Шымкенттен Өзбекстанға «Достық керуені» жол тартты. Іс-шара ҚХА мен Өзбекстан Республикасының Интернационалдық мәдени орталығы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында ұйымдастырылды
Ежелден-ақ керуендер халықтар арасындағы достықтың көпірі қызметін атқарды. Олар алыс-жақын мемлекеттерді рухани, экономикалық және саяси тұрғыда байланыстырды. Көп ретте керуендермен бірге мемлекет елшілері де жолға шығатын. Көршілер арасында бейбітшіліктің болуы көбіне-көп соларға байланысты еді.
Шымкенттен Өзбекстанға «Достық керуені» жол тартты. Іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Өзбекстан Республикасының Интернационалдық мәдени орталығы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында ұйымдастырылды. Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзиёевтың наурыз айында Қазақстанға жасаған ресми сапары барысында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын.
Бұл құжат қоғамдық-саяси, мәдени-білім беру, ғылыми және ақпараттық салалардағы ынтымақтастық, халықтық дипломатияның нығаюы мен дамуына, сонымен қатар екі ел халықтарының жақындасуына ықпал ететін бірлескен жобалар мен іс-шараларды әзірлеу және іске асыруды көздейді.
Керуенді жолға шығарып салу рәсімінде облыстық «Қоғамдық келісім» МКК басшысы Ербол Байқонақов, Түркістан қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Бадриддин Нишанкулов сөз сөйледі. Олар бұл іс-шара Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына қолдау көрсету, сонымен қатар көрші екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында ұйымдастырылып отырғанын айтты.
Өзбекстанға сапарға шыққан 50 ақсақал Ташкенттегі Төле би кесенесіне барып зиярат қылып, содан соң Самарқандтағы Әмір Темір және Жалаңтөс баһадүрдің, Бұхарадағы Бахауддин Накшбандидің кесенелерімен танысады.
Бұнымен қоса, «Достық керуенінің» өкілдері Өзбекстан Республикасының Интернационалдық мәдени орталығында, Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығында және өзге де тарихи-мәдени орталықтарында болып, сол елдің азаматтарымен кездесуді жоспарлап отыр.