Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бір суреттің тарихы. Жұпан Тәжімбетов

1627
Бір суреттің тарихы. Жұпан Тәжімбетов - e-history.kz

c31983131d12a2ac965c95a4dac58493.jpg

21.04.15

9 мамыр — Ұлы Жеңіс мерекесі. 2015 жылы Ұлы Жеңіске 70 жыл толады. Екінші дүниежүзілік соғыста елдік пен ерліктің хас үлгісін көрсеткен майдангерлерге құрмет көрсету — бүгінгі ұрпақтың бұлжымас парызы. 

Адал жарды аяулысынан, ананы жалғызынан, бесіктегі баланы әкесінен айырып, жетімдік күйін кешірген бұл соғыс сол кездегі Кеңес үкіметін ғана емес, бүкіл дүние жүзін дүр сілкіндірді. Бұл соғыс Кеңес Одағының отансүйгіш, қайсар ұлдарының арқасында жеңіспен аяқталды. Жеңіс үшін қан төккен, ұрыс даласында тайсалмай елін жаудан қорғаған батыр аталарымыздың ерлігі ешқашанда ұмытылмайды. 

Менің де атам Тәжімбетов Жұпан Ұлы Отан соғысының ардагері болғандығын мақтанышпен айта аламын. Атам туралы, оның соғыс кезіндегі ерліктері туралы әжем айтқан естелік әңгіме менің жадымда мәңгі сақталады. 

Менің Жұпан атам 1942 жылдың 24 мамыры күні Арал қаласынан эшалонға мініп майданға аттанған. 3 ай бойы Челябі қаласының жанында дайындықтан өткізіп, кейін оларды ұрыс даласының әр тұсына бөліп жіберген. Жұпан атам мінген вагон толы әскерлер Красный Кут қаласынан Астрахань арқылы Сталинград бағытына жүріп келе жатып, жау ұшақтарының бомбалауына ұшырайды. Жауынгерлер дереу жерге түсіп, Волга өзенін жағалай өскен ағаштар арасымен біршама жер жүріп, бір өткелден арғы бетке баржамен жетеді. Сол жерде 38-атқыштар дивизиясының қарамағына қабылданған. Дивизия бөлімдері Сталинградқа таяу орналасқандықтан қаланың түтінмен жалынға оранып жатқаны алыстан көрініп жатады. Алғы шепке 1942 жылдың 8 қыркүйегі күні шығып, фашистермен кескілескен айқасқа түседі. Жау жағының ұзақ атқылауынан көптеген шығындар болып, біршамасы ауыр жараланып кейін қайтарылған. Бірақ біздің әскерлер олардың көптеген ауыр шабуылдарын тойтарған. 30 қыркүйек күні таңертең ракета белгісімен қарсы шабуылға бұйрық беріледі. Әуелі артиллерия дайындығы аяқталысымен, қапталдан танкілер алға шығып, соңынан жаяу әскерлер ұрандата түрегеліп алға ұмтылады. Төбеден төмен түсе жазық дала басталып, немістер оқ боратып, жүруге мүмкін болмай, шегінуге жол жоқ, жау қалдырып кеткен окоптарға жатуға тура келеді. Окоптар таяз, әрі мылтық оғы мен миномет снарядтарынан әскерлерден шығын бола бастайды. Тереңдетіп қазуға бұрын өлген жау солдаттары жатқандықтан мүмкін болмаған. Үш күнге созылған ұрыста взводтан үш-ақ адам аман қалады. Келе жатқан жауларды танктерді тасалап атыңдар деген бұйрық болған кезде менің Жұпан атам жүгіріп келе жатып сүрініп құлағандай болады. Есін жинап, жан-жағына қараса санитаркаларды көреді, сөйтсе бір оқ сол саннан кіріп оң санды айырып шыққан екен. Көмекке жаңа солдаттар келе бастапты. Олар жарасын таңып, ауыр науқастардан көлік ауыспайды, кейін жаяу жылжи беріңдер деп кете берген. Кеш дегенде бір селоға әзер жетіп, сол жерден көлікпен Камышинге барып, Қазан қаласындағы госпитальда 3 ай емделеді. 

Госпитальдан соң Мәскеу аумағындағы Торжок станциясында қайта жабдықталып жатқан 33-бригадаға 88мм миномет көздеушісі болып қабылданып, ақпан айында алғы шепке жаяу жылжып, алғашқы шабуылда Жуков деревнясын азат етеді. Одан әрі Калинин облысында Калинин, Солтүстік — Батыс фронттарындағы ұрыстарға қатысып, жауларды қуалай соғысқан. Жерлері көбіне батпақ болғаннан кейін, ағаштардан әскери техникалар жүретін жол салуға көп еңбек етілген. 33-бригададан 319-дивизияға ауысып 2- Прибалтикалық фронт қарамағында елін қорғаған. 

1944 жылы 24 сәуір күні екінші мәрте оқ тиіп, сол иығынан жауырынын тесіп өтеді. Фашистерді қуып келе жатқан соң, дала госпиталында 4 ай емделіп, 319-дивизияның 1344-полкінің 1-миномет ротасына келеді. Қазан айында дивизия 1-Прибалтика фронтының қарамағына енгізіледі. Сол кездегі жақсы көрсеткіштері үшін әуелі партияға кандидат, 1944 жылы партияға мүшелікке қабылданады. Екі рет «За отвагу » медальдарымен награтталады. 

«Неміс жеріне де жақындап келеміз. Дегенмен олар әр метр үшін қатты қарсыласты. Соғыстың алғашқы жылдарындай емес совет елінде артиллерия, самолеттер көбейіп, әсіресе «Катюша» атты далалық реактивті атыс құралы жаудын зәре-құтын қашырды. 1944 жылы желтоқсан айының ортасына таман Неман өзенінен өтуге дайындық жасалып жатты. Біз жағадан 1-1,5 км жерде орналастық. Рота командирі аға лейтенант Симонов дереу арғы беттегі мынандай ориентирге оқ жаудыр деп бұйырғанда, сол сәтте үш мина қатар жіберіп, орындап үлгірдім. Сөйтсем бақылаушылар пулеметшілерді көріп хабарлаған екен. Нысанаға дөп тиді деп хабар келді. Кешке қарай сол жерде тағы қозғалыс пайда болды, сол жерді көзде деді. Мен дайын тұрған дәлдікпен бірнеше минаны жібере салдым. Ертеңіне полк командирі Хамраков мені шақырып, кешегі жерде жаудың көпшілігінің құрбан болғанын, мені «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынғанын хабарлап, 10 күн демалыс орнына жіберді. Майдан газетіне мен туралы мақала шықты. 

1945 жылы армия генералы Черняховский басқарған 3-Белорус фронтына ауыстық. Әскер Балтық жағалауымен ұрыс жүргізе отырып Пилау қамалымен көнеден келе жатқан қорғаны мықты Кенигсберг қаласына жақындадық. 6 сәуір күні ертесіне шабуыл басталды. Біздің самолеттер келіп қаланы бомбалағанда, олардың көптігінен аспан көрінбеді деуге болады. Немістер де қатты қарсыласты, 6 ұңғылы минометтерді даусы жер жарып атқылап отырды. Сол қарудың бір снаряды біздің қасымызға түсіп жарылып, 5-6 адамды лақтырып жіберді. Жарқыншағы менің полевой сумкамды тесіп өтіп, ішкі мүшемді жарақаттаған. Лезде дәрігерлер кейін алып кетіп жатты. Госпитальға келген соң санбат бастығы дереу операцияға апару керек деп шешкен. Операциядан кейін ертеңіне сол жақ бүйрек пен қарынның үштен бір бөлігін алып тастағанын хабарлады. 

Сол жерде 10 күннен астам жатып қалдым, жолға жарамайсың деп кішкентай самолетпен Инстербург қаласындағы госпитальға жеткізді. Жеңіс мерекесін — 9 мамырды сол жерде қарсы алдық. Айнала у да-шу, қуаныш, бір — бірін құшақтап жылағандар, кейбірі бастарын ұстап сенбегендей еңірейді. Сол жерде наградаларымызды тапсырды. Жарамыз толық жазылмаса да поезбен Мәскеу қаласына жеттік. Одан Горький қаласындағы Ленин атындағы мәдениет үйінде қайта операция жасап, 9 қыркүйек күні еліме ІІ топтағы мүгедек болып оралдым. Сол жақ қабырғамның астында соғыстан мәңгі ескерткіш болып миномет жарқыншағы әлі жүр" — деп айтқан атамның естелігін 79 жастағы тыл ардагері Қымбат әжем бізге үлкен тебіреніспен айтып отырады. Бұл естелікті тыңдаған сайын көз алдыма тек суреттен ғана көрген атамның бейнесі келіп, жанарыма Жұпан атама деген сағыныштың ыстық жасы үйіріледі. 

Атам туралы естеліктерді оқып, майдан даласында көрсеткен ерліктері үшін алған бірнеше орден, медальдарын қарап, осындай батыр атаның ұрпағы болғандығымды мақтан етемін.

Арайлым Тәжімбетова, 

Қызылорда облысы, Арал қаласының 

№ 83 орта мектебінің 11-сынып оқушысы

«Бір суреттің тарихы» фотожобасына қатысыңыз, біз сіздің оқиғаңызды жарыққа шығарамыз.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?