Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мәлік Ғабдуллин

Мәлік Ғабдуллин - e-history.kz
Аты Мәлік Ғабдуллин
Туған күні 1915
Туған жері Көкшетау облысы, Зеренді ауданы
Қайтыс болған күні 1973
Қайтыс болған жері Алматы
Мәлік Ғабдуллин — қазақ совет жазушысы, әдебиет зерттеушісі, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы (1959), профессор, СССР пед. ҒА-ның академигі, Совет одағының батыры (1943).

Мәлік Ғабдуллин (15.11.1915, Көкшетау облысы, Зеренді ауданы, — 2.01.1973, Алматы) — қазақ совет жазушысы, әдебиет зерттеушісі, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы (1959), профессор, СССР пед. ҒА-ның академигі, Совет одағының батыры (1943), Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1961). Кедей шаруа отбасында туған. М.Ғабдуллин 1935 жылы Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген. 1936 жылы әскер қатарына алынып, Отан алдындағы борышын өтеп қайтқаннан кейін осы институттың аспирантурасында оқыды. М.Ғабдуллиннің ғылыми-шығармашылық жұмысы 1938 жылы СССР ҒА-ның Қазақстандағы филиалына кіші ғылыми қызметкерліктен басталды. 1941-1946 жылдары Кеңес Армиясының генералы И. Панфилов бастаған даңқты 8-гвардия дивизиясы сапында болып, Ұлы Отан соғысына қатысты. Ғабдулиннің Ұлы Отан соғысындағы ерлік даңқы бүкіл одаққа әйгілі. Оның бұл ерлігі алғаш рет белгілі жазушы Б. Полевойдың «Правдада» жарияланған «Эпостың тууы» атты очеркінде баяндалды. Көптеген қазақ ақындары Ғабдуллинге арнап, өлең-жырлар шығарды. Соғыс аяқталып, армиядан қайтқаннан кейін Ғабдуллин Республиканың ғылыми-педагогикалық мекемелерінде қызмет атқарды. Қаз. ССР ҒА-ның Тіл және әдебиет институтының директоры (1946-51), Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры (1951-63) болды. 1963-1973 жылдары Қаз ССР ҒА-ның М. О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты фольклор бөлімінің меңгерушісі болды. 

М.Ғабдуллин ғылыми-зерттеу саласында көп еңбек етті. «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» (1958-1964) атты күрделі монографиялық еңбегінде Ғабдуллин ауыз әдебиетін зерттеудің ғылыми-методологиялық негіздерін айқындап, қазақ ауыз әдебиетіндегі батырлар жыры, лиро-эпостық дастандар, айтыс өлеңдері, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, ертегілер туралы жан-жақты терең ғылыми талдаулар жасады, олардың ғылымдық, тәлім-тәрбиелік мәнін ашып көрсетті. 

Бұл еңбек жоғары оқу орындарына арналған оқулық ретінде бірнеше рет қайта басылып шықты. Ол 8 сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығын (1952-1957) жазды. 

М.Ғабдуллиннің көркем шығармадағы тырнақ алды туындылары дивизиялық, майдандық газеттерде жарық көрді. Шығармалары жеке жинақ болып, соғыстан кейін жарияланды. «Менің майдандас достарым», «Алтын жұлдыз», «Майдан очерктері», «Сұрапыл жылдар» атты кітаптарына енген әңгіме, очерктерінде М.Ғабділлин майдан өмірін суреттеп, жауынгер тұлғасын, совет адамдарының Ұлы Отан соғысы кезіндегі қаһармандардың бейнесін суреттеді. Педагог жазушы ретінде ол жас ұрпақтың тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлді. «Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес» деген кітабында М.Ғабдуллин бесік жырынан бастап, батырлар жырына дейінгі халық поэзиясының тәрбиелік мәнін ашып, оны іс жүзінде тәрбиелеу, олардың болашаққа сенімін арттыру, жас баланы дұрыс сөйлеуге үйрету жөнінде ата-аналарға педагогтық кеңес берді. 

М.Ғабдуллин 2-4 сайланған КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты. КСРО Жоғарғы Кеңесінің парламенттік тобының құрамында Финляндияда, Бельгияда, Югославияда болды. Ғабдуллин еңбекшілер депутаттарының Алматы облыстық, қалалық Кеңестерінің депутаттығына, Қазақстан КП Алматы облыстық, қалалық, Фрунзе аудандық комитеттерінің мүшелігіне бірнеше рет сайланды. Ленин ордені, Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, Ұлы Отан соғысы ордендерімен наградталған. «Қазақ халқының батырлар жыры» кітабы авторларының бірі. 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: 1.Б. Тоғысбаев, А. Сужиков. «Тарихи тұлғалар»/ — Алматы. «Алматыкітап» баспасы, 2011. — 349-350 бб.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?