурдты алдаудың құрбаны болғаны оның тұлғалық абыройына нұқсан келтіргені былай тұрсын, жұртшылық тарапынан күлкіге ұшыратар еді.  Қала берді, бұл алдану іскери мансабына нүкте қойып, «аңғал алпауыт» деп аталып кетуіне түрткі болар ма еді, кім білсін?!

Жалпы, арбаушылық дарыны таңдай қақтырарлық Виктор Люстиг Париждегі Триумф аркасын немесе Сена үстімен өтетін көпірді, Балзактың ескерткішін сатпақшы болса, мұндай жетістікке жетпес те еді. Ал Эйфел мұнарасы болса, адам өресіне ауыр, киялға салмақ саларлық тым зор нысан-тын. Сондықтан да, басқасы басқа, дәл оған қатысты «алаяқтық іс жүргізілуі мүмкін-ау» деген ойдың ешкімнің де басына келмесі анық. Міне, сол себепті де, өз арбау жүйесінің осындай таңқаларлық ауқымымен Люстиг жарты жыл өткесін Парижге қайта соғып, атақты мұнараны тағы бір қаржы алпауытына сатып кеткен болатын. Қаншаға десеңіз, алдыңғысынан да зор, бүгінгі ақшамен есептегенде бір жарым миллион долларға тең қаржыға пұлдапты.  

Иә, қаласа, аспандағы айды да алдап ала алатын бұл алаяқтық дегенді қойсаңызшы! Әлде кінә – өзімізден, жалпыадамзатқа ортақ әлсіздік, сондай да бір қуаяқтарға жол берген тойымсыз пайдақорлығымыздан ба? Рас, «жауап сансыз, сауал одан да көп» деген осы шағыр бәлкім?!

Ерболат МАМЫРАЙХАН