Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Аспан перілері

2064
Аспан перілері - e-history.kz
ІІ Дүниежүзілік соғыс жылдарында қазақ қыздары майдандас басқа қыздардан кем түспеді. Алайда олардың ерлігін дәріптеу ісінде кемшілік көп

Орыс режиссері Михайл Кабанов соғыста ерлік көрсеткен атақты 46-гвардиялық әуе полкының ержүрек қыздарына арнап көп сериалды кинокартина түсіріп, халыққа көрсеткен. «ИЛ-2» ұшағымен 275 рет, «ПЕ-2» ұшағымен 85 рет көкке көтерілген Дәмелі Жәкеевадан бастап майданда ерлік көрсеткен жаужүрек қыздар туралы ұсынамыз 

 

 

 

Дәмелі Жәкеева

Дәмелі Жәкеева 1922 жылы Қарағанды облысында дүние есігін ашқан. Саратовтағы Вольск авиациялық училищесінде төрт ай оқып, бомбалаушы ұшақтарды қару-жарақтармен жабдықтайтын механик мамандығын меңгеріп, атудың техникалық жағын үйренген.

1942 жылы майданға өз еркімен барған Д. Жәкеева тамыз айында Сталинградтағы 944-авиациялық полкке қабылданады. 1942 жылдың тамызы мен 1944 жылдың қаңтар аралығында Солтүстік Кавказ майданында соғысқан. 1944 жылдың тамызынан бастап, Балтық жағалауы Ленинград және Бірінші Беларуссия майданында болған.

1943 жылдың 16 тамызында сержант Жәкеева «ИЛ-2» ұшағын жарақтандырып жатқан кезде, төбеден жаудың әскери бомбалаушы ұшақтары төніп келіп, аэродромды атқылаған. Сол кезде оң қолдан ауыр жарақат алып, бір саусағынан айырылады. Госпитальда жатып шыққаннан кейін, Солтүстік Кавказ майданында 188-бомбалаушы әуе дивизиясындағы 367-әуе полкіне ауыстырылады.

1944 жылдың соңына қарай Дәмелі осы полктің «ПО-2» бомбалаушы ұшағының атқышы болып, шайқасқа қатысқан. Ол кезде полк екінші Балтық майданында шайқасып жатқан болатын. Дәмелі Жәкеева жаңа полк құрамында Шауляй, Каунас қалаларын жаудан азат етуге қатысқан. 1945 жылдың басында Польшаны азат еткен әскери бөлімдермен бірге Германия астанасы Берлинге жеткен.

Оқи отырыңыз: Қанатты қыз туралы 11 дерек

Дәмелі Жәкеева «Сталинградты азат еткені үшін», «За боевые заслуги», «Бірінші дәрежелі ҰОС ордендерімен» марапатталған. Хиуаз, Дәмелі апалар бір-бірімен жиі араласып тұрған.

Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы атағымен марапатталған Хиуаз Доспанованың ұлы Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың оқытушысы Ерболат Әміров Д. Жәкеева туралы:

– Ол анамның полкынан басқа авиаполкте болған. Мен оны көзі тірісінде бір-екі рет көргенмін. 1990 жылдары қайтыс болды. Анамның бірінші топтағы мүгедектігін алуға сол көмектесті. Ол да авиаполкте болған. Бірақ ол механик еді.

Соғыс жылдарында экипажға кіргім келеді деп арыз жазатын. Соғыстың аяғында оны атқыш-радист етіп алды. Олардың ұшағында үш адам отырады. Кабинада ұшқыш пен штурман, атқыш-радист ұшақтың артқы жағындағы кабинаға орналасады. Алдында пулемет пен рациясы болады. Ол да 8 рет ұшқан дегенді «Казахстанская правда» газетінен оқып едім. Сондықтан бізде 2 қыз бар. Ең кемінде қазақтардан 2 қыз ұшқан.

Ал бірнеше қыздар механик жұмыстарын атқарған.

Мәдина Ысқақова

1924 жылы бұрынғы Көкшетау облысының Сандықтау ауданында дүниеге келген оның да өмірі ұшақпен байланысты болған. Кемерова қаласындағы әуе байланыс мектебін бітірген Мәдинаның арманы ұшқыш болу еді. 1942 жылы небәрі 17 жасында өз еркімен майданға аттанады.

Үш мәрте Совет Одағының Батыры, атақты ұшқыш Иван Кожедубтың жеке механигі болған. 240-шы жойғыш авиация полкіне қабылданған. Будапешт, София, Вена, Курск, Белгород қалаларын жаудан азат етуге қатысқан. Иван Кожедуб 330 рет әскери әуе шайқасына қатысып, жаудың 62 ұшағын жойған. Осы ерлігі үшін Совет Одағының Батыры атағын алған. Осы ерлікке Мәдина Ысқақованың да үлесі бар екені анық.

Мәдина өзі де Кожедубпен бірге бірнеше рет әуеге көтеріліп, жау ұшақтарын жоюға қатысқан. Соғыстағы өжеттігі үшін «Ерлігі үшін» медалімен, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.

Мәдина Ысқақова жеңісті Прага қаласында қарсы алды. Елге оралғаннан кейін Айыртау ауданының шаруашылығында сауыншы болып еңбек еткен. 1985 жылы мамыр айында Жеңістің 40 жылдық мерекесі қарсаңында үкімет «Екінші дәрежелі ҰОС орденімен» марапаттаған. Сол жылы Мәдина Ысқақова дүниеден өткен.

Қамқа Үмбеталина

1923 жылы бұрынғы Орал облысының Тайпақ ауданында дүниеге келген. Әскери қызметін Воронеждегі әуе қоймасын күзетуден бастаған. Қ. Үмбеталина майданда жүріп, Орынбор, Чкалов, Челябинск, Омбыдағы ұшқыштар даярлайтын курстарды тәмамдаған.

«Мен 1923 жылы Батыс Қазақстан облысының Тайпақ ауданында дүниеге келдім. Әке-шешемнен ерте жетім қалдым. 1942 жылы Гурьев қаласындағы Жамбыл орта мектебін бітірген кезімде соғыстың басталғанына 1 жыл уақыт болған-ды. Мен 1942 жылдың маусымында мектеп бітірдім, шілде айында әскерге  шақыру қағазы келді.

Гурьевтен бір топ қыз боп әскерге аттандық. Воронеж деген қалаға апарып түсірді. Сол жерде әуежай қоймасына күзетке қойды.  Біршама ай өткен соң Орынборға жөнелтті. Чкаловта, Челябинскіде, Омбыда болдық. Барған жерлерімізде бізді әуе қатынасы оқуын, ұшақты басқаруды үйретті, әскери оқу-жаттығулардан өттік. 

Бізді әбден дайындап болдық деген кезде Байкалды жағалап, Қиыр Шығысқа алып келді. Сол жерде ұрыс алаңында менің майдангерлік өмірім басталды. 1-Шығыс майданында 9-әуе армиясында болдым. Сол кезде бар болғаны 19 жастамын. Жастықтың әсері ме, ештеңеден қорықпаймыз, бойымызды кернеген бір алапат күш бар, намыс бар. Ел басына жаппай күн туғанда адам бойына бір қайрат бітеді екен. Тек қана Отанды қорғау, жау қолынан қалай болғанда да аман алып қалу – ойымызда осы ғана еді....»

Соғыстағы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз», «Екінші дәрежелі ҰОС ордендерімен», «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Қамқа апай жеңіс күнін сол 1-Шығыс майданында қарсы алған. Соғыс аяқталғаннан кейін де әскер қатарында болып, 1945 жылдың қарашасында елге оралған. Ол Қазақ Мұнай мекемесінде инженер болып еңбек етіп, кен орындарын ашуға өз үлесін қосады. Міне, елін жаудан қорғауда, ерлермен қатар қазақ қыз­дарының әуе авиациясында біраз ерлік көрсеткен.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?