Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ғұмырнамасы – ұлағат мектебі

2422
Ғұмырнамасы – ұлағат мектебі   - e-history.kz
2018 жылдың 4-6 қазанында Қазақстан Республикасының Шымкент, Түркістан облыстарында мемлекет және қоғам қайраткері Жамалбек Шаймерденовтің 90 жылдығына арналған іс-шаралар өткен болатын

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде «Тіл. Қоғам. Уақыт» тақырыбымен Халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды.

Осы мақаламызда Жамалбек Шаймерденовтің тұлғасы туралы ой салып, оның ғұмыры мен елге сіңген еңбегі жөнінде бірер сөз айтуды жөн көрдік.    

Ұлы ақын Абайдың: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деген парасатты пайымы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жамалбек Шаймерденұлы Шаймерденовтің адамдық болмысына, азаматтық тұлғасына бағыштай айтылған ба дерсің.

Есімі өз дәуірімен бірге аталатын және де өзі ғұмыр кешкен кезеңмен бір ұғым, бір құбылыс болып кететін тұлғалар болады ғой. Бүгінгі күні осы «Тіл. Қоғам. Уақыт» аясында өткізіліп отырған ғылыми-практикалық конференция сондай Тұлғаға, Жамалбек Шаймерденов құрметіне, арналып отырғаны да заңдылық. Иә, конференция «Туған жер: Қазақстанның тарихы уақыт пен кеңістік межесінде» деген бағытта саралануының да маңызы зор. Бүгінгі мерейтойы аталып өтіп отырған азамат Ж. Шаймерденов те туған жеріне-туған өлкесіне қызмет етуді, сондай-ақ, перзенттік парызын абыроймен атқаруды ұлы мақсатым деп есептеген. Ал, біз, ел тарихындағы осындай тұлғаларды ұлықтауға міндеттіміз. Өйткені, тәуелсіз мемлекетіміздің іргесін бекіту жолында осы тұлғалардың белгілі бір уақыт межесінде үлесі зор болғаны анық.

Саналы ғұмыры мен атқарған азаматтық істері ел игілігіне бағытталып келген Тұлғаның өмір жолын жай ғана шолып шығудың өзі қиын, өйткені сондай мағыналы ғұмырдың әр сәтін назардан тыс қалдырмай, тұтастай ұсына алу оңай да емес.

Себебі ғибратты ғұмыр кейінгі буынға үлгі ғана емес, өнеге де болса екен деген ізгі тілек жетегінде жүретініміз анық.

Қайраткердің өмір жолына көз салсақ, екі жағдайды аңғарар едік: бірі – үнемі өсу, жетілу, кемелдену жолында жүргені; (яғни 1943 жылы 15 жасында агрономдықтан еңбек жолы басталып, 1983 жылғы ҚазССР Халықтық бақылау комитеті қызметіне дейінгі өсу, өркендеу жолы болса); екіншісі – алған бағытын, қойған мақсатын өзгертпей, Ұлтқа (еліне) қызмет ету деп есептейміз.

Осы шағын мақалада қадірлі Ағаның өмір жолының өнеге сипаттарына баса көңіл бөлуді айрықша мақсат тұттық. Ж. Шаймерденовтің әлеуметтік белсенділігі ауыл шаруашылығының қарапайым маманынан республикадағы ірі қоғам қайраткері дәрежесіне дейін биіктеді, яғни өмір жолының сол мағыналы мазмұны бір-бір кемел азаматтың салихалы ғұмырының өлшеуіне айналғаны дау туғызбайды.

Ж. Шаймерденовтің саналы ғұмыры қоғамдық-әлеуметтік санада тоталитарлық жүйе үстемдік етіп тұрған кезеңге тұспа-тұс келді.

Талай қолбайлау мен жолбайлаудың тегеуіріне қарамастан Ж. Шаймерденов ар ұялмас істер атқара білді. (Осы өңірде туып-өсіп, осы аймақтағы бірқатар азаматтардың көз алдында ер жеткеніне, тер төккеніне өздеріңіз де куәсіздер). Енді сол мәселелерге қысқаша тоқталып өтсек, Ж. Шаймерденов қызмет еткен жылдарда Қазақстан аса бай табиғи ресурстарға, табиғат байлығына ие болса да, өзін-өзі қамтамасыз ете алмағаны белгілі, яғни тек шикізат өндіруші аймақ ретінде басқаға тәуелді болып келгені де аян. Міне, Ж. Шаймерденов ел тарихының осы бір сын кезеңінде қызмет етті. Нақты айтқанда, кәсіпорындар дербестігі болмаған және өзін-өзі басқару мен өзін-өзі қаржыландырудың түйткілді мәселелері белең алып тұрған кезде, қиын түйінін шешісуге ел мұраты тұрғысынан тер төкті. Сөйтіп, білімі мен білігі керек болған жердің бәріне атсалысты.

Бұл кісінің тікелей араласуымен бірқатар өндіріс орындары жанданды. Дәлірек айтқанда, Жоғары сапалы уран өндіретін жаңа кәсіпорын құрылысы басталады, Шымкент цемент зауыты, Шымкент фосфор тұздары зауыты, Мұнай өнімдерін қайта өңдеу зауыты, Мақта өңдеу кәсіпорны, Шымкент қаракөл елтірісі зауыты, Кентау трансформатор зауыты т.б. ашылып, бірқатар жұмыс орындары іске қосылды.

Ж. Шаймерденов басшылық қызметте жүрген тұста, яғни осындай жауапты, тарихи кезеңде ол «өз экономикамыз өз игілігімізге жұмсалу керек, өзгенің қазанына түспеу керек» деген қағиданы ұстаным етіп алды.

Сол уақытта Қазақстан Компартиясы Шымкент обкомының екінші хатшысы (1968), Шымкент облыстық халық депутаттары кеңесі Атқару комитетінің төрағасы (1985), ҚазССР халықтық Бақылау комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметін (1988) атқарғанда еліміз экономикалық кіріптарлықтан шығып, экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізсе деген биік арман жолында жүріп, осындай айтулы істер атқарды.

Ал еліміз егемендікке зарығып жүрген күрделі кезеңдерде әбден шиырықтырған бұл мәселе тіпті бүгінгі күннің өзінде де аса өзекті болып тұрғаны мәлім. Жеріміздегі бар байлықты өзіміз өндіріп, қажет жағдайда оны қайта өңдей алсақ, «өзегі өзімізде тұрған экономикамыз аяғынан тұрып кетер еді» деген асқақ арманын жүзеге асырудың түрлі амалын іздеді. Сонымен қатар, бұл өз кезегінде, қанша адамды жұмыспен қамтамасыз етуге зор мүмкіндік те еді, әрі ұлы Абай айтқандай, «адамның жаманшылыққа үйір бола беретінінің бір себебі жұмысының жоқтығы» дегеннен сақтандырудың да бір амалы еді. Жалпы, ұлы Абай ұлағаты – Жамалбек Шаймерденұлының кредосы десе болады.

Ұлы Абайдың барша қазаққа нұсқаған ғибрат жолын әр қазақ өзінің бет түзер бағдары етіп алуға тиіс десек, соның бірі – Ж. Шаймерденов. (Біз қайраткер тұлғаның хакім Абайдың ой үддесімен үйлесіп жатқан ғибратты істерін әрі қарай да ұрпаққа өнеге ретінде ұсынбақпыз).

...Билік басында болғанда да, халық қалаған депутат болғанда да жоғарыда айтылған экономикалық мәселелерді ғана емес, еліміздің мәдени-әлеуметтік жағдайын да (бір сәт назардан тыс қалдырмағаны байқалады) жақсартуды аса бір ыждаһаттылықпен, қамқорлықпен қолға алған екен. Бұл, әрине, мерей өсірер өнеге болғаны дау туғызбайды:

Саралай, сараптай келсек, тарихи-мәдени мұраларымызды, мұражайлар мен өнер ордаларын, рухани орталық ретінде жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің бір құралы деп қараған Жамалбек аға бұл тұста да тағылымы терең, ой-өресі биік жан екенін көрсетеді.

Әрине, бағалай білгенге, қасиетті Шымкент жері асыл ұлдары мен абзал азаматтарына кенде емес. Елдің елдігін, халықтың халықтығын танытатын белгінің бірі – ісі өнеге, өмірі ұлағат болған осындай перзенттерін қастерлей білу емес пе?! «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел қайдан алсын кемеңгерді» деген ақын І. Жансүгіров сөзі ойға оралады.

Елдің баласы, Шырайлы Шымкенттің шапағатты азаматы болған Ж. Шаймерденов ғұмырнамасы – ұлағат мектебі іспетті. Бүгінгі күні Ж. Шаймерденовке көрсетіліп жатқан құрметпен, риясыз көңілдің түп себебі де – осында болса керек.

Бұл жеке тұлғаның қалыптасу, кемелдену жолының нақты дәлелі бола алатыны хақ.

Ж. Шаймерденов осындай абырой, сый-құрметке тынымсыз еңбектің арқасында ие болғанына азаматтық өмір жолы мен замандастарының естелігі арқылы қанығып, көз жеткізе аласың.

Ж. Шаймерденовтің елі үшін қадірлі болуының себебі – басшылық қызметтер атқарғанымен өлшенбейді. Оның себебі: 1) елшіл, отаншыл, ұлт жанды азамат болғандығында; 2) қоғаммен, халықпен, өскен ортамен бірге жүріп, біте қайнасқан қайраткерлігінде; 3) ел игілігі үшін: «Кіндік қаның тамған жерге, маңдайыңның тері де таму керек» деген ұлы мақсат қойып, соған сай, «өзіңе сен, өзіңді алып шығар еңбегіңмен ақылың екі жақтап» (Абай) деген парасатты пайымды әркез басшылыққа алғаны аян.

Бүгінгі күн «тілімен», бүгінгі күн талабымен айтсақ, бәсекелестіктің түп-тамыры – сапалы білімде ғой. «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» (Абай), яғни мемлекеттің бәсекеге қабілетті болуының бір шарты – рухы жоғары, интеллекті биік адам капиталын қалыптастырумен тікелей байланысты десек, ағамыз соған бар болмысымен ден қоя білген екен.

Ж. Шаймерденов өз балаларын да білімді, саналы ұрпақ етіп тәрбиелеуді мақсат етіп қояды: «Сен де бір кірпіш дүниеге // Кетігін тап та бар қалан» (Абай) – бұны ұққан балалары өмірден өз орнын тапқан, Әке үмітін ақтаған.

«Бос кетсе, қойған талап, күткен үміт, сен үшін ар алдында мен ұялам» – дегенді жадында тұтқан балалары білімді, білікті Азаматтар болып қалыптасты.

Ж. Шаймердновтің жанұясы – ғалымдар отауы десе болады: үлкен ұлы Сержан Жамалбекұлы Қазақстанның белгілі архитекторы, Шығыс елдері халықаралық архитектура академиясының корреспондент-мүшесі, бірнеше жылдар Қазақстан архитекторлар Одағын басқарған. Меңсұлу Жамалбекқызы, Меңдіғаным Жамалбекқызы, Нұрсұлу Жамалбекқызы – білім жолында, ғылымның әр саласында жемісті еңбек етіп келеді. Олар – Қазақстан ғылымын дамытуға айтарлықтай үлес қосып келе жатқан ел мақтаныштары.

«...Балам адам болсын десең, оқыт, мал аяма» деген ұлы Абай өсиетін әр қазақ өзінің өмірлік мақсат-мұратына айналдырып, биік парыз санап келеді. Абайдың «Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» деген өсиетін Жамалбек аға өз балаларының да, ел балаларының да өмірінің мәнісіне айналдыра білді.

Түйіндеп айтар болсақ, Абайдың «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол» деген сүйіспеншілік пен үлкен махаббатқа, ыстық ықыласқа толы ой-толғамы Жамалбек Шаймерденұлы Шаймерденовтің азаматтық Тұлғасын толық ашады деп санаймыз.

 

Гүлнар МҰРАТОВА, филология ғылымдарының докторы, 

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?