Басты бет Есімнама Жанақ Сағындықұлы

Жанақ Сағындықұлы

ХVІІІ ғасырдың соңына қарай қазақтың жыраулық поэзиясының күні өтіп, жеке ақындық өнер туа бастаған кезде, соны бастаушылардың бірі – осы Жанақ ақын болған.

ХVІІІ ғасырдың соңына қарай қазақтың жыраулық поэзиясының күні өтіп, жеке ақындық өнер туа бастаған кезде, соны бастаушылардың бірі – осы Жанақ ақын болған. Жеке ақындық поэзия бұрынғыдай ел, заман жайлы толғаулардан бас тартып, халық өмірін, жеке адамдардың жақсылы-жаманды қылығын өлеңге қосып, тұрмыстың, тіршіліктің шындығын жырлауға бет бұрған. Қазақ әдебиеті тарихында Шал, Көтеш, Жанақ сияқты ақындар алғаш осындай өлең үлгілерін тудырған.

Жанақ Сағындықұлы 1770 жылы бұрынғы Семей губерниясы, Қарқаралы уезі, Темірші болысының 6-аулында туған. Кейін бұл өңірде “Прогресс” атты шаруашылық ұйымдасқан. Сол ауылдың шығыс жағындағы Құмадыр бұйраты – Жанақтың туған жері.

Жанақтың шыққан тегі кедей шаруадан. Ата-анасы көріп өскен жоқшылықты Жанақ та бастан кешірген.

Жасында кедейліктен жедім таяқ,

Жалаң бас, жамау дамбал, жалаң аяқ.

Кедейлік қыршаңқы аттай топтап қуып,

Үйірге қосыла алмай жүрдім саяқ, –

деген ақынның өлең жолдары бұған дәлел.

Ес білгеннен кейін де Жанақтың қолы байлыққа жетпеген. Тапқан-таянғаны күнделікті күн көрісінен аспаған. Бірақ ол жоқшылыққа мойымай, ақындық өнерге бой ұрған. Оның қобызға қосылып айтқан жырлары елді тәнті еткен. Оны халық, хан – қара – бәрі сыйлаған.

Жанақ бере білмеді, ала білді,

Құдай ал деп берген соң шебер тілді.

Сондадағы түскем жоқ ел алдында,

Әркім-ақ бұл Жанақтан үзіп-жұлды.

Жақсы десін, мейлі жаман десін,

Жанақты бұл үш жүздің ұлы білді.

Хан, қара мен сыйлады би-төресі,

Болмаса сыйлар ма еді сөзім бұлды, –

деген ол.

Жанақтың өмірі мен өнері көзінің тірісінде-ақ аңызға айналған. “Жанақ айтыпты” деген сөз ел ішіне кең тараған. Оларда ақынның тапқырлығы, бірбеткейлігі тілінің өткірлігі көп айтылады. Сондай әңгіменің бірі – Бәкі төремен бірге шыққан сапары жөнінде. Ақынды өз ықтиярымен сөйлетпек болған Бәкіні ол көп жерде тыңдамай кетеді. Қолына қобызы тиіп, қызған кезде өз ойындағысын еркін, қысылмай айтқан. Ақын бұл мінезін төреге ашық мойындап, “Қобызым қолыма тиген соң, құдай аузыма не салса, соны айтамын... Өлең деген сөз солай болады, мен сіздің тапсырмаңызбен айтсам, ол сөз менікі емес, сіздікі боп шығады. Ал, мен сізден ат мініп, шапан киіп жүр екенмін деп бас билігімді берсем де, сөз билігін бере алмаймын” деген. “Кет, олай болса ...” деп төре ашу шақырыпты. Жанақ төре мінгізген атынан түсіп, шапанын шешіп тастап, ертоқымын арқалап, жаяу кеткен. Сасқан төре “мен ат-шапанды сұрағам жоқ, апарып беріңдер” деп кісі жұмсаған. Жанақ алмаған. “Төреге ерген ерін арқалайды” деген.

Жанақтың шыншылдығы, тілінің өткірлігі және тапқырлығы “Рүстем төреге айтқаны”[1] деген атақты өлеңінде анық көрінеді. Бұл – сюжетті ұзақ өлең. Ол төрені іздеп келіп сәлемдесуімен басталып, оның зұлымдығын, парақорлығын әшкерлейтін өткір сатираға ауысады. Рүстем сияқты ел басшыларының халықтың арман-мұңына құлақ аспайтынын айта отырып, отаршылдықтың елді аздырып-тоздырып бара жатқанын, сол елдің шерін арқалаған өзінің ауыр сезімін суреттейді. Өлеңнің образдық жүйесінде халықтық даналық ойлардың әсері мол. Ең алдымен ақын Рүстем төреге кірудің қиындығын, мұның да басын қатерге тігіп келгенін ашық айтады.

Біреу айтты Рүстем қастайды деп,

Жасқанбаған бетіңді жасқайды деп.

“Барсаң, аман қайтпассың, тоқта” – деді,

Ашуланса, басыңды ап тастайды деп.

Кейбіреу Жанақ тілің ащы деді.

Бетің қайтпай араның тасты деді.

Ащы тілмен төрені сұғып алып,

Алғызып-ақ қайтарсың басты деді.

Осындай әңгіме үстінде ол Рүстемге пара әкеп берген балықшы мен аңшыны көреді. Ол “аңшының тышқанына, балықшының сазанына” ортақтасып төре тұқымының азып, ұсақтап кеткенін сынайды. Кешегі Абылай тұқымының от басын, ошақ қасын аңдыған, “бақыт құсын қолынан ұшырып алған” күйін суреттейді.

Береке – көктен деген, жылдан – жылыс.

Ер ұл туса болады елге тыныс.

Сөйткен ер ұл сен болсаң, тумай-ақ қой,

Сен туған соң елімнен шайқалды ырыс.

Тұқымы азып төренің тұқыл болып,

Болат ағып бұл күнде болды мырыш.

Шабар болсаң, датымды айтқызып шап,

Дат айтқызбай шапқан жоқ атау қылыш, –

деп, төре ашуының алдын ала біледі. Өлеңнің бейнелі, астарлы сөздері ел басшылары деген адамдардың азғындаған күйін бейнелейді. Олар “Болат ағып, бұл күнде қалды мырыш”, “Шынар құлап түбірде қалды шіріп, Ел ұйтқысы бұзылды мәйегі іріп”, “Үй күшіктей отынның басында үріп”, “Аш қасқырдай нашарды жейсің жығып, сырт жау келсе, кетесің шиге бұғып” деген образдардан көрінеді.

Жанақ төреге елдің бүгінгі күйі жайында көп әңгіме айтады. Оның бәрі хандықтың жойылып, ел басшыларының әлсіреп кеткенінен, отаршылдықтың езгісі ұлғайғанынан деп түсіндіреді.

Бұл күнде хан мен қара тең болған кез,

Бағалы бағасыздан кем болған ез.

Ғаламат аспандағы жерге түсіп,

Ғажайып түсте болған өң болған кез.

Қайғы – теңіз, көз жасы – сел болған кез,

Сөз байлаусыз, оғы да жез болған кез.

Шалқыған шалқар көлің тандыр болып,

Шалшық су тепсеңі жоқ көл болған кез.

Асқар тауды бұлт басып, мұнар алып,

Теріскей тебіні жоқ бел болған кез.

Ханнан қайрат, байынан қайыр кетіп,

Телмірген теңдігі жоқ ел болған кез.

Қайғың азық, ермегің шер болған кез.

Елмен араз, татуың бір болған кез.

Шеп бұзып, ту құлатқан батыр құрып,

Тебінгі сауған ұры ер болған кез.

Осындағы тың образдар, дәуірдің шындығын сол кезеңнің түсінігі, бейнелері арқылы суреттеу, тапқырлық Жанақты үлкен ақындардың қатарына қояды. Хандық жүйе тарағанмен, әлі де биліктен айрылып болмаған төреден ол елдің осы күйін жеңілдетудің жолын іздеуін сұрайды.

Рүстем төре Жанақтың ащы сыны елге тарап кетеді деп қауіптеніп, оны дұрыс қабылдайды. Сый-сияпат жасайды. Сыйлы қонаққа тартылатын тоғызды (ішік, ат, күміс қын, кісе, пышақ, әйеліне арналған асыл бұйымдар) көрген сайын Жанақ оларды суреттеп, өлең айтады. Атты, аңшылық қаруларын сыпаттайды. Бірақ мұны Жанақтың төреге жағынуы деп қарауға болмайды. Ақын сөз сыйлаған халықтың сый ұсыну дәстүрін жырға қосады. Сый иесіне ризалығын білдіреді. Мұндай өлеңді Жанақ Барақ төреге де, оның баласы Бексұлтанға да айтқан. Сөйте тұра кедей ақынды менсінбеген Қамбар мен Кәрібайдың тәкаппарлығын сынап, бетіне басады.

Жанақтың заманында кедей ақындардың осындай мінездері болғанын кезінде Абай сынаған. Оларды “Өлең сөздің қадірін кетіргені”, “Жат елде қайыршылық қылғаны”, “мал үшін жанын жалдап, тілін безегені” үшін шенеп, мінеген. Бұл – ұлы ақынның өлең сөздің бағасын көтеру жолындағы күресі кезіндегі ойы, сөзі. Алайда, әр дәуірдің, әр ортаның өз ақындары, олардың өлең шығаратын, айтатын ортасы барын мойындасақ, Жанақ, Шөже, Сүйінбай, т.б. ақындардың да өз дәуірін аттап кете алмағанын түсінеміз. Олар сонымен бірге жеме-жемге келгенде, шындықты өткір, тауып айта білген. Сол үшін халық құрметіне ие болған.

Жанақ та халықтың ерке ұлдарының бірі болғанын оның өлеңдері айғақтайды. “Ер көңілді, ерке өскен Жанақ едім”, “Қыран ем ойдан ұшқан құздағы аңға”, “Мен едім Айдаболға келген Жанақ”, т.б. өлеңдері ақынның халықпен тығыз байланысын ашып көрсетуге құрылған. Оның көп өлеңдері көзі көрген жайға қолма-қол үн қосуға арналған. Жеке адамдарға арнау күйінде де айтылған.

Жанақ өз дәуіріндегі белгілі айтыс ақыны есебінде де белгілі. Оның Түбек, Садыр, Сабырбай сияқты ақындармен айтыстары сақталған. Оларда да ақындық тапқырлық, ұтымды сөзді бағалау, әзіл-қалжың, т.б. ерекшеліктер кездеседі.

Жанақ – ескі халық жырларын айтушы, кейінгі заманға жеткізуші жыршылардың бірі болған. “Қозы Көрпеш – Баян Сұлу”  жырының бір нұсқасы бізге Жанақ арқылы  жеткен. Оны алғаш Шоқан Уәлиханов жазып алған. Ғалым Жанақтың қобызға қосылып айтатын өнерін зор бағалаған. Жанақтан соң қобызбен айту дәстүрінің кеміп кеткенін сөз еткен. Мұхтар Әуезов “Қозы Көрпеш – Баян Сұлу” жырының Жанақ нұсқасының көркемдігін зор бағалаған.

Жанақ 1856 жылы қазіргі Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданының бұрын “Хан сүйегі” деп аталған жерінде қайтыс болған. Бұл жерге бұрын Бөкей хан жерленіпті, содан “Хан сүйегі” аталған. Ақынды құрметтеген халық оны хан бейітінің ішіне жерлеген. Хан тұқымы оған намыстанып, Жанақ сүйегін шығарып тастауға тырысқан екен, бірақ елдің қадірлі, сөзі өтімді адамдары (Алшынбай би) қарсы болып, тигізбепті. Бұл да –  халықтың Жанаққа деген  құрметі.

Жанақ – қазақтың жеке ақындық өнері туып, қоғамдық, әлеуметтік мәселелердің әдебиет назарына іліге бастаған тұсының көрнекті ақыны. Сонымен бірге ол ескі мұраны сақтап жеткізуші, айтыс өнерін ХVІІІ ғасырда қайта жаңғыртушы ақын есебінде де әдебиет тарихында елеулі орынға ие. 

Автор: Серік Қирабаев.

Жанақ Сағындықұлы
  • Аты
  • Жанақ Сағындықұлы
  • Қызмет саласы
  • Ақын-жыраулар, билер
  • Туған жері
  • Семей губерниясы