Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Баян Батыр рухы ұлықталды

1040
Баян Батыр рухы ұлықталды - e-history.kz
Үстіміздегі жылдың 11 маусым күні Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ мен ҚР БҒМ Мемлекет тарихы институты "Баян Батыр және оның тарихи дәуірі" тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірбиелік конференция өткізді.

Ғылыми жиынға Петропавл, Қарағанды және Көкшетау қаласының ғалымдары, сонымен қатар Астана қаласындағы жоғары оқу орындарының оқытушылары мен мектеп мұғалімдері қатысты.

Конференция жұмысын ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының директоры, ҚР Ұлттық кеңесінің мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Ғелманұлы АЯҒАН жүргізіп отырды.
Конференцияны Б.Ғ. Аяған Баян батыр туралы қысқаша кіріспе сөзбен ашты. Бұл алқалы жиын қазақтың Баян батырының 300 жылдығына арналып отыр. Қазақтың қаһарман батыры Абылай заманында туып 1714–1772 жылдары өмір сүрген. Батыр Абылай ханның сенімді серіктерінің бірі болып, қазақ елін жоңғар басқыншыларына қарсы талай шайқасқа қатысып, жеке басының жауынгерлік ерлігімен және қолбасшылық өнерімен көзге түскен. Оның ерлік істерін Үмбетей, Тәтіқара сияқты жыраулар жырға қосқан. Ш. Уәлиханов өзінің еңбектерінде Баян батырға лайықты баға берген. Жүргізуші ғалым Алаштың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың Баянға поэма арнағанына және тәуелсіздік алған соң қазақ киногері батыр бейнесін көркем фильмде әдемі сомдағанына тоқталды.

102e7ec026e141db0a7448d84a5d4248.jpg

Конференцияға жиналғандарды «Қазақ гуманитарлық заң университеті» АҚ президенті, Халықаралық жоғары мектеп академиясының академигі, мемлекет қайраткері, Республикалық «Баян батыр» қоғамдық қорының президенті, заң ғылымдарының докторы, профессор Мақсұт Сұлтанұлы НӘРІКБАЕВ және Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы құттықтап, ғылыми жиын жұмысына сәттілік тіледі. Осыдан кейін сөз кезегі баяндамашыларға берілді.

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Философия кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор ЕСІМ Ғарифолла «АБЫЛАЙ ХАН ЗАМАНЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ БАТЫРЛАРЫ», Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қадыржан Қабиденұлы Әбуев «ЖОЛДАСЫ БАЯН БАТЫР — ҚАНАЙ ШЕШЕН», Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тілеген Садықұлы САДЫҚОВ «ДӘСТҮРЛІ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ БАТЫРЛАР ИНСТИТУТЫ: БАТЫР БАЯН ФЕНОМЕНІ», Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Омарұлы АРТЫҚБАЕВ «ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ХАН ЖӘНЕ БАТЫР-БИЛЕР ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ (АБЫЛАЙ ХАН ЖӘНЕ БАЯН БАТЫР МЫСАЛЫНДА)», Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Еуразия» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Ермұханұлы ҚАБЫЛДИНОВ «ҚАЗАҚ-ЖОҢҒАР ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАРЫ: ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ МЕН ГЕОСАЯСИ АХУАЛДАРЫ», ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының кандидаты Сейітқали Жахияұлы ДҮЙСЕН «БАЯН БАТЫР БЕЙНЕСІ МЕКТЕПТІҢ ТАРИХ ОҚУЛЫҚТАРЫНДА» деген тақырыптарда мазмұнды баяндамалар жасады.

1cea97a1596f17aa54cfe45fd362e90a.jpg

Қарағандыдан келген өлкетанушы, ҚР БҒМ ҒК Қолданбалы математика институтының директоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор СМАЙЛОВ Есмұханбет Сайдахметұлы осы облыстың «Ақшатау» кенішінен 12 шақырым жердегі «Қарабұлақ" елді мекені жанында Баян батырдың жерленген зиратын қалай тауып, анықтағаны туралы тартымды етіп айтып берді.

Петропавл қаласынан келген Баян батырдың алтыншы ұрпағы Зейнолла қажы Олжабайұлы жиналғандарды батыр бабасы туралы ауызша және жазбаша деректермен таныстырып, олардың Қызылжар өңірінде тұратын ұрпақтары туралы айтып, Баян батыр туралы баяндамалар жасаған, ой бөлісіп, ұсыныс-пікірлер айтқандарға алғысын білдірді.
Конференция жұмысын қорытындылай келе Б.Ғ. Аяған бұл игі шараның әлі жалғасы болатынын, яғни шілде айының 12-ші жұлдызында Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтында: «Ел қорғаны — Баян батыр» деген тақырыпта республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіліп, қаланың көрнекті жерінде батырға ескерткіш орнатылып, батыр аруағына арнап ас берілетінін хабарлады.

Жиын соңында М.С. Нәрікбаев конференцияға қатысушыларға Қазақ гуманитарлық заң университеті мен Республикалық «Баян батыр» қоғамдық қоры бірлесіп шығарған «Қазақтың Баян батырының 300 жылдық мерейтойына арналған материалдар жинағы» деген басылымды таратты.

С.Ж. Дүйсен, п.ғ.к., Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?