Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Еңбек даңқының ерлері

2143
Еңбек даңқының ерлері - e-history.kz
Орден жарғысы мен оның кавалерлері ие болатын жеңілдіктері бойынша Еңбек даңқы орденін Даңқ орденімен салыстыруға болады

Тоқырау кезеңінің дәл қызып тұрған шағында КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының ұсынысы бойынша ССРО жоғары басшылығы бір кәсіпорында ұзақ жылдар бойы қызмет еткен және жоспарды жүйелі түрде асыра орындап отырған жұмысшылар үшін жаңа орден тағайындау туралы шешім қабылдады.

Орден 1974 жылдың 18 қаңтарында бекітілді. Ол рет-ретімен берілетін үш дәрежеден тұрды. 1974 жылдың 9 тамызында «Азовсталь» зауытының үш слесарь-жинақтаушысы және «Юбилейная» шахтасының жеті шахтері орденнің алғашқы кавалерлері атанды. Бұлардың бәрі де бесжылдық жоспарды уақытынан бұрын орындағандары үшін марапатталды.

Екінші дәрежелі орден алғаш рет 1976 жылғы 23 желтоқсанда берілді. Оны алғашқы боп ауылшаруашылығы еңбеккерлері иеленді. Бірінші дәрежелі орден алғаш рет 1983 жылғы 7 қаңтарда берілді. Бұл 35 жұмысшы орденнің толық кавалерлері атанды.

Орденді толық иеленген алғашқы кавалерлердің бірі – қазандық машинисі Қайырбек Айжігітов. Оған №3 орден берілді. Орденді соңғы иеленген кавалерлердің бірі Валентина Кузьменко, Алматы облысы Қаскелең ауданы «Каменский» асыл тұқымды мал кеңшарының сауыншысы, иеленді. Оған орден 1991 жылдың 18 желтоқсанында табысталған.

Орден жарғысы

Орденмен өнеркәсіп, көлік, құрылыс және басқа да материалдық өндіріс салаларында, сонымен қатар өндірістік емес салаларда бір кәсіпорында, мекемеде, ұйымда, ұжымшарда немесе кеңшарда ұзақ жылдар бойы талмай еңбек еткені үшін марапатталады.

Сонымен қоса бір оқу-тәрбие беру мекемесінде ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, балалар мен жасөспірімдерге білім мен тәрбие берудегі, оларды өмір мен еңбекке дайындаудағы табыстары үшін өндірістік  білім беру мұғалімдері (оқытушылары), тәрбиешілері, шеберлері марапатталады. Еңбек даңқы ордені үш дәрежеден тұрады.

Еңбек даңқы орденімен жоғары көрсеткіштері мен жоспарды жүйелі түрде асыра орындағаны үшін;  жоғары еңбек өнімділігіне қолжеткізгені, жоғары сапалы өнім шығарғаны, материалдарды үнемдеп, еңбек шығынын азайтқаны үшін; еңбектегі жаңашылдығы, құнды өнертабыстары мен өнертабыстық ұсыныстары, жаңа техника мен прогрессивті технологияларды игеру мен қолдануға белсенді қатысқаны үшін; ауыл шаруашылық дәнді дақылдары мен мал шаруашылығы өнімділігін арттырудағы жоғары жетістігі үшін; өндірістік қуат, мәдени-тұрмыстық нысандар, тұрғын үйлер құрылысының мерзімін қысқартып, сапасын арттырғаны және оларды уақтылы іске қосуға қосқан үлкен еңбек үлесі үшін; жас жұмысшыларды, колхозшыларды оқыту мен тәрбиелеудегі үлкен табыстары үшін; балалар мен жасөспірімдерге білім мен тәрбие берудегі, оларды өмір мен еңбекке дайындаудағы табыстары үшін марапатталады.

Егер де бір кәсіпорында, мекемеде, ұйымда, ұжымшарда немесе кеңшарда, бір оқу-тәрбиелеу мекемесінде ұзақ жылдар бойы еңбек еткен жағдайда ғана жоғарыда аталған ерен еңбегі үшін марапаттау жүргізіледі. Еңбек даңқы орденінің үш дәрежесімен де марапатталғандар құқылы: зейнетақысының 15 пайызға өсуіне; қалыптасқан нормалар бойынша тұрғын үймен бірінші кезекте қамтамасыз етілуге; теміржол көлігімен – жолаушылапр және жылдам пойыздардың жұмсақ вагондарында, су көлігімен – 1-класты каютада, әуе немесе қалааралық автомобиль көлігімен жеке өзіне жылына бір рет (екі жаққа да) тегін жол жүруге; қалалық жолаушылар көлігінің барлық түрлерімен, ауылдық жерде – аудан шегінде республикалық бағыныстағы автомобиль көлігімен (таксиден басқа) жеке өзінің тегін жүруіне; шипажайға немесе демалыс үйіне (емдеу мекемесінің қорытындысы бойынша) тегін жолдама алуға.

Еңбек Даңқы ордені сол жақ кеудеде Даңқ орденінен кейін дәрежелерінің жоғарылауына қарай тағылады. Орденнің биіктігі 4,3 см, ені 4,1 см.

Бірінші дәрежелі орден алтындатылған көпбұрыш түрінде жасалған, жоғары жағында алтын күн сәулесі, ал төменгі жағында – бидай масағы бейнеленіп, оның үстіңгі жағына «СССР» деп жазылған. Орденнің ортасында домна пеші мен су электр станциясы бейнеленген.

Екінші дәрежелі орденнің бірінші дәрежеліден аса көп айырмашылығы жоқ. Басты айырмашылығы бұл орденнің ортаңғы бөлігі ақшыл көк эмальмен боялған (бірінші дәрежелі орден қызыл күрең түсті эмальмен боялған) және көпбұрыштың жоғарғы жағында күміс түс қолданылған.

Үшінші дәрежелі орден басқаларына қарағанда эмальмен аз боялған және масақтың төменгі қатары, «СССР» және «ТРУДОВАЯ СЛАВА» жазулары ғана алтындатылған. Бірінші, екінші және үшінші дәрежелі Еңбек даңқы ордендері ССРО-ның ыдырауымен бірге орден де табысталмайтын болды. Үшінші дәрежелі орден барлығы 650 мың азаматқа, екінші дәрежелі орден 50 мың азаматқа берілген, ал 983 адам орденнің толық кавалері атанған.

Орденнің толық кавалері атанған 983 адамның ішіндегі 22-сі қазақ ұлтының өкілі. Олар Ақтөбе (Ысқақ Абдуллин), Маңғыстау (Бейсенбай Ауданбаев), Қарағанды (Заманбек Бакенов), Шымкент (Әмірбек Жабақов) және Семей (Өртқали Қасымжанов) облыстарынан барлығы бес шопан және Қарабалық ауылшаруашылығы тәжірибелік станциясының (Амангелді Ақдәулетов), Сарыбай кен басқармасы экскаватор машинистерінің (Көпжасар Алдабергенов) өндірістік бригадаларының, «Бидайық» кеңшарының (Қуаныш Қасымов), «Миргалимсай» жерасты үңгушілерінің (Дүйсенбай Пайзиев) басшылары.  Сонымен қоса, машинистер Қайырбек Ақжігітов, Қазтай Арыстанов, Мәсімхан Омаров, кеңшар жұмысшылары Аманқос Мұханғалиев, Бакиза Сыдықова, Әлиасқар Сұлтанов, Уса Жүнісбеков, Перуза Өтемісова орденнің толық кавалерлері. Павлодар алюминий зауытының жұмысшысы Зина Алиева, сауыншы Ағиба Дүйсембекова, табыншы Аманжол Кенжеғариев, жолаушылар көлігінің жүргізушісі Зәмзә Қырықбаев және аяқ киім фабрикасының жұмысшы Темірбай Сиқымбаевтар да даңқ пен құрметке бөленген жандар.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?