Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

#100шайқас: Македонскиймен майдан

4850
#100шайқас: Македонскиймен майдан - e-history.kz
Сақтарға қарсы екі жыл бойы соғыс жүргізген Александр Македонскийдің мұздай қаруланған қалың армиясы оларды тізе бүктіре алмады

Сақ даласына жеткенше парсы флотын талқандап, Эгей мен Жерорта теңізіне орнығып, парсылардың кіндік қаласы Вавилонды жаулап алған македондықтар сегіз мың шақырымнан артық жер басып, тұтас Парсы патшалығын басып алды. Үш жыл бойы тоқтаусыз жүрген әскердің алды көшпелі сақ-массагет тайпалары мекен еткен Бактрия, Соғдиана, Хорезм өлкесіне табан тіреді. Сауда жолында тұрған, дүниенің төрт тарабына да жол тартатын бұл өлке македондықтар үшін шығысқа ашылған қақпа іспетті еді. Сақ даласын жаулап алам деген мақсат үшін Македонский армиясы екі жыл уақыт кетірді.

Екі жақ әскерінің соғыстарының барлығын да тізбелемей, тек соңғы, шешуші сәттерді жазып көреміз. Арриан, Курций Квинт және Геродот еңбектеріне негіздесек, бұл шайқастар б.з.д. 330-328 жылдары болған деп шамалаймыз. Македон әскерлері Әкбатанға қарай жылжып, 15 күннен соң Дарийдің соңғы бекінісін тас-талқан етіп, парсы әскерін өкшелей ақырына дейін қуды. Кезек сақтарға жетті. Македон жауынгерлері мен сақ сарбаздарының арасындағы шешуші шайқасты кезең-кезеңдерге бөліп, сондағы соғыс тәсілдерін сипаттаймыз.

Соғыстың бірінші кезеңінде – б.з.д. 329 жылы Македон жауынгерлері Окс өзенінен өтті де, Мараканд (Самарқанд) қаласын басып алды. Бұдан кейін македондықтар Яксарт өзеніне жетіп, Александрия (қазіргі Ходжент) қаласын салды.

Осы кезде Яксарт өзенінің оң жағында тұрған сақтардың үлкен күші өзен арқылы Македон армиясын атқылады. Сақтар Александрға: «Сен, Александр, сақтармен соғысамын деп өрескелдікке барма, егер сенің оларға шабуыл жасауға батылың барған болса, олардың азияттық тағылардан (варварлардан) өзгеше екенін байқаған болар едің» деп сөз салды.

Македондықтар өзен арқылы тас ататын машиналарын құрып, сақтарға атқылау арқылы жауап қатты. Атқылау кезінде садақшылар мен мергендер (сақпаншылар) өзеннен өтіп, сақтардың алдынғы отрядтарын кейін шегіндірді және фаланг (ұзын найзалы әскерлері) мен атты әскердің өзеннен өтуіне мүмкіндік берді. Сөйтіп шайқас Яксарт өзенінің оң жағына ауысты.

Шайқастың алғашқы кезеңі македондықтардың алдыңғы жасағынан басталды. Сақтарға қарсы одақтас атты әскер жасағын жіберді. Сақтар бұл шабуылды тойтарып, оларды қоршап алып, садақпен жебе жаудырды. Атты әскерге көмек деп жеңіл қаруланған жаяу әскер жіберілді. Сақтар бұл сәтте шегінгенімен, жауды көзден таса қылған жоқ.

Сақтардың шегіну арқылы негізгі күштің ұрысқа дайындалуына мүмкіндік беруі соғыстың екінші кезеңіне жол ашты. Македондықтар алдыңғы жасаққа көмек деп үш шағын топпен атты мергендер қосынын аттандырды. Сақтар македондықтар  бұл шабуылын да тойтарып тастады. Бұдан кейін Александр атты әскерінің бәрін де соғысқа салды да, сақтарды шегіндіріп, соңынан түсті.

Арриан алапат соғыс қырғынынан сақтарды аптап ыстық, шөл және Александрды ауыртқан лай су құтқарып қалған деп шындықты бүркемелей отырып, негізгі себептерді ашып айтудан жалтарады. Шындығында Кирдің түбіне жеткен қайғылы оқиғаны еске алған Александр сақтардың жеріне тереңдеп енуге бата алмаған.

Македон армиясына қарсы сақтардың әскери қимылы өз әскерін жеке-жеке талқандалудан сақтай отырып, дұшпанға қарсы күшті бірте-бірте топтастырып, күшейтуімен сипатталады. Шайқасып жатқан жасақтар бір-бірімен тығыз байланыста болды және өзара тактикалық қимыл бірлестігін сақтады. Сақтардың артынан түсуді тоқтату сақтарды талқандалудан сақтаған жоқ, керісінше, сақтардың македондықтарды өз жеріне тереңдете енгізіп алып, талқандауынан сақтап қалды.

Осыдан кейін Македoн басқыншылары негізгі күштерін Мараканда тұрған Спитамен басқарған жауынгерлерге қарсы жұмсады. Бірақ Спитамен жағдайды дұрыс сарапқа салды да, шайқасқа түспей, Мараканды тастап, тез шегініп, сақ әскерлеріне барып қосылды. Оның соңынан күшті Македон отряды қуғындады. Сақтармен бірігіп алған Спитамен әскері македондыктарға шабуыл жасай бастады, бірақ үлкен шайқасқа түскен жок. Бұл македондықтарды кейін шегінуге мәжбүр етті. Жау садақшыларының қаупін сейілту үшін Македон отряды Политамет (Зеравшан) бойындағы орманға тоқтады да, сол жерде шайқасқа түсті.

Политaмeт өзені бойындағы шайқаста Спитамен жасағы македондықтардың өзеннен өтуіне бөгет жасады. Македондықтардын атты әскерінің бір командирі қолбасшыларының рұқсатынсыз өзеннен өте бастады. Оның соңынан жаяу әскер бей-берекет қозғалды. Спитамен садақшылары мен сақ мергендері өзеннен өтпекші болғандарға жебе жаудырды. Мұнымен қоса сақ атты әскерлері өзенге түсіп, өзендегі бір аралға шыққысы келген жау әскеріне шабуыл жасады.

Аралдағы македондықтарды қоршау және құртып жіберу Спитаменнің негізгі мақсатына айналды.  Македондықтардың бір бөлігі сақ тосқауылына тап болды және барлық македон әскер басшылары оққа ұшты. Қырық шақты атты әскер мен 300-дей жаяу әскер ғана қашып құтылды.

Сөйтіп, Спитамен мен сақтардың атты әскері өздерінің соңына түскен аса қуатты Македон жасағын шешуші шайқасқа түспей-ақ, алдап шегіну арқылы тосқауылға түсіріп, соңынан құртып жіберді. Македондықтардың тағы бір үлкен күші үш күнде екі жүз сексен шақырым жол жүріп, көмекке жеткенмен, бәрібір кешігіп қалды. Өздерінің шығынға ұшыраған жауынгерлерін жерлегеннен кейін Александр Спитамен мен сақтардың соңына түсті, бірақ тағы да сақ даласына ішкерілей енуге бата алмады да, Бактрияға келіп, осы жерде қыстап шықты. Осында оған жаңа күштер келіп қосылды.

Сөйтіп б.з.д. 329 жылғы жазғы шайқастағы шығынның орны толтырылды. Македон армиясы қыс бойы жаңа шайқастарға дайындалды. Бұдан бөлек Бактрия мен Соғдианадағы халық көтерілістері шайқасты жалғастыруға кедергі келтіріп отырды. Жергілікті көтерілісшілердің шайқас тәсілдері өзгеріп, олар қолға түспейтін жерлерге тығылып қалып отырды.

Бірақ македондықтар негізгі жерлерге қамалдар салып, онда үлкен гарнизондар ұстады. Әрине бұл орасан зор шығын әкелді. Бір жағынан ұзаққа созылған уақыт ішінде парсыларға қарағанда сақтармен соғысу көп күш жұмсалды. Екіншіден, Македон армиясы Бактрия мен Соғдианадағы негізгі сауда жолдарын жаулап алып, жеңіске жеткенімен, бұл негізгі мақсатқа жетуді білдірмейтін, болмашы соғыс өрті ғана болды. Тіпті Александрдың өзі де бірнеше рет жараланып, соғыстың бағыты өзгеруге себеп болды. Осылайша б.з.д. 327 жылы Македон армиясы сақ даласынан бет бұрып, Үндістанға жорық бастады.

Македонский армиясында қызмет еткен сақ жасақтары жайлы қызықты деректер сақталған. Сол заман әскери тарихшылары сақ жауынгерлерінің ерлік істері мен әскери тактикасын жоғары бағалаған. Македонский империясының ең шалғай өлкелерінде қызмет еткен сақтардан құралған атты әскер армияның көркіне айналыпты. Көне кітапта Александрдың ең бойшаң деген жауынгерлерінің өзі сақтардың иығына әрең жететін деп аңыз қылады.

 


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?