Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Әз-Жәнібек хан: тағдыры мен "ақтаңдақтар"

29124
Әз-Жәнібек хан: тағдыры мен "ақтаңдақтар" - e-history.kz

Әз-Жәнібек хан тарихы тәуелсіздік жылдарында зерттеушілердің, ғылыми-көпшілік қауымның қызығушылығын оятып, жұртшылықтың назарын өзіне аудара бастады. Аталмыш мәселе туралы соңғы жылдары жаңа көзқарастағы пікірлер көтеріліп, бірнеше мақалалар дүниеге келді. Мұны мойындамау-ақиқатқа қиянат. Тарихшылар Ж. Артықбаев, Б. Ермұқанов, И. Шәмшәтұлы, Т. Омарбеков, Ш. Омарбеков, Б. Кәрібаев, М. Қасенов, жазушы Қ. Салғараұлы, ақын Б.С. Қошым-Ноғай т.б. [1] бірауыздан Алтын орда ханы Өзбекұлы Жәнібекті (1342-1357) Әз-Жәнібек деп ортақ шешімге келгендей болды. Осыған қарамастан соңғы кезге дейін, әсіресе әдебиетші-ғалымдарымыз тәуелсіздік жылдары жарық көрген тарихшылардың зерттеулерін «айналып өтіп», қазақ ханы Жәнібекті Әз-Жәнібек ретінде бейнелеп, Асан Қайғы бабамызды соңғысының бас уәзірі һәм ақылшысы етіп көрсетуді әдетке айналдырды. Қарапайым оқырманды былай қойғанда, кәсіби мамандардың өзі шатаса бастады. Жәнібектанудағы «ақтаңдақтардың» ақиқатын аршып алу қай зерттеушіге де оңай болмай тұр. Оның бірнеше себептері бар. Негізгісі, деректердің жұтаңдығы, екіншісі, осы мәселеге қатысты алғашқы зерттеулердегі жаңсақтықтар, үшіншісі, Асан Қайғы заманынан жеткен жыр-аңыздарды талдаудағы кереғарлықтар.

І. 1. Жәнібектанудағы жаңсақтықтардың сыры неде? Сонымен, Жәнібек хан хақында алғаш пікір білдіргендердің бірі ХІХ ғасырдағы қазақтың ұлы ғалымы Ш. Уәлиханов қазақ сұлтандарының шежіресін Орыс хан – Қойрұшық (дұрысы Құйыршық – Ж.Ж.) – Барақ хан – Әз-Жәнібек деп анықтаса [2], 1911 жылы Орынбор қаласынан басылып шыққан еңбегінде Ш. Құдайбердиев: «...Құйыршық ханның баласы – Барақ хан. Оның екі баласы Дәруиш һәм Абусағид хан. Әз-Жәнібек хан аталған осы Абусағид еді. Қазақты ертіп алып Қашқардағы Шағатай нәсіліне қаратқан Әз-Жәнібек осы еді» [3], – деп ұғынады. Көрнекті қазақ ғалымы мен ойшылының осы бір жаңсақ пайымы алдағы қателіктерге жол ашты. Қазақ хандығының негізін Кереймен бірге қалаған Жәнібек сұлтан тарихи әдебиетте еш күмәнсіз «Әз-Жәнібек» атала бастады. Шәкәрім Құдайбердіұлынан бір жыл бұрын Қазан қаласында жарық көрген «Тауарих-и хамса-йи шарқи» (Шығыстың бес елінің тарихы) деген еңбегінде белгілі тарихшы Құрбанғали Халид Өзбекұлы Жәнібек хан хақындағы баянын төмендегіше түйіндеді: «Жәнібек хан өте әділ, шарғи мәселелерге жетік кісі болуымен «Әз Жәнібек хан» лақабын алған. Әзіз Жәнібек деген сөз, бұл халыққа аса әділдігімен беделді болып көріне білген. Әзіз-арабша «ғазиз» - қымбат, қадірлі деген сөз» [4]. Өкінішке орай, тарихшының дер кезінде айтылған шынайы пайымдамасы зерттеушілердің назарынан тыс қалды. Тіпті кеңес дәуіріндегі беделді басылымдардың бірі саналатын

«Қазақ Совет энциклопедиясы» сияқты іргелі басылымда: «Жәнібек хан (Әбу Саид деген атпен де белгілі) (т.-ө.ж. белгісіз) Қазақ хандығының негізін салушылардың бірі, Барақ ханның баласы. ХV ғасырда өмір сүрген, ХV ғасырдың 50 жылдарына дейінгі өмірі мен қызметі туралы нақты деректер жоқ... Оның есімі тарихи мәліметтерде соңғы рет 1473 жылы кездеседі... Жәнібек хан сол дәуірдегі жиі болып тұрған соғыстардың бірінде қаза тапқан деп жорамалдауға болады. Ел арасында сақталған аңыз-жырларда Жәнібек ханды «Әз-Жәнібек» деп те атайды [5]. Сөйтіп, қазақ ханын Әз-Жәнібек ретінде дәріптеу сол уақыттан күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Мысалдарды тізе бергеннен, мәселенің мәні өзгермейді. Басқасын былай қойғанда, жыраулар поэзиясына терең бойлап, аталмыш тақырыпқа зерттеушілік ғұмырын арнаған белгілі ғалым М. Мағауин «Қобыз сарыны» монографиясында «Қазақ ханын Әз-Жәнібек» [6] – деп анықтаса, кейін кенеттен пікірін өзгертіп «Ғасырлар бедері» зерттеуінде «Алтын орда ханын Әз-Жәнібек» [6, 220 б.] деп қабылдап, бір мәселеге екіұштылау пікір білдіреді. Сонда қалай? Қайсысы дұрыс? Кейінгі еңбектерінде классик жазушы өз ойын тағы да өзгертіп, алғашқы көзқарасына қайта оралып: «Әз-Жәнібек – қазақ жұртының іргесін бекітіп, ордасын орнықтырған ұлы хан ғана емес, сол халықтың бар игілігіне ұйытқы болған асыл ұрық, ұлы әулеттің де негізін салушы» [7],- деп нақтылайды. Шындығында осы тұжырым дұрыс па? Негізі, жәнібектануға қатысты бұдан басқа да екіұшты пікірлер мен дүдәмал ойлардың көптігі және солардың ақ-қарасын анықтауға тырыспаушылық біздің Жәнібектей ұлы хандарымызды танып-білу, зерттеп-зерделеу ісіне әлі де немқұрайлы қарап отырғанымыздың белгісі демеске лаж жоқ. Тарихтың құпия сырын ашуда деректің қай түрі де қымбат. Соның ішінде әлбетте, жазба дерек аса маңызды. Қозғалған проблеманы зерттеуде ілгері жылжу бұрын пайдаланылмаған, жаңа дереккөздерін айқындап, тартуға және ғылыми айналымға ендігі енгізілген деректерді тереңірек талдауға келіп тіреледі.

І.2. Деректер не дейді? Алдымен, Алтын орда ханы Өзбекұлы Жәнібектің ата-бабасының шежіресін тарқатайық. Әл-Ахаридің «Шайх-Увайс» дерегіне сенсек, бұл әулеттің шежіресі Жәнібек – Өзбек – Тұғрылша – Мөңке Темір – Тоқан–Бату– Жошы - Шыңғыс хан [8]. Басқа дереккөздерден біз Өзбектің шын мәнінде Тұғрылшаның ұлы, демек Батудың ұрпағы екенін талассыз айғақтайтын мәлімет таппаймыз. М.Г. Сапарғалиевтің пікірінше, Батудың тұқымы Тоқтамен бітуі, ал Өзбек уақыт өте бүкіл билікке қол жеткізген жалған атты болуы әбден мүмкін [9].

Му’ин ад – дин Натанзидің «Мунтахаб ат – таварих – и Му’ини» деген еңбегі Қазақстан тарихын зерттеу үшін құнды деректеме болып табылады. «Ескендір анонимі» деген атаумен белгілі бұл ортағасырлық қолжазбаның авторы Өзбек хан хақында: «Ол әділ және мейірімді патша еді, асқан діншіл әрі тақуа болғаны сондай, пайғамбар жолын ұстанды; кемшілігі үшін пұшайман болып, қажет еткен кісілерге қайыр, жақсылық көрсетіп, кешірім өтінді. Ол билік еткен жылдарда Дешті Қыпшақ, Аллаһқа сенетін елге айналды» [10] деп жазуы назар аударарлық. Әйгілі шығыс зерттеушісі Лев Гумилев: «өзінің алдындағы хан Тохтуды (Тоқта деп те жазылады –Ж.Ж.) у беріп өлтірген өктем билік иесі аяушылығы жоқ басқыншы және қатігез Өзбек» [11], – деп атап өткен. Жәнібектің әкесі Өзбектің өмірі мен жеке басының қасиеттері туралы деректер қайшылықты. 1341 жылы Алтын Ордада Өзбек хан кенеттен дүние салды. Өзбек хан өлімі оның ұлдарының яғни тақ мұрагерлері арасында ауызбірліктің жоқ екендігін көрсетіп қана қойған жоқ, Алтын Орда мемлекетінде ішкі қайшылықтың бар екенін айқындап берді. Өзбек ханның өзі тақ мұрагері ретінде атап кеткен ұлы Тыныбек «Шайх-Увайс» жазбасына қарағанда, көп ұзамай бауыры Жәнібектің қолынан мерт болған [12]. Ал «Тарих ал-Малик ан-Насир Мухаммед ибн Кулан уа ауладуху» дерегінде Жәнібек пен шешесі Тайдулла ханымның бірігіп, Тыныбекті Сарайшықта өлтіргені баяндалады [12, с. 202]. Ортағасырлық шығыс билеушілері үшін Алтын Орда сияқты ұлы мемлекеттің бас тағын иелену жолында мұндай әдет жат саналмайтын. Осынау тарихи үрдістің иірімінен Жәнібек сияқты болашақ «ғазиз» ханда шет қала алмаған. Бұл жолы да «қан сасыған хан сарайы» өзінің ойын ережелеріне бағынған «ойыншыларының» саясатта мерейі үстем һәм мәртебесі асқақ екендігін дәлелдеді. Кейін өз тағдыры да дәл осылай тәмам боларын сол мезетте қанша сұңғыла болса да Жәнібек те білмеген болар. Пенденің фәни дүниеде жасаған қай амалы да бақиға кетпейтінін Әз-Жәнібек тағдыры тағы бір мәрте дәлелдегендей болды.

Әз-Жәнібектің өмірі мен қызметін ХІV ғасырда өмір сүрген ұлы тарихшы Му’ин ад-дин Натанзи «Ескендір анонимі» атты еңбегінде Жәнібек хан туралы «оның әділдігі Ануширван (атақты парсы патшасы - Ж.Ж.) әділдігінен бір де кем соқпайды. Ол Өзбек Ұлысын тұтас исламға бағындырды, пұтқа табынушылардың храмдарын түгел қиратып, көптеген мешіт, медресе салдырды. Ислам дінін ұстанған адамдардың жағдайларының жақсы болуына басты назар аударды. Жан-жақтағы ислам елдерінен неше түрлі оқымысты, ғалымдар осы сарайға қарай ағылды. Елдегі әмірлердің ұлдары білімдерін жан-жақты жетілдіріп ғылымға мойын бұрды, олар заманының озық ойлы азаматтарына айналды, күні бүгінге дейін олардың айтқан пікірлері, қорытқан ойлары жиын-тойда ескеріліп тұрады. Исламның басқа елдерде ұстанатын әдет-ғұрып, салт-жораларын бұл мемлекетке енгізген сол» [13],- деп сүйсіне жазды. Мұндай пікірлерді ортағасырлық түркі деректемелері, соның ішінде Маулана Мұхаммед Достының ұлы Өтеміс қажының «Шыңғыснама» тарихи шығармасы да: «Даңқты әзірет Жәнібек хан – оған Алланың рақымы жаусын – әкесінің тағына отырып хан болғанда оның әділдігі, әулиелігі мен дарқандылығы елге мәлім болды, Дешті Қыпшақ уәлаятында ақ жолдан таймайтын, адал да қуатты, теңдесі жоқ патша болып, атасының бүкіл мемлекетіне әмірін жүргізді» [14] деп қуаттай түседі. Ал «Таварих-и гузида-йи нусрат-наменің («Жеңістер кітабының таңдамалы тарихы») авторы ол туралы «Жәнібек Дешті Қыпшақ елінің ханы болды. Халық оған дене болса, ол халықтың жаны болды» деп жазды [15]. Келтірілген деректерді уақытында жан-жақты саралаған Л. Гумилев Жәнібек ханның әкесіндей емес мейірімді, һәм әділетті жан болғанын атап өткен [11, 14 б.]

Қазақтың ұлы ғалымы Ш. Уәлиханов өмір сүрген заманда орыстың белгілі археологы, шығыстанушы, нумизмат тарихшы П.С. Савельевтің ғылыми тұрғыда әлі күнге маңызын жоғалтпаған құнды еңбегі дүниеге келді. Бұл еңбектегі ғылыми тұрғыда талданған нумизматикалық деректер қазақ тарихы үшін бірегей керемет. Ақиқатын айтар болсақ, орыс ғалымының бұл зерттеуіне қазақ қауымы қарыздар. Зерттеуші нумизматикалық жәдігерліктерге иек артып, Әз-Жәнібек хан есімі бедерленген теңгелердің Хорезм қаласында хижраның 700-751 жылдарынан (1350 жыл) құйыла бастағанын баяндайды.

Әз-Жәнібектің ел билеген тұсында құйылған теңгенің бір жағында араб қарпімен «әл-сұлтан әл-ғадл ғазиз Жанибек хан», екінші жағында «харб/сы/Гүлстан әл-джәдид» (1-сурет) деген сөздер таңбаланған. Соңғы жылдары Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының ғылыми қызметкерлері Жәнібек ауданындағы Жаңатұрмыс обасынан 1353-1354 жж. Гүлстандағы теңге сарайында құйылған Әз-Жәнібек хан дәуірінің теңгесін тапты (2-сурет) [16]. Деректерге сүйенсек, Жәнібек хан кезінде Гүлстан ірі портты қалаға айналады. 1347 жылы осы Гүлстан портында Жәнібек Венеция саудагерлерімен сауда келісімін жасаған. М. Әбсеметовтің пікірінше, бұл порт бүгінгі Атырау қаласының маңы болуы мүмкін [17]. Нумизмат тарихшы Әз-Жәнібек бақилық болғаннан кейін де, әйгілі ханның есімі бедерленген теңгелердің құйылғандығы хақында хабарлайды. Біз үшін аса құнды жәдігер саналатын сол теңгелердің бірінде «әл-сұлтан әл-мархұм ғазиз Жанибек хан» (3-сурет) деген тіркес оймышталған. П.С. Савельев зерттеген нумизматикалық деректерге қарағанда Жәнібек хан билікке келгеннен кейін құйылған алғашқы теңгелерде «әз» (ғазиз) атанбаған, тек он шақты жылдан соң ғана осы атақты иеленген тәрізді. Оған дәлел, теңгенің бір бетінде «әл-сұлтан әл-ғадл Жанибек хан», ал екінші бетінде «хәрб/сы/Харезм әл-джәдид 754» (4-сурет) деген сөздер ойып жазылған [18]. Тұңғыш бұл деректі қазақ оқырмандарына журналист М. Имашев таныстырса, бертін келе ақын Б.С. Қошым-Ноғай аталмыш мәселеге жұртшылықтың тағы бір мәрте назарын аударды.

Шыңғыс ұрпақтарынан болған хандардың өздерінің ұстанған саясаттарына сай келетін тарихтарын жаздырып қалдыруы ертеден дәстүрге айналған болатын. Хиуа ханы (1645-1663), шығыс әдебиеті мен мәдениетінің асқан білгірі Әбілғазы баһадүр ханның «Шежіре-и түркі» («Түркі шежіресі») атты тарихи шығармасының деректемелік маңызы өте зор. Ол өзінің еңбегінде: «Өзбек хан өлгеннен соң оның ұлы Жәнібекті хан көтерді. Жәнібек хан ғажайып мұсылман патша болды, өзі ғұлама, ибалы, ақылды кісі еді. Сарайшық шаһарында таққа отырды, шариғатты қатаң сақтар еді... Ұлы Бердібекті Әзірбайжанға әкім етіп, өзі жұртына қайтып келді. Одан соң ауруға шалдығып, ол ұзаққа созылды. Хан: «Енді мен бұл аурудан жазылмаймын», – деп, Әзірбайжандағы ұлы Бердібекті шақыртты. Бердібек хан келіп жеткенше, Жәнібекке уақыт болды. Ол қайтыс болар алдында халқын жиып ,оларға көп насихаттар айтты. Хижраның жеті жүз елу сегізінші жылы қайтыс болды, ол он жеті жыл патшалық құрды, Сарайшықта жерленді» [19] – деп жазды. Му’ин ад-дин Натанзидің дерегінде, Әз-Жәнібектің өлімі басқаша анықталып, оқиғаның қалай өрбігені төмендегіше баяндалады: «Бердібек таққа отырғасын 6 айдан соң, Жәнібек хан науқасқа шалдықты. Мемлекетіндегі басты тұлғалардың бірі Тоғлу бай (деректерде Туғлы-би, Тавлубий, Тувлубий – Ж.Ж.) Әзербайжанға жедел кісі аттандырады, Бердібекті шақыртады. Әкесі көз жұма қалса, таққа ие болатын сол. Дешті Қыпшақ тағын тақымына бір қысуды көксеп жүрген Бердібек Әзербайжанды тастап, Дербент арқылы жеделдете Ордаға жөнеледі. Он шақты серігімен түн жамылып келіп, Тоғлу байдың үйіне түседі. Күтпеген жерден Жәнібек хан беті бері қарап басын көтереді, айыққандай болады. Сөйтіп, ертеңіне кеңеске қатысқысы келетінін айтады. Сенімді кісілерінің бірі Жәнібекке Бердібектің келгенін жеткізеді. Мына хабар мазасын қашырған ол мұны Тоғай Тоғлу хатунға айтады. Хатун ұлын қорғаштап, мұның жалған екеніне сендірмек болады. Жәнібек одан Тоғлу байды жеке қабылдауына шақыртады, осының бәрін бастап жүрген сол Тоғлу бай екенін білмейтін хан мына жайды құпия түрде оған да айтады. Тоғлу бай бірден секем алып, мән-жайды біліп келейін деген сылтаумен тысқа шығады да, ізінше өзіне жақтас бірнеше адаммен қайта кіреді, сол жерде бірден Жәнібекті жайратып салады» [20].

Түйін

Сонымен қазақ халқы алтынордалық Жәнібек ханды «Әз-Жәнібек» атандырған, ал бұл атаудың отандық тарих ғылымында Қазақ хандығының негізін салушы ретінде мойындалып келген Жәнібек (Әбу Саид) Барақұлына еш қатысы жоқ. Өйткені, Мұрат Мөңкеұлының «Үш қиян» толғауындағы:

Алты жыл балшық бастырып,

Тоғыз жыл керіш соқтырып,

Сусынын шайға қандырып,

Хандығына жұртын нандырып,

Адыра қалғыр, Аштархан,

Әз-Жәнібек хан салдырып.

Ақылын кәуірге алдырып,

Айласы құрып кеткен жер,

- деген жыр жолдары Алтын Орда билеушісі, Жәнібек Өзбекұлына ғана қатысты.

Келтірілген әртүрлі тарихи деректерді: нумизматикалық жәдігерлерді, жыр-аңыздарды, толғауларды, кәсіби мамандардың тың ойларын саралай келе, біз осыған дейін Әз-Жәнібек деп жүрген ханның Қазақ хандығының негізін қалаған Барақұлы Жәнібек емес, Алтын Орда ханы Өзбекұлы Жәнібек екендігін тағы бір мәрте тиянақтадық. Өкініштісі, тәуелсіздігімізге 20 жыл толса да, академиялық басылым Қазақстан тарихының 2-томындағы Әз-Жәнібек туралы мағлұмат сын көтермейді. Жалпы орта білім беретін мектеп оқулықтарындағы мәлімет те солай.

ІІ. Асан Қайғы қай Жәнібектің замандасы?

Аштархан деген үлкен шәр,

Әз Жәнібек ханыңның.

Өз қолынан салдырған,

Қаласын салған жерлерде,

Сан бұлағы көрінген.

Ақ Еділдің жағасы,

Асан Қайғы, Жиренше,

Әз Жәнібек ханыңның

Тұсында болған данасы.

(Шынияз Шанайұлы, ХІХ ғ.)

Әз-Жәнібектің қай Жәнібек екендігі жөнінде тарихшылар бірыңғай ортақ пікірге келгенімен, Асан Қайғының қай Жәнібектің замандасы екендігі тарихи әдебиетте әлі күнге басы ашылмаған мәселе күйінде қалып отыр. Бұл екі мәселе шындығында бір-бірінен еш ажырағысыз. Әйгілі жыраудың өмір сүрген мерзімі туралы нақты тарихи деректердің жоқтығынан көп нәрселер ауыздан-ауызға бұрмаланып жетіп, Асан Қайғы бейнесі бүгінде мейлінше аңызға айналған. Асан Қайғы жөніндегі тарихи деректерде бірізділіктің жоқтығы да осы жағдайлармен байланысты. Халық аузындағы аңыздарда Әз-Жәнібекпен қатар айтылатын данагөй абыз, өз заманының сұңғыла саясаткері, қабырғалы қайраткері һәм қиядағыны болжайтын көрікпел әулиесі Асан Қайғының қай Жәнібектің замандасы екендігін анықтауда әртүрлі көзқарастар қайта көтеріліп, зерттеушілердің пікірлері бір тоқтамға келмей, мәселе шешілмеген күйінде қалып отыр. Оған мүмкіндік бермей отырған, біріншіден, нақты деректердің жоқтығы, екіншіден, зерттеушілер дереккөзі ретінде пайдаланып жүрген Асан Қайғы толғауларын талдаудағы қарама-қайшылықтар болса, үшіншіден, бірқатар ғалымдардың жырауды фольклордағы жиынтық бейне екенін дәлелдеуге ұмтылуы. Бізге жеткен жыр-аңыздардың сарыны Асан Қайғыны Алтын Орда ханы Әз-Жәнібектің замандасы ретінде бейнелейтініне қарамастан, кейбір зерттеушілер, сол тирадалардың қайсыбір үзінділерінің мазмұнын - қазақ ханы Жәнібектің заманындағы миграциялық үдерістермен байланыстыра қарастырудан аса алмай жүр.

Асан Қайғының Жәнібекке айтқан жыр-толғауларын екі Жәнібектің қайсысына сәйкес келетінін шендестіре талдау кейінгі кезге дейін мамандардың назарына ілікпеді және зерттеулерде пайдаланылмады. Кеңес кезеңінде тарихшы-ғалымдарға атышулы «Бекмаханов ісінен» кейін хандар тарихын зерттеуге «тұсау» салынды да, аталған тақырып жыраулар тарихы аясында әдебиетші-ғалымдардың ғана қаламына ілінді. Сол заманнан жеткен жыр-аңыздар мен толғаулардың шынайылығы тарихи деректермен салыстыра тексеріліп, оның ақиқаты дәлелденбеді. Соған байланысты, кеңес заманынан бергі ғылыми әдебиетте Асан Қайғы тек қазақ ханы Жәнібектің замандасы ретінде біржақты насихатталды. Бұл жаңсақтықтар негізінен Асан Қайғының қай Жәнібектің қасында болғандығын білмегендіктен туындады және кезінде қазақ ханын Әз-Жәнібек деп ұлықтаған қате пайымдаулармен байланысты еді. Осыған дейінгі Жәнібек пен Асан Қайғы туралы зерттеулерден байқалатын тағы бір кемшілік, әр зерттеуші Асан толғауларындағы «өзіне керекті» шумақтарды пайдаланып, ғылыми талдауды қажетсініп тұрғанына қарамастан «өзіне керексізін» айналып өтетіндігі.

Сонымен, Асан Қайғы тарихын зерттеген Б. Кенжебаев, Ә. Дербісәлин, М. Мағауин, Ж. Тілепов, М. Жармұхамедов, Ә. Сарай, Қ. Салғараұлы, С. Негимов, Б. Бораш [21], т.б. еңбектерінде Асан Қайғы қазақ ханы Жәнібектің замандасы ретінде сараланады және осы авторлардың дені оны Әз-Жәнібек деп анықтайды. Бірақ бұл пікір тарихшылардың соңғы жылдардағы зерттеулерінде мақұлданбайды. Ғылыми әдебиетте ғасырдан аса үстемдік еткен осы түсінік бүгінде нанымды, орнықты, салмақты пікірге айнала бастағандай. «Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы» сияқты іргелі басылымда: «Асан Қайғы Сәбитұлы (ХІV ғасырдың ақыры-ХV ғасырдың басы) – мемлекет қайраткері, ақын, жырау, би, философ. Керей мен Жәнібек хандардың ақылшысы болған», - деп жазылса (471 б.), 2010 жылы жарық көрген академиялық «Қазақстан тарихының» 2-томының авторлары да әйгілі жырауды 1370 жылдары Еділ жағасында туды (238 б) деген бұрынғы көзқарастан аспаған.

ІІ.1. «...Қырында киік жайлаған» қай Жәнібекке арналған? Біздіңше, тарихи әдебиетте Асан Қайғыны қазақ ханы Жәнібектің замандасы деп көрсетуге мұрындық болып жүрген басты дәйектердің бірі, атақты жыраудың «... Қырында киік жайлаған», - деп басталатын кезіндегі көлемді толғауының бүгінге жеткен шағын жұрнағы.

Жырдың мазмұны шығыстан батысқа қарай лықсыған қалың көштің біраз уақыт табан тірейтін жайлы қоныс таба алмай, қалжырай қозғалған тағдырынан сыр шертеді. Жырдың қашан және неге байланысты шыққандығы жөнінде зерттеушілердің арасында пікір бірлігі жоқ. М. Мағауин бұл көштің маршрутын батыстан шығысқа қарай қозғап, Жәнібек, Керей хандардың Моғолстандағы Иса-Бұға ханға беттеп көшкен ұзақ сапары деген қорытындыға келсе [6, 30 б], оны сәл кейін Ж. Тілепов: «Жоқ, көріпкел жырау Еділден бастап жылжып, жайлы мекендерді кейінге қалдырып келе жатырмыз деп қайғырып қапаланбайды, керісінше, Шығыстан Батысқа қарай беттеген жолдарында ордалы жұрт болып орнығуға лайықты Ойыл, Жем секілді сулардың бойындағы шұрайлы атыраптардан тоқтамай өтіп, бір қиыр шеттегі Еділ атты тар жерге келгендігінен, егер осында байырқамаса, шаруаның түбі берекелі болмайтындығын хабардар етеді. Көшпенді елге Жайық пен Еділді тастап әрмен барғанда береке табар жөн жоқ, енді осында аялдағын деп кеңес береді» [22],- деп көштің бағытын басқаша анықтады. Осы сарындағы пікірді соңғы жылдары жарық көрген кесекті еңбегінде белгілі жазушы Ә. Сарай әрі қарай жалғастырып «Асан Қайғы Жәнібектің Ноғайлы, Алтын Орда топырағына келгенін анық-қанық жырлайды... Алтын Орда тағы Сарайға беттеген Жәнібектің жылыстап көшіп-қонған жерлері тайға таңба басқандай аталған [23], – деп Асан Қайғыны қазақ ханы Жәнібектің замандасы ретінде түсіндірді. Уақыт өткен сайын осы түсінік зерттеулерде сан мәрте қайталанып, өңделіп, толықтырылып бүгінде еш талас тудырмайтын ақиқатқа айналды. Дерексіз болжам тарихқа ден қойған қауымды ақиқаттан алыстатары хақ. Тарих деректілікті талап ететін ғылым. Бұлтартпас деректер болмағандықтан, бұл көштің сипатын әр зерттеуші өзінше сан-саққа жүгіртіп жүр.

Ноғай Ордасының тарихына тереңірек бойлаған белгілі зерттеуші В.В. Трепавлов та осы жырдың жетегінде кетіп, төмендегідей ғылыми болжам жасауға мәжбүр болды. Ғалым «Жәнібектің алғаш Қазақ хандығының батыс бөлігінде қосымша хан болуы мүмкін» деген жорамалын сол жырда кездесетін дерекпен дәлелдеуге тырысты. Мұның өзі Асан Қайғының «Қырында киік жайлаған» толғауының тарихи дереккөзі ретінде зерттеушілердің бірнеше буынын өз ықпалынан шығармай, олардың көзқарасына күшті тәсір жасай алған жыр екенін анықтап қана қоймайды: ғылыми пікір қалыптастырудағы шайыр шумағының «құдіретінің күштілігін» байқатады. Осыған қарамастан зерттеуші Асан Қайғы жырларының

Қырында киік жайлаған,

Суында балық ойнаған.

Оймауыттай тоғай егіннің,

Ойына келген асын жейтұғын

Жемде кеңес қылмадың,

Жемнен де елді көшірдің.

Ойыл деген ойынды,

Отын тапсаң тойынды,

Ойыл көздің жасы еді,

Ойылда кеңес қылмадың,

Ойылдан елді көшірдің.

Елбең-елбең жүгірген.

Ебелек отқа семірген,

Екі семіз қолға алып,

Ерлер жортып күн көрген.

Еділ деген қиянға.

Еңкейіп келдің тар жерге,

Мұнда кеңес қылмасаң,

Кеңестің түбі нараду...

Көңілді жаман қалдырдың...

Ақылды белден алдырдың.

Нәлет біздің жүріске!

ноғай нұсқаларын саралай келе, «Ноғайлардың ата-бабаларын Мәуереннахрдан Еділге бастап әкелген аты аңызға айналған Әз-Жәнібек пен Барақ ұлы Жәнібек хандардың бейнесі (Асан Қайғы жырларында – Ж.Ж.) араласып кетуі мүмкін» [24] екендігіне назар аударған. Ресейлік зерттеуші атақты жыраудың Алтын Орданың әйгілі ханы Әз-Жәнібектің замандасы болуы мүмкін-ау деген қисынға мүлде мән бермегенімен, жыраудың ноғайларда сақталған өлеңдерінің мазмұнынан Әз-Жәнібектің тарихи тұлғасына сәйкесетін үзіктердің ұшқынын байқаған.

Сонымен, Асан Қайғыны қазақ ханы Жәнібектің тұсында өмір сүрді деп анықтайтындардың табан тірейтін дерегі осы шумақтар. Зерттеушілердің түсіндіруінше, оқиға Керей мен Жәнібектің Шу бойында орнығып, Қазақ хандығының әжептәуір нығайып, Әбілқайыр хан өлгеннен кейін, бұрынғы ата қонысты қайтару үшін батысқа көшуге шешім қабылдағаннан соң болған. Мұнда бір назар аударар нәрсе, Жетісудан «өкше көтерген» қазақ хандарының Дешті Қыпшақтың нақты қай аумағына орналасқаны, нақтыласақ Еділге жеткені туралы мәліметтер ортағасырлық деректемелерде кездеспейді. Сондықтан бұл жырдың ол көшке еш қатысы болмауы да мүмкін. Көштің жүру бағыты жырда былай көрсетілген: Жем-Ойыл-Еділ. Көштің Шу-Сарысу емес неге Жем өзенінен басталатындығы да түсініксіз. Егер көш Шу- Сарысудан басталса, жолшыбай кездесетін басқа да өзендер жырға неге енбеген? Толғаудың басы уақыт өте келе «түсіп» қалып жүрмесе, бізге жеткен жырда көштің басы Жем өзенінен тартылған. Түйіндеп айтқанда, аталған шумақ осыған дейінгі тарихи әдебиетте Қазақ хандығының құрылу уақытын бейнелеп, осы толғаудың соңғы шумағы әйгілі «Ел айырылған» оқиғасына жыраудың көзқарасын білдіріп, Асан Қайғының қазақ ханы Жәнібекке айтқан толғауы деп түсіндіріледі:

Еділ менен Жайықтың

Бірін жазға жайласаң,

Бірін қысқа қыстасаң,

Ал, қолыңды маларсың

Алтын менен күміске!..

Бұл – Жәнібек, Керей хандардың Моғолстанға беттеп көшкен сапарына қарсы Асан Қайғының елін қимай, артта қалып бара жатқан қоныстардың артықшылығын айтып, босқан жұртты қайырып, көшті тоқтатпақ болғандағы айтқаны делініп жүр. Осы логиканы нақтылайтын құжаттық негіздің жоқ екені өз алдына, Қазақ хандығының құрылу жылдарында әрі-бері қоныс аударған Керей мен Жәнібек көшінің тарихы мен өлең сарынындағы көштің бағыты бір-біріне тым қиғаш келеді. Сондықтан «...Қырында киік жайлағанды» сол көшке телу қисынсыз.

ІІ.2. Асан Қайғы жырындағы анықтауды қажет ететін ақтаңдақтар. Асан Қайғының қазақ ханы Жәнібекке айтты делініп жүрген толғауы тарихшы – ғалымдар тарапынан соңғы кезге дейін зерттеу нысаны ретінде арнайы қарастырылмағандығын баса көрсетеміз. Осыдан басқа жыр-аңыздар мен толғаулардың мазмұны Асан Қайғыны қазақ ханы Жәнібек заманында өмір сүрді деген көзқарасты бекітуге мүмкіндік бермейді. Жырда билеушінің есімі аталмағандықтан ақылман абыздың осы толғауды қазақ ханы Жәнібекке арнап айтқаны күмән тудырады, тек бұл емес, жіктей берсек жырда күдік тудыратын нәрселер жеткілікті.

Бірінші. Керей мен Жәнібек бастаған қазақтардың қалың бұқарасының Шайбани Әбілқайыр хан өлімінен кейін Батыс Жетісудан бастап «Еділге дейін созылған шеруі» басқа тарихи деректермен неге мақұлданбайды? Шу мен Еділ өзендері аралығындағы осындай «ұлы қоныс аударудың» ортағасырлық деректемелердің назарынан тыс қалуы неліктен? Моғолстан тарихын жан-жақты зерттеген М.Х. Дулати атақты «Тарих-и Рашиди» еңбегінде осы мәселе туралы неге үнсіз?

Екінші. М.Х. Дулати дерегінше, Қазақ хандығының құрылуы сияқты аса маңызды оқиғада рөлі Жәнібектен басым болып, нағыз хан дәрежесінде көрінетін Керей туралы -Асан Қайғының ләм деп ауыз ашпауы жыраудың сол заманда өмір сүргендігіне күмәнді күшейте түседі. Осы жерде талантты зерттеуші, марқұм С. Қондыбайдың «қазақтың фольклорлық жады Жәнібек пен Керей туралы ештеңе білген жоқ» [25], – деу себебіне көз жіберген дұрыс.

Үшінші. Асан Қайғы жырларын зерттеуші Баян Бораш әділ байқағандай, біз Асан Қайғы шығармашылығы түгел жинақталып, реттеліп болды деп айта алмаймыз. Оған кешегіге дейін Асандікі деп жүрген белгілі толғаудың («Таза мінсіз асыл тас...») оның толғауы еместігі дәлелденгендігі куә. Сонымен қатар оған телініп жүрген жыр нұсқаларының қайсыбір ерекшеліктері бойынша жыраудікі болмауы мүмкін... Сондықтан ондай күмән туған нұсқаларға мәтін танымдық зерттеулер қажет [26].

Төртінші. Ноғай, қазақ және башқұрт фольклорында «Ұлы Татариядан» немесе «Бұхарадан» Еділге өту кезінде ноғайларды бастаған Әз-Жәнібек туралы мәліметтер сақталған [27]. Ноғай аңыздарында айтылатын Әз-Жәнібек көшінің астарында біз көтеріп отырған мәселеге тікелей қатынасты, ғылыми ортаға әлі күнге беймәлім бір құпия сыр жатқандай көрінеді. Бізге Құдабай ақын арқылы жеткен «Асанның асыл түбі ноғай деймін...,Тегінде ноғай-қазақ түбіміз бір» деген жыр жолдары мен Әз-Жәнібек бастаған ноғайлар көшінің арасында - байқаған адамға бір байланыстың бар екені аңғарылып тұр. Қазақ шежірелерінде бұл қазақ ноғайлының ханы Әз-Жәнібек ханға қарап тұрдық делінген.Осы билеушінің есімі бедерленген теңгелер алтынордалық Гүлстан қаласында 767/1365-1366 жылдары құйылғаны жоғарыда айтылды. Аталған деректер негізінде орыс тарихшысы В.В. Трепавлов маңғыттардың үлкен бөлігінің оңтүстік-шығыстан басталған белгілі қоныс аударуы 1350-1360 жылдары болған деп жорамал жасайды. Біздің көзқарасымызша, бұл сол тұста Асан Қайғының Әз-Жәнібекке айтқан жыры болуы да мүмкін. Әрі қарай ғалым былай дейді: «Сол уақытқа дейін Алтын Ордада халықтардың қандай-да бір ірі қоныс ауыстыруының болғандығы белгісіз, мұндай көштің болуы да мүмкін емес» [21, с. 57]. В.В. Трепавловтың пікірінше, Өзбекұлы Жәнібек ханның өлімінен (1357 ж.) соң басталған дүрбелең барысында Дешті Қыпшақ жұртының «үдере көшуі» басталған. Мұны төмендегі қазақ аңызы да растай түседі.

Бесінші. Ш. Уәлихановтың: «Қазақтардың аңызында, Алаша ханның балаларының басы кесілгеннен кейінгі хан Жәнібек (Барақтың ұлы) дегенімен, ертедегі асыл сөздерде Жошы әулетінен шыққан Жәнібек те қазақтың бірінші ханы болған деседі. Әбілғазы да Жошы балаларын қазақтардың хандары дейді. Жәнібек билік құрғанда, туыстас қазақтар мен ноғайлар бірге көшіп- қонған, ол кез қазақ жырларында алтын ғасыр деп аталады. Қазақтардың көптеген аңыз-дастандары да сол алтын ғасырға дөп келеді. Сондай-ақ, Жиренше шешеннің бірлік, тәлім-тәрбиелік нақылдары, әділ хан Әз-Жәнібек те, Ноғайлардың философ-данасы Асан Қайғы да осы күнге дейін далалықтардың аузынан түспейді. Ескі аңыз желісінде - алтын ғасырдың соңында халықтың тоз-тозы шығып, оңтүстіктен солтүстікке қарай босу басталған...» [28] деп жазуы назар аударарлық.

Қорыта келгенде,екінің бірі: иә, бұл жыр Асанның Әз-Жәнібектің өзіне арнап айтқаны немесе аңыз бойынша ғасырға жуық өмір сүрген жырау Әз- Жәнібектен басқа да ел билеушілерімен замандас болып, солардың біріне шығарған толғауы болуы да мүмкін, осы шумақтарды тек қазақ ханы Жәнібекке ғана бағыттала айтылған деп анықтау -тарихи шындыққа қайшы.

Тарихи деректерге жүгінсек, Керей мен Жәнібектің Жетісуға (Моғолстанға) қоныс аударғанға дейін Қазақстанның қай аймағын мекендегені туралы ешбір мәлімет жоқ, сол себепті олар бастаған көштің қай жерден «қозғалғаны» туралы анық пікір айту қиын. Еліміздің жетекші ғалымдары жазған «Қазақстан тарихының» 2-томында Қазақстанның оңтүстік аудандарында Керей мен Жәнібекке рулар мен тайпалардың едәуір бөлігі бағынғандығы, олардың төңірегіне көшпелі рулық-тайпалық шонжарлардың айтарлықтай топтары, әсіресе үстем таптың Барақ ханды қолдаған және Сырдариядағы қалалармен байланысты бөлігі топтасқандығы, сонымен бірге Қаратау баурайлары мен Сырдариядағы қала орталықтары мен бекіністер – Созақ, Сығанақ, Сауран мен басқа да онша ірі емес бекіністер, Жәнібек пен Керейдің қолында болғандығы анықталады. Жәнібек пен Керей хандар бастаған қазақтардың қалың бұқарасының Жетісуға, Шу, Талас алқабына қарай Оңтүстік және Орталық Қазақстаннан ойысуы нақтыланып , ХV ғасырдың 70-80 жылдарында Жәнібек пен Керей хандарға байланысты жазбаша деректемелерде келтірілген негізгі оқиғалар Оңтүстік Қазақстанда өткендігі баяндалады [29]. Сонымен, Асан Қайғы толғауында айтылатын Батыс Қазақстан аумағындағы «халықтардың қоныс аудару қозғалысын» тарихи деректер мақұлдамайды. Тарихшы Б. Кәрібаев соңғы жылдары белгілі болған тарихи аңыздарға сүйене келе, Жәнібек әкесі Барақ хан қайтыс болған соң, 1428-1457 жылдарда Сыр өңірінде ұлыс басқарғаны туралы жазады [30]. Ақ Орда тарихында Сыр өңірі ХІІІ ғасырдың соңынан бері саяси-әкімшілік, сауда-экономикалық, діни-мәдени орталық болған.

Ал Керей мен Жәнібектің Еділ-Жайық өңірімен байланысын анықтайтын жазба деректер жоқтың қасы. Сондықтан Асан Қайғының аталған өлеңін қазақ ханы Жәнібектің көшіне қарата айтылған жыр ретінде қабылдау, кеңес әдебиетінде үстіртіндеу айтылған жорамал деп есептейміз.

ІІ.3. Аңыз астарындағы Асан ақиқаты. Асан Қайғының алыстағыны болжайтын көріпкелдігі мен сәуегейлігін баяндайтын аңыздардан Әз - Жәнібек ханның жасаған үш тойы туралы айтқан сыни болжамы халық арасына кең тараған. Ғалым Потанин жазып алған екі аңыз нұсқасы ХІХ ғасырдың аяғында «Дала уәлаятының газетінде» жарияланды. Мұның бір бөлігі бізге тек қара сөз күйінде жетсе [31], енді бір тобы өлеңі мен қарасөзі аралас болып баяндалса да [32], бұлардың мазмұнында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Бұл аңыздағы өлең жалпақ жұртқа Асан Қайғының «Әй, хан, мен айтпасам білмейсің» атты толғауы түрінде белгілі. Дәл осы аңызға үндес һәм төркіні бір мысалдың басқа да түркі тілдес халықтар әдебиетінде кездесуі (сол сияқты Жиренше туралы да – Ж.Ж.)

Асан Қайғы мен Жиреншенің бір ғана қазақтың еншісіндегі ақын не шешен емес екендігі, Алтын Орда һәм Ноғайлы дәуірінде бір мемлекеттік бірлестікте ғұмыр кешкен қазақ, ноғай, татар, қырғыз, қарақалпақ, т.с.с. түркі халықтарына ортақ ірі тұлға екендігін айғақтайды.

Аталған аңыз «бұрынғы заманда Еділ менен Жайықтың арасында бір үлкен патшалы жұрт болған. Ханы Жәнібек хан деген екен. Оның жұртында бір Асанқайғы деген жұрттың қамын ойлаған данышпан адам болыпты» (509 б) деп басталады. Бір қызығы Ш. Уәлихановтың пайымдауы бойынша «Еділ мен Жайық – орыстардың Алтын Орда деп атайтын жері» [33]. Аңыздың «Еділ - Жайық» аралығында деп басталуы Алтын Орда ханы Әз-Жәнібек заманының сағымға айналған сұлбасын аңғартқандай. Соңғы жылдары Жәнібек пен Асан Қайғы тақырыбына аса ынта қойып, ғылыми жағынан зерттеу жұмысына көңіл бөлген, ортағасырлардағы Қазақстан тарихының көрнекті маманы З. Жандарбек осы аңызға егжей-тегжейлі талдау жасап,жыраудың аталмыш толғауды тек Алтын Орда ханы Әз-Жәнібекке айтқанын ғылыми тұрғыда дәлелдегендіктен, біз ғалым пікірін қайталап, бұл аңызға тоқталуды жөн көрмедік [34].

Жыр-аңыз желісінде кездесетін тұлғалар сол ХІV ғасырда Алтын Орда дәуірінде өмір сүрген қайраткерлер екендігі басы ашық мәселе. Тарихи жазбаларда Жәнібекұлы Бердібек ханның тұсында Асам (Асан) би есімді тұлғаның Алтын Орда мемлекетінің қоғамдық-саяси қызметінде жүргендігі, әсіресе, сыртқы елдермен қарым-қатынастардағы ролі баяндалады. Асам (Асан) бидің есімі 1358 жылы Бердібек ханның венециялықтармен сауда-саттық жөнінде жасасқан келісімінде аталады. Бұл келісімде Өзбекұлы Жәнібекті өлтіріп, оның орнына Бердібектің отыруына ықпал еткен беделді Тоғлу бидің есімі де бар [40]. Ал М. Мағауиннің пікірінше, аталған Асан – ақын Асан Қайғы емес, Алтын Орда ханы Әз-Жәнібектің атақты әмірлерінің бірі Асан би, дала феодалдарының ханға қарсы партиясын ұйыстырушы, Әз-Жәнібектің өліміне себепші болған, таққа оның ұлы Бердібекті отырғызған мықтылардың басы. Асан бидің аты көптеген деректерде, оның ішінде Әз-Жәнібектің 1347 жылы, Бердібектің 1358 жылы венециялықтармен жасасқан сауда келісімінде аталады. (Асам-бей)... Мұғалы бай да сол Әз-Жәнібектің белді әмірлерінің бірі, Бердібек тұсында тіпті көтеріліп, бас әмір сайланады, оның есімі батыс европалық документтерден ғана емес, орыс жылнамаларынан да ұшырасады (Моғал-бей – Моуал) [6, 220 б.].

Қазақ аңызында Әз-Жәнібек өзінің қарындасы Қаныбетті Айсыл баласы Әметке бермей, Мұғалы байдың Тастемір деген ұлына бергендігіне өкпелеп, тойға келмей қалатындығы айтылады. Асан Қайғы мен Жәнібек арасындағы кикілжің туралы жазушының жоғарыдағы пікірін жыр-аңыздардың мазмұны да растай түседі. Алтын Орда ханы Әз-Жәнібектің қасындағы атақты әмірлерінің бірі Асан би есімді тұлға болғандығын тарихи деректер анықтап отыр. М. Мағауиннің пайымдауынша, Алтын Орда ханы Әз-Жәнібектің қасындағы Асан би басқа тұлға да, қазақ ханы Жәнібектің қасындағы-нағыз Асан Қайғы. Сонда қалай? Аяғы жерге тимей тұрған мәселе-осы.

Әзірше, қолда бар тарихи деректердегі Асан есімді тұлғалардың арасынан тарихтағы Асан Қайғыға қатысы болу мүмкіндігі жағынан жырау тұлғасына толық сәйкес келетін осы Асан би деп нық сеніммен айтуға болады. Бұл пікірімізді тарихи құжаттар да растай түскендей. Деректерде Тоқтамыс ханның тұсында бірнеше рет елшілік сапарға барған Асан би деген кісінің есімі аталады. Ол Тоқтамыс ханның Литва-Польша королі Ягайлоға 1392 жылы Дон өзені бойынан жазған хатында бірнеше рет аталады. Онда ол ханның атынан Литва короліне екінші рет барып отырған би [31]. Бұл құнды деректі А. Қазембек, И. Березин, Д. Банзаров, Ш. Уәлиханов, В. Радлов сияқты ғалымдар қазақ тарихы ғылымының игілігіне айналдырды. Асан Қайғы мен Әз-Жәнібекті жиынтық бейне дегеннің өзінде аңыздағы олардың тарихи бейнесіне алғаш негіз болған Алтын Орданың ханы Өзбекұлы Жәнібек пен оның сарайында қызмет атқарған нақ осы Асан би екеніне еш күмәніміз жоқ. Сондықтан бұл жыр-аңыздың сол заманға толық сәйкесетініне иланбауға негіз аз. Басқа да беделді ғалымдардың еңбектерінде аңыздағы баяндалатын оқиғалар Алтын Орда заманындағы Асан Қайғының Әз-Жәнібекке айтқаны ретінде сараланып жүр [37].

Ғалым З. Жандарбектің ғылыми мақаласындағы: «Асан Қайғы Алтын Орда мемлекетіне астана болар жерді іздеп, Жошы ұлысы құрамына кіретін барлық жерді шарлайды. Ол желмаяға мініп,

«Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған жер » Жиделібайсында, Сыр бойында, Жетісуда, «түйе бойы қара бар» Ертіс жағасында болады. Сапарының соңында ол елге астана болуға лайық жер ретінде Еділ бойын таңдайды. Ол жерге Жәнібек хан Хажы Тархан қаласын салдырады. Егерде Асан Қайғы Қазақ хандығының негізін салған Жәнібектің тұсында өмір сүрсе, еліне қоныс қарап, сонша жерді аралай алар ма еді? Жиделібайсын ол кезде Темір ұрпақтарына, Сыр бойы Шайбанилер иелігінде, Ертіс бойы Сібір хандығының, Жетісу Моғолстан құрамында, ал Еділ бойы ол кезде үлкен Орданың, кейіннен Астрахань хандығының құрамында болғаны белгілі. Егер де Асан Қайғы Қазақ хандығы кезеңінде өмір сүрсе, осынша жерді шарлап, елге қоныс болар жерді еш аралай алмаған болар еді. Өйткені, ешкім өз иелігіндегі жерін өзгенің қонысы үшін бере алмасы белгілі. Алтын Орда дәуірінде Асан Қайғы аралап көрген жердің бәрі - сол мемлекеттің құрамындағы жерлер. Демек, Асан Қайғы Қазақ хандығының ханы Жәнібектің заманында өмір сүруі мүмкін емес. Сондықтан, Асан Қайғыға қатысты аңыздарды Алтын Орда ханы Жәнібек ханның заманында болған оқиғалар-деп, Асан Қайғының өзін сол ханның замандасы ретінде қарастыру керек...» [34, 51-56 бб.], – деген пікірі ғылыми жағынан жаңаша сарапталған соны ұстаным екенін атап өтпекпіз.

Түйін.

Сонымен Асан Қайғының қай Жәнібектің заманында өмір сүргенін анықтауда зерттеушілердің ортақ пікірге келуі -уақыт күттірмейтін шаншулы мәселе. Қазіргі аяңымызбен жылжи берсек, әлі де жүз жыл таз қалпымызда жүре беретін түріміз бар. Ыждағаттылық жетіспейді. Мақаламыздың осы бөлігінде данагөй Асан Қайғының қай Жәнібектің замандасы екендігі хақындағы өз пайымдамамызды негіздедік.

Біздің көзқарасымызша, Асан Қайғыны қазақ ханы Жәнібектің замандасы деген пікірдің қалыптасуына ықпал еткен тағы бір жағдай, ғылыми тұрғыда түбегейлі анықталмағанына қарамастан, қазақ ханы Жәнібектің Сарайшықта жерленгендігі туралы тарихнамадағы күмәнді пікірдің тұрақты тұжырым ретінде орнығуы. Бұған алда арнайы тоқталамыз.

ІІІ. Сарайшықта жерленген қай Жәнібек? Бұл сауалдың жауабын, Әбілғазының «Түрік шежіресіне» иек артып, Сарайшықта жерленген Алтын Орда ханы Өзбекұлы Жәнібек деп қысқа қайыруға болар еді [19, 114-115 бб.]. Бірақ тарихи әдебиетте орнықты түрде қалыптасқан қазақ ханы Жәнібек Барақұлы Сарайшықта жерленді деген пікір зерттеушілерді, ғылыми-көпшілікті, оқырманды әлі күнге екі ұдай күйде қалдырып отыр. Қолда бар ортағасырлық деректемелерде Қазақ хандығының негізін салған Керей мен Жәнібек хандардың қай жерде жерленгендігі туралы еш мәлімет жоқ.

ІІІ.1. Қазақ ханы Жәнібектің ата-тегі хақында. Қазақ хандығының негізін салған Жәнібек кім? Жәнібектің ата-тегі хақында не білеміз? Алдымен біз қазақ хандарының түпатасы болып саналатын Жәнібек ханның шығу тегі хақында мәлімет беретін деректер мен көзқарастарды саралайық. Әбілғазыға сенсек, Жәнібек ханның азан шақырып қойған аты-Әбусағит [19, 117 б]. Ол - Ақ Орданың ақырғы ханы Барақтың Мір-Сайд, Мір-Қасым есімді ұлдарынан кейінгі кенже ұлы.

Жәнібек ханның аталары жөнінде Қадырғали би Жалайыри былай деп жазады: «Ол заманда Жәнібек ханнан соң (Алтын Орда ханы Өзбекұлы Жәнібек-Ж.Ж.), қият Истайұлы Чирақтлу ұлысты түгел биледі. Чирақтлуны Орус хан өлтірді. Орус ханды бәрінің ағалары патшалыққа отырғызды. Содан Орус Алатау маңына орын тепті... Орус хан неше жылдар осы жерде патшалық құрды. Ақырында солтүстік жағында Киштим деген жерде ажал тапты. Оның ұлы Құйырчық еді. Атасынан соң ұлысын сол биледі. Ол заманда Қашғар уалаятымен қақтығыс бар еді. Бұл Құйырчық сұлтанды атасынан соң патшалыққа отырғызысты. Құйырчық хан өтіп еді. Оның ұлы Барақ аталық болатын. Атасынан соң падишаh болды. Ұлысты түгел өзіне қаратты. Құйырчық ханнан соң соны хан көтерісті. Барақ ханды жеңімпаз батыр, алып еді деседі. Айналасындағы уалаяттарды өзіне тәуелді қылды. Ақырында Еділ мен Жайықтың арасы, Сарайшыққа жақын Қазы, Наурызбен ұрыста ажал тапты. Оның ұлын Кіші Жәнібек хан деп айтады. Бұл Жәнібек хан атасының ұлысын биледі» [38].

«Таварих-и гузида-йи нусрат-намеде» берілген шежіреге сәйкес, Қазақ хандығының негізін қалаушылар Жәнібек пен Керей немере ағайын болған. Керей ханның (деректемелерде «Кирай хан») шежіресі: Ұрұс хан-Тоқтақия-Полад-Керей хан. Жәнібек ханның шежіресі: Ұрұс хан-Құйыршық-Барақ хан-Жәнібек хан [39]. Қазақ хандығының шаңырағын көтеруші сұлтандар Керей мен Жәнібек Жошының қай баласының ұрпағы деген мәселеде отандық тарихнамада екі түрлі көзқарас жарыса өмір сүріп келе жатыр. Зерттеушілердің бірі Жошының үлкен ұлы Орда Еженнен өрбітсе, екіншілері Жошының 13-ұлы Тоқа – Темірге тоқталады. Қазақ хандарының шығу тегі мәселесінде Қазақстан тарихының 2-томының авторлары «Ұрұс хан мен оның ұрпақтарының Жошы тармағындағы Тоқа-Темірден тарайтындығының немесе олардың тегі Орда-Еженмен байланысты болуының принципті маңызы жоқ» (328-329 бб.) дегенімен, біздіңше, бұл мәселені нақтылаудың маңызы ерекше. Тарихшы Б. Кәрібаев әділ байқағандай, қазақ хандарының шығу тегін нақты анықтау арқылы ордаежендік және тұқайтемірлік әулеттердің ХІІІ-ХV ғғ. Шығыс Дешті Қыпшақтың саяси өміріндегі алатын орнын көруге болады [40]. Жошы ұрпақтарының генеалогиясына қатысты деректемелерде (авторы белгісіз «Таварих-и гузида-йи нусрат-наме», Махмұд бен Әмір Уәлидің «Бахр-әл-асрар фи манакиб әл-ахийары») қазақ хандарының генеалогиясын Жошының ұлы Тоқа-Темірге апарып тірейді: Жошы - Тоқа-Темір-Үз Темір-Қожа-Бәдік-Ұрұс хан - Каруджақ (Құйыршық) – Барақ – Жәнібек хан [41, 39-42 бб.], оны Бу Са’ ид деп те атаған. Керей хан мен Жәнібек ханды Махмұд бен Уәли «Жошы ханның ұлы Тоқа – Темір ханның ұрпағына» жатқызады («Барақ сұлтанның ұлы Жәнібек хан – Тоқа-Темірден (шыққан) сұлтандардан) [51]. Қадырғали Жалайыриде Ұрұс ханды Жошының 13-ұлы Тоқа – Темірдің ұрпағы деп атайды.

Қазан төңкерісіне дейінгі зерттеушілер В.В. Вельяминов-Зернов [42], Лэн-Пуль Стэнли [43]. Ұрұс ханды Жошының үлкен ұлы Орда Ежен әулетінен таралатынын анықтады. Кейін мұны қазақ тарихшысы

М. Тынышпаев та қолдады. Бүгінде Қазақ хандары генеалогиясын зерттеумен айналысып жүрген Т.И. Сұлтанов, И.В. Ерофеева, Ж.О. Артықбаев, Б.Б. Кәрібаевтар соңғы пікірді құптауда. Ұрұс хан шежіресіне қатысты орта ғасырлық шығыс деректерін жан-жақты талдаған шығыстанушы Т.И. Сұлтанов Ұрұс хан – Шымтайдан, Шымтай-Ерзеннен, Ерзен-Сасы Бұқадан, Сасы Бұқа-Баяннан, Баян-Құйыншыдан, Құйыншы-Сартақтайдан, Сартақтай-Орда Еженнен, Орда Ежен-Жошыдан, Жошы-Шыңғыс ханнан тарайды деген қорытынды жасады [44].

ІІІ.2. Тарихнамадағы түйткілдер туралы. Енді негізгі мәселеге ойыссақ. Сонымен қазақ ханы Жәнібек қайда жерленген? Қандай дерекке сүйенгендігі белгісіз 1957 жылы жарық көрген бес томдық «Қазақ ССР-нің көне заманнан бүгінге дейін тарихына»: «Жазбаша деректер айқындайтындай ХV (ХІV ғ. емес- Ж.Ж.) – ХVІ ғғ. ең үздік архитектуралық туындылар деп Сарайшықтағы Жәнібек пен Қасым хан мавзолейлерін атауға болады» деген жолдар енгізілсе, аталған іргелі еңбектің 1979, 1983 жылғы басылымдарында еш өзгеріссіз «жазбаша деректемелердің айғақтауына қарағанда, Сарайшықтағы ежелгі некропольдегі қазақ хандары Жәнібек пен Қасымның мавзолейлері... архитектуралық көріктілігімен ерекше болған» [45], - деп жалғасты. Кеңестік тарихнамада К.А. Пищулина «сәулет өнерінің мәнері жөнінен Сарайшықтағы ежелгі зиратта жатқан қазақ хандары Жәнібек пен Қасымның ... кесенелері ерекше көзге түсетін еді [46], - деп жазса, зерттеуші В.В. Трепавловтың «ХVІ ғасырдың басында Сарайшықта Жәнібек б. Барақ және Қасым ханға арналған сәулетті күмбез бас көтерді» деген пайымдаулары жоғарыдағы дәлелсіз пікірді ақиқатқа айналдырды. Күні бүгінге дейін осы түсінік зерттеулерде сан мәрте қайталанып, үздіксіз насихатталуда. Жазушы Ә. Сарай «Өмірінің соңғы кезеңінде Жәнібек, өлерінің аз-ақ алдында Қасым хан Қазақ хандығының астанасын Сарайшыққа көшірулерінде саяси астардан басқа да сыр жатқан сияқты. Шамалауымызша, осы әулеттің ата-бабалары, атап айтқанда, Орыс хан, оның ұлы Құйыршық, Құйыршық ұлы Барақ, Барақ ұлы Жәнібек, Жәнібек ұлы Қасым хан және қазақтың алғашқы ханы Тоқа-Темір Керей де осында жатқан сияқты...

ХVІІІ ғасырдың І жартысында Сарайшықта болған Уфә шекара комиссиясының шенеуніктері сыртқы сылағы шашылып, өзі қирап-бүліне бастаған қазақтың бірінші ханы Жәнібектің күмбезін көрген.

Оны сақтап қалу ешкімнің ойына кіріп шықпады» [25, 40-42 бб.], – деп батыл қорытынды жасағанымен, автор өз пайымын дәлелдейтін дерек көздеріне сілтеме бермеген. Аталмыш мәселенің кей тұстарында жазушы-ғалым сүйенген ресейлік тарихшы В.В. Трепавловтың өзі отандық академиялық басылым «Қазақстан тарихын» негізге алған. Бұл басылымда кеткен жаңсақтықтар туралы біз жоғарыда тоқталдық. Тек тәуелсіздік тұсында ғана бұл түсініктің тиянақсыздығына ғалымдар назар аудара бастады. Мәселен, Ж. Артықбаев, Ә. Пірманов: «Жәнібек ханның да нақты қашан өлгені, қайда жерленгені белгісіз...Кейбір деректерге қарағанда Керей мен Жәнібек хандар Сарайшық қаласына жерленген» [47] – деп, бұрыннан бар мәліметтің нақтылығына күмәнмен қарады. Деректермен дәлелденбеген мұндай пікірді 2010 жылы жарық көрген академиялық «Көне заманнан бүгінге дейінгі Қазақстан тарихының» 2- томының авторлары да аңғарып, оқулыққа төмендегідей түзету енгізген: «Әбілғазының айтуынша, Алтын Орда хандары Жәнібек, Бердібек, сонда хан тағына отырған; Алтын Орда хандары Меңгу-Темір, Тоқтағұл, Жәнібек (ХV ғасырдағы Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі Жәнібек ханмен шатастырмау керек. - ред.) сонда жерленген» [48]. Ортағасырлық деректемелер бұл туралы нақты мәлімет бермегенімен, бар деректерден сыр суырпақтауға болатындай.

Қадырғали Жалайыри Қасым хан туралы «ұзақ уақыт атасының ұлысында (әкесі Жәнібектің ұлысында деп жазбайды-Ж.Ж.) патшалық етті. Ақыры Сарайшықта өлім тапты. Бүгін де оның қабірі Сарайшықта» деп жазып қалдырған [38, 258 б]. Шынымен қазақ ханы Жәнібек Сарайшықта жатқан болса, Қ. Жалайыри еңбегінде «Қасым хан әкесі Жәнібектің жанына жерленді» деген бірауыз сөзді жазуға еш ойланбас еді. Сол сияқты «Өзбекұлы Жәнібектің Сарайшықта жерленгенін» анық көрсеткен Әбілғазы баһадүрдің қазақ ханы Жәнібектің Сарайшықта жерленгендігі жөнінде сөз қозғамауына да мән бергеніміз жөн. Демек қазақ ханы Жәнібектің Сарайшықта жерленгендігі күмәнді. Мұны Қазан төңкерісіне дейінгі дворяндық-буржуазиялық орыс тарихнамасының беделді өкілдерінің еңбектері де анықтай түскендей.

Мәселен Н.М. Карамзин «1580 жылы Жайық казактары Ноғай Ордасының астанасы Сарайшық қаласына шабуыл жасады. Қалада Ұлы Даланың талай айтулы ұландары жерленген бейіттер болатын. Тіпті онда қазақ ханы Қасымның кесенесі сонадайдан көз тартатын. Казактар байлық іздеп қабірлерді талқандады, өлген адамдардың сүйектерін далаға шашты» [49], - деп жазса, аса көрнекті

ориенталист В.В. Вельяминов-Зернов өз ойын: «Әрқайсысы (Жәнібек ханның ұлдары мен немерелері) өз ордасын құрды, сонда билеуші болып, атақ-даңққа бөлене білді. Олардың есімдері әлі күнге дейін ел есінде. Солардың бірі Жаған-бегімнен туған Қасым хан еді. Ол біраз уақытқа дейін әкесінің ұлысында билік құрды және көптеген көрші елдерді бағындырды, оны бүгінде барлығы есте ұстайды.

Ол Сарайшықта қайтыс болды және оның зираты қазір де сонда орналасқан» [42, с. 125] деп нақтылады.

Тарихи деректер алғашқы қазақ хандары тұсында Қазақ хандығы аумағы батыста Ойыл, Жем өзендерімен шектелгенін, Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и Рашиди» шығармасында «Қасым ханның тұсында Қазақ хандығының шекарасы... солтүстік-батыста Жайық өзендеріне дейінгі жерлерді алып жатты» деп анықтады. Бұл дерек қазақ ханы Қасымның Сарайшықта жерленуімен де дәлелденеді. Ал Қасымның әкесі Жәнібек ханның өмірін Сарайшықпен байланыстыратын деректердің болмауы, қазақтың алғашқы хандарының бірі Жәнібектің жерленген орны туралы кеңес тарихнамасында асығыс қорытынды жасалғанын аңғартқандай.

ІІІ. 3. «Кіші Жәнібек» қайда жерленген? Ұзақ жылдар тарихнамада қалыптасқан Қазақ ханы Жәнібек Сарайшықта жерленді деген пікірдің жаңсақ екенін алғаш байқағандардың бірі, белгілі шығыстанушы Т. Сұлтанов болатын. Ғалым шын мәнінде Сарайшықта жерленген қазақ ханы Жәнібек емес, Алтын Орда ханы Жәнібек екендігіне назар аударды [44, с. 171]. Дәлелді сынға даудың қажеті жоқ. Осыдан кейін-ақ сонда «Кіші Жәнібек хан» қайда жерленуі мүмкін деген өткір сауал тарихшы-ғалымдардың алдына қойылды.

Соңғы жылдардағы ғылыми ізденістерде қазақ ханы Жәнібектің Созақ қаласына жерленуі мүмкін деген бұрыннан бар жорамал қайта көтеріле бастады. Тарихшы Мұхтар Қожа Өзбекәлі Жәнібековтің мәліметтерін негізге алып «...Созақ ауданында қатар жатқан екі мұнараны жұрт Әбілқайыр мен Жәнібектікі дегенді айтады. Тірісінде бірін-бірі көргісі келмесе де, өлгеннен кейін қатар жатыр, - деген ақсақалдың сөзін менің де естуім бар. Амандық болса сол жаққа бір барып қайтсақ, дұрыс болар еді...» [50] деген хатын келтіреді. Халық жадынан өшпей сақталып қалған бұл әңгіме қаншалықты шынайы? Жәнібек ханды Созақпен байланыстыратын деректер бар ма? Керей мен Жәнібек ханның және олардың балаларының Созақта болғандығы тарихи деректерден мәлім, нақтыласақ 1470 жылы Керей ханның Түркістанға, Жәнібек хан бастаған қолдың Созаққа шабуыл жасағаны белгілі. Осы соғыста Созақ пен Сауран қалалары Қазақ хандығының құрамына кіреді. Академик Ә. Марғұланның «Созақ-алғашқы қазақ хандарының тірегі болды» деген сөзіне де мән бергеніміз жөн. Атақты жазушы І. Есенберлин «Алмас қылыш» романында: «Ханы өлген қазақ әскері... Жәнібектің денесін ақ қиізге орап, ақ түйеге артып, екінші баласы Махмұд билеп тұрған Созаққа беттеді. Қайғылы ел күңірене күрсініп, алғашқы ханының бірі Жәнібекті ардақтап ақырғы сапарына шығарып салды. Әбілқайыр жатқан Жуантөбедегі көк күмбезді мазардың жанында тағы бір салтанатты алтын айлы мазар пайда болды. Тірі жүргендерінде бүкіл Дешті Қыпшақтың кең даласына сыймаған қос тарлан, енді он шаршы құлаш жерге үн-түнсіз қатарласа көмілді. Өмір татуластыра алмаған екі ханды, енді өлім татуластырды» [51] деп жазылды.

Осы жорамалдың ақиқаты дәлелденіп жатса, тірісінде бітіспеген антипод екі күштің «мәңгілік мекенінде» қаз – қатар жатуы «жазмыштан озмыш жоқ деген» аксиоманы тағы бір мәрте есімізге салғандай. Бұл тарихи дерек емес, бар болғаны жазушының өзіндік болжамы дегеннің өзінде, оның Ө. Жәнібековтің мәліметімен үндесіп тұрғанында бір сыр жатқан сияқты. Қазақ хандығының тарихын тұтастай жазу үшін біраз деректерді ақтарған, халық ауыз әдебиетінің үлгілерін бір жүйеге түсірген жазушының бұл трилогиясы әлі күнге маңызын жоймаған тың тұжырымдарымен ерекшеленеді. Оған дәлел соңғы кезге дейін талас тудырып жүрген Әз-Жәнібектің шындығында қазақ ханы Жәнібек емес, Алтын Орда ханы Өзбекұлы Жәнібек екендігін, сол кездің өзінде алғаш аңғарғандардың бірі

І. Есенберлин еді [51, 12 б.].

Жорналшы Т. Тәшенов созақтық тарихшы Сүлеймен Тәбірізұлының мәліметтеріне иек артып «Созақ ауылының байырғы қарттары бірауыздан қамал-қаланың түстік жақ шетіндегі қазір тегіс жерге айналып, белгі қалмаған орынды «Хан мазары» деп көрсеткендігіне тоқталады. Яғни 1950 жылдарға дейін қамал-қаланың сыртқы жағында дуалға жапсарласа тұрған қос қабірді халық «Хан мазары» деп келген. Қабірлердің үстінде жасыл түсті, күйдірілген құмыра тәрізді шошақ белгі болған. Кейіннен қабір қамалдың құлаған дуалдарының астында қалып, тегістеліп кеткен» [52]. Бұл әңгіменің кезінде ұлы жазушы М. Әуезовтің Созаққа келген сапарында тілге тиек болуы да бекер емес сияқты.

Түйіндеп айтқанда, Қазақ мемлекетінің негізін қалаған Керей мен Жәнібектің нақты қай жерде жерленгенін анықтау мемлекеттік деңгейдегі кезек күттірмейтін іс.

ІІІ. 4. «Сарайшықтың аққу көлі» қай Жәнібекке тиесілі? Сонда қазақ ханы Жәнібекті Сарайшықпен байланыстыратын еш дерек болмағаны ма? Сарайшықтағы Секер көлдің қазақ ханы Жәнібекке қаншалықты қатысы бар? Халық жадынан өшпеген Жәнібек хандарға қатысты айтылатын аңыз - әңгімелердің астарында қандай сыр жатыр?

Сарайшық туралы бізге жеткен аңыз көп. Соның бірі – қаланың түбіндегі Шекер көл немесе Аққулы көл атанған жасанды көл. Осы кезге дейін көне Сарайшықтың күн шығысында Секер көл деген орын бар. Егер тарихтағы аңыздарға зер салсақ, Жәнібек хан осы көлге 40 атанмен секер төктіріп, онда өз ата-бабасының пірі болған аққуды қысы-жазы өсіріп ұстаған. Ағаштардың ортасында орналасқан бұл су қоймасында аққулар арнайы өсірілген. Мұнда сонымен қатар ұшып келген неше түрлі жабайы құстар мен қаздар да жүзіп жүрген. Аңыз бойынша оларды көлдің қант қосылған тәтті суы өзіне тартқан. Аққулардың көптігі сонша Сарайшықтың қыздары көлден су алғанда аққуларды ысырып жіберіп, шелектерін содан соң суға малады,- деген әңгімелер күні бүгінге дейін ел ауызында сақталған. Содан бұл көл халық арасында «Жәнібек ханның аққу көлі», «Сарайшықтың аққу көлі» немесе жәй «Аққу көл» деп аталып кеткен. Мұны Жәнібек хан айырықша жаратылған ажарлы қызын сұқ көзден сақтау үшін жасатқан екен. Ноғай әдебиетінде кездесетін аңыз нұсқасында Жәнібектің айдай сұлу қызының есімі Секербике екен деседі [53]. Алтын қайыққа мінген хан қызы құрбыларымен осы көлде серуен құрыпты. Ай дидарына аттылы адам түсіп, жаяу адам тоқтай қалып қарайтын ару қызы он бес жасында қыршынынан қиылыпты. Біреулер оны сұқ көзден жазым болды десе, енді біреулері ғашығына қосыла алмайтынын біліп, өзіне-өзі қол жұмсады деседі. Хан Жәнібек аяулы қызын қырық күннен кейін жерлеймін, қазасына қырық күн толмай, жер қойнына бермеймін деп жар салыпты. Жәнібек хан сүйікті қызы ауырып өлгенде оны алтын табытқа салып, ешкім білмес үшін жерленген қабіршілердің көзін жойып жіберген. Қара халық хан қызының көмілген жерін білмек түгілі, қашан, кім көмгенінен де хабарсыз қалыпты. Өйткені хан уақыт өткеннен кейін қызының қабірінің ашылмауы үшін, аруақтың мазасын алмасын деп, жерлеген жетеудің де басын алдырыпты. Осы аңыз құлағына жеткен казактар кейін Сарайшықтың астын үңгіп, алтын қайық пен табытты табуға тырысыпты. Бұл алтын іздеу жұмысы аттай он бір жылға жалғасыпты. Дегенмен хан қызының зираты да Шыңғыс ханның моласындай мылқау тарихтың еншісінде, құпиясын ашпады [37, 95-95 бб.].

Аңызда айтылатын тартымды көріністердің сыр-сипатын қазақ ханы Жәнібек заманымен байланыстыру өте қиын. Өйткені, жаңадан мемлекет құру жолында бар күш – жігері мен уақытын сарп еткен Жәнібек хан тұсындағы қоғамдық - саяси жағдайларға аңыз сарыны қиғаш келеді. Керісінше, аңыздағы баян Алтын Орда ханы Әз-Жәнібек астанасының сән - салтанаты мен аста - төк молшылық дәуренінің куәсіндей. Халық көңілінен суымаған аңыз желісі өмір шындығынан алшақ кетпей, Алтын Орда мемлекетінің гүлденген дәуірінен сыр шерткендей. ХІХ ғ. өмір сүрген Еділ - Жайық аралығының тарихын бір кісідей білетін Шынияз Шанайұлының:

Астраханнан бергі Ақбұлақ,

Арбалап шекер төктірген

Әз-Жәнібек ханыңның,

Құладын салған көлі еді, - деген

жыр жолдарына да көңіл аударғанымыз жөн. Жырда, біріншіден, Секер көлдің қай Жәнібекке тиесілі екені нақтыланса, екіншіден, Әз-Жәнібектің тұсында шекер төктірген көлдер тек Сарайшықпен шектелмегенін аңғарамыз.

Түйін. Қазақ хандығының шаңырағын тіктеген екі ханның бірі Жәнібек қазақ ұлттық элитасының негізін салушы ірі тұлға екені әмбеге аян. «Қазақ ханы Жәнібек Сарайшықта жерленген» деген пікірді шегелейтін айғақтардың жоқ екендігі, оның өзге деректермен қошталмауы, «Кіші Жәнібектің» өлке тарихындағы рөлі - әлі де тереңдете зерттей түсуді қажет етеді.

Ой түйіні. Қысқартып айтқанда, біздің көзқарасымыз айдай анық ақиқат, осымен жәнібектанудағы түйткілдерді толық тарқатып бердік деуден аулақпыз. Біздікі тек ой қозғау, оқырманмен пікір алмасу ғана. Қазақ мемлекетінің негізгі ұйымдастырушысы һәм ұйтқысы болған қазақ халқының тарихына құрмет артпай, ұлтаралық татулық орнамайтыны, тәуелсіз мемлекетіміздің рухани-идеологиялық негіздері қалыптаспайтындығына отандық кәсіби тарихшылар жиі назар аударуда.

Бүгінгі тарихи сана қазақ тарихындағы ірі тұлғалардың бейнесін жас ұрпақ санасында жаңғырту тұрғысында жұмыстануда. Бұл, әрине, құптарлық жәйт. Көк құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан бүгінгі жас буын Әз-Жәнібек пен Асан Қайғыны қаншалықты біледі? Олар үшін Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек кім? Өскелең ұрпақты өз тарихы үшін марқая алатындай дәрежеге жеткізе алдық па? Мемлекет құраушы ұлт қазақ – қазақ болғаны үшін мақтанатындай дәрежеге жетпей ұлттық рух, қуатты мемлекеттік идеология хақында сөз қозғау қиын. Әр өңірдің батырлары мен хандары «өз көшелерінде» атқа мінген заманда ұлттық һәм мемлекеттік деңгейге көтерілген ірі тұлғаларды ұлықтауымыз марғау.

Біздің қазақ – ырымшыл халық. Қазақтың ғазиз ханы Әз-Жәнібек есімін иемденген азаматтар елімізде баршылық. Оның атақты әкесі Өзбек ханның да есімі халық көңілінен суымаған. Бұған, әріге бармай-ақ Өзбекәлі Жәнібековтің есімін мысал қылсақ та жеткілікті. Әз-Жәнібек пен Асан Қайғының, Керей мен Жәнібектің өнегелі өмірі, тағлымды табиғаты – Отанды, елді, жерді сүюдің, жаңа ұрпақ, жас буынды тәрбиелеудің өшпес мектебі.

_____________________________________________________

Әдебиеттер

1 Артыкбаев Ж.О. Материалы к истории правящего дома казахов. – Алматы: Ғылым, 2001. 46-59 б.

2 Уәлиханов Ш.Ш. Көп томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Толағай групп, 2010. – Т. 1. – 144 б.

3 Құдайбердіұлы Ш. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. – Алматы: Қазақстан; Сана, 1991. – 52 б.

4 Халид Құрбанғали. Тауарих хамса (бес тарих). – Алматы: Қазақстан, 1992. – 233-234 бб.

5 Қазақ Совет энциклопедиясы. – Алматы: ҚЭ – Ғылыми анықтамалық баспа мекемесі, 1974. – 4 т. – 350 б.

6 Мағауин М. Ғасырлар бедері. – Алматы: Жазушы, 1991. – 29 б.

7 Мағауин М. Қазақ тарихының әліппесі. – Алматы: Қазақстан, 1995. – 15 б.

8 Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды. – Изд-во: Санкт-Петербург,1941. – Т. 2. – С.62.

9 Сапаргалиев М.Г. Распад Золотой Орды. – Мордовское книжное издательство, 1960. – С. 65-71.

10 Му’ин ад – Дин Натанзи. Аноним Искандара // Тизенгаузен В.Г. Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды: Извлечения из персидских сочинений. – М.; Л.,1941. – Т. 2. – С. 126-138.

11 Гумилев Л. Мені евразиялық деп атайды. – Алматы: Жалын, 1991. – 12,14 бб.

12 Тизенгаузен. – Санкт-Петербург,1941 – Т. 2. – С. 101.

13 Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды. – М.-Л.: Изд-во Академии наук СССР, 1941. – Т. 2. – С. 128.

14 Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері. Өтеміс Қажы. Шыңғыс-наме – Алматы: Дайк-Пресс, 2005. – Т. 1. – 180 б.

15 Материалы по истории казахских ханств в ХV-ХVІІІ вв. – Алма-Ата: изд-во Наука Казахской ССР, 1969. – С. 33.

16 Сдыков М.Н. Батыс Қазақстан облысының тарихи-мәдени және табиғат мұралары ескерткіштері. – Орал: БҚО Тарих және археология орталығы, 2009. – Жәнібек ауданы. – Т.10. – 184 б.

17 Абсеметов М. Таможенное дело Казахстана. – Алматы: Изд-во ЛЕМ, 2001. – С. 41.

18 Савельев П.С. Монеты джучидов, джагатаидов, джалаиридов и другие, обращавшиеся к Золотой Орде в эпоху Тохтамыша. – СПб., 1858. – Вып. 2. – С. 299,304-305.

19 Әбілғазы. Түрік шежіресі. – Алматы: Ана тілі, 2006. – 114-115 бб.

20 Греков Б.Д., Якубовский А.Ю. Золотая Орда и ее падение. – Москва-Ленинград: Издательство Академии наук СССР, 1950. – 269-270 б. и др.

21 Кенжебаев Б. Әдебиет белестері. – Алматы: Жазушы, 1986. – 62-66 б

22 Тілепов Ж. Елім деп еңіреген ерлер жыры. – Алматы: Ғылым, 1995. – 19 б.

23 Сарай. Ә. Ноғайлы. – Алматы: Арыс баспасы, 2009. – 104-105 бб.

24 Трепавлов В. В. История Ногайской Орды. – М.: Восточная литература РАН, 2002. – 104 б.

25 Қондыбай С. Қобыланды батырдың үш ғұмыры // Алтын Орда. – 2002, 22 наурыз.

26 Баян Бораш. Фольклор мен ақын-жырау поэзиясындағы хандар бейнесі. - Алматы: Жазушы, 2007.

– 375-376 бб.

27 Корнис В. Краткий обзор положения ногайских татар, водворенных в Мелитопольском уезде Таврической губернии // Телескоп. – М., 1836. – Ч. 33. – С. 5 и др.

28 Уәлиханов Ш. Таңдамалы. 2-басылым. – Алматы: Ғылым, 1985. – 124 б.

29 Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін) Бес томдық. – Алматы: Атамұра, 2010. – Т. 2. – 330-331, 333, 345 бб.

30 Кәрібаев Б. Жәнібек хан // Парасат, 2002. – №2. – 13-15 бб.

31 Дала уәлаятының газеті. – 1897 жыл. – № 47.

32 «Дала уәлаятының газеті». Әдеби нұсқалар, 1899-1902 жж. – Алматы: Ғылым баспасы, 1992. – 413-415 бб.

33 Уәлиханов Ш.Ш. 5 томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Ғылым, 1984. – Т. 1. – 167 б.

34 Толығырақ қараңыз: Жандарбек З. Асан Қайғы мен Жәнібек хан және Алтын Орда мемлекетінің ыдырау себептері. // Қазақ тарихы, 2007. – №3. – 51-56 бб.

35 Федоров-Давыдов Г.А. Общественный строй Золотой Орды. – М.:ЕЕ Медиа, 1973. – С.107

36 Уәлиханов Ш.Ш. Профессор Н.И. Березиннің «Хан жарлықтары» /кітабына ескертпелер / Көп томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Ғылым, 2010. – Т. 1. – 87-93 бб.

37 Тасмағамбетов И., Самашев З. Сарайшық-тарихи астана // Сарайшық хандары. – Алматы: Аруна, 2004. – 21 б.

38 Сыздықова Р., Қойгелдиев М. Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы. – Алматы: Қазақ университеті, 1991. – 251 б.

39 Таварих-и гузида-йи нусрат-наме, л.124 а,127 а; МИКХ, 39-42 бб.

76

40 Кәрібаев Б. Б. Қазақ хандығының құрылу тарихы: // Т.ғ.д. ... диссер. авторефераты. – Алматы, 2010. – 28 б.

41 Махмуд ибн Вали. Бахр ал-асрар, л.124 а, 135 а., МИКХ, 354,362 б.

42 Вельяминов-Зернов В.В. Исследование о Касимовских царях и царевичах.– СПб., 1864. – Ч. ІІ. – С. 122.

43 Лэн-Пуль Стэнли. Мусульманские династии. Хронологические и генеалогические таблицы с историческими введениями / Перевел с англ. с примеч. и дополн. В. Бартольд. – СПб., 1899. – 199 б.

44 Султанов Т.И. Поднятые на белой кошме. Потомки Чингиз-хана. – Алматы: Дайк-Пресс, 2001. – 144 б.

45 История Казахской ССР. – Наука, 1979. – Т. 2. – 319 б. и др.

46 Пищулина К.А. т.б. Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы. – Алматы: Ғылым, 1995. – 148 б.

47 Артықбаев Ж.О., Пірманов Ә.Б. Қазақстан тарихы (энциклопедиялық басылым) – Алматы: Атамұра, 2008. – 301 б.

48 Қазақстан тарихы. – Алматы: Атамұра, 2010. – Т. 2. – 376 б.

49 Карамзин Н. М. История государства Российского. – СПб., 1821. – Том. ІХ. гл. VІ. – 380 б. и др.

50 Мұхтар Қожа. Қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібек қайда жерленген? // Егемен Қазақстан. 2009. – 24 маусым.

51 Есенберлин І. Көшпенділер. Тарихи трилогия. – Алматы: Жазушы, 1976. – 1 кітап. – 273-б.

52 Тәшенов Т. Керей мен Жәнібек қайда жерленген? // Дүние дүбір. – 2009. – 21 шілде.

53 Османов М. Ноғай уа құмық шиғырлары. – СПб, 1883. – 96-102 бб.

Аннотация

Мақалада Әз Жәнібек хан тарихының тәуелсіздік жылдарында зерттеушілердің жаңа көзқарастағы пікірлеріне тарихнамалық шолу жасалады. Әз Жәнібектің ата-бабасының шежіресін деректерге сүйене отыра тарқатады. Асан қайғыны қай Жәнібек ханның замандасы екендігін, Аңыз астарындағы Асан ақиқатын айшықтауға тырысады. Асан қайғы жырындағы ақтаңдақтарды анықтау қажеттілігін дәлелдейді. Жәнібектің Сарайшықта жерленуі, Кіші Жәнібектің жерленуі, Қазақ ханы Жәнібектің ата-тегі хақында мәлімет беретін деректер мен көзқарастарды саралауға ұмтылыс жасалынған. Жәнібек ханға қатысты тарихнамадағы түйткілдер туралы ой қозғайды.

Түйін сөздер: Алтын Орда, тарихнама, деректану, хан, орта ғасыр.

Резюме

В данной статье рассматривается личность правителя Золотой Орды – Жанибек хана. Автор в качестве источника вводит в научный оборот не опубликованные документы и данные фольклорных материалов.

Summary

In this article the author considered the personality of the Golden Horde’s ruler – Zhanibek Khan. For the sources of this paper the author used some published documents and folklore materials data.

Ж. ЖАҚСЫҒАЛИЕВ

М. Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік

  университетінің аға оқытушысы, т.ғ.к.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?