Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тау баласы Мұқағали

31203
Тау баласы Мұқағали - e-history.kz

 

Мен – таулықпын,

Таудан мен жаратылғам,

Тау деген ана туған, дара тұлғам.

Тауға барып,

Көкке ұшып кетсем бе екен

Ұстап алып қыранның қанатынан.

Бұл жыр – қазақтың ақыны Мұқағалидың жан сөзі, оның кім, қандай ақын екенін танытатын, басқамен шатастыруға болмайтын бәсіре сөзі.

Ақын – ең алдымен тау баласы. Нәрестенің іңгәлап дүниеге келгенде көрген алғашқы адамдарының бірі – әкесі, яки атасы қандай жақын, етене болса, көзді ашып танығандағысы жарықтық тау бейнесі де сондай. Әкесіндей көріп еркелейді, бауырына тығылып, тебірене жырға қосады. Өйткені ол әкесінің де әкесі еді ғой.

Тау ұлымын,

Тау – менің дәу бесігім,

Мен оның әуресімін, сәулесімін.

Асқар шыңдар желпиді бесігімді,

Бір орамын ағытып сәлдесінің! –

деп ағынан жарылады. Сондай-ақ:

Еміренген,

Тебіренген,

Ақбас Ата – асқарлар,

немесе:

Ақ шалдары – қазақтың ақ таулары

Маған деген жүйрігін баптауда әлі,

деп те жырлайды. Дәл төбесін қар басқан тауды ұлттық ойлау, қазақы дүниетаныммен ұғынықты етіп шашына ақ кірген қариялармен салыстырады.

Басқалар үшін жазық дала алтынға қимас меншігі болса, ақын үшін тау аса қастерлі. Тауда, рас, асқақтық бар, биіктік бар, сол құндылықтарды бойына молынан сіңірген адам сол жердің төл перзенті, анық ұлы. Сондықтан «тау ұлымын» деп жар салу үшін адам сол таудың тәкаппарлығындай асқақ, қорқыныш ұялататындай суық, қазыналы қойнауларындай жомарт, мырза келе ме деп ойға қаламын.

Мұқағали поэзиясына тән нәрсе – пейзаж көріністерін қаз-қалпында еш қоспасыз түрлі әдістерді қолдана отырып, көркем суреттейді. Бұл туралы ақын шығармашылығын зерттеушілер: «Өмір құбылысын суреттеуде эпитет, теңеуді ақын өлеңдерінде өте шебер қолдана біліп, көркем шығуына септігін тигізген, өлеңдерінде өте жиі қолданған», – деп жазады. Ақынның осылай жазып, шеберлікке жетуі – ең алдымен қазіргі күні бәріміз ұлттық уыздан ажырап қалды деп байбалам салып жүрген дүниетанымымызға өте жақындығы және соны айтуды, жұртшылыққа жеткізуде өте қарапайым болатындығы. Келсін-келмесін, жамап-жасқап тыраштанбайтыны. Ал өз кезегінде барша жұртқа түсінікті, қарапайым етіп жазу – өте қиын шаруа. Толстойдың «Қарапайым жазу оп-оңай емес» деуі де сондықтан болар.

Ақын «Тау бір аңыз» деген өлеңінде тауды бірде жүріп келе жатып тоқтап қалған керуенге теңесе, енді бірде «бұлттан бұйда тағынып, көктен көрпе жамылып» жатқан жанды дүниеге балайды:

Тay бір аңыз,

Тау – дастан.

Таусылмаған әу бастан.

Тоқтап қалған керуен,

Бір-бірімен жалғасқан.

Бұлттан бұйда тағынып,

Көктен көрпе жамылып,

Таулар жатыр аңырып,

Сапарларын сағынып.

Мұқағали бір сөзінде тау ұлымын деп жар салса, осы өлеңінде таудың өзін сәбиге, алып сәбиге теңейтіні қандай әсерлі еді?! Әсіреқызыл сөз, жаттанды бояу мұнда жоқ. Ұлттық дүниетаныммен үйлесе қабысқан жыр жолдары баршамызға ұғынықты суретті көз алдымызға әкеледі:

Тау бір аңыз,

Тау – дастан.

Таусылмаған әу бастан.

Ана-Жердің төсіне

Алып сәби жармасқан.

немесе:

Мойнын созып күткелі қашан мені,

Мен көрмеген қазақтың асқар тауы.

Демек, ақын жырында тау қозғалыссыз, қатып жатқан нәрсе, жансыз дүние емес. Сәби болған таудың әке де болатынын айтады, дәлелдейді. Ол да жанды, адам сияқты жылайды, күңіренеді, күледі, қозғалады. Тіпті тұрып кетуі де ғажап еместігін айтып, адамзатты сақтандырады.

Жетер жерге жеткенде,

Керуенші кеткенде,

Шығыс пен Батысты,

Жалғастырыпшөккенбе?

Жетержергежеткесін,

Мәңгілікке шөккесін!

Оятпаңдар, байқаңдар,

Таулар тұрып кетпесін!

Адам – табиғаттың бір бөлшегі, титімдей тіршілік иесі деп жатамыз. Сондықтан неғұрлы табиғаттың аясында көп болған жан соғұрлым сол табиғаттың өзімен біте қайнасып жатады. Бұл жайында ақын:

Тайсалмай басып тастарын,

Алқынбай асып асқарын.

Құзына шығып, қомданып,

Ылдиын төмен тастадым,

деп толғайды. Туған жері бар адамның бағы, бақыты болатыны белгілі. Жер-анада табаны тиіп, дүниені таныған жан алдымен туған өлкесін жақсы көріп, сүйетін болады. Суынан қанып ішіп, жағасында асыр салып, балалығын өткізеді. Күндер өтіп, жылдар жылжыған сайын есейеді, есейген сайын төбесінен төнген тау қартайып шөккен атасындай ыстық болатыны бар.

Талай да талай шыңды астым,

Тастағы гүлмен мұңдастым.

Қарағайлармен құрдаспын,

Қайыңдармен сырласпын.

Тайсалмай өзім тауда өстім,

Таласар, қане, бар ма ешкім?! –      

дейді. Тау арасында тағыдай алғыр өскен бала не нәрседен де тайсалмайтынын айтады автор. Өйткені, ол бала жасынан қорқынышты да, үрейді де, шуақты да, шаттанған қуанышты да, судың сылдырын да, құрбақаның шұрылын да – бәрін-бәрін көріп, біліп өсті ғой.

Ығысыңдар,

Ей, таулар!

Ығысыңдар!

Орынсайлаортаңнан, жұмысым бар.

Атаболып не маған ұрысыңдар,

Адам болып немесе ығысыңдар,

дейді Мұқағали тауларға. Мұнда да ата болсаң, яки адам болсаң деп сөйлейді. Бұл туралы зерттеуші Ж. Өтейұлы: «Әлемдік поэзияның інжу-маржандарында ұшырасар мұндай суреттеу – қазақ жырының қолынан келіп, қабілет-қарымынан туындап тұр. Ұлықталар жетістігіміз, ұлттық ұтысымыз. «Ығысыңдар» деген сөз үш рет қайталанса да, өлең шырайына селкеу, сезік келтірмейді. Қайта лептілік, үстемелік дарытқан», — деген ой қозғайды (Мұқағали Мақатаев поэзиясынның көркемдік жүйесі).

Ақын тағы бір өлеңінде тауға келудің де өзінше уақыты, кезі болатынын айтады. Табиғаттың аясындағы таудың тамашасын көргің келсе, уақытың бос болған кезде салып ұрып жетіп келгенің дұрыс емесін жеткізеді. Тауды көруге де бір арнаулы уақыт керек деп топшылайды. Бұдан, әрине, табиғат-ананың бауырында түлеп өскен жанның айналадағы барлық титімдей де қозғалысты бақылап, шұқшия зерттегені білінеді:

Тауға келсең, қыста емес,

Күзде келгін!

Қарсы алдыңнан табылар іздегенің.

Жапырақтың көресің әлі-дағы

Тіршіліктен күдерін үзбегенін.

 

Осылайша ақын тілсіз жапыраққа жан бітіріп, күдерін үзбейтін адамдай етіп бейнелейді. Ал адам жаны табиғатпен егіз екеніне Мұқағалидың «Таудай болғым келеді» өлеңі дәлел. Өз жанындағы беймазалықты, әлдебір күрсіністі тау жақта болатын құбылыстармен қатар қоя суреттейді:

Өлмесін деп берген ғой тауды маған.

Мен күрсінсем, күңіреніп тау жылаған.

Көңілімде бір құйын көтерілсе,

Тауларымда тұрады қарлы боран.

Тауды аңсап, армандаған ақында арман бар ма?! Өз өмірінің көзді қиып тастап кетуге қимайтын ғажаптығына шын сүйсінген ақын өлеңнің кейінгі жолдарын былайша өреді:

Аласартып асуын, өткелдерін,

Астыма әкеп төсейді көк белдерін.

Алып тауды бесік қып өсіпсің ғой,

Ғұмырым, керемет ең неткен менің!

Ғұмырының бастауының ақ бесігіне баланған асқар таулар – ақынның басы бүтін меншігі. Несібіне бұйырған ырзығы.

Тау менің несібіме тиіпті сирек,

Мендегі шаттық бөлек, күйік бөлек.

Ақсақалдар:Таудай бол!дейтін

Таудай болғым келеді, биік керек.

Автор айтқандай, қадірменді қариялардың айтқаны келіп, қабыл болса, ақынның таудай болмасқа құқы жоқ. Таудан да асып, ғарышты аңсап ұшып жатқан заманда ақын мұраты анық, айқын. Бар жаны, тәні тек тауды ғана қалайды, аңсайды. Биіктік деген ұғымды таудың еңселігімен өлшейді. Одан әрі баруға болар ма еді, бірақ қанағатшыл көңіл соған тоба дейді.

Ұйықтасам түсіме ылғи тау кіреді,

Тау жайлап, тау қыстаған шал жүреді.

Басында ақ қалпағы, жүннен шекпен,

Астындабалпаңбасқан Сал-күреңі, –

дейді Мұқағали бірде. Не нәрсе түске енсе, онда ол адамды сол нәрсе еріксіз билеген, бойын алған, жанына жеткен деп білеміз. Таудың түске кіруі күнделікті теледидардан кино көру емес, өңдегі аңсаған аңсардың, сағынған сағыныштың алпыс екі тамырда тулағаны ғой. Басқаша айтқанда пендеауи тірлікте адам түсіне тау енсе, бұл – адамның ішкі әлемінің асқақ көрінісі. Тамыры тауға байланып, таспен тілдесіп өскен адамның, ақынның осылай демеске шарасы жоқ. Бейтаныс қарияның Салкүреңмен тау басында жүруін, оған жетемін деп жете алмауын, олардың көз алдынан ғайып болуын, ақырында өзінің шың басынан түсе алмай қалып қойғанын өлеңмен өреді.

Ал арман аңсатса, келешек үміттендірсе, алдымен түске кіреді, сосын өңде болуы-болмауы екіталай нәрсе.

Адам мен адам жаратылысының айырмасы болмағанмен, тау мен таудың өзгешілігі бар. Туған жерінің асқағы Хан-Тәңірі деген тәнті көңіл, зор сүйіспеншілік шың суретін бейнелеп берді:

Тік тұр ол

Қырын қарап сай-салаға.

Күн көркі, Көк мекені, ай – шағала.

Қалғымай қанша жылды өткерді екен

Тәкаппар Тянь-Шаньдағы қайсар аға?

Ақын жазған, суреттеген тау Алатау, Хан-Тәңірі болса, олар маған өзімнің Тарбағатайымдай көрінеді. Кешегі Барқытбелімдей елестейді. Тарбағатай ежелден суырлар мекені еді ғой. Тарбаған деген жәндік мол болғасын Барқытбел аты қалып, Тарбағатай атаныпты. Сондай суырлы таудың да суреті ақын қаламында тұнып тұр.

Қар да ілігіп қалған-ды тау басына,

Мұз тоңды ма бұлақтың жамбасына?

Суық келіп, суыр да жатқан шығар

Қамдап алып азығын қамбасына.

Өмірде сағыныш деген ғаламат сезім бар, алапат сезім бар. Бірақ ол түсіне, түйсіне білген жанға ғана айқын. Ал тауды сағынудың, мұқағалиша сағынудың жөні басқа. «Сағындым ғой» деген өлеңінде ақын табиғатты адамша сағынады, құшағына басып, бауырына алар дегендей мейірім күтеді. Туған жерді, тауды сағынудың шын дертіне ұшыраған адамды емдеудің де жолы сол – ол жерді көру, көріп қана қоймай топырағын басып, суын ішіп, көк шалғынға аунау, тау саясында өкпесі өшкенше жүгіру, жүгіріп жүріп құлау, құлап жатып мауқын басу.

Сағындым ғой, саялы тау арасы,

Сағындым ғой, жанымды дауалашы!

Көрсетпестен, көк шалғын, көміп таста.

Қарағайлы қалың ну, қамалашы!

 

Сағындым ғой тауымның көк белдері,

Қанжығаңа байла да, бөктер мені.

Құздар, мені мәңгілік тұтқыныңа ал,

Асу берме, қияның өткелдері.

 

Таулар, таулар,тауларым, тауларым-ай!

Таудағыдай еш жерде күн шықпайды,

Түн болмайды еш жерде таудағыдай!

Ақынның тауға тау, тасқа тас екен деп қарамайтынын жоғарыда айттық. Тау – Құдайдың дәргейіне қараған өзгеше жаратылыс болғанмен, ақын танымында, жырында, шығармашылығында ол адам деңгейіне көтеріледі. Ақынның «Бір орамын ағытып сәлдесінің», «Ақбас Ата – асқарлар», «Алып сәби жарасқан», «Тоқтап қалған керуен», «Таулар тұрып кетпесін», «Ығысыңдар!» «Сағынысып қаппыз ғой, тарланым-ай!», «Қабағы таудың қатулы», «Тәкаппар Тянь-Шаньдағы қайсар аға?», «Ақ таулар – іштен тынады»«Басымды ием тауларға, Басым ием орманға, Бұлардан ыстық жан бар ма?»деген сөз тіркестерінен қоғалмайтын таулардың адам, әже мен ата, сәби, керуен бейнесінде көрінуі, жаны бар адамдардай қимылдауы, қозғалысқа түсуі – Мұқағали шығармашылығының шыңы, қазақ әдебиетінің жетістігі.

Мұқағали өзінің «Күнделігінде»: «Туған жерiмнiң тұнып тұрған қылшығына қылаң түспеген сұлулығын алдымен мен сүйгем!» – деп жазады (Мұқағали. Күнделік. Алматы: Қазақпарат, 2009. 21-бет). Ақындық асқақтықпен айтылған сөзде ақынның өз бейнесі бар, ақындық қалпы танылады. Сол сұлулықтың да күндердің күнінде ажары тайып, базары тарқағанын да қынжыла айтады: «Ол аймақ баяғыдай, менiң балауса шағымдай сұлу емес қазiр. Жоқ, сұлу емес. Ол да бөлек қазiр, мен де бөлек». Ондағы сұлулықтың бөлектігі мен өзінің бөлектігін өліммен теңестіреді. «Екеуi де өлген. Тек менiң кеудем мен миымда ғана. Менiмен бiрге өледi…» – дейді тағы да. Балалықтың тәтті шағындағы сұлулықты ересек тартқанда елестете алмаудың қасіретті екенін ескертеді автор. Өйткені, ең алғаш көрген сурет – мәңгілік сурет, мәңгілік бейне. Уайымсыз, уызды күндердің куәсі болған тау суреті тасқа басылмастан оның ойында, миында ғана сақталып қалғаны қандай өкінішті! «Соның бәрiнiң қызығы менде, менiмен өзiммен бiрге кетедi», – деп тоқетерін айтса да, көнбеске шарамыз жоқ-ау…

Ақын сол «Күнделігінің» бір жерінде: «Менің қымбатты достарым! Егер сіздер шынымен менің өмірбаянымды, творчествомды зерттемек болсаңдар, онда не жазсам, соның бәрін түгел оқып шығуды ұмытпағайсыздар. Мені өз өлеңдерімнен бөліп қарамауларыңызды өтінем. Естеріңізде болсын, менің өлеңдерім жеке тұрғанда түк те емес. Біріктіріп қарағанда ол поэма іспетті», — деп жазыпты (Мұқағали. Күнделік.45-бет). Осыған байланысты айтар болсақ, оның тау тақырыбындағы барша өлеңін бірінен соң бірін оқысаңыздар, ақынның не үшін тауды сүйгенін, тауды қастерлегенін түсінер едік, білер едік.

Адырлар, жондар, шатқалдар,

Аспанды тіреп жатқандар,

Айтылды нелер мақтаулар,

Арманың бар ма, ақ таулар?        

Тау – Мұқағали шығармашылығының төлқұжаты. Қазақта тауды жырлаған басқа да мықты ақындар бар, бірақ та олардан Мұқағалидың жөні бөлек. Ал Қазақстанның «жалғыз» ұлы қазақ үшін тау – терең тарих, қымбат қазына, бағдарлы болашақ. Тау – ұлттың өмірі, жаны мен қаны. Ендеше осыны біліп терең жырлаған, алғаусыз айтқан Мұқағали жыры да мәңгілік.

 

Заңғар КӘРІМХАН.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?