Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қожаберген батыр және ойрат ханзадасы Әмірсана

2534
Қожаберген батыр және  ойрат ханзадасы  Әмірсана - e-history.kz
Абылай ханның және Қожаберген батырдың қолдауына ие болған, ойрат ақсүйегінің тұқымы, хойд руынан шыққан жоңғар нояны Әмірсана (Амарсанаа, 1717-1757) жайында ел ішінде түрлі аңыз әңгімелер бар

Қазақша «Әмірсана» деген атпен қазақ тарихында, ал «Амарсанаа» деген моңғолша  атымен орыс, қытай, моңғол тарихында аты қалған жоңғар хонтайжысы (ханзадасы)  Абақ Керейден шыққан батыр бабамыз Қожабергенмен өте жақын қарым-қатынаста тіпті өзарасында серттескен достық жағдайында  болғаны тіптен ол өзінің Мұлтыр (Мултар) деген ұлын Қожекеңе бергені туралы ел ауызындағы шежіреде  айтылады.

Абылай ханның және Қожаберген батырдың қолдауына осыншама ие болған, ойрат ақсүйегінің тұқымы, хойд руынан шыққан жоңғар нояны Әмірсана (Амарсанаа, 1717-1757) жайында ел ішінде неше түрлі аңыз  әңгімелер бар. Бір әңгімеде оның шыққан тегі туралы, Еділ қалмақтарының ханы Аюкенің қызы ұзатылып бара жатып, қазақ жерінде қыстап қалғанда қазақ батырымен көңіл қосып, іште кеткен бала деседі.  Сондай-ақ  ел ауызындағы тағы бір шежіреде  Әмірсана жеңіліс тауып,  Тобылға қарай кетер алдында Абақ керейдің Шеруші руының биі Есентай байға  Лама (Лаба) есімді тағы бір ұлын бергені туралы айтылады. Бүгінгі күні бұлар осы Шеруші руының ішінде үлкен бір атаға айналыпты. 

Ел ауызындағы тағы бір аңыз әңгімеде  Әмірсана Қазақ ордасына қашып келгенде Абылай оны Найманның қызай руының батыры Есенкелді ауылына паналатыпты. Әмірсана мен Есенкелді екеуі достаса келе, Есенкелді бір ұлына оның атымен «Әмірсана» деген ат қойыпты. Содан тараған ұрпақтар бүгінгі күні қызайдың ішінде өскен атаның бірі екен. Міне бұған қарағанда қазақ пен жоңғар бір-бірімен қанша ата жау болып, бір-бірін қырып, өз арасында қанша соғысып, шабысып келсе де, хандары мен батыр, билері  кейде достасып осылай бір-біріне аманатқа, мұрагерлікке бала беріп немесе қыз алысып, қыз берісіп  құда болысқаны тарихтан белгілі болып отыр.  Бұл сол замандағы көшпенді халықтар арасындағы дала қарым-қатынасының  бір ерекшелігі болғанға ұқсайды. Енді Әмірсана туралы моңғол, орыстың тарихи дереккөздері не дейді? Осыған тоқталсақ.

Моңғол тарихшысы Л.Энхбаярдың айтуынша Амарсанаа (Әмірсана) жоңғар ханы Галданцэрэннің (Қалдын Серен) қызы Бодлогыштан туып, хойд руының ханзадасы Үйзэннің (Үйсін)  үйінде тәрбиеленген ойраттың хошуут (қошуыт) аймағының адамы.  Ол 1755-1758 жылдары моңғолдың халық-азаттығы үшін манжы-қытай билігіне қарсы күресте қол бастаушылардың  бірі болған. Әмірсананың  өз әкесі Гүш ханның ұлы Галданданзан (Қалдын Данзын) соғыста қайтыс болып, үйде қалған аяғы ауыр әйелі Бодлогыш баласын хойд аймағының тәйжісі (князь) Үйзэннің үйінде  туғандықтан оны кейде Үйзэннің ұлы немесе хойд руының ханзадасы деп те атайды екен.  (Монгол-Өөлдийн түүх. Амарсанаа хааны бүлэг, 1 дэвтэр, бичмэл. УНС)

Ойрат тайпаларының өзара ынтымақтасып бірігуі арқылы Жоңғар хандығы құрылған кезден Әмірсана бастаған жоңғар ханзадалары Халқаны өзіне қосып алуды көксейді және сол арқылы Манжы-чин үстемдігіне қарсы тұра алатын ірі күшке айналамыз  деген берік сенімде болады.  Сондықтан Манжы-қытай секілді сыртқы жаулардан өздерін қорғау мақсатында Ойрат-Халқа келісімі жасалады. Бірақта Манжы-қытай билеушілері аса қулықпен сарылар діні яғни лама дінін пайдалана отырып,  атаққұмар, шенқұмар, дүниеқоңыз моңғол ханзадаларын өздерінің ыңғайына  қарай тарта жүріп, моңғолдарды өз іштерінде араздастыру саясатын ақырындап жүргізе береді және сол арқылы әлгі келісімді бұздыруға апарады (Монгол-Өөлдийн түүх. Амарсанаа хааны бүлэг, 1 дэвтэр, бичмэл. УНС).

Соның салдарынан кейбір халқа-моңғол аймақтары Манжы билігіне бағынышты болады.  Моңғолдың өз іші осылай аласапыран болып жатқан осы бір қиын кезді пайдаланып Жоңғар ханы Галдан бошигт  (Қалдын бошыгты)  Халқа-моңғолға басып кіріп, сары дінділердің (ламайзм) пұтханаларын талқандап, өздерін тас-талқан етеді. Сол кезде Халқа моңғолдың тағдырын бір өзі шешіп отырған алғашқы дінбасы Боғда Ішкі моңғолға қашып барып, Манжы-қытай елінен көмек сұрайды.  Халқаны  Манжы-қытай еліне қосу салтанаты 1691 жылы мамырдың 2 күні Долоннуур (Жетікөл) деген жерде өтеді. Бұл Моңғол елінің өз тәуелсіздігін жоғалтуының басы болатын. 

Ішкі Халқа мен Жоңғар арасында осындай аласапыран қиын жағдайлар болып жатқан тұста Қазақ ордасы мен Жоңғар арасы да аса бір қиын шақты басынан өткізіп жатты. Абылай сұлтан 1741-1743 аралығында жоңғар ханы Қалдын Сереннің қолында тұтқында болған кезінде оның туған жиені Әмірсанамен жақын танысып, достасқаны тарихтан белгілі болып отыр. (Абылай хан. Өмірі мен қызметіне байланысты құжаттар мен материалдар. Астана, 2005).

Ол кезде Абылай сұлтан 31 жаста,  ал Әмірсана 26 жаста екен. Жоңғар тұтқынында болған кезінде Абылай ойрат тілін үйреніп, Жоңғар хандығының ішкі саясат жағдайын, мемлекеттік құрылымын зерттеген. Қазақтан шыққан тұңғыш этнограф ғалым Шоқан Уәлихановтың айтуынша, Жоңғар ханы Қалдын Серен Абылай сұлтанды тұтқыннан босатқан соң, оған өзінің жақын туысы саналатын қалмақтың Хочу мерген деген ноянның қызы Топыш сұлуды әйелдікке беріп, өз қолымен некесін қиған (Валиханов Ч.Ч. Собр.соч. в пяти томах, Т-3, Алма-Ата, 1981, С.322-324).

1751 жылы жоңғар хандығының билігі үшін күресте Қалдын Сереннің тоқалынан туған Ламдаржаа жеңіске жетіп, тақ таласынан үміткер Даваачы (Дауашы) мен Әмірсана Қазақтың Орта жүзін паналаған шақта Орта жүз ханы Абылай сұлтан екеуін қонақ етіп, өзінің бір қызын Әмірсанаға әйелдікке береді. (БНМАУ-ын түүх, дэд боть, 1604-1917., Улаанбаатар, 1968).

Осы жылдары Қалдын Серен ханның  жиен немересі Әмірсана  ханзада Дауашы досымен бірлесіп Жоңғар хандығынің билігі үшін күресте жеңіске жетіп, досын хан сайласа да, кешікпей екеуі өз арасындағы келіспеушіліктен болып ақыры бір-бірімен соғысуға барады. Әмірсана Дауашыдан жеңіліп, Манжы-қытай  билеушілерінен көмек сұрап барады. Манжы билігі Әмірсананың қолымен Дауашыны жоюды ойластырып, оған әскери көмек береді. 1755 жылы Әмірсана Манжы әскери армиясымен бірге жоңғар ханы тағында отырған ескі досы Дауашыны тас-талқан етеді. Алайда Манжы билігінің ішкі жоспары Әмірсананы Жоңғар ханы болғызбай тек хойд тайпасының басшысы ретінде қалдыру болған. Осылай моңғол елі бүтіндей Манжы-қытай билігіне өтеді.

Манжы-қытай билеушілері барлық моңғол аймағының ханзадаларын «Долоон нуур» деген жерге шақырып, жеңісті енді тойламақшы болып жатқанда Моңғолда көтеріліс шықты деген хабар тарайды. Манжы көмегімен Дауашыны құртып, өзі Жоңғар ханы болуды армандаған Әмірсана халқаның Чингүнжав,  ішкі моңғолдың  Цэвдэнбалжир қатарлы көсемдерімен бірігіп, Моңғол туырлықтыларды манжылардан азат ету көтерілісіне шығады. Өкініштісі, бұл көтеріліс көп ұзамай басылып қалады (БНМАУ-ын түүх, дэд боть, 1604-1917., Улаанбаатар, 1968).

Қытайдың тарихи құжаттарында Әмірсана 1756 жылы мамыр айында «уақ-керей тайпасының көсемі Қожабергеннің» жеріне барғаны жазылып қалған. Қожаберген Абылайға адам жіберіп, Әмірсананың келгендігін хабарлайды. Сөйтсе, Абылай Қожабергенге: «Әмірсана сенде тұра берсін. Мен өзім барып, онымен кезігермін. Егер шүршіттердің армиясы келіп жатса, мен өзім қол бастап сендер жаққа барармын»-депті. (Б.Еженханұлы.Қожаберген батыр, Алматы, Арыс баспасы, 2017ж. 25 б).

Тарихшы Б.Еженханұлы Әмірсана қазақ жеріне қашып келген соң, қазақ қауымы арасында бір-біріне қарама-қайшы екі түрлі пікірдің болғандығын алға тартады. Бірі «Әмірсана үшін барша қазақ жұрты зардап шегудің қисыны жоқ. Бұл өзінің жұртын былықтырып болған. Сондықтан үлкен елдің армиясы келген соң, соларға тапсырғанымыз жөн десе, Абылай, Қожаберген сынды қазақ көсемдері Әмірсананы манжы-чин билігіне тапсырып бермеу керек» деген пікірде болған.  Қожаберген батыр Әмірсанамен бұрыннан бірге жүрген, тәңір алдында серт беріскен  қарым-қатынаста  болса, ал Абылай бір қызын Әмірсанаға ұзатқан екен. Сондықтан Абылай: «Әмірсана құдды бір тораңғыға тығылмақ болған торғайдай бізді паналап келіп отыр ғой. Оны осылай бере салуға болмайды» деген екен. (Б.Еженханұлы.Қожаберген батыр, Алматы, Арыс баспасы, 2017ж. 26-27 бб).

Қытай мұрағаттарында 1756 жылы 3 шілдеде Қожаберген мен Әмірсана бастаған жасақтар генерал  Дардана бастаған шүршіт әскерлерімен Есіл жерінде соғысқанын, ал екі күннен кейін, яғни 1756 жылы 5 шілдеде Абылай бастаған қазақ әскерлері Баян тау (Баянауыл) жерінде Халдаха есімді өзге бір Манжы-қытай генералы бастаған шүршіт күшімен шайқасқа барғаны туралы жазылады.

Моңғолдың тарихи мұрағаттарында 1756 жылы тамыз айында Әмірсана  Қазақ батыры  Қожабергенмен бірге Манжы-қытай армиясымен бір апта бойы қатты шайқастарға барса да, екі жақ жеңісе алмағаны туралы, ал Қазақ ханы Абылайдың Хадаханың армиясымен соғыс кезінде ауыр жарақат алып, кейін шегінуге мәжбүр болғаны туралы жазылған. (БНМАУ-ын түүх, дэд боть, 1604-1917., Улаанбаатар, 1968. н.146).

Әмірсана  Қазақ ордасына  қашып барғаннан кейін 1756 жылы қазан айында Орыс патшасынан елші келіп, оған арнайы хат тапсырумен бірге керек болса Орыс жағынан көмек жәрдем болатындығын хабарлайды. Сондай-ақ елші оны Орынбор қаласына келуге шақырады. Бұған Әмірсана аса қуанып, қашан да бір Орыстың шекарасынан өту қажеттігі туатынын, сол кезде өзін орыстың шекара күзеті емен-еркін өткізсе деген өтінішін білдірген екен. (БНМАУ-ын түүх, дэд боть, 1604-1917., Улаанбаатар, 1968. н.147).

1757 жылы наурыз айында Әмірсана Қазақ ордасынан өз еліне қайтып барады. Ол келе сала Манжы-қытай  билігіне қарсы жоңғар нояндарының басын қосып, бірлесіп күресуге шақырғанымен әркім жеке дара тартып өз беттерімен күресуге бел байлайды. Ал Манжы-қытай  билігі болса өзін мойындап, қол астына кірген халқаның Цэнгүүнжав нояны және Жаохуй генерал басқарған әскери армияны екі бағытпен Батыс Моңғолияға аттандырып, Жоңғарды тып-типыл қып жоқ ету тапсырмасын береді. 1757 жылы 6 айдың 30 күні Әмірсана өзінің  3 мыңдай әскерімен Манжы-чиннің 10 мыңдай әскеріне қарсы жарты айдай уақыт соғысып,  2500-дей әскерінен айырылып, қасындағы  8 адамымен 1757 жылы тамыздың 20 күні Қазақ даласы арқылы Орыстың Тобольск қаласына қашып барады (БНМАУ-ын түүх, дэд боть, 1604-1917., Улаанбаатар, 1968. н.147).

1757 жылы тамыздың 27 күні Манжы-қытайдың шет аймақтарды тыныштандыру армиясының  генералы Жаохуэй  қытай патшасына жолдаған  хатында: өзінің Қожаберген,  Қара Барақ секілді қазақ батырларымен кездескен кезде оларға Әмірсананың өте зұлым адам екенін, сондықтан қытай патшасы оны тұтқындау туралы бұйрық түсіргенін, егерде қазақтар Әмірсананы ұстап берсе сол адамға көп мөлшерде сыйлық берілетінін және оны іздеп, артынан қуып келе жатқан әскерлердің қазақтарға тиіспей қайта шегініп кететіні туралы айтқанын мәлімдепті. Сондай-ақ қытай генералы Әмірсананың Қожабергенді «әке» деп танитынын, екеуі тәңір алдында серттескені туралы елден естігенін сыр тартып сұрағанда Қожаберген батыр: Әмірсананың өзін паналап келгенін, тіптен «әке» деп атайтынын да растай келе, онымен бірлесіп манжы-қытай әскерлеріне  қарсы соғысқанын да жасырмаған. (Б.Еженханұлы.Қожаберген батыр, Алматы, Арыс баспасы, 2017ж. 164-166 бб).

Ресей империясының Жоңғарияға қатысты сыртқы саясатының мұрағатында сол жылдарғы Абылай хан ордасындағы саяси жағдай жөнінде мынандай дерек бар. Яғни «Қазақ көсемдері, билер мен батырлар Абылайды қолдайды. Қытаймен келіссөзге Әбілмәмбет ханның ұлы Әбілпейіз сұлтан бастаған елшілік жасақтауы ұйғарылды. Елшілік аттанып барып, жол бойы қытай әскерлерінің алдыңғы шебімен бірнеше рет қақтығыса отырып, Қытай қолбасшысы Фу де генералға Абылай сұлтанның «бейбіт келіссөз бастау» жөніндегі ұсынысын жеткізді.  Абылай Әмірсананың қазақ арасынан қашып кеткенін, қазақ тұтқынындағы ойраттарды қайтаратынын мәлімдейді. (Ресей империясы сыртқы саясатының мұрағаты. Жоңғар істері қоры. 113/1-қор. 1755-1757ж. 4-іс, 610 парақ)

Тарихшы Б.Еженханұлының айтуынша Қожаберген батыр мен Қара Барақ батыр қытай елшісімен болған кездесуде саяси қырағылық тынытып, егерде Әмірсана жайында қандай бір хабар білінсе дереу хабарлайық деп алдаусыратқан. Міне манжы-қытайлардың Әмірсананы артынан іздеген болып жүріп, қазақ жеріне ентелей кіруіне Абылай хан және оның қасындағы Қожаберген, Қабанбай, Қара Барақ секілді қазақ батырлары дер кезінде дала дипломатиясының түрлі әккі жолдарымен осылай  тосқауыл қоя білген.

  Әмірсананы қолына тірідей түсіре алмаған қытай патшасы Кан-лунь аса ашуланып, әскери қолбасшыларына бүкіл жоңғар халқын әйелдері, балаларына да қарамай қырғынға ұшыратуға жарлық береді. Осы қатыгез бұйрық бойынша бір жарым миллиондай адам құрбан болған. Кезінде көршілерінің үрейін алып, соғыс шапқыншылығын жасап келген Жоңғар хандығының күйреуі осылай болды..( Сибирский Вестник, 1821 год. Часть 13. «Обозрение Зюнгарий» С. 1-75)

Ресейдің мұрағат құжаттарында қазақ жері арқылы Тобыл (Тобольск) қаласына қашып барған Әмірсананы  Тобыл қаласы әкімінің орынбасары Грабленовтің сұраққа алғаны, ойратша білетін Феодор Плотников деген орыстың  тілмаш болғаны жазылыпты. Әмірсана өзі туралы: «Жоңғар ханы Қалдын Сереннің қызынан туатын жиен немересі боламын. Үш әйелім бар. Біріншісі Ишсоном қайтыс болған. Екіншісі Делегма екі ұлыммен бірге Манжы-қытайлардың қолында, ал үшіншісі Битэй және бірінші әйелімнен туған бір ұлымды ертіп осында  келдім» депті. Ол Орыстың  Сібір аймағын басқарушы губернаторынан Жоңғар хандығын қайта құруға көмектесуін сұрапты. Тобыл қаласы әкімінің орынбасары  бұл туралы Ресей патшасының атына өтініш жазуды кеңес етеді. Алайда манжы әскерінен қашып, Орыстан пана сұрап келген Әмірсана 1757 жылы қыркүйек айының 21 күні 40 жасында кенет сүзек ауруынан Тобыл қаласында қайтыс болады. Әмірсанамен қасына бірге еріп келген  әйелі Битэй және бірінші әйелінен туған ұлы Пунцаг екеуін орыстар Еділ жағасындағы Қалмақ еліне апарыпты. Кешікпей  Битэй  қайтыс болады, ал ұлы Пунцаг  орыстың православ дінін қабылдап, шоқынады. Одан кейін  ол туралы ешбір хабар-ошар болмаған. Тарихи деректер бойынша Манжы-қытай өкіметі Әмірсананың мүрдесін екі жыл бойы сұратса да, Орыс патшалығы бермеген.

Бұл арада  үндестік жағынан моңғол есімнен гөрі қазақ есіміне жақынырақ  келетін Бәтей (Битэй) Абылай ханның  Әмірсанаға  әйелдікке берген қызы емес пе? екен деген сауал ойға келеді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Абылай хан өзінің бір қызын 1751 жылы Қазақ ордасын паналап келгенде Әмірсанаға әйелдікке бергені туралы моңғол мұрағатында да және қытай мұрағатында да деректер бар екенін білеміз. Олай болса бұл ойымыз шындыққа жанасады. Қожаберген бабамызға Әмірсана өзі тірі кезінде екеуі арасындағы  серттескен мәңгілік достық  үшін мұрагерлікке берген шамасы 5-6 жастағы ұлы Мұлтырдың осы үш әйелдің соңғысы яғни кіші әйелі Бәтей апамыздан туған болуы да әбден мүмкін... Олай болса Абылай ханның қызы Бәтей апамыздан туған жиеннің Қожаберген бабамыздың кіші әйелі Жүзік апамыздың жетінші ұлы болып, Қазақбай атануы да осыдан болса керек.  Қалайда сол Мұлтыр яғни Қазақбайдың ұрпақтары бүгінде Қазақ елінде түтін түтетіп, ұрпақ санын өсіріп ел қатарлы өмір кешіп жатыр. Төменде https://mn.wikipedia.org/wiki/  дереккөзінен алынған  Әмірсананың портреттік суреті және Моңғолияның Ховд (Қобда) қаласының орталығындағы ескерткішін көрсеттік.

Досан Баймолда – ғылым докторы, профессор

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?