Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қырғызстанда ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аяқталды

2497
Қырғызстанда ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аяқталды - e-history.kz
Қырғызстанда өтіп жатқан ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты жабылу рәсімі болып өтті. Маңызды шараға Қырғызстан премьер-министрі Мұхамедқали Абылғазиев қатысты

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жабылу салтанаты Шолпон-Ата қаласындағы орталық ипподромда өтті.  Лазерлік шоумен басталған шара,  жүздеген бишілердің өнеріне ұласып, сахна төрін театрландырылған қойылымға ұластырды. Қырғыз Республикасының еңбек сіңіргін артисі, әнші Мирбек Атабеков «Мирас» әнін орындап, лық толы көрерменнің қошеметіне бөленді. Сахнада қазақтың «Қара жорға» биі орындалды.

«Қара жорға» биінен соң, көшпенділер ойындарының эстафетасын тапсыру рәсімі өтті. Қырғызстанның Жастар істері және дене тәрбие және спорт агенттігінің директоры Қанат Аманқұлов эстафетаны Түркияның спорт және мәдениет министрінің орынбасары Хамза Ерликаяға тапсырды. 

Жүргізушілер сахнаға Қырғызстан премьер-министрі Мұхамедқали Абылғазеивті шақырып, тарих қойнауына кеткен ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойынының жабылу рәсімін өткізді. Өз кезегінде М.Абылғазиев  Қырғыз басшысы Сооронбай Жээнбековтың ыстық сәлемін жеткізіп, осынау спорттық шара ынтымақтастық пен достықтың символы екенін жеткізді.   Сондай-ақ премьер-министр ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жабылғандығын жариялады.

«Сөзімнің басында президент Сооронбай Жээнбековтың ыстық ризашылығын айта кеткім келеді... Осындай үлкен жобамыз арқылы дүниенің әр бұрышындағы достарды тауып жатқанымызға қуаныштымыз. Бұл жоба мәдениет пен көркем өнер, спорт ынтымақтастығының символы болып қалады. Алғашқы көшпенділер ойындарына 7 ғана мемлекет қатысса, бүгін  82 елден спортшы атлеттер қатысып жатыр. Көшпенділер ойындарынан  778 ата мекендік, 550-ден астам шетел БАҚ өкілдері ақпарат таратып жатыр. Біздің еліміз осынау үлкен спорттық шара арқылы, ірі масштабтағы іс-шараларды өткере алатындығын дәлелдеді. Осынау шараны өткеруге ат салысқан демеушілерге, меймандарға барша ырзашылығымды білдіремін. Алған бәйгелеріңіз құтты болсын! Көшпенділердің күш бірлігі, рух бірлігі бекем болсын! Көшпенділер ойындарын салтанатты түрде жабық деп жариялаймын, - деді М.Абылғазиев. 

Жабылу салтанатына шетелден келген белгілі әншілер Рэй Хортон, Жо Томпсон , Наташа Райт, түркиялық әнші  Озода Нурсаидова, еліміздің эстрада жұлдызы, TURKVIZION жобасының жеңімпазы  Жанар Дугалова және ресейден келген рок-топ «Корни», румыниялык поп-топ «Akcent», германиялык «Чингиз Хан» тобы өнер көрсетті. Мерекелік бағдарламаны 10 мыңнан астам шетелдік және жергілікті жанкүйерлер тамашалады.

2-8 қыркүйек аралығында өткен көшпенділер ойындары 80-нен астам елдің 3000-ға жуық спортшысы қатысты. Олар 37 спорт түрінен бақ сынады. Халықаралық іргелі шара туралы жаһанның 50 елінен келген 500-ге жуық БАҚ өкілдері ақпарат таратты. Дүбірлі додада Қазақстанның намысын 34 спорт түрінен 134 спортшы қорғады.

Бір аптаға созылған көшпенділердің байрақты бәсекесінде ел құрамасы 72 медальмен екінші орынға жайғасты. Біздің қоржында 18 алтын, 24 күміс, 30 қола медаль бар. Бірінші орынды жарыс қожайындары Қырғызстан құрамасы иеленді. Олар 37 спорт түрінен сынға түсіп, 40 алтын, 32 күміс, 31 қола, жалпы 103 жүлдені жеңіп алды. Үздік үштікті 56 медальмен Ресей Федерациясы қорытындылады. Олар да 17 алтын, 24 күміс, 27 қола. 

Келесі дүниежүзілік көшпенділер ойындары екі жылдан кейін Түркия елінде өтеді. 

Сондай-ақ жарыстың соңғы күні ел қоржынына екі алтын, бір қола медаль түсті.  Овари ойынының (африкалық ұлттық ойын) қыздар командасы алтынды иеленсе, Әсел Далиева жекелей есепте де алтын медаль алды. Айта кетейік, бұл Әселдің осы жарыстағы төртінші алтын медалі. Бұған дейін ол мангала, тоғызқұмалақтан жоғары дәрежелі медальді еншілеген болатын. Диана Кенина болса, қола медаль алды.

Шолпон-Ата, Қырғызстан

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?