Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақстанның инвестициялық саясаты

2876
Қазақстанның инвестициялық саясаты - e-history.kz
1993 жылдан 2005 жылға дейін Қазақстан Республикасына құйылған инвестиция көлемі 41 млрд. АҚШ долларына жетті

1991 жыл Қазақстан үшін тарихи жыл. Кешегі алып империя ССРО ыдырап, Орта Азия мемлекеттері үшін үлкен қайталанбас тағдырлы сәт туды. Бұл «тәуелсіздік» деген қастерлі ұғым еді. Өзге мемлекеттер сияқты Қазақстан да егемендігін жариялап, тәуелсіз ел болды. Алайда КСРО-дан мұра болып қалған, түйіні шешілмеген ұлтаралық, әлеуметтік-экономикалық мәселелер Орта Азия мен Қазақстанды тығырыққа тіреді.  

1990 жылдардың басында елдегі экономикалық ахуалды еңсеруде Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың сыртқы саясаттағы тағдыршешті қадамдарға баруына тура келді.

Осындай ауыр толғаныстан кейін Н. Назарбаев жаңадан құрылған жеке меншік кәсіпорындар экономиканы дағдарыстан алып шығады деген қорытындыға келеді. Ал бұл шетелдік капиталдың құйылуы арқылы мүмкін еді. Президент сол кезең үшін «заңға қайшы келетін», бірақ сыртқы инвестиция мәселесінде тағдыршешті бұрылыс жасады. Кәсіпорындарды шетелдік фирмалардың басқаруына беру туралы шешім қабылдады. Бұл шынында да шетелдіктердің меншігіне сату дегенді білдірді. Айтпақшы, Б. Ельцин мұндай қадамды «саяси өзін-өзі өлтіру» деп санады [1, 235].

Қазақстанның мешікті капиталы көп болмады. Қабатталып қалған нысандардың негізгі бөлігінің құны тым жоғары болмады, ал оларды жаңғыртып салу үшін қыруар қаржы қажет болды. Сондықтан шетелдік капиталды тартудан басқа тығырықтан шығар жол көрінбеді.

Шетелден капитал жұмсалымына қаржы тарту мақсатымен республикада инвестициялық заңнама жетілдірілді. 1997 жылы ақпанда Парламент Мәжілісі жеңілдіктер мен артықшылықтар жүйесін ынталандыруды айтарлықтай кеңейтуге жәрдемдесу үшін «Қазақстандағы тікелей инвестицияны мемлекеттік қолдау туралы» Заңын қабылдады. Атап айтқанда, кіріс, жер салығын 100 %-ға дейін қысқарту, мүлік салығын 5 жыл мерзімге дейін келісімшартпен бекіту, сонымен қатар келесі бесжылдық мерзімде салық мөлшерлемесін 50%-ға төмендету қарастырылды. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қажетті материалдар мен шикізаттарды, шеттен әкелінетін жабдықтарды кедендік баж салығынан толықтай немесе ішінара босату ұсынылды. Бұның барлығы сырттан құйылатын қаржы көздерін жетілдіруге мүмкіндік тудырды. Шетелдік компаниялардың Қазақстанмен жасасқан ұзақмерзімді инвестициялық келісімшарттары 60 миллиардтан астам АҚШ долларына бағаланды. Егер 1996 жылы шетелдіктердің қатысуымен төленген кәсіпорындардың салығы қазыналық алымның 9,5%-ын құраса, 2001 жылы – 36%-ға жетті. Сондай-ақ есте қаларлығы, заңды тұлғалардың кіріс салығы 30 %-ға, 2001 жылы 61%-ға ұлғайтылды. 1993-2003 жылдары ұлттық экономиканы құйылған 23,4 миллиард доллар мемлекеттің салмақты бейнесін және инветициялық қолайлы климат екенінен куәлік етеді. Таяу 25 жылға алыс шетелдік әріптестерімен 100 миллиард доллар сомаға келісім жасалды. Әр қазақстандыққа осыдан 165 доллар түсіп отырады, бұл Ресейден қарағанда 5 есе жоғары. Республика тәкелей инвестицияны халықтың жан басына шаққандағы көлемі бойынша ТМД-да бірінші, ал бұрынғы социалистік елдер шеңбері бойынша екінші (Венгрия) орынды иеленеді. 1994 жылы 2 мамырда «Нью-Йорк Таймс» басылымы: «Батыстық, әсіресе американдық инвестицияны тартқан Қазақстан сияқты ешқандай мұндай қадамға бара алған жоқ» деп атап өтеді [1, 238-239].

Н.Ә. Назарбаев 1997 жылғы Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауында былай деген болатын: «1997 жылдан бастап біздің жұмысымыздың басты бағыттарының бірі шетелдік инвестицияларды тарту және оларды тиімді пайдалану болады. Оларды, дамушы мемлекеттерді былайша қойғанда, дамыған елдердің  өзінің пайдаланатындығы белгілі.

  1. Біздің елімізге шетелдік бизнесмендердің келуіне байланысты барлық әкімшілік рәсімдерді оңайлату.
  2. Инвестицияларға немесе кредиттерге салық үзілістерін, жеңілдікті ставкаларды, салық шегерімдерін беруді қоса алғанда, салық жеңілдіктерін, жеделдетілген аммортизацияны, жеңілдікті кеден бажын және тағы басқаларын енгізуге баруға тұрады.
  3. Жер мен жылжымайтын мүлікке берілетін құқық түріндегі гранттар, қызметкерлерді оқытуға арналған демеу қаржы, әр түрлі алымдарды азайту түріндегі субсидиялар сияқты нысанды да пайдалану қажет.Бірақ тағы да басым болып табылатын салаларда ғана.
  4. Үкіметтің капиталды сыртқа шығаруға, әртүрлі қызметтер мен жергілікті шикізатты артықшылықты пайдалануға арналған кепілдіктерін күшейту қажет.
  5. Үйлестірілген және оралымды жұмыс жүргізу үшін төте шетелдік инвестициялармен айналысатын арнайы мемлекеттік орган құру қажет» [2, 33-34 бб.] Аталмыш Жолдаудан кейін бұл салада көптеген істер атқарылды. Соның бір айғағы – Қазақстанға құйылған инвестицияларды бақылап отыратын Шетелдік инвестициялық кеңестің құрылуы болды.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі Қазақстанда жұмыс істейтін инвесторлармен тікелей диалогты қамтамасыз ету сондай-ақ инвестициялық әрекеттерге байланысты келелі мәселелерді жедел шешу  мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 30 маусымдағы № 3985 Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі (ШИК) жасалған болатын.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің негiзгi мiндеттерi:

1) мына мәселелер жөнiнде ұсынымдар мен ұсыныстар әзiрлеу:

- Қазақстан Республикасының инвестициялық саясатының негiзгi бағыттарын айқындау;

-   Қазақстан Республикасындағы инвестициялық ахуалды жақсарту;

-  Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы нормативтiк құқықтық базасын жетiлдiру;

- экономиканы әртараптандыру, өнеркәсiптiк секторды индустрияландыру, шағын және орта бизнестi дамыту үшiн қолайлы инвестициялық және құқықтық жағдайлар жасау;

- Қазақстан Республикасының экономикасын әлемдiк экономикалық процестерге ықпалдастыру;

-  Қазақстан Республикасының экономикасына шетелдiк инвестицияларды тарту стратегиясы;

-  Қазақстан Республикасының халықаралық мәнi бар iрi инвестициялық бағдарламалары мен жобаларын iске асыру;

2) Қазақстан Республикасы Президентiнiң тапсырмасы бойынша инвестициялық саясаттың өзге де маңызды мәселелерiн қарау және талқылау болып табылады [3].

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарына көз жүгіртсек, Қазақстан экономикасына құйылған шетелдік инвестициялардың көлемі өмендегідей:

1993-2004 жылдар аралығында Қазақстанға тартылған инвестицияның көлемі 34 млрд-тан астам АҚШ долларын құрады [4, 64].

1993 жылдан 2005 жылға дейін Қазақстан Республикасына құйылған инвестиция көлемі 41 млрд. АҚШ долларына жетті, соның ішінде ел экономикасына тартылған Германия инвестициясы 1,2 млрд. АҚШ долларын құрады, яғни Қазақстанға тартылған шетелдік инвестициялардың көлемі жөнінен 7-орынды иеленді [5, 40].

1993-2004  жылдары Испания Қазақстан экономикасына 24 млн. АҚШ долларынан астам инвестиция құйды [6, 85].

2003 жылдың 1 шілдесіндегі мәлімет бойынша Қазақстан экономикасына тартылған германдық инвестиция 664 млн. АҚШ долларын құраса, мұның 198 млн. доллары тікелей инвестиция, 5 млн. доллары портфелдік инвестиция, ал 461 млн. доллары – басқа инвестициялар [7, 93].

Елбасы өзінің Қазақстан халқына жолдаған 2005 жылғы Жолдауында: «Индустриялық-инновациялық дамудың инфрақұрылымы қазірдің өзінде қалыптасты. Мемлекеттік даму институттарын капиталдандыру жыл басында 730 млн. АҚШ долларын құраса, инвестициялық жобалар портфелі 1 млрд. 200 млн. АҚШ долларынан асып отыр.

2004 жылы 204 инвестициялық жоба іске асырылса, соның тең жартысы даму институттарының қолдауымен жүзеге асты» деген болатын. Бұл Қазақстанның инвестициялық саясатының жылдан-жылға артып отырғандығының көрінісі [2, 202 б.].

Әртараптандыру жөніндегі біздің жоспарларымызды іске асыру үшін бір ғана мемлекеттік ресурстар жеткіліксіз болатыны анық. Оның негізгі көзі тікелей шетелдік инвестициялар болуы тиіс.

Менің халықаралық сапарларым барысындағы негізгі мәселелердің бірі Қазақстанға инвестициялау мәселесі болды. Көптеген мемлекеттер біздің экономикаға ресурстар салудың мәні бар деп біледі.

Бүгінде Қытайдан, Оңтүстік Кореядан, Біріккен Араб Әмірліктерінен, сондай-ақ француз, итальян, ресейлік компаниялардан 20 миллиард доллар көлемінде инвестициялар тарту туралы мәселелер шешілді [8, 14-16 бб.].

Еліміз тәуелсіздігін жариялаған 20 жылдан астам уақыт аралығында елімізге 120 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды.

Қорыта айтқанда, Қазақстан экономикасының ілгерілеуіне шетел инвесторларының қосқан үлесі айтарлықтай зор болды. Бұл ең алдымен, елімізде қолайлы инвестициялық климат қалыптастырып, сыртқы саясатта инвестициялық келіссөздерді тиімді іске асыра білген Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың ерен еңбегі екендігін мойындауымыз керек.

 

Әдебиеттер:

  1. Сааданбеков Ж. Нурсултан Назарбаев. Законы лидерства. Научно-популярное издание. – Астана: Күлтегін, 2005 – 608 стр. 
  2. Елбасы жолдады – елі қолдады. І том. – Астана: Күлтегін, 2008. – 312 б.
  3. http://www.akorda.kz/kz/page/sheteldik-investorlar-kenesi_1342004579
  4. Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағаты. 136-қор, 1-тізім, 165-іс. 64-парақ.
  5. Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағаты. 136-қор, 1-тізім, 277-іс, 40-парақ.
  6. Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағаты. 136-қор, 1-тізім, 283-іс, 85-парақ.
  7. Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағаты. 136-қор, 1-тізім, 276-іс, 93-парақ.
  8. Назарбаев Н.Ә. - Жаңа онжылдық – жаңа экономикалықөрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» 2010 – 76 бет.
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?