Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ Мемлекеттік филармониясының құрылу тарихы

3612
Қазақ Мемлекеттік филармониясының құрылу тарихы - e-history.kz
Алматы қаласында симфониялық оркестр құрылуының 110 жылдық тарихы бар

Күй – қарға тамырлы қазақтың бағзыдан бойына сіңіп кеткен ұлттық өнері. Сондықтан да басқа жақтан келген адамдар XVIII-XIX ғасырдағы қазақтардың тұрмыс-тіршілігін көріп, оның музыкалық қабілеттілігі жоғары болғандығын байқаған. Барлығы табиғатынан музыкаға бейімболған еді. Еліміздің музыкалық тарихының өзінің байырғы дәстүрі бар. Бұл тұрғыда ғасырлар, мыңдаған жылдар бойы орын алған халық – дәстүрлі – музыкасын айтып отырған жоқпыз, ел тыңдаушыларының салауаттық, сауаттық өмірінің стандарттарына құрылған, жаңа өмір ағымымен келген академиялық классикалық даму жолына әрекет жасау құлшынысын айтамыз. 

2cc142ae2cfa63140dbfd4a79c92dc14.jpg

Қазақ мемлекеттік филармониясы

Бүгінгі таңда Алматы қаласында симфониялық оркестр құрылуының 110 жылдық тарихы бар. Бұрынғы Верный қаласында алғашқы оркестр құру талабы 1900 жылы пайда болса, Ресей империясының үлкен қалаларында әр алуан мәдени-ағарту ұйымдар, музыка қайраткерлерінің одақтары, драма үйірмелері пайда бола бастаған кезінен басталды. XIX ғасырдың соңында Верный қаласында «Ағарту ісін қызу қолдаушылар қоғамы» құрылып, ол музыка мамандарын даярлаумен де айналысты. Қоғам күшімен жаңа 1900 жыл қарсаңында Қоғамдық жиналыс сахнасында Дж. Мейербердің «Пайғамбар» атты тарихи-романтикалық операсынан хорлар орындалды, ал хор мен оркестрге Верныйға Миланнан келген итальяндық Лука Доминикович Ланжели жетекшілік етті. Ол хор және вокалдық-симфониялық музыка саласында көп еңбек етіп, тыңдармандарды Дж. Россинидің, Дж. Вердинің, Р. Леонкаваллоның, А.Даргомыжскийдің және П.Чайковскийдің тамаша опералық шығармаларымен таныстырды. Шәкірттері Л. Ланжелидің бастаған ісін әрі қарай жалғастырды. 

10f09b4dd3931922fc60fbcbe8a05288.jpgВерный қаласының алғашқы симфониялық оркестрі. Фотосуреттің ортасында оркестрдің көркем жетекшісі және бас дирижері Лука Ленжели

Хормейстер Соловьев суретші Прусиновскиймен бірлесіп, 1812 жылғы Отан соғысының 100 жылдығына зор сахналық қойылым жасады. Көпшілік көріністерге елдің бүкіл ересек халқы қатысты. Жылдар өтеді, фашизммен болған Ұлы Отан соғысының небір ауыр жылдарында Алматыға көшірілген композитор Сергей Прокофьев тыңдарман қауымды «Соғыс және бейбітшілік» операсының алғашқы үзінділерімен таныстырды. 

Кеңес Одағы республикаларының қалыптасуы кезінде, Қазақстанды жекелеп атасақ, мұндағы музыка мәдениеті мен өнерді дамытуға орасан зор көңіл бөлініп, қолдау жасалды. Ұлттық көркемөнер ұжымдарын құруға, ағартушылық және концерттік қызметке мейлінше қолдау көрсетілді, бұл ұмтылыс қисынды түрде 1935 жылғы 14 қаңтарда ҚазКСР Халық Комиссарлары Кеңесі қаулысының жарыққа шығуына әкеліп, республиканың астанасы Алматы қаласында Қазақ Мемлекеттік филармониясы құрылып, оған 1938 жылы ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың есімі берілді.

91f0ebfae28bca46ff9825e8a39d631f.jpgЖамбыл және  К.Бәйсейітова

bd70c7021dacf6af22e559b672cd2458.jpgХалық аспаптар оркестрінің алғашқы құрамы, 1935 ж.

Осы кезден бастап филармонияның концерттік қызметі жедел қарқынмен дамып, көркемөнер ұжымдары республиканың барлық жауапты да беделді шараларына қатысып, бүкіладақтық аренада да үлкен абыроймен өнер көрсетті.

e3e00d78c0c1e9963a29840748648a3b.jpgФилармонияның алғашқы ғимараты. (Қазіргі кезде қуыршақ театрының ғимараты)

Филармонияның тұңғыш диреторы және көркемдік жетекшісі – аса көрнекті музыкантанушы ғалым, композитор, дирижер, Қазақ КСР халық әртісі, Қазақ КСР ҒА академигі, қоғам және мемлекет қайраткері, қазақтың дәстүрлі музыкасы туралы «Ғасырлар пернесі» және «Замана бұлбұлдары» шежірелі монографиялардың авторы Ахмет Жұбанов болды. 

a578ff36314e87252803286990bfac38.jpg

Ахмет Жұбанов

А.Жұбановтан кейін филармонияны әрі қарай дамыту құлпырту үрдісінің басында тұрып, оны кәсіби біліктілікпен, іскерлікпен басқарғандардың есімдері де қазақ музыка тарихының шежіресіне енді. Олар: Е.Брусиловский, А.Қапламбеков, М.Қойшыбаев, С.Мұхамеджанов, Е.Рахмадиев, Б.Амангелдиев, М. Бестібаев, Т.Ибраев, Ә. Дәуітбаев, Т.Әлпиев, М.Өтеуов, К.Оразғалиев. 

Дина Нұрпейісова, Науша Бөкейханов,Қали Жантілеуов, Охап Қабиғожин,ағалар Ришат пен Мүслім Абдуллиндер филармония солисттері болды.


0e3fe31c05e403599bf9a78a38624a04.png

Дина Нұрпейісова және Жамбыл Жабаев

e91a2c4d11128a19ee2b5d880d17dba0.png

Ришат пен Мүслім Абдуллиндер

Филармония сахнасында Қазақстан композиторларының (Мұқан Төлеубаев, Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди, Бақытжан Байқадамов) шығармалары орындалды.

d8f348af932ab22937a62327f7b84dd9.jpg

Филармонияның көркемдік төлтумалық шығармаларды дүниеге келтірген отандық автордың шығармаларын насихаттау арқылы республиканың музыка өнерін дамытуға үлкен үлес қосты. Филармония сахнасында халық аспаптарының орындауындағы туындылардан бастап, ірі симфониялық формаларға дейінгі түрлі жанрлардағы музыка орындалды.

Мақала филармонияның директоры, ҚР еңбек сіңірген әртісі, профессор Мұхтар Өтеуовтың «Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы» кітабы бойынша дайындалды, Алматы, 2010 жыл. 

 Қостым: AlenaDemchenko Email: alena.demchenko@inbox.ru

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?