Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тарихнамадағы пәнаралық байланыс

29152
Тарихнамадағы пәнаралық байланыс - e-history.kz

Ғылым мен техника дамыған қазіргі  ХХІ ғасырда белгілі бір ғылымды жеке оқып- үйрену, зерттеу мүмкін емес екендігіне көз жеткізіп келеміз. Дамудың интеграциясы және жаһанданудың ықпалы қоғамның барлық салаларынан, соның ішінде білім беруден, ғылымнан да көрініс беруде. Жаһанданудың етек алуы, жаңа технологиялардын өрістеуі терең білімді мамандарды дайындауды талап етеді. Бәсекеге қабілетті, сапалы мамандар даярлауда оқытудың қазіргі заманға сәйкес технологияларын, оқытудағы интерактивті әдіс-тәсілдерін, пәнаралықты кеңінен пайдалану қажеттілігін тудырып отыр.[1]

Соңғы уақыттарда елімізде оқытудың жаңа технологияларына ден қойылып, оқып-үйренудің дербестігіне, өз бетінше ізденістер жүргізуге жіті мән берілуде. Сонымен қатар кез- келген пәнді, ғылымды жеке дара емес өзге де ғылымдардың, пәндердің көмегімен, пәнаралық байланыста оқыту мен оқып- үйрену заман талаптарына сәйкес іске асырылуда. Осы орайда тарихнамадағы пән аралық жайлы айтып өтуді жөн көрдік.

  Пәнаралық байланыстар туралы пікірлер ертеректе туған. Оның  төңірегінде көптеген пікір - таластар өрістеген. Нәтижесінде ғалымдардың көпшілігі оның қажеттілігін дәлелдеп берген. Кез-келген ғылымды терең әрі жан-жақты тану үшін оны өзіне жақын, яғни туыстас ғылымдармен байланыстыра отырып  жүргізу ғылыми жетістіктерге әкеледі.

  Пәнаралық байланыс ұғымы соңғы уақыттарда кең етек жайып, осы негізде ғылыми зерттеулер жүргізу өзекті проблемаға айналуда.

  Пәнаралық - бұл біздің заманымыздың сипатты көріністерінің бірі, білімнің әлеуметтік және саяси интеграциясы. Көпжақтылы ұғымда пәнаралықтың  бірпәнділіктен айырмашылығы оның әртүрлі пәндер, білім салалары арасында өзара әрекет етуі түрінде түсіндіріледі. Оның дамуы барысында идеялар мен көзқарастардың, терминдері және зерттеу тәжірибесінің интеграциясы, айырбасы  жүреді. Осындай өзара ықпал етудің нәтижесінде ғылыми білімнің өзекті міндеттерін шешудің бағыты қалыптасып, ақырында зерттеу объектсінің мазмұны  толығып, байи түседі.

  Пәнаралыққа қатысты тағы да мынадай пікір орын алған: пәнаралық бір білім саласы элементтерінің екінші салаға өтуімен сипатталады. Мұнда ғылыми  теориялар мен жалпы методологиялық принциптер осындай элементтер ретінде саналады. Пәнаралық өзара әрекет ететін жекелеген проблемалардың бір пәндік деңгейінде жан-жақты зерттеліп, нәтижеге жеткен жерінде ғана жүреді.

  Пәнаралықтың дамуы білімді белгілі бір ғылым салаларынан екінші ғылым салаларына жеткізуден көрінеді. Мұның өзі жаңа сапалы білімге қол жеткізу үшін жасалады. Ғылымның пән аралық сипаты аралас және өзге де ғылым өкілдерінің бірігуін, олардың зерттеу аппараттарының интеграциялануын талап етеді. Осындай бағытта зерттеу пәнінің жаңа мүмкіндіктері ашылады. Бұл бағыт соңғы уақыттарда өзінің алғашқы табыстарына қол жеткізуде. Мәселен, отандық тарихшылар тарих ғылымында соңғы уақыттарда математикалық тәсілдерді қолдануға көше бастады.

  Пәнаралықтың пайда болуы ғалымның методологиялық жұмыстарын  күшейту, сапалы білім алудың жаңа деңгейінде  зерттеу процесін өрістету қажеттіліктеріне байланысты деген пайымдау бар.[2] Осылайша пәнаралық феномені ғылыми білімді дамытудың қозғаушы күштерінің біріне айналады. Алайда пәнаралық өзара әрекет  методологиялық талдауды алмастыра алмайды, алмастыруы тиіс те емес.

  Пәнаралықты тарихнамада қолдану мүмкіндігі оның теориялық және гносеологиялық дәстүрлерімен, методологиялық жетілдірудің бағыттарымен байланысты бірқатар фундаменталды  негіздерінен шығады.

  Пәнаралық өзара әрекет тарихнамада бірнеше сатылар арқылы анықталады; зертте упроблемасының қойылымы, оның мақсаты мен міндеттерін айқындау, материалды талдауда жалпы ғылыми және басқа да ұғымдардытаңдау.

  Тарихнамадағы пәнаралық оның өзіндік әлеуеті алып тасталғанда өзара әрекет етуі ахуалының орын алғандығын  білдірмейді. Бұл өзара әрекет көшбасшылық деңгейдің орнына емес қол жеткізілген бір пәнділіктің методологиялық мүмкіндіктерімен бірге өмір сүреді. Методологияның пәнаралық сипатындағы зерттеудің ерекше бір құндылығы  теориялық қорытудың негізінде ғана емес, ғылымның әртүрлі саласында қолданылатын тәсілдердің жолымен синтездің көмегімен жаңа нәтижелерге қол жеткізеді. Бұдан өзге бүкіл тарихнама ғылымындағы зерттеудің қайта құрылыуы мен бір мақсатты деңгейінің тура мүмкіндіктері ашылады. Тарихнамадағы пәнаралық өзінің “жариялығының” арқасында методологиялық арсеналына білімнің жетістіктерін енгізу, әдіснамалық дәйектерді тарихнамадан  алыс ғылымдардан  іздеу мүмкіндіктерін тудырады.

Методологияның пәнаралық мүмкіндіктерінде тағы бір маңызды элемент - тарихнаманы  адамзат қоғамы тарихының заңдылықтары туралы білім жүйесінде зерттеу орын алған. Пәнаралық тұрғыда жинақталған тарихнамалық фактлердің құрылымы және мазмұны, оларды талдау мен баға берудің критерийлері туралы мәліметтер фактлерге терең еніп қана қоймай, қосымша тәсілдер, соның ішінде жүйелеп талдау әдісі бойынша білімнің жинақталу тенденцияларын, олардың одан ары дамуын және жаңа  ғылыми зерттеулерді болжауды  айқындауға жағдай жасайды. Мұндай жетістікке қол жеткізу пәнаралықтың эмпирикалық тәсілдерін теориялық қағидалармен біріктіре алатын қабілетінің негізінде мүмкін болады.

  Пәнаралықтың  әмбебаптығы нақты тарихнамалық материалдан көрінеді. Мәселен, тарихнаманың мәнін маңызды методологиялық міндетретінде тану қажеттілігі туралы мәселенің қойылымы оны әртүрлі ғылымдардың көмегімен іске асыруды талап етеді. Белгілі бір тақырып бойынша даулы мәселелердің шешімін проблеманы философиялық таным тұрғысында, сондай-ақ оның мәнін ашуға септесетін өзге де қоғамдық және арнайы ғылымдарды тарту арқылы табуға болады.

  Пәнаралықтың зерттеудің мақсатын, оның өзектілігін зерделеудегі маңызы зор. Тарихнамалық жұмыстың  мақсаты мен міндеттері дұрыс таңдапалынған және негізделген тақырыптың мазмұнын ашу ғана емес, сонымен қатар қарастырылатын проблеманы тарихнама ғылымының заңдылықтары мен ерекшеліктері, танымы қоғамдық ғылымдардың алдындағы зерттеулердің болашағын көре білудегі негізгі міндеттер болып табылады. Сонымен қатар тарихнамалық  проблеманың  өзектілігін анықтаудың бағыты зерттеудің алдыңғы және соңғы сатыларында, яғни тақырыпты таңдауда, қорытынды жасауда ғана емес тарихнамалық фактлерді талдау процесінде анық көрінеді. Әсіресе осы “орта” сатыда пәнаралықтың қажеттілігі айқын сезіледі, себебі проблеманың әлеуметтік мәні, оның тәжірибелік міндеті өзгеде ғылымдармен  байланысты орнатуды  талап  етеді.

  Тарихнамадағы пәнаралықтың қажеттілігі онда бірқатар басқа ғылымдарда біршама қарастырылатын проблемалар шешіледі. Шешілуге тиіс проблемалар методологиялық арсеналды қарастыруда жалпы методологиялық тарихилық, әлеуметтік принциптерді айқындауда, жалпы ғылыми және т.б. әдістерді қолдануда пайда болады. Оны шешудегі ортақ проблема және ортақ әдістер - бұл ғылымдардың потенциясын біріктіруші ерекше биіктік. Ол әртүрлі  пәндердің көрінісін бір нүктеге тоғыстырады.

  Тарихнамадағы методологиялық проблемаларды оқып - үйренудегі пәнаралық процестің көп қырлылығы қоғамдық  ғылымдардың  мемлекеттегі саяси жүйемен, билікпен, саясатпен байланысты, өйткені тарих ғылымындағы оқиғалар мен құбылыстарды зерттеуде ізденушілер өздері өмір сүрген қоғамдағы идеологияға, саяси биліккетәуелді болады. Осыған орай тарихи саяси процестердің ықпалында дүниеге келген еңбектерді талдау да тарихнама ғылымдағы өзгерістерді айқын көрсетіп отырары хақ.

  Пәнаралық бағыт және зерттеу тәсілдерін ұйымдастыру, жалпы ғылыми, өзге де әдістерді пайдалану пәндік генетикалық сәйкестіктен тәуелсіз, алайда ол теоретикалық ойлау қабілетін еселендіріп, нақты және синтездік ғылыми білімге негізделген тарихнамалық зерттеу проблемасын барынша күрделі әрі маңызды етеді. Осы тұрғыда тарихнама білімнің нақты салаларына жақындай түседі.

  Пәнаралық өзара әрекет проблемаларын оқып - үйренуде басқа ғылымдардың мәліметтерін пайдаланған зерттеуші тарихнамашының құзырлығы жөнінде мәселе туындайды. Осы орайда айта кетерлік бір жайт,  жоғары білікті тарихшы ғана тарихнамашы бола алады. Ол қазіргі заманғы тарих ғылымының жағдайын жан - жақты білуі, сонымен бірге аралас әрі әртүрлі пәндердің білімдерін пайдалана алуы тиіс. Мұның өзі тарихнамашы әртүрлі ғылыми білім салаларының негіздерін игеру үшін үнемі жұмыс жүргізуі тиіс дегенді білдіреді.[3]

  Тарихнаманың пәнаралық білімі дүниеге келтірген методологиялық аспектлерінің мақсатын сәтті шешу үшін ғылыми жетістіктерді, әсіресе аралас немесе ғылыми пәндерден алыс ғылымдардың түсіндіруші аппаратын пайдалану қажет.

  Тарихнама үшін тарихи оқиғалармен процестерді қарастырған экономика, құқық, философия,т.б. ғылымдарыбойыншадайындалғанеңбектердіңмаңызы зор. Мұндай зерттеулерді қажет жағдайларда тарихшылар кеңінен пайдаланады. Тарихнамашының атқаратын маңызды міндеттерінің бірі жазушы, тілші, суретші, тағы сол сияқты өнер қайраткерлерінің тарихи көзқарастарын зерттеу болып табылады. Осыған орай айта кетерлік жайт, тарихнаманың зерттеу нысаны өте кең, соған сәйкес оның қызмет шеңбері де ауқымды.

  Пәнаралылықта тарихнама тарих ғылымының методологиясы мен тығыз байланыс орнатады, өйткені ол аталмыш саланың аса маңызды теориялық мәселелерін көтереді. Тарихнаманың пәні ғылыми тарихи білімнің пайда болуымен жинақталуын, тарихи ойдың дамуын, тарих ғылымының қалыптасуын, даму эволюциясын, тарихи таным мен ойдың әртүрлі сатыларының заңдылықтарын айқындау болғандықтан тарихи білімнің методологиясын терең зерттеу ғылым үшін аса маңызды рөл атқарады.Сондықтан да тарихнаманы тарих ғылымының методологиясынсыз  қарастыру  мүмкін  емес.

  Тарихнама мен деректану ғылымы өте тығыз байланысты, себебі  тарихнамалық деректерден өзге тарихнама тарихи зерттеулердің деректік негіздерін, тарихшылардың деректерді пайдалану сипатын зерттейді. Іргелі тарихнамалық зерттеулерде мәселенің деректік негіздерін талдауға жеке тараудың арналатындығы кездейсоқ құбылыс емес. Соңғы уақыттарда отандық тарих ғылымында дайындалған кандидаттық, әсіресе докторлық диссертацияларда ізденушілер өздері таңдап алған тақырып бойынша деректанулық талдаулар жүргізген. Алайда  олардың көпшілігі талдаудан гөрі сипаттауға көбірек ұқсайды. Мұның өзі отандық ғылымда деректану саласы бойынша ғылыми мектептің қалыптаспағандығын, зерттеушілердің біліктіліктерінің, білім деңгейлерінің төмендігін байқатады. Бұл мәселеге баса назар аударудың қажеттілігін уақыттың өзі дәйектеп отыр. Деректанулық талдаулардың ғылыми деңгейін көтеріп қана қоймай, болашақта деректаудың тарихнамасынан іргелі зерттеулер дайындауымыз керек.

  Тәжірибе көрсеткендей, соңғы уақыттарда тарихнама ғылымы бойынша жарияланған, жазылған зерттеулер құжаттық жарияланымдарды талдауды назардан тыс қалдырған. Ізденушілер тарихнамалық зерттеулерінде көбінесе тарихи еңбектерді таразылаумен шектелген. Құжаттық жарияланымдар тәуелсіздікке қол жеткізген тұста да, кеңестік кезеңде де аз жарық көрмеген. Айта кетерлік жайт, тарихнамашы үшін құжаттық жарияланыммен  қоса  тарихшының шығармашылығынан хабар беретін естеліктердің, күнделіктердің, хаттардың, т.б. деректердің маңызы зор. Ал мұрағат құжаттарын талдау ғылыми тарихи мекемелердің, зерттеу институттарының қалыптасуы мен дамуын жүйелі түрде көрсетуде айтарлықтай рөл атқарады.

  Келесі тарихнама ғылымы мен тығыз байланыста болатын қосалқы тарихи пән - тарихи библиография, өйткені библиографиялық ізденусіз тарихнамалық зерттеу жүргізу мүмкін емес. Тарихи библиография тарихшы - зерттеушіні библиографиялық ақпаратпен қамтамасыз ететін ғылыми тәжірибелік қызмет. Ғалымға библиографиялық құралдар түрлі көрсеткіштер, анықтамалар, каталогтар, әдебиеттерге  шолулар, тізімдер аса қажет.

  Тарихнамашы үшін отан тарихы бойынша дәуірлер мен кезеңдерге бөлініп жасалған кешенді библиографиялық көрсеткіштердің тигізер көмегі орасан. Оларға Қазақстан тарихының қазан төңкерісіне дейінгі кезеңдерінде және кеңестік, тәуелсіздік жылдары жарияланған, мерзімдемелік ретке қойылған барлық монографиялар, ғылыми мақалалар, ұжымдық зерттеулер, туралы қысқаша мәліметтер енгізілген. Бұл библиографиялық анықтамалардың ерекшеліктері ізденушіге сол еңбектердің катологтарда сақталуы туралы мәліметтер қоса беріліп, шифрлары көрсетілген.[4]

  Ретроспективті библиография тарих ғылымында қорытындылаушы функция атқарады, ғылымның жай - күйі мен тәжірибесін зерттеуге септеседі. Ал ағымдағы мемлекеттік библиография бүгінгі күнде тарих ғылымында белгілі болған білімді куәландырады.

  Тарихи библиография мен тарихнаманы оларға ортақ материал тарихи әдебиет жақындастырады. Екеуіне де ортақ міндет - әдебиеттерге сыни бағыт, көзқарас таныту. Оларға материалды баяндаудың түрі - әдебиеттерге шолу тән. Егер тарихнамалық шолу ғылыми әдебиеттерге сыни талдау беріп, оларда баяндалған тарихи тұжырымдамалардың, заңдылықтардың мәнін ашып, дамуы қозғалысын, ауысымын көрсетсе, библиографиялық шолу әдебиеттің тақырыбын,  мазмұндық құндылығын және оның басылымын айқындайды. Библиографиялық еңбектерге ғылыми зерттеулерден басқа танымал шығармалар, анықтамалық басылымдар, тарихи құжаттардың жарияланымдары және тарихи әдебиеттердің өзге де түрлері енгізіледі.

  Тарихнамалық зерттеулер жүргізуде тарихи географияныңалар орны  айтарлықтай. Тарихи география тарихнамашыға тарихи оқиғалар мен процестердің географиялық ортасын айқындауда ғана емес, топонимикаға сүйене отырып, жер су атауларын дәл анықтауда қажет. Тарихилық принципіне негізделген тарихнамашы тарихшының келтірген жер-су атауларының  зерттеліп отырған кезеңге сәйкестігін, яғни өз заманында дұрыс аталуын тексеруі тиіс. Берілген топонимикалық атаулардың қазіргі кездегі атауларын жақшаның ішінде көрсету тәрізді ғылым талабының бар екендігі естен шығарылмауға тиіс.

  Тарихнамашыға тарихи зерттеулердің құжаттық негіздерін түсінуде дипломатиканың маңызы елеулі. Дипломатикалық әдісті қолдана отырып, тарихнамашы тарихи зерттеулердің тарихи-саяси, тарихи-экономикалық, тарихи-заңдық, тарихи-географиялық тұрғыдағы құжаттық негіздерін талдап, тарихшының сәйкесінше сол материалдарды пайдалану дәрежесін анықтай алады.

  Тарихнамашының шежіре тарқатудағы білімі мен біліктілігі ауызша тарих айтудың, яғни дәстүрлі тарихи  деректерін талдауда қажет болады. Себебі еліміз егемендік алғалы бері ауызша тарих айтудың деректері ғылыми айналымға түсіріліп, солардың негізінде тың тұжырымдар жасалуда. Дегенмен ұзақ уақыт бойы төл деректерден қол үзген зерттеушілер оларды пайдаланудың ғылыми әдіс-тәсілдерін жетік меңгерген деп айту қиын. Десек те алғашқы еңбектер жарық көріп, дәстүрлі  тарих айту деректерінің негізінде тарихи оқиғалардың шынайы мазмұны ашылуда. Әйтсе де ауызша тарих айтудың деректеріне сын пікір білдірушілер де жоқ емес. Сыншылар шежіре мен тағы сол сияқты дәстүрлі деректердің деректік маңызын жоққа шығарып, оларды аңыз-әңгімелер ретінде санап, құндылығына шек келтіруде. Ал ақиқатына келсек, төл тарихымызға қатысты аңыз-әңгімелер, жыр-дастандар, ертегілер, шежірелер, мақал-мәтелдер, тағы басқа сол тәрізді деректердің қайталанбас ерекшеліктері бар екендігі ғылымда айтылып, дәлелденуде. Расында да бұл деректер өз заманының куәгерлері ретінде бойларына құнды мәліметтерді жинақтаған. Сонымен қатар олар өз бойларына басқа деректерде кездеспейтін бірегей мәліметтер мен ақпаратты сақтаған.

  Тарихнама археография, мұрағаттану ғылымдарымен де тығыз байланыс орнатады. Археографиялық әдісті пайдалану құжаттық басылымдардағы ақтаңдақтарды, қателіктерді, олқылықтарды айқындауға септеседі. Мұрағаттанулық нұсқаулар, құралдар тарихнамашыға тарихи зерттеулердегі жаңа, ғылыми айналымға тұңғыш рет ендірілген материалдарды анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар болашақта зерделенуге тиіс мәселелерге нұсқаулар беруде де елеулі рөл атқарады.

  Тарихнама ғылымы қосалқы тарихи пәндермен, соның ішінде хронологиямен, тарихи метрологиямен, палеографиямен, нумизматикамен де тығыз байланысады. Мәселен, хронологиямен танысу тарихнамашыға тарихтағы аса маңызды проблемалардың бірі мерзімдеменің күрделі тұстарын, яғни тарихи дәуірлеуді дұрыс жүргізудің, дәуірлерге, замандарға, кезеңдерге, сатыларға бөлудің методологияллық ұстанымдарын меңгеруге жол ашады. Сондай - ақ талданып отырған әдебиеттегі тарихи оқиғалардың мерзімдерін тарихшының  дәл көрсетуін анықтауға көмектеседі әрі әртүрлі кезеңдердегі тарих ғылымының дамуы сатыларына баға беруде де елеулі рөл атқарады. Бұдан өзге көпшілік жағдайда тарихнамалық еңбекте жекелеген мәселелердің әртүрлі кезеңдерде зерттелуін ашып көрсету міндеті туындайды. Міне, осы тұста хронологияның тарихнамаға тигізер ықпалы зор.

  Тарихнама философия ғылымен де етене жақын қарым - қатынас орнатады. Тарихнамалық талдаулар жүргізуде философиялық категорияларды пайдаланудың маңызы зор. Әсіресе логикалық, салыстырмалы, нақты талдаулар жасауда философияның жалпы, жалқы, т.б. категориялары басты рөл атқарады.

  Сонымен қатар тарихнама мәдениеттану, саясаттану, әлеуметтану ғылымдарымен пәнаралық байланыстар орнатады. 

  Осылайша тарихнама өзінің зерттеу ауқымын кеңейтіп, тереңдетуде бірқатар ғылымдармен  байланыс орнатады. Алайда барлық байланысатын ғылымдарымен бірдей дәрежеде қарым - қатынас орната алмайды. Олай болуы да мүмкін емес, өйткені әртүрлі ғылым салаларының өзіндік ерекшеліктері және тарихнамалық зерттеулердегі алатын орны әр алуан.

  Соңғы уақыттарда тарихнамадағы пәнаралық проблемаларын зерттеу міндеттерін шешу көкейкесті бола түсуде. Сондай міндеттердің қатарына мыналар жатады; тарихнамаға бірқатар ғылымдардың, мәселен, тарих, философия, әлеметтану, саясаттану, психология және т.б., әрекетін, сондай - ақ жаратылыс тану ғылымдарының нақты және көпқырлы  өзара байланысы мен өзара әсерін оқып - үйрену. Мұны әртүрлі ғылыми деңгейлер мен бағыттарда  қоғамдық білімнің жалпы әлеуметтік және идеологиялық функциялары, диалектикалық дамудың жетістіктері, жалпы ғылыми ұғымдар мен түсініктер арқылы шешуге болады. Тарихнамадағы пәнаралық проблемаларды шешуге көмектесетін ғылымның өзіндік ұғымдарын, әдістерін және тәсілдерін қарастыру міндеті де өзекті. Тарихнамаға қатысты “методологиялық міндет”, “методологиялық талаптар”, “методологиялық әдістер”, “методологиялық реттеу” тәрізді ұғымдардың қатаң  ғылыми анықтамаларын шығару қажет.

  Пәнаралық байланыс көпжақты процесс. Ол бір ғана тарихнаманың методологиялық негіздеріне, осы саланың біліміне пайдаланатын құралға айнала алмайды. Пәнаралық - барлық ғылым салаларына тән ғылыми зерттеу тәсілі. Дегенмен оның тарихнамамен өзара әрекеті ғылымтанудың теориялық - методологиялық  проблемаларын зерттейтін басқа ғылымдардың, соның ішінде ең алдымен тарихнаманың өзінің  дамуына  игі әсер етеді.

––––––––––––––––––––––––

1. Болон үдерісі аясында жоғары білім берудің сапасын жетілдіру болмысы, мәселелері және келешегі. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлар құрамының ХХХІХ ғылыми-әдістемелік конференция материалдары. – Алматы, 2009.

2. Глауберг Н.В., Юдин Э.Г. Становление и сущность системного подхода. – М., 1973.

3. Мұхатова О.Х. Тарихнама ғылымының методологиялық ұстанымдары. –Алматы, 2008.

4. Қазақстанның ежелгі және орта ғасырдардағы тарихы бойынша библиографиялық көрсеткіш. – А., 2006; Қазақстанның жаңа замандағы тарихы бойынша библиографиялық  көрсеткіш. – А., 2007.

Резюме

  В статье рассматривается проблема междисциплинарности в историографии как важное средство и метод историографического исследования. Показаны междисциплинарные связи историографии с другими науками и отраслями наук.

Summary

     In this article is considered methodical problems of sciense historiography as important facility and method historiography studies. They Are Shown methodical relationship to historiographies with the other science and branch of the sciences.

О.Х. Мұхатова,

  тарих ғылымдарының докторы,

әл-Фараби  атындағы Қазақ

университетінің профессоры


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?