Басты бет Есімнама Сұлтанмахмұт Торайғыров

Сұлтанмахмұт Торайғыров

Ақын, ағартушы.

Торайғыровтың 2 жасында шешесі қайтыс болып, 6 жасына дейін әжесінің тәрбиесінде болған. Кейін әкесі екі ұлымен Баянауылға көшіп, Торайғыр кентіне таяу жерге қоныстанған. Торайғыров алғаш әкесінен ескіше хат танып, 13 жасынан Мұқан, Әбдірахман, Тортай деген молдалардан дәріс алды. Өлеңге үйір, шығыстық сюжеттер негізінде жырлар туындатқан Мұқан молда тәлімінің Торайғыровтың ақын ретінде қалыптасуына игі әсері болғанымен, баянауылдық Әбдірахман молданың (1908) қаталдығы, өлең шығарғаны үшін жас қаламгерді жазалауы оның дін мен молдалар жайлы теріс көзқарасының қалыптасуына негіз болған.

1911 ж. жаңаша оқыған Нұралы ұстазының көмегімен қазақ, татар тілдеріндегі әдеби кітаптармен, газет-журналдармен танысады. *1912 ж. Троицкідегі Ахун Рахманқұли медресесіне түседі, бірақ мұнда бір жылдай оқыған ол өкпе ауруының зардабынан оқудан шығып қалады. Торайғыров енді медреседе оқуды қойып, орысша оқу іздейді, қала маңындағы елде жаз бойы бала оқытады. Осы кезден ақындыққа ден қойып, *1912 – 13 жылдар аралығында “Кешегі түс пен бүгінгі іс”, т.б. өлеңдерін, “Зарландым” атты ұзақ очеркін жазды. Осы тұста “Қамар сұлу” романын жазуды бастады.

1913 жылдың күзінде Троицкіге қайтқан Торайғыров “Айқап” журналына жауапты хатшы болып жұмысқа орналасып, “Өлең һәм айтушылар”, “Ауырмай есімнен жаңылғаным”, “Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан”, “Қазақ ішінде оқу, оқыту жолы қалай?”, т.б. әңгіме, мақалаларын осы журналда жариялайды. Журналда аз ғана уақыт қызмет еткен ақын

1914 ж. жазда туған елі Баянауылға оралады. Ел ішінде мәдени-ағарту жұмысын жүргізетін “Шоң серіктігі” деген ұйым ашпақ болғанымен, ісі жүзеге аспады. Осы жылы орысша оқу іздеп Семейге барған Торайғыров діттеген оқуына түсе алмай, біраз дағдарысқа ұшырайды. Осындай көңіл-күй әсерімен  “Жан қалқам”, “Гүл”, т.б. өлеңдерін, “Кім жазықты?” атты өлеңмен жазылған романын дүниеге әкелді (1915). Шығыс Қазақстанда жалданып бала оқытқан ол 1916 жылдың күзіне дейін әуелі Қатонқарағайда, кейін Зайсанда болады, орыс тілін үйренеді.

1916 – 17 жылдардың қысында Томскіде орысша оқиды. Өмірден көп қағажу көріп қажыған ақын арманына жетіп көңілі көтеріледі. “Шәкірт ойы” өлеңінде “Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуды”, “Мұздаған елдің жүрегін жылытуды” армандайды. Осы тұста әлем әдебиетінің классикалық үлгілерімен, саяси кітаптармен танысты.

1917 жылғы ақпан айындағы төңкерістен кейін Семейде жаңа құрылған Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің жұмыстарына қатынасып, “Алаш ұранын” жариялады. Бірақ ауруы асқынып кеткендіктен оқуды да, жұмысты да тастап,

1918 ж. сәуірде еліне біржола оралады. Онда Колчак үстемдігінен кейін қайта жанданған совдеп жұмысына араласып, ел шаруаларының дау-шарларын әділ шешуге қатынасты. Осы тұста саяси-философиялық әдебиетті (Г.Ц. Плеханов, Н.Г. Чернышевский, т.б.) көп оқып, “Шал мен қызға”, “А, дүние”, “Жас жүрек”, “Сарыарқаның жаңбыры”, “Адасқан өмір”, “Кедей”, “Айтыс”, т.б. өлеңдерін жазды.

Түпнұсқа:  wikipedia 
Сұлтанмахмұт Торайғыров
  • Аты
  • Сұлтанмахмұт Торайғыров
  • Қызмет саласы
  • Ақын-жыраулар, билер
  • Туған күні
  • 1893
  • Қайтыс болған күні
  • 1920