Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Базар бабаның базарлығы

30105

Талай тарихи тылсымдарды құшағына қысып жатқан Сыр елінің түркі дүниесіндегі алатын орны ерекше екенін ескерсек, тағылымы татымды мол жұмыстар легі алда да бола бермек. Солардың бірі - Сыр бойында өмірге келіп, кезінде талайларды тамсандырған ақын, жырау-жыршы, діни-ғұлама бабаларымыздың еңбектерін қазіргі жастарға жеткізу арқылы оларды отансүйгіштікке, жасампаздыққа, ерлікке, парасаттылыққа тәрбиелеу. Ақпарат ағымының толассыз сапырылысы кезінде жастарымыздың біразы Батыстың көптеген даңғаза, мәнсіз дүниесіне бет бұрып бара жатқан кезеңде, бабаларымыздың бағасын өлшеуге келмейтін асыл дүниелерін алдарына тартсақ, бұдан ешкім ұтпаса ұтылмайтыны риясыз шындық. Міне, сондай игі істің бірі – «Базар жырау» атты республикалық әдеби, ғылыми-танымдық жорналдың 1-ші санының біздермен қауышуы.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Кәрібозұлының редакторлығымен жарық көрген жорналдың ақылдастар алқасының құрамына елімізге, қала берді шетелдерге танымал азаматтар енген. Өз жерлестеріміз профессорлар Омаров Бауыржан мен Амантай Шәріпті айтпағанда, филология, тарих ғылымдарына еселі үлес қосып жүрген профессорлар: Т.Есембековтің, Ш.Ибраевтың, Р.Тұрысбековтің, Ж.Қ.Түймебаевтың, Б.Кәрібаевтың, М.Тәж-Мұраттың, Қ.Ергөбектің алқа құрамынан орын алуын жорналдың ғылыми тұжырымдары мен толғамдарына жауап беретін кепілі ретінде қабылдадық. Ал ақылдастар құрамынан университет ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Қ.А.Бисеновтің, республикалық «Арыс» қорының президенті Ғ.Әнестің және облыс әкімінің орынбасары Р.С.Нұртаевтың есімдерін көргенде, журнал ұжымының игілікті іс-шаралары жақсы бастауына қуанысып, қол көтердік.

Арқалайтын жүгінің салмағы мен келелі діттеген мақсатына орай жорнал мазмұнының да аясы кең, көңілге қонымды, Әдебиеттану, Тілтану, Өнертану, Тұлғатану, Елтану айдарлары елді елең ететіндей ғылыми-танымдық жаңалықтарға шақырып тұрса, поэзия, проза, драма, ел аузынан атты айдарлар танымал және енді танылатын авторларды оқырмандармен қауыштыруға бағытталған.

Ел арасында Балқы Базар атанып кеткен Базар жырау Оңдасұлының өз айтуымен хатқа түскен 15 мың жолға жуық өлең-жырлары, 5 дастаны сақталған. Ал оның қағазға түспей ел аузында сақталғаны қаншама! Солардың барлығын тіс-тірнектеп жинап, халқына қауыштыру жорналдың келешекте атқарар қыруар жұмыстарының бірі болмақ.

Маханбеттен кейінгі толғау алыбы атанған Балқы Базардың атымен шыққан талай тарих, өнер, ғылым жауһарларын жасырып жатқан Сыр топырағының енді ашыла бастаған қалың көрпесінен ұшқан қарлығашы ретінде қабылданатын аталмыш жорналдан елдің күтері де көп. Сөз соңында жорналдың алғашқы санына дән ризалығымды білдіре отырып, оның келешегіне керек болар деген үмітпен төмендегідей ұсыныстарымды білдірсем.

Біріншіден, жорнал тек аты танылған ғұлама-ғалымдардың ғана трибунасы болмай жас ғалымдар мен шығармашылықпен айналысып жүрген жастардың еңбектерін көптеп жарияласа. Себебі, нарық қысымына шыдамай таланты тұмшаланып қалған жастар баршылық. Солардың шығармашылығын шыңдай түсу жорналдың басты міндеті болса артық емес.

Екіншіден, ел ішінде, әсіресе Сыр бойында тағдыр тәлкегіне ұшырап, тарих көлеңкесінде қалып қойған талай таланттар болған. Солардың дүниелерін іздестіріп, жарияласа жорналдың оқырмандар арасындағы беделі еселеп арта түсетіні сөзсіз.

Үшіншіден, Түркі өркениетінің бастау алатын қасиетті Сыр жерінде жарық көріп отырған жорнал тек Шығыс әдебиеті мен мәдениетімен шектеліп қалмай, Әлем әдебиетінің алдыңғы қатарлы шығармаларынан да елді хабардар етіп отырса, ұтпаса ұтылмайды. Себебі қазақ әдебиеті мен өнері дамуының шарықтау шегіне жеткенде әлемдік деңгейде өз орнын ойып алатынына сенемін.

Базар бабамыздың «Қазақты сүттей ұйыттым» өлеңіндегі:

Қадірімді біліп сыйласаң,

Арқа-басымды сипасаң,

Қияға тартар арбаңды

Мен-қайратты қара өгізің! – деген сөзімен аяқтаймын. Базар бабамыздан келген базарлық құтты болсын!

Қазыбай Құдайбергенов  э.ғ.к., профессор


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?