Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Астындағы атын Эйфель мұнарасына айырбастар ма еді!

1356
Астындағы атын Эйфель мұнарасына айырбастар ма еді! - e-history.kz
Көрнекті жазушы, этнограф ғалым Ақселеу Сейдімбек (1942-2009) дала көшпелілерінің өмір-салты мен әлемдік өркениеттегі орны жайлы зерттеу еңбектерінде маңызды ойларға жетелейді

Елбасының кешегі мақаласында айтылған өзекті ойларды ол бұдан қырық жыл бұрын жазып қалдырған.

15.03.85

Әлеуметтік тамыры, ұлттық тегі және мәдени болмысы бірсыдырғы дамыған елдің тарихын жазу қиын емес. Одан гөрі белгілі бір этностар арасында немесе мемлекеттер арасында болатын қақтығыстар нәтижесін бажайлау қиын. Бірақ мұнда да жазба дерек, заттық айғаққа сүйене отырып, екі жақтың бірін кінәлі ету немесе әлсіз екенін көлденең тарту әзірше тарихи бағаның үрдісіне айналып отыр. Ал енді сан-сапалақ, қарама-қайшы болмыс-бітімдегі этностар түйісетін аласапыран туралы жазу, сол аласапыран өткен өңірдің тарихын жазу – қиынның қиыны. Мұндай өңірлердің тарихы не жазылмаған немесе көктей шолумен ғана шектелген.

Мысыл үшін Еуразия жапсарында керілген Ұлы Даланың орта ғасырына ден қойып көруге болады. Тарихшылар бұл регионның Геродот заманынан бері қарайғы тарихын көзбен көріп келгендей суырыла сөйлейді. Қара теңіз жағалауына скифтер жаңаша жыл санауға дейінгі VIII ғасырда келіпті-міс. Егер Геродот сегіз ғасыр кейін өмір сүрсе, онда тарихшылардың скифтерді Қаратеңіз жағалауына I ғасырда келді деуі де мүмкін ғой. Скифтер жергілікті кемерліктерді ығыстырады. Сонсоң орманға бауыр басқан, қашуды білмейтін елді басып алған скифтер 500 жыл дәурен сүреді. Олар осы кезде Элладамен сауда жасасып, құдандалы болып үлгереді. Содан жаңаша жыл санауға дейінгі III ғасырда скифтерді сарматтар тықсырады. Енді, сол кездің тарихшысы Страбонның айтуында, скифтерге сарматтар қырғидай тиген.

Сарматтар бел алып орныққан соң, табандатқан 700 жыл дәурен сүреді. Олардың көзешілікпен даңқы шығады, Ұрымға астық сатады. Сауытты атты әскерлерді ұстау дәстүрі кейін Еуропада етек алған рыцарьлық дәстүрге мұрындық болады. Сол сарматтарды ғұндар ығыстырады. Ғұндар бір ғасырдай (370-463) дәурен сүреді. Ғұндарды бұлғарлар жеңеді. Олар екі жүз жыл дәурен сүреді (463-660). Бұлғарларды хазарлар мүйіздейді. Хазарларды XIII ғасырда половцылар (қыпшақтар) алмастырады...

Міне, Еуразия жапсарындағы Ұлы Даланың батыс өңірінде өткен үш мың жылға жуық тарихты осылайша көктей шолып өтуге болады. Былайша қарағанда, дерекке дау айту қиын. Өйткені мұнан басқа дерек ешкімде жоқ. Сонда осы жүйеге, осы баяндауға нанып, мына дала халықтардың судай сапырылысқан баянсыз мекені деп қабылдаумыз керек пе? Немесе осы далада сабақтасқан дәстүр, жалғасқан мәдениет болмады, өйткені жаңа қалыптаса бастаған дәстүр мен мәдениетті сырт күш ұдайы жоқ қылып отырды деген тұжырымға бас шұлғи беруіміз керек пе?

Енді мынандай мысал еске түседі, сол үш мың жыл аясында Ұлы Дала бір ғана әлеуметтік-экономикалық жағдайды бастан кешіпті. Бір ғана өндіріс тәсілін тірек етіпті. Ол – көшпелі өмір салты. Ал көшпелі өмір салтының барша болмысы мейлінше жедел толысып, шарасынан асып төгіліп отыруға негізделген. Бір ғана тоқты жылына тек бірден ғана ұрғашы қозы төлдеп отырса (артығын сойып-жемі мен өлім-жітімі дейік), онда сол жалғыз тоқты он жылда 1024 бас болады екен. Бұған қоса мұндай дәулетті екі-ақ адамның бағып-қағатынын ескеру қажет...

Енді жоғарыдағы кемерлік скиф, сармат, ғұн, бұлғар, хазар, қыпшақ деп келетін тарихи тәптіштеудегі аласапыранға мойын бұрып көрелік. Бір ғажабы, осылардың бәрінің тілі бір, ділі бір, наным-сенімі бір, өмір-салты бір, дәстүрі ұқсас, ең арғысы тұтынатын мүліктеріне дейін бір тектес қой. Арғы кезеңді былай қойғанда, күні кешелер әйгілі ориенталистердің өзі: «Ұлы Қытай қорғанынан бастап Қара теңізге дейінгі аралықтағы халықтар бір-бірімен аудармашысыз түсініседі», – деп қайран қалысқан.

Демек, осынау Ұлы Даладағы тектес тайпалар ішінде ұдайы бір-біріне кірігіп отыру үдерісі (процесі) өмір заңына айналған. Яғни, әлсіз рулар әлді рулардың құшағына кіріп отырған. Мұны әсте бірін-бірі жаулап алды немесе ығыстырып, жоқ қылды деп түсіндіруге болмайды. Көшпелілер тарихын тануда бұл сияқты ақиқатты қаперде ұстаудың мәні айрықша. Онсыз төл қасиеті бар Ұлы Дала тарихы өзінің шыншыл болмысын танытпайды. Ең бастысы, үзілмей жалғасқан біртұтас тарих пен мәдениеттің шыншыл болмысы ашылмайды.

Осы уақытқа дейін адамзат әулетінің тарихи-әлеуметтік болмысы үш-ақ түрлі этнотиптерді дүние дидарына әкеле алды. Олардың біріншісі – табиғатпен тіл табысушылар, яғни өмір-салты табиғатпен үйлесім табу арқылы дамитын этнотиптер. Екіншісі – өздерін табиғатқа қарсы қойып, қоршаған ортаға өктемдік көрсету арқылы тіршілігін белгілі бір кезеңге дейін жалғай алатындар. Бұлардың ақыры аннигиляцияға ұрынатынын (күл болатынын) тарих талай рет дәлелдеді. Бабылдың (Вавилон) халқы жау шаппай-ақ, қаланың асты тұз болып кеткен соң, тоз-тоз болып, беті ауған жаққа тентіреген. Үшінші этнотипті қансорғыштар (паразитарные системы) десе де болады. Олардың табиғатта, табиғи ортада шаруасы жоқ. Өйткені олар өзіне бағынышты этностардың маңдай терін иелену арқылы күн көреді. Бұлар өзге елді бағындырып, езіп, титықтатып, тіптен құртып жіберу арқылы өз мұқтаждарын қамтамасыз етіп отырады.

Егер мұражайлардан (музейлерден) көшпелілердің көне заманына айғақ болар заттар көзге түспесе, оған көңіл құлазымай- ақ қойсын. Меніңше, тарихтың міндеті ғайыптан тайып аман қалған заттарды үздіге дәріптеу болмаса керек. Мәселе сол заттарды тудырған ортаның тегін танып барып, тұтынған заттарын қалпына келтіруде болуға тиіс. Мұны мойындамасаңыз, ізденіс дегеніңіз каталогтардың коллекциясы болады да, ғылым дегеніңіз филателияға айналады.

Айталық, көшпелілер астындағы атын Эйфель мұнарасына айырбастар ма еді? Әрине, айырбастамайды. Оның есесіне, көркемдік құндылығы одан әсте олқы соқпайтын кісесін әсте белінен тастамас еді. Сол сияқты, бес қанат киіз үйін Монмартр ғимаратына да айырбастамас еді. Себебі, айырбастаса болды, өмір-салтын өзгертуі керек. Ал өмір-салтын өзгерту дегеніңіз – өлу немесе бүкіл этноболмысының өзгеруі. Түптеп келгенде, этноболмыстың өзгеруі де өлімнің бір түрі.

Ел қамы, халық тағдырына қатысты әңгіме әр кезде де болған. Алайда бүгінгі зерделі ұрпақ сол әңгімені сапа жағынан тереңдете қарауға ден қойып отыр. Мұның өзі бастамасы ғана. Танымның таңғажайыптары әлі алда. Тек, Тәңірім ұзағынан сүйіндіріп, осы райынан тайдыра көрмесе екен. Бағыт – айқын, жол – сара. Суырылып шығар ұрпақтың жүрегіндегі шоқ суымаса екен, төл топырақтан дарыған сенім күші әлсіремесе екен.

Сырттан таңылған таным мен сенімді серпіп тастап, төл дидарымызды байыптауға ден қою – өмірлік мұрат.

Данышпан Шоқан ұлттың өсіп-өрбуіне екі жағдай қажет деп еді-ау. Онысы – азаттық пен білім болатын. Қолдағысы қайсы, жолдағысы қайсы, белгілі ғой...

Әзірлеген Заңғар КӘРІМХАН

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?