Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Муза Жүсіпбекқызы: «Әкем, жазу үстелі және шам»

1995
Муза Жүсіпбекқызы: «Әкем, жазу үстелі және шам» - e-history.kz
Әкесімен соңғы қоштасуы, мәңгілікке қоштасуы жас Музаның есінде еміс-еміс қалса да, кейін бұл естеліктерді анасының әңгімелеуі бойынша қайта жаңғыртқан

Қазақ еліне совет үкіметінің тарапынан жасалған ауыр қайғы, жойқын зұлмат репрессияның хронологиялық кезеңдері бірнеше. Алғашқы кезеңде 1926-1932 жылдардағы қуғындау мен ату жазасы болса, 18 халық комиссарынан басқа да көптеген аяулы тұлғаларымыздың әзиз басын жұтқан 1937-1938 жылдардағы жаппай сталиндік репрессия екінші кезеңді құрайды. Ал үшінші кезең – соғыс өртінен кейінгі ұзақ қудалау мен астыртын аңду жүргізілген 1946-1955 жылдар аралығындағы уақыт. Ақырғы репрессия деп Азаттықтың ақ жалауы – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейінгі жаппай жазалау шараларын қамтыған кезеңді айтамыз. Тарих ғылымдарының кандидаты Бауыржан Еңсепов осындай пікірде.

1925 жылы қазақ жерін билеп-төстеуге қазақтар «Қужақ» атаған Голощекиннің келуі мен қазақ оқығандарының арасында ұлы сүргін басталды да кетті. Ол кез келген істі терең пайымдайтын, ұлттың ары мен жоғы бола білетін, керек кезінде бас көтертіп,  соңына ерте алады-ау деген ел серкелерін жазалау науқанын ұйымдастырды. Бұл алғашқы нысана ілінгендердің ішінде әділдік пен адалдықты ту етіп ұстаған Жүсіпбек Аймауытов та бар еді.

Аймауытов бұдан да бұрын жалған айыпталып, басына іс түскен еді. Онысы – 1921-1922 жылдардағы ашаршылық кезінде Торғайдағы ашыққан жұртқа көрсеткен сауапты ісі болатын. Алайда оның бұл әрекетінен еш кінәрат таба алмаған сот оны босатқан. Ұлы Бектұрдың айтуынша, «олар (Ғ. Тоғжановты айтады) әкемді көре алмай, қызғанышпен үстінен арыз жазды, қыр соңынан түсті. Әкем аштыққа жәрдемдескелі қаржы жинаған, оны елге адал  таратқан. Алдымен осыны да жала қылып жаппақ болды. Бірақ оның есеп-қисабы түгел болған соң әкем  сот алдында ақталды».

Ал 1929 жылғы репрессия кезінде Ж. Аймауытовты тергеу мен Д. Әділевтің көрсетінділері, осы екі тұлғаның жауаптарындағы қайшылықтар ҚР ҰҚК материалдарымен танысқан жазушы Д. Досжан мен ғалым Т. Жұртбайдың еңбектерінде жан-жақсы баяндалады.

Мәселен, Тұрсын Жұртбайдың қазақ интеллигенциясының түрмедегі хал-ахуалынан мол дерек келтіретін «Ұраным – Алаш» кітабында Жүсіпбекке тағылған айыптар тізілген:

«1. Кеңес өкiметiн құлату үшiн 1921-1922 жылдары Орынбор мен Ташкентте астыртын контрреволюциялық ұйым құрған.

2. Орта Азиядағы басмашылардың қозғалысына қатысқан, әскери жасақ құруға ұмтылған, сөйтіп, қарулы көтеріліс арқылы Қазақстанды Ресейдің құрамынан бөліп әкетпек болған.

3. Аштарға көмек комиссиясын кеңес өкіметін құлату туралы үгіт жүргізуге пайдаланған.

4. Байларды тәркілеуге қарсы үгіт жүргізіп, оларды қарулы көтеріліс жасауға бағыттаған.

5. Англиямен астыртын байланысып, ағылшын әскерi Қазақстанға басып кiре қалған жағдайда, қырда көтерiлiс ұйымдастыруды жоспарлаған.

6. Қазақ Өлкелiк комитетiнiң хатшысы Голощекин жолдасқа қастандық жасап, атып өлтiрмек болған деген айып тағылды».

Оқи отырыңыз: Уақытпен санаспаған Жүсіпбек Аймауытов

 

1929 жылы 29 шілде күні үштіктің сегіз адамнан құралған тергеуі аяқталып, Мәскеуге этаппен жөнелтіледі. Жүсіпбекпен бірге бірнеше адамды бірге айдауды көздеген жендеттер оларды бір-біріне жақындатпай, алыс ұстауды бұйырған. Аймауытовты атышулы 58-2, 58-8, 58-11 және 58-10 баптар бойынша айып тағып, ату жазасына бұйырды.

Қызының анасы туралы «шешем әр жерге арыз айтып, қуынған екен, ештеме шықпапты» дегені арыстың жары Евгенияның үкімет басшысы Голощекинге арнайы хат жазып, жарының бостандыққа жіберілуін өтініп сұрағаны. «Суға кеткен тал қармайдының» керін келтірген адал жар азаматының нақақ айдалғанын біле тұра, оның мұндай күйге душар болуына «Қужақтың» ықпалы барын біле тұра, тек амалсыз қалуды жөн көрмеген секілді. Бұл жайында Т. Жұртбай: «...Жүсiпбекке ғана емес, бүкiл қазақ ұлтына «қасiрет әкелген үлкен қателiктi» тудырып отырған, «кiшi октябрь үшiн» бүкiл елдi жаппай құрбандыққа шалып отырған нағыз қатыгез, қара жүректiнiң өзi сол Голощекин еді. Мұны Евгения Кирилловна бiлетiн. Бiрақ өзге амалы да қалмап едi», – деп жазады.

Туған жерден аластап, алысқа айдалғаннан кейін де тергеу бір жыл бойы жүргізілген. Тергеу барысында оның күнәсін дәлелдей алатын бірде-бір дәлел табылмаған. «Маған тағылған кінәмен таныстым. Өзімді айыптымын деп санамаймын». Бұл Аймауытов қаламынан туған соңғы сөздер еді. Ол небәрі 41 жыл ғұмыр кешті.

Сонымен 1929 жылы басталған советтік қуғын-сүргін кезінде Қазақстандағы ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар деген жаламен тұтқындалған Алаштың арысы Жүсіпбек Аймаутовқа 1930 жылдың 4 сәуірінде ату жазасына сырттай үкім шығарылған. Қатал үкім 21 сәуірде орындалған.

2014 жылы Ресейдің Федералдық қызметінің хабарлағанындай, Жүсіпбек Аймауытов өзге де қуғындалып атылғандармен бірге Ваганьково бауырластар зиратына жерленген.

Айдауға әкетіп бара жатқан кезді Жүсіпбек мұрасын зерттеуші ғалым Рахымжан Тұрысбектің кітабында (Р. Сағымбекұлы. Жүсіпбек. – А., 1997. 209-бет) Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнар апай былайша еске алыпты:

«Тұтқындарды Москваға алып кетеді екен», – деген хабарды естідік. Ертемен, күн шығар-шықпаста қасымда үш бірдей қатар құрбыларым бар, олар: Жүсіпбектің баласы Бектұр, Абай туыстары Өміртайдың қызы Әзен, Юсупов Ахметсафаның қызы Фарида болатын. Екі өкпемізді қолымызға алып вокзалға жеттік. Жүк таситын вагондардың қатарындағы шеткі бір вагонның темір торлы терезесінен әкем мен Жүсіпбек қарап тұр екен. Күзетшілер вагонға жолатпай: «Қайт, атамын!» – деп жекіп, жасқай берді. Бектұр қорқып, кідіріп қалды. Жүсіпбек аға анадайдан айқай салды: «Бектұр! Жақында, қорықпа!..» – деп. Айтатын бір сөзі болуы керек. Күзетшілер баланы әкесіне жолатпады, жылап-еңіреп жүріп пойызды көзбен шығарып салдық. Бұл 1929 жылғы 24 маусым күні болатын».

Жүсіпбек баласы Бектұр 2008 жылы ғалым А. Тойшанұлына берген сұхбатында Совет Одағындағы ең мықты деген жүз электриктің бірі болғанын өз аузымен әңгімелеп береді. Ол алғашында Мәскеуден Уфаға келген атақты орыс инженерлерінен білім алады, еңбекке құштарлығының арқасында осы кәсіпті жетік меңгеріп шығады. Жұмысқа байланысты ұйымдастырылған конкурсқа қатысып, өз қатарластарынан оқ бойы озып шығып, Қазан қаласындағы С.П. Горбунов атындағы соғыс ұшағын жасайтын жабық зауытқа 1936 жылғы 12-інші қазанда жұмысқа қабылданады. Бұл зауыт сол кездегі әлемдегі ең мықты ұшақ өндіретін зауыт болатын. Тұрмыс жағдайы түзеліп, жалақысы жоғарылаған оны 1937 жылы үстінен жазылған арыз қудалауға ұшыратты. «Контреволюционер Жүсіпбек Аймауытовтың ұлы жабық зауытта шпиондық жасап, Совет мемлекетіне қастық ойлап жүр» деген жаламен ОГПУ тексеріп, Ақтеңізге абақтыға жедел жөнелткен. Алаш арыстарының алғашқысы болсып, ажал оғына ғазиз басы тігілген арыстың арыстандай ұлы да бұл нәубеттен шет қалмады. Бектұр Аймауытов 1937 жылы 30 желтоқсанда жаламен 10 жылға бас бостандығынан айырылған.

Профессор Р. Тұрысбектің анықтаған деректері бойынша Жүсіпбек атамыздың кіші ұлы Жанақ 1920 жылдың 18 ақпанында Семейде шаһарында дүниеге келіпті. Ж. Жүсіпбекұлы Ақтөбе мұғалімдер институты мен Әбу Насыр әл-Фараби (бұрынғы С.М. Киров) атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің физика-математика факультетін (математика мамандығы бойынша) бітірген екен. Ресми құжаттарда Жанақ Евгений Юриевич деп көрсетіліп келген. Ең қызығы сол, құжаттарда Жүсіпбектей арыстың ұлдары орысша есіммен аталып, тіпті жазушының өз аты-жөні де басқаша жазылыпты: Бектұр - Виктор, Жанақ - Евгений, жазушының өзі - Юрий Александрович болып аталған. Бектұр мен Жанақ Жүсіпбек Аймауытовтың алғашқы некесінен, Вера Волковадан туған болса, екінші әйелі Евгения Қарабатырқызы Сермұхамедовадан Муза өмірге келеді.

 

Оқи отырыңыз: Жүсіпбек Аймаутовтың жерленген орны табылды

 

Ал «Әкемді 1929 жылдың күзінде айдап әкетті», – дейді Муза (азан шақырып қойған аты – Мәруа) Жүсіпбекқызы. Не-бары төрт жастағы кіп-кішкентай қыз «Анам айтқандай, әкем өте дарынды адам болды. Қазіргі уақытқа дейін есімде келесі сәттер есімде сақталды: әкем жұмыс үстелінің басында отырып, еңбектеніп жатыр, үстелдің бетінде тұрған жасыл абажуры бар шам жанып тұр», – деп те еске алады. Сонда дейді: «Әкем де, шешем де: «Енді көрісуіміз неғайбыл», – деп жылапты. Әкем мені қолына алып, иіскейін деген екен, оған күзетшілер жібермепті. Бектұр мен Жайық  қандарын ішіне тартып, көздерінен от шашып, жұдырықтарын түйіп тұрып қалыпты. Мұның бәрін мамам айтып отыратын. Шешем әр жерге арыз айтып, қуынған екен, ештеме шықпады. 1931 жылдың аяғында Надежда Константиновна Крупскаядан хат келіпті. Онда ол кісі: «Сіз енді босқа әуре бола бермеңіз, жұбайыңыз жер бетінде жоқ. Мен оны әбден тексеріп білдім», – деп хабарлапты», – деп (З. Ақышев. Қайран Жүкең. «Шалқар» 1990, қазан) еске алады». Әкесімен соңғы қоштасуы, мәңгілікке қоштасуы жас Музаның есінде еміс-еміс қалса да, кейін бұл естеліктерді анасының әңгімелеуі бойынша қайта жаңғыртқан.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?