Тамырын тереңге тартқан рухани байланыс
05.01.2018 2517
Османлы жұрты мен түркістандықтардың арасындағы мәдени-рухани байланыстардың тереңдей түсуіне бұл халықтардың ортақ рухани байланыстарының негізі жатыр

Түбі бір туысқан османлы жұрты мен түркістандықтар (орталық азия халықтары) арасындағы тарихи, мәдени және рухани байланыстар тереңде жатқанын, бір кезде үзіліп қалған тарихи тамырластық бүгінгі таңда өз деңгейінде жанданып келе жатқаны баршамызға аян. Қандас бауырлардың құшақтары қайта қауышып, тілектері табысты. Османлы жұрты мен түркістандықтардың арасындағы мәдени-рухани байланыстардың тереңдей түсуіне бұл халықтардың ортақ рухани байланыстарының негізі жатыр.

Арысына бармай-ақ өткен 2017 жылдың қыркүйек айында өткен «Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі» бірінші саммиті аясында келген Түркияның Президенті Реджеп Тайып Ердоған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен арнайы кездесуі екі ел басшылары арасында ағайыншылықтан басқа мәселе жоқ екенін көрсетті. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы түрік тіліне аударылып, Түркия мемлекет басшысы Реджеп Тайып Ердоғанға, Түркия Президенті түрік ғалымдарының «Стамбұлдағы Түркістан Теккелері: атажұрт пен анажұрт арасындағы рухани көпір» атты қазақ тіліне аударылған еңбекті Н.Ә. Назарбаевқа сыйға беруі түбі бір түркі халқының абыройын асқақтатты.

Біздің байланыстарымыздың артуына арқау болған-мәдени-рухани, ағартушылық бағыттағы ортақ тұлғаларымыз, рухани орындарымыз, туындыларымыз т.б. да жәдігерлер болып табылады. Түрік басшысы сыйға тартқан аталмыш шығарма рухани көпірдің негізі тереңде жатқанын ғылыми тұрғыда дәлелдейтін еңбек болып табылады. Анадолы мен Түркістан арасындағы тарихи байланыстың бастауы 1071 жылы Мәлік шахтың әкесі Алпарсланның Анадолыдағы жеңісінің нәтижесінде басталған көшпен тікелей байланысты. Шах Мәлік Салжұқ мемлекетін саяси жағынан мықтап күшейткен, мемлекет шекарасын кеңейткен тұлға екені белгілі.

Сол үш ғасырға созылған Анадолыға орнығу мен өркендеу кезеңінде Анадолының исламдануына және түріктенуіне рухани қайраткерлердің солардың ішінде Қорасан мен Мәуераннахр аймағындағы Иассауи мен Кубрауийа тариқаттарынан шыққан сопылар мен дәруіштердің алатын орны ерекше. Иассауи мен Кубрауийа тариқаттарынан шыққан дәруіштер Анадолыда сопылықтың негізін мықты қалады. Селжұқ билеушілерінің ілтипатына бөленгені соншалық Анадолыда «Текке» атымен мәжһүр өздерінің мекендерін ашты. Сол Теккелерде жетілген атақты қайраткерлердің арқасында дәстүрлі мәдениет пен өнердің дамуы қамтамасыз етілді.

Түркістаннан шыққан теккелер шалғайдағы өңірлерді рухани түрде жақындастырып, тіпті Анадолы мен Түркістан аймақтарында әлеуметтік және мәдени салада жаңа байланыстың пайда болуына өз үлесін қосқан көпірлер болды. Теккелер Түркістаннан келгендердің әкімшілік-саяси билік органдарымен болған қарым-қатынаста дәнекер қызметін атқарған құрметті консулдарға айналды. Стамбулдағы Түркістандық текті теккелер діни ғана емес, әлеуметтік қызметті, саяси (дипломатиялық) және мәдени миссияларды да атқарған екен. Стамбұлдағы Үскүдар, Сұлтанахмет және Аюб аудандарындағы мұндай теккелер Стамбұл мен Мәуәраннахр, Қорасан мен Бұқараның бауырластығының, достығы мен тағдырластығының айқын дәлелі болды. Негізі Түркістан аймағында қаланғанымен діни ғылымы Османлы жұртында мықты дамыған Теккелер, бұл Түркістан мен Анадолы арасындағы мәдени-рухани байланыстардың тереңдігін көрсетеді. Бұқара, Самарқан, Ташкент, Түркістан т.б. сияқты тарихи ислам орталықтарынан ат арылтып келген түркістандықтар, Османлы өлкесінің орталығы мен шет аймақтарының саяси, діни, әлеуметтік, мәдени және экономикалық өркендеуін зор үлестерін қосты. Сопылық арқылы құрылған рухани көпірлерінің арқасында Атажұрт пен Анажұрт арасындағы байланыс ғасырлар бойы сақталып келді.

Осы тұрғыдан алғанда Теккелер кең байтақ территорияда саяси, әлеуметтік, рухани-мәдени өміріміздің ортақ тарихы екенін байқатады. Анадолы мен Түркістан арасындағы байланыстар мен өзара ықпалдастықтың артуына теккелер дәнекер болғанын осы кітаптан таба аламыз. Стамбұлда құрылған сопылық тереңдігімен қатар тарихи кезеңнің саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени және дипломатиялық тарихын баяндайды. Яғни, ортақ тарихымыздың болғанының дәлелі.

Бұл тарихшылардың отан тарихындағы әлі де зерттеуді қажет ететін тарих парақтарындағы проблемалардың бірі болып табылады. Зерттеу міндеттерінің шеңбері екі логикалық өзара байланысты мәселелерді: теккелердің әлеуметтік-мәдени өмірдегі орны, діни (рухани) және саяси (дипломатиялық) миссияларын қамтиды.

Түркия мен Қазақстан арасындағы ортақ тіл, дін, тарих, және мәдени құндылықтардан қуат алатын тарихи тамырластық қарым-қатынасымызды нығайтуға арқау болмақ.

Міне, осындай тамырын тереңнен алатын түркі әлеміне ортақ жәдігерлерімізді насихаттайтын еңбектерді көптеп насихаттасақ тарих көшінен қалмайтынымыз ақиқат.

Қайыркен ӘДИЕТ 

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ PhD докторанты