Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бір суреттің тарихы. Әлиғажы Қуанов

1601
Бір суреттің тарихы. Әлиғажы Қуанов - e-history.kz

defb087204a46a9ac2ca9d4a8c8e317a.jpg

                                                                                                                                                               21.04.15

Түн. Жұлдыздар жымыңдап, жер дүниенің әсемдігін барынша айқындай түскендей. Тіршілік атаулы ұйқыда. Тып-тыныш қарапайым ауылдың күнделікті қайталана беретін түні бұл. Далаға шықсаң кейбір үйлерде ғана электр шамдары жарқырап, иттер анда-санда маңғаздана үріп қояды. Сол дауыс пен жарқыраған шамдар ғана бұл жерде ауыл бар екенінен хабардар етіп тұрғандай. Он жылдық оқуды аяқтап, алға қойған мақсаттарына асыға қол созған жастардың мектеппен қоштасу кешінің соңы «Соғыс» деген суық хабармен аяқталатынын кім білген... 


Ұлы Отан соғысы бұл жердің де шырқын бұзған екен-ау деп ойланып қалдым. Әрине, ол жылдарда бұл жерлерді біздің аталарымыз бен апаларымыз мекендеген болатын. Ол кезде бұл жер Молотов атындағы колхоз деп аталыпты. Шағын ғана халқы бар ауылдан 250 ге жуық адам майданға аттанып, талай ошақтың оты өшіп, талай боздақтың әйелі жесір, баласы жетім атанып, анасы зар жылап қалған еді. Сол кездерде де ауыл тіршілігі өшкен жоқ, жауға деген өшпенділік үдей түсті. Әйелдер мен балалар күні-түні жұмыс жасады. Апаларымыз трактор жүргізді. Мысалы: Дариға, Зияхан сынды апаларымыз жер жыртты, егін екті, шөп шапты, масақ терді. Қысқы аязға қарамай апаларымыз атшанамен тас қараңғы түндерде бір ауылдан екінші ауылға техникаларға май жеткізді. Солардың бірі менің апам Шақан сол кездері он үш-он төрт жастағы жас қыз болатын. Әке- шешелері бір Аллаға тапсырып жолға салады екен. Соғысқа кеткен ағасының тілеуін тілеп апам да сондай қиындыққа төзген. Маңдайынан тері, көздерінен жасы сорғалай жүріп ер азаматтардың артында қалған аманатын орындап шықты. Жас балаларын бауырына басып атасы мен енесін қарап, жарым аман есен майданнан оралса болды, бәріне де шыдаймын деп келіндер қалды қарайлап. Қара жолдың бойына телміре қарап қаракөздеріміздің де көздері талып майданнан келетін хаттарды асыға күтсе де ел жұртының алдында «сағыныш» деген керемет ұғымды жүректерінің түбіндегі тұңғиықта сақтап, бүркемелей білген қайран ауылымыздың арлы бойжеткендері-ай шіркін! Майдан даласына аттанған 250-дей адамнан өз ошақтарына оралған азаматтардың саны 47 ғана екен. Сол азаматтардың бірі қолынан, бірі аяғынан айырылып келсе де ауылдың өркендеуіне, Фрунзе атындағы колхоз жұмысына белсене араласып, тозығы жеткен ауылымыздың берекесін кіргізіп, ерліктерін аңыз етіп айта отырып, ұрпық тәрбиесін жалғастырған көрінеді. 

Осындай шақтарда дүниежүзін дүр сілкіндірген «Жеңіс» деген бес-ақ әріптен тұратын ұлы сөз жабырқаған көңілдерді жадыратты. «Қуанбаған жан қалмады аулымызда»,- деп еске алушы еді ауылдың қарттары. Жеңіс біздің ауылға да бірер күн кешігіп жеткен көрінеді. Уақыт бір орында тұрмайды. Дөңгеленген дүниенің жақсылығы да молынан болады ғой. Ерлер келіп, ортасы толып, талай-талай заманаларды бастан өткізген еді бұл ауыл. Қазір сол аталарымыз бен апаларымыздан естелік қана қалды бұл күндерде. Менің атам да сол қан майданға қатысты. 

Әлиғажы атам осы батаны төрт жыл бойы төс қалтасында сақтап жүріпті. Бірде темір каскасына оқ тиіп, оқтың касканы жанамалай өткені біріншіден Алланың құдіреті, екіншіден сол ақ бата сақтады ғой деп айтып отырушы еді. Бірде ұрыс сәл саябырсыған кезде, Днепр өзенінің жағасында беті-қолын жуып отырғанда жанындағы майдандасына оқ тиіп атам аман қалған екен. Оның қан майданнан аман-есен шығуы сол батаның арқасында деген ойға келдім. Ол соғыс аяқталған соң 1945 жылдан 1946 жылдың 14 тамызына дейін Германияда жағдай орныққанша әскери міндетін атқарып 1946 жылы туған ауылына келді. Келгеннен кейін 1947-1975 жылдары аралығында бұрынғы Мақаншы аудандық ішкі істер министрлігінің учаскелік инспекторы болып қызмет атқарды. Бір әулеттің ұйытқысы болған атам Әлиғажы мен апам Шақан төрт ұл, бес қызды тәрбиелеп өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Қазірде арамызда жоқ аяулы жанның ерліктерін ешқашан ұмытпаймыз. Атамды көзіммен көріп, талай естеліктерін жадымда сақтап қалдым. Осыған шүкіршілік етіп, өзімді бақытты санаймын. 

Соғыс салған жара жүректерде жазылмаса да, шаңырақтар шайқалса да, талай отбасыға «қара қағаз» келіп ойранын шығарса да біздің ауыл қайғыға қабырғасы қайыса отырып, қарсы тұра білді. Біздің көршіміз Бектібаевтар отбасынан бес бірдей азамат майданға аттанып, бесеуі де оралмады, хабарсыз кетті. Бес баласынан айырылу, ана үшін өзін-өзі бес мәрте өлтіргенмен тең емес пе? Осыншалықты қиыншылықты көтере білген қазақтың ару-аналары қандай төзімді, қаншалықты шыдамды болған? Ойласақ жүрегің түршігеді деп еске алушы еді апам көз жасына ерік бере отырып. 

Ауылымыздағы жар дегенде жалғыз ұлын соғысқа аттандырған бір қарт анамызға қара қағаз келіпті. Ауыл ақсақалдары соғыс аяқталғанша анасына қаралы хабарды естіртпеуді шешкен екен. Сол кездегі ауылымыздағы берекенің беріктігін айтсаңшы, қамкөңіл ананың көңілін ойлаған... Елдің ақ тілегі қабыл болып, ананың үміті ақталып, жалғыз ұлы Дұйсенбай атамыз сұрапыл, сұм соғыста бір аяғынан айырылып туған жеріне оралыпты. Бұл атамыз «Боздақтар» кітабында соғыста қаза тапты депжазылған. 

b26042c304bd86b7c0382752f5b2583a.jpg

Бүгінгі таңда барлығы да балаларын тәрбиелеп өсіріп, немере, шөбере сүйіп еліміздің тәуелсіздіген көзімен көріп, ардақта ана, аяулы әке болып өмірден өтіп те кетті. Бірақ артында қалған ұрпағы бүгінде ардагер аталарын мақтан тұтады. "Біз-Ұлы Отан соғысы ардагерінің ұрпақтарымыз«,- деген мақтаныш сезім кеудемізді кернейді. Біз, еліміздің жастары, ата-баба жолын мәңгілік жалғастыруды өзімізге парыз деп білеміз. Елімізде тыныштық, өлкемізде бейбіт өмір, ауылымызда ауызбіршілік, мәдени даму, береке, молшылық болсын деп тілеймін. Ел басына күн туса атамдай ел қорғауға дайынмын! Өйткені Ұлы майдангердің ұрпағымын. Егемен еліміздің еңсесін биік ұстайтын жастармыз біз! Елбасымыздың көреген саясатын қолдап «Нұрлы болашақтың» жасампаздығының артуына өз үлесімді осылайша сәл де болса қоспақпын. Аталар әперген бейбіт өмірді сақтап, аталар аманатын ардақтайық, ағайын!

bfe73d2266189b59ba9cca97e39e826c.jpg

e4185108a4f355b2d09e18d1bdc224ce.jpg

Әлиғажыев Айбек Құсайынұлы,

Шығыс Қазақстан облысы 

Үржар ауданының Көктерк ауылындағы 

«Көктерек орта мектеп-бақшасының» 10-сынып оқушысы

«Бір суреттің тарихы» фотожобасына қатысыңыз, біз сіздің оқиғаңызды жарыққа шығарамыз.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?