Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алаш Орда һәм Түркістан

3211
Алаш Орда һәм Түркістан  - e-history.kz
Егер Тұрар Рысқұлов әлгі баяндамасын жасамағанда Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан деген мемлекеттер болмас еді. Оның орнында біртұтас Түркістан мемлекеті жайғасар ма еді!

«Арбаны сүйреу үшін түйеге есектің көмегі керек емес». Осы сөзден кейін, мен Алашордашылар тек қана қазақтың ғана қамын ойлаған, ал туысқан өзбек, қырғыз, түрікмен өз күндерін өзі көрсін деген ойда болған деп ойлаушы ем. Қателесіппін.

Былай ғой. Ақан Сері жайлы ескі фильм есіңізде ме? Сол кинода екі қуыршақ күресіп жатушы еді ғой?! Кейін сол екі қуыршақ құлайды да, ішінен бір адам шығады емес пе? Алаш Орда және Түркістан мемлекеті де БІРЕУ екен. Тек, сырт көзге екі түрлі ел боп көрінген, көрсеткен. 

Мынау қызықты қараңызшы. Өзбек, қырғыз, қазақ, түрікмен халықтарын біріктірген Түрікстан мемлекетінің басшылары кім болды? Мұхамеджан Тынышпаев, Мұстафа Шоқай. Екеуі де ҚАЗАҚ. Қызығы екеуі де, Түркістанның басшылары бола тұра, Алаш үкіметінің мүшелері болған. Әлем тарихында бір адам екі елдің үкімет мүшесі болды деген дерек бар ма? Ал, бұл не деген сөз? Яғни Түркістан – Алаштың филиалы іспеттес болғаны ғой. 

Бұл ойды Башқұрттың көсемі Ахмет Зәки Уәлидидің мынау бір естелігі қуаттай түседі: – Түркістан мемлекетін құру туралы ең алғашқы идея Қоқан қаласында емес, одан да бұрын Орынборда шешілді. Осы идеяның авторы Әлихан Бөкейхан және Мұстафа Шоқай болды. Алайда, бұл кездесу, уағда өте құпия өтті. Шоқай Қоқанға барып, іле Түркістан автономиясын жария етті, – деп жазады.

Былайша айтқанда, Әлихан Бөкейхан һәм алашордашылар ешуақытта ҰЛЫ ТҮРКІСТАН идеясынан бас тартпаған. Қайта сол идеяның негізгі авторлары болған. Алайда «біз туысқан өзбек-қазақ, түрікмен-қырғызды біріктіріп бір мемлекет жасаймыз» деп жер-көкке айқайламаған. Олай істесе, бұл идеяны орыстар жергөгінде тұншықтырар еді. Алашордашылар айлаға басты. Әлгі «арбаны сүйреуде түйеге ешектің қажеті жоқ», «Түрікстан жұрты тым діншіл, бізді артқа сүйрейтін болады» деген сөздері арқылы большевиктердің қырағылығын сейілткісі келді. «Бірігуге қазақтың өзі қарсы» деп ойлап қалуы үшін, әдейі солай жазды, солай сөйледі. Мұның бәрі саяси ойын еді.

Неге мемлекет атауын «Қазақ» емес, «Алаш» деді?

Сосын Алаш деген атауға зер салайықшы. Әлихандар қазақтың ғана қамын ойласа, неге мемлекет атын, үкімет атын ҚАЗАҚ деп қоймады? Неге күллі түрік баласын біріктіруге шақыратын есім-ұранды алды? Әніе, көрдіңіз бе? Болашақта қазақ-өзбек, қырғыз, түрікмен жұртын, одан қалды, башқұрт-татар ұлттарын бір ту астына жинамақ болды. Сол үшін де Алаш деген ортақ атауды алды! Өзбек, түрікмен, қырғыз жұртының басшылығына қазақтың оқыған азаматтарын көтеріп, сырттай қатысы жоқ, керек болса олардың ұстаным-бағыттарына қарсы сияқты кейіп көрсетіп жүрді.

Неге «Үлкен Түркістан» мемлекеті құралмады?

Алашордашылардың бұл керемет саяси ойының құпиясын Тұрекең (Рысқұлов) ашып қояды. Ол – 1924 жылы өзбек, қырғыз, түрікмен сосын ҚАЗАҚСТАНды қосып, үлкен Түркістан мемлекетін құру туралы жоспарын Мәскеуге жібереді. Бұл ой большевиктерді шошытып жіберді. Былай қараса, Орта Азиядағы түрік халықтарын біріктіру потенциалы тек қана қазақ ұлтында бар екен. Коммунистер 1924 жылдан бастап қазақты барынша әлсіретуге тырысты. Сол жылы ешуақытта бірікпеген бұрынғы Бұқар, Қоқан, Хиуа хандықтарының қиындыларын жаңа ӨЗБЕКСТАН деген мемлекетті құрастырды. Оған бірден ОДАҚТАС РЕСПУБЛИКА мәртебесін берді(!). Ал, өзбектен 4 есе көп қазақты автономия күйде қалдырды. Қазақтың енді біріктіру әлеуеті болмас үшін оның жерлерін бөлшектей бастады. 1926 жылы Жетісу облысынан Қырғызды бөліп ап, оларға да (!) ОДАҚТАС РЕСПУБЛИКА мәртебесін береді. Қазақ тағы да автономия күйде қала берді. Көп өтпей, қазақтың құрамында боп келген қарақалпақтары бөліп ап, өзбекке сыйлады. Мұнан кейін де, қазақтың есебінен өзбекті күшейте берді. Әрі екі туыс халықтың арасына от тастап, өшіктіре түсті.

Ал, солтүстікте қазақ пен татар-башқұрт байланысын үзу үшін бізден Орынборды тартып алды. Татар мен қазақтың территориясы содан бастап, түйіспейтін болды. Одан кейінгі жылдары қолдан аштық ұйымдастырылды да, қазақтың саны мүлдем азайып кетті. Енді Түркістан жұртын біріктіру потенциалы қазақтан біржолата ауды.

P.S. Егер Тұрар Рысқұлов әлгі баяндамасын жасамағанда Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан деген мемлекеттер болмас еді. Оның орнында біртұтас Түркістан мемлекеті жайғасар ма еді! Бүгінгідей «ОртаАзияда қашан соғыс басталып кетер екен» деп, туыстас елдер бір-бірінің шекарасына әскер тақап отырмас еді. Жә, айтайын дегенім, көп ғалым, көп зерттеуші әлі күнге алаштықтар Түркістанды онша ұнатпады, біріккісі келмеді деген ойда жүр. Негізі ол – большевиктерге арналған месседж, алдарқату айласы еді. Олар 1924-ші жылы түсініп қойды. Ал, біз әлі түсіне алмай жүрміз...

Айтпақшы, Шымкент өңірінің сөлсіз, мағынасыз Оңтүстік Қазақстан облысы деген атаудан арылып, Түркістан облысы болып, қайта құрылуы да, күллі түрікті біріктіру идеясынан хабар бергендей ме? Ол жағы – енді сіздің қиялыңыңыздың еншісі.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?